БІТІМГЕРЛЕР БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСТАРДЫ БІТІРІП ҚАЙТТЫ

802
0
Бөлісу:

Бұдан бір ай бұрын бітімгершілік миссиясы бойынша Нью-Дели қаласына аттанған қазақстандық бітімгершілер ротасын  Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмас Жұмакеев Алматы әуежайынан өзі шығарып салған болатын. Үндістандық бітімгершілік контингентімен бірлесіп өткізген жаттығуларды ойдағыдай аяқтаған жауынгерлер елге оралды.

Бір айлық іссапармен Үндістанда болған  қазақстандық әскери жасақ үнді әскери контингентінің бітімгершілік миссиясының құрамында бірлескен тапсырмаларды орындап,  халықаралық миссиялар бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді атқаруға дайындалды. Осы сапар кезінде қаланатын алғашқы кірпіш алдағы уақытта екі елдің жауынгерлері  бірлесіп атқаратын бітімгершілік  жұмыстардың негізі болады. «Қазбат» әскери қызметшілерінің Үндістанға бару сапарының негізгі мақсаты – бірлескен жаттығулар өткізу, Үндістан армиясы өзінің бітімгершілік контингентіне қоятын талаптар бойынша сабақ алу, бітімгершілік миссияларын орындау барысында бірлесіп қимылдайтын екі елдің әскери қызметшілері арасындағы өзара түсінісу. Бұл «Инказбат» жеке құрамын жалпы стандарттар әзірлеу, белгілі бір өзара түсіністікке үйрету болып табылады.  Оқуға бірінші кезекте үнді батальонын басқаратын офицерлермен жұмыс істейтін командалық құрам, қазақстандық бітімгершілік батальоны мүдделі барлық бағыттар бойынша қажетті мамандар, сондай-ақ үнді тарапы ұсынынып отырған талаптарға сай,  бітімгер дайындаудың барлық барлық спектрін толық қамтылған мамандар іріктеліп алынды.

Бұл тікелей бітімгершілік бойынша үнді бітімгерлік контингентімен бірлесіп өткізген алғашқы тәжірибе, бірақ тәжірибе алмасу мақсатында әртүрлі елдерден келетін, соның ішінде үндістандық нұсқаушылары бітімгершілік дайындық орталығында жүйелі түрде сабақтар жүргізеді, сондықтан үнді тарапының талаптарымен біздің жауынгерлер таныс болды. Қазіргі кезде Үндістан Республикасы БҰҰ-ның миссияларына негізгі қатысушылардың бірі болып табылады. Оларда 7000-нан астам бітімгер мамандар бар және олар БҰҰ-ның түрлі миссияларына ондаған жылдар бойы қатысып жүр, тәжірибелері мол.

Бітімгерлер командасында болған аға лейтенант Бақтияр Батталовтың айтуынша, оларды Үндістан жерінде жылы қабылдаған. Алматыдан ұшып шыққанан олар екі жарым сағаттан кейін Индира Ганди атындағы халықаралық әуежайға қонды. Ұшақ баспалдағынан оларды Қазақстанның және Үндістанның әскери атташелері және үнді армиясының өкілдері қарсы алып, бірден әскери базаға жеткізді.  Қазақстандық жауынгерлер 4 адамға арналған жайлы бөлмелерге орналастырылды.

– Біз үнді армиясы тарапының осындай жылы қабылдауына таң қалдық. Сабақ сағат 8:30-дан 16:30-ға дейін, арасында бір сағат түскі үзіліс болады. Бірінші аптада теориялық сабақтарды өттік. Негізгі оқығандарымыз: БҰҰ-ның құрамы мен жұмыс принциптері, жалпы ережелері. Екінші аптада патрульдеу, қорғап алып жүру, оперативтік базадағы жұмыстарды ұйымдастыру сияқты практикалық дайындыққа кірістік. Қазақстандық және үндістандық жауынгерлердің өзара бірлескен іс-қимылдары бірден үйлесім тапты. Біз сол жердің климатына да, тағамдарына да тез үйреніп алдық, олар тағамның түрлерін өзіміз таңдауға ерік беріп, бір айға ас мәзірін жасады. Қазақстандық бітімгерлер барлық жағынан жақсы нәтиже көрсетті, – дейді аға лейтенант Бақтияр Батталов.

Айта кету керек, бітімгершілік қызметтің  әскери-саяси позициясын ұстану, халықаралық міндеттемелерін орындау аясында,  тұтастай алғанда әлемдік аренада еліміздің мүддесі мен беделін көтеруде Қазақстан үшін үлкен маңыз бар. Жақында Үкімет сағатында Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров қазақстандық бітігерлердің күз айларында БҰҰ-ның бастамасымен бітімгершілік миссияны орындау үшін Ливанға баратынын мәлімдеді.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Айтжан МҰРЗАН (фото)

Бөлісу:

Пікір жазу


*