Қазынаға түскен кіріс мол

843
0
Бөлісу:

Қазақстанда бір өзі жеке табыс са­лығын, зейнетақы аударымдарын, әлеу­меттік және медициналық сақтандыру жарналарын алмастыратын жаңа тө-лем түрі пайда болмақ. Бұл жайында Ба­қыт­жан Сағынтаевтың төра­ға­лы­ғы­мен өт­кен Үкімет отырысында ай­тыл­ды. Жиын­да Министрлер кабинетінің мү­ше­лері биылғы бірінші тоқсанды қоры­тын­дылады. Өзін-өзі жұмыспен қамту­шыларды көлеңкеден күнгейге шығару ұсыныстарын пысықтады.
Сондай-ақ халықтың цифрлы сауат­тылығын арттыру және мемлекеттік қыз­меттерді көрсету жайын талқыға салды.
Биылғы үш айда Қазақстандағы ЖІӨ-нің өсімі 4,1 пайызды құрапты. Мұны 2018 жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері жайында баяндаған еліміздің бас экономисі ха­барлады. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов ел экономикасындағы жағымды үрдістерді сақтап қалуға қол жеткізілгенін айтты.
– Осы кезеңде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі 4,1 пайызға жетті. Салыс­тыр­сақ, 2017 жылғы ұқсас кезеңде ол көр­сет­кіш 3,6% болған. Мұндай серпін өнер­кә­сіптің, ауыл шаруашылығының және қыз­меттер көрсету саласының өсуі арқа­сын­да қамтамасыз етілді. Бұған қоса, ЖІӨ-нің ұлғаюына инвестициялардың жо­ғары өсімі, инфляциялық процес­тер­дің төмендігі септігін тигізуде. Инфляция жыл басынан бері 1,8 пайызды құрады. Бұл шама 2017 жылғы сәйкес кезеңдегіден 0,5 пайызға аз. Жылдық мәндегі инфля­ция 6,6% болып отыр, – деді Тимур Сүлей­менов.
Ол биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша ел­дің халықаралық резевтері 1,5 пайызға, яғни 90,4 млрд долларға дейін ұлғайғаны туралы құлағдар етті. Демек, көптен көзделген, бірақ жеткізбей келе жатқан «100 миллиардтық» меже жақын қалған­дай. Қазақстанның алтын-валюталық ре­зервтері – 1,1 пайызға, мұнай түсімдері құйылатын Ұлттық қордың активтері 1,6 пайызға көбейіпті.
Елдің өркендеу қарқынын көрсететін та­ғы бір көрсеткіш те көркейіп келеді.
– Өнеркәсіптің өсуі 5,3 пайызды құ­ра­ды. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі озық қар­қын көрсетуде. Тау-кен өнеркәсібінде өн­діріс 5,1 пайызға өсті. Бұл салада та­биғи газ өндірісінің өсімі – 6,2%, мұнай-да – 6,1%, ал темір кенінде 3,7% болды. Өңдеу өнеркәсібі 6,2% өсімді паш етті. Қағаз өнімдерін шығару, химиялық өнер­кәсіп және фармацевтикада екі мәндік өсу байқалуда. Басқа өңдеу сек­торлары – машина жасау, жиһаз өндірісі, сусын және тамақ өнімдерінің өндірісі, сондай-ақ металлургия жылдам өсуде, – деп қуантты министр.
Ауыл шаруашылығында өсу қарқыны биылғы қаңтар-ақпандағы 3,3 пайыздан енді 3,6 пайызға дейін жеделдеді. Бұл са­ланың серпілер шағы әлі алда: мал жаңа-жаңа төлдей бастады, ал астық күзде жиналады. Саладағы негізгі өсімді мал шаруашылығы өнімдерінің 3,8 пайызға артуы қамтамасыз етіп отыр.
Екі ай қатарынан қарқыны құлды­ра­ған құрылыс жұмыстары саласы биылғы І тоқсанда өсу траекториясына шығыпты.оның өсуі 5,9 пайызды құрады. Министр­дің түсіндіруінше, бұған Ақтоғай кен байыту комбинатында өнеркәсіптік ғи­ма­раттардың салынуы, «Құрық» ауылын­дағы теңіз порты нысандарының тұрғы­зылуы, сондай-ақ көлік жолдарын жөн­­­деу және қайта қалпына келтіру бойын­ша жұмыстар мен тұрғын үй ғи­мараттары нысандарының көптеп бой кө­тере бастауы ықпал еткен екен.
Дағдарысқа қарамастан, қазақ­стан­дықтар сатып алу көлемін азайтпаған. Тұтынушылық белсенділік пен сұра­ныс­тың артуы арқасында қызметтер көрсету кө­лемі 3,6 пайызға ұлғайды. Сауда 6,2 пайызға артты. Өнеркәсіптік өндіріс өрлегендіктен, көлік саласы 4,5% өсімге жетті. Байланыс қызметтері 6,3 пайызға, тұру мен тамақтану бойынша қызметтер 2 пайызға өсті.
Әлем қақтығыс дәуіріне еніп, сауда со­ғыс­тары өріс ала бастаған қазіргі күр­де­лі заманда ел экономикасын қуат­тан­ды­рар қаржылық тасқын арнасының суал­мағаны аса маңызды.
– Негізгі капиталға салынған инвес­ти­циялар 39,5 пайызға ұлғайды. Мұндай өсу «ПетроҚазақстан Ойл Продактстың» Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаң­ғыр­туымен және қайта құруымен, «Теңіз» ке­норнында болашақтағы кеңею жоба­сы­ның іске асырылуымен байланысты. Транспорт саласына инвестициялық са­лымдар – 58,5%, құрылыста – 57,2%, өнер­кәсіпке – 51,6% және саудада 47,3 пайызға артты, – деді Ұлттық экономика ми­нистрі.
Оның мәліметінше, өңірлердің қары­мы мен арыны әртүрлі болып отыр. Атап айт­қанда, 3 аймақтан басқа барлық өңір­де өнеркәсіп өскен. Рас, 7 өңірдегі өсім жал­пы республикалық көрсеткіштен тө­мен қалыптасқан.
Ауыл шаруашылығында былтырғы ке­зеңмен салыстырғанда, барлық өңір­лер өсімге қол жеткізді. Алайда тағы 7 об­лыста республикалық мәннен төмен қар­қын тіркелді.
Құрылыс саласының төмендеуі Аста­нада, Павлодар, Атырау және Батыс Қа­зақ­стан облыстарында байқалады. Бұл осы өңірлерде тұрғын үй құрылысы және өнер­кәсіптік объектілер, магистральдық газ және құбырлар құрылысы бойынша жұ­мыстардың төмендеуімен байланысты көрінеді.
Тұрғын үйлерді іске қосу көлемі бойын­ша ең көп қысқару Алматыда Қы­зы­лорда облысында және Аста­­­нада бай­қалып отыр. Басқа өңірлер тұрғын үй құры­лысында 2,7 пайыздан бас­тап, 51,9 пайызға дейінгі өсімге шық­ты. Инвес­тиция­лар бойынша теріс көр­сеткіштер 3 өңірде қалыптасты.
Бас экономист 2018 жылғы 1 наурыз­да­ғы жағдай бойынша экономиканы не­сиелендіру өткен жылға қарағанда, бар-жоғы 1,6 пайызға мардымсыз өске­нін жеткізді. Яғни, 12,5 трлн теңге кредит берілген. Ауыл шаруашылығына, көлік­ке, байланысқа, саудаға берілген несие көлемі азайыпты.
Жыл басынан бері Қазақстанның сырт­қы саудасының көрігі қызған. Қаң­тар-ақпан айларында еліміздің жаһандық нарыққа жеткізген экспортының көлемі 27,4 пайызға өсті. Бұл ретте шикізаттық емес тауарлар экспорты 22,1 пайызға арт­қан. Ал импорт 16,6 пайызға өсті. Бұл не­гізінен, инвестициялық тауарларды (ма­шиналар мен құрылғыларды) әкелу­дің 15,9 пайызға ұлғаюына байланысты. Шикізаттық тауарлар импорты 9,9 пайыз­ға немесе 0,4 млрд долларға қыс­қар­ды.
Осылайша, экспорттың импорттан асып түсуі арқасында сауда балансының саль­досы 4,3 млрд долларды құрады. Яғни, елден кеткенге қарағанда, елге кел­ген валюталық түсімдер көбейді. Бұл да болса, ұлттық валютаға сүйеу.
Тимур Сүлейменов сөз соңында биыл­ғы наурызда орташа айлық еңбе­кақы нақты көріністе 2,4 пайызға өсіп, 153,2 мың теңгені құрағанын атап өтті.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік бюджеттің кірістері өткен үш айда 107,8%, соның ішінде респуб­ли­ка­лық – 101,9%, жергілікті бюджеттер 124,6 пайызға асыра орындалғанын баян­дады. Яғни, қазынаға көзделгеннен ар­тық кіріс түсті. Ал шығыс қаражат тағы иге­рілмей қалуда. Мемлекеттік бюд­жет­тің шығыстары – 95,7 пайызға, соның ішінде министрліктер мен орталық мем­лекеттік органдар деңгейіндегі республи­ка­лық бюджет – 96% және жергілікті бюд­­­жеттер – 97,7 пайызға ғана атқарыл­ды.
Бас қаржыгер осы кезеңнің басты ерек­шелігі ретінде ауыл-кент деңгейін­дегі жергілікті өзін-өзі басқару бюдже­ті­нің жұмысы басталғанын атап өтті.
I тоқ­санда олардың шоттарына 28 млрд тең­ге түсімдер жиналып, 22 млрд теңгесі шы­ғыстарға жұмсалды. Қазынашылық органдар қазір 4-деңгейлі осы бюджеттің 1078 мемлекеттік мекемесіне қызмет көр­­сетуде.
МЖӘ жобалары бойынша 235,2 млрд тең­геге 182 келісімшарт жасалды. «Нұр­лы жол» бағдарламасына бағытталған қара­жат 99,9 пайызға игеріліп, 37,3 млрд тең­гені құрады.
Б.Сұлтанов алда тұрған міндеттердің де негізгілеріне тоқтала кетті. Біріншіден, рес­публикалық бюджет кірістерінің кө­лемі 189 млрд теңгеге көбейді. Сол се­беп­ті, кірістердің өсу қарқынын алда тө­мен­дет­пей, нақтыланған жоспардың орын­­­­далуын қамтамасыз ету керек. Екін­ші­ден, им­порт­тау кезінде уақытты қыс­­­­қар­туға мүмкіндік бе­ретін «Астана – 1» ақ­параттық жүйе­сінде қалған 15 кедендік рәсімді іске қосу көз­делген. Бұл бюджетке қосымша 12 млрд теңгеге жуық кіріс түсіруге жол аша­ды.
– Үшіншіден, Президенттің бес әлеу­мет­тік бастамасын және Жолдауларының мін­деттерін іске асыру үшін нақтыланған бюд­жет жобасында қарастырылған ша­ра­лардың уақытында орындалуын қада­ғалаймыз, – деді Қаржы министрі.
Өз бағыттары бойынша 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс нәтижелері туралы Инвестициялар және даму ми­нистрі Ж.Қасымбек, Энергетика бірінші вице-министрі М.Досмұхамбетов баян­дады.
Мәселені қарауды қорытындылаған Пре­мьер-министр Бақытжан Сағынтаев ЖІӨ-нің өсімі 4,1 пайызды құрағанына ек­пін түсірді.
– Мемлекет басшысы Үкіметке эко­но­микалық өсімді қамтамасыз ету бойын­ша аса жоғары нәтижелерге қол жет­кізуді тапсырды, – деп еске салды ол. Осы­ған орай, экономика салаларында өсім­ді ары қарай қамтамасыз ету үшін ор­талық және жергілікті атқарушы ор­гандарға Елбасы қойған міндеттерді ше­шу бойынша жүйелі шараларды іске асыру­ды жалғастыру тапсырылды. Олар­дың барлығын бақылау Үкімет басшы­сы­ның бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктеледі.
Үкімет отырысында бұдан өзге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды рәсімдеу және ел экономикасына тарту жөніндегі «Жол картасының» іске асырылу барысы, сондай-ақ алдағы шаралар жоспары жан-жақты сөз болды. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі М.Әбілқа­сы­мованың айтуынша, 2,7 млн азаматтың жыл басынан бері 607 мыңының мәр­те­бесі нақтыланған. 197 мың жұмысшы ең­бек шартына тұрып, міндетті зейне­та­қы жарналарын аударуда екен. 12 мың кә­сіпкер бизнестерін тіркеді.
– Статусты жаңарту жұмыстары бүкіл өңір­де жүргізілуде. Әкімдіктердің барлық құ­рылымдық бөлімшесін, сондай-ақ ор­талық мемлекеттік органдардың аумақ­тық бөлімшесін қамтитын ресмилендіру бойынша Өңірлік штаб құрылып, жұмыс істеуде. Жұмыс ресмилендіру бойынша қа­былданған Өңірлік жол карталары не­гізінде жүргізіледі, – деді Мәдина Әбіл­қа­сымова.
«Жол картасының» негізгі бағыты – бір­қатар маңызды мәселелерді шешуге бағытталған халықты жұмыспен қамтуды рес­милендіру. Бұл ретте статистикалық есеп­ке қою, салық режимдерінің күрде­лі­лігі, кейбір ұйымдастырушылық-құ­қық­тық режимдердің жоқтығы проблема ретінде аталды. Қазір министрлік «Кей­бір заңнамалық актілерге бейресми жұ­мыспен қамтылғандардың қызметін заң­дастыру мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуде.
Өз кезегінде Ұлттық экономика ми­нистрі Т.Сүлейменов «Жол картасының» 6-тармағын іске асыру мақсатында «бі­рыңғай жиынтықты (әлеуметтік) төлем» (БЖТ) атты жаңа режим ұсынылатынын мәлімдеді.
– Бұл төлемнің мөлшері қаладағы тө­леу­шілер үшін айына 1 айлық есептік көр­сеткіш, яғни 2018 жылы 2405 теңгені, ал ауылдағылар үшін 0,3 АЕК, яғни 722 тең­гені құрайды. Салық сомасы және бар­лық әлеуметтік төлемдер осы төлем құра­мына кіреді. Жаңа режимнің мәні
де – салықтың азғантай сомасында, сол арқылы салықтан және әлеуметтік тө­лем­дерден тұратын бірыңғай төлемнің ен­гізілетіндігінде. Оның үстіне салық бойын­ша есептілік тапсыру қажет бол­майды, тексерулер де жоқ және әкімшілік жазалар, айыппұл қолданылмайды, – деді Тимур Сүлейменов.
Оның түсіндіруінше, бұл төлемді тек же­ке тұлғаларға қызмет көрсететін жеке тұл­ғалар ғана төлейді. Осылайша, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың салық пен әлеуметтік төлемдер төлеуі мәселесі ше­шілуге тиіс.
– «Бірыңғай жиынтықты төлем» со­ма­сына жеке табыс салығы (10 пайызы), міндетті зейнетақы жарна (40 пайызы), Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қо­рына аударылатын әлеуметтік төлемдер (10 пайызы), Міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру қорына аударымдар (40%) кіреді. Бұл ретте БЖТ төлеуі үшін тұлғаның табысының ең жоғарғы көлемі 100 еселенген жалақының ең төменгі мөлшерінен, яғни жылына 2 828 400 тең­геден, айына 235 700 теңгеден аспауы шарт. Жиынтықты төлемді төлей бастаса, бұл азаматтың төлеуші ретінде тіркел­ге­нін, ал егер тоқтатса, өз қызметін тоқтат­қа­нын білдіреді. Ешқандай да қосымша тір­келу және хабардар ету талап етіл­мей-ді, – деді Ұлттық экономика ми­нист­рі.
БЖТ-ны банктер мен терминалдар ар­қылы «Азаматтарға арналған Үкімет» мем­лекеттік корпорациясының шотына аудару керек. Ал ол төлемдерді МӘМС қо­ры, БЖЗҚ және басқалары арасында бөліп, ары қарай жолдайды.
Министр салығы мен басқа да ауда­ры­лым-жарналары көлемін ауылда – 700, ал қалада 2,5 мың теңгеге дейін ке­міт­кісі келетіндерге нақты шарттар қойы­латынын нықтады.
Біріншіден, ол жалдамалы қызмет­керлердің еңбегін пайдаланбауы тиіс, яғни қызметкерлері болмауы керек. Екін­ші­ден, тек қана жеке тұлғаларға қызмет кө­р­сетуге міндетті, компаниялармен іс­тес бола алмайды. Үшіншіден, бұл қа­тар­ға сауда объектілері мен базарлар аума­ғы­нда коммерциялық тұрақты орны, кон­тейнерлері барлар, яғни саудагерлер кіре алмайды. Төртіншіден, бұл игілікті Қа­зақстан аумағында тұрақты тұратын адам­дар мен оралмандарды қоспағанда, шет­елдіктер мен азаматтығы жоқ адам­дар пайдалана алмайды. Алтыншыдан, жеке қосалқы шаруашылығында (мыса­лы, қорасында) ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, жеке тұлғаларға өткі­зетін адамдар жатады. Ұлттық экономика министрлігі Үкімет пен Парламент қол­даса, БЖТ туралы нормаларды қолда­ныс­­тағы Салық кодексіне енгізбек ниет­те.
Вице-премьер Е.Досаев «Жол карта­сын» жүзеге асыру жұмыстарын өңір­лер­мен бірлесіп, жалғас­тыра­тындарын баса айтты. «Дайын заң жобасымен Парла­мент­ке барамыз. Біздің мақсатымыз – атал­ған жұмысты 1 шілдеге дейін аяқтау» деді Ерболат Досаев.
Мәселені талқылауды түйіндеген Пре­мьер-министр бұл мәселе тек баян­да­ма жасаған министрліктерге ғана қа­тыс­ты еместігін атап өтті.
«Сондай-ақ бұл Әділет, Ақпарат және ком­муникациялар, Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктеріне, барлық дең­гейдегі әкімдерге де қатысты» деді Ба­қытжан Сағынтаев.
Осы жұмысты жалпы үйлестіру Е.Досаевқа жүктелді.

 

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*