Кәсіпкерге қамқорлық немесе бастамалар бизнеске не берді?

Бизнес барлық саланың іргетасына айналуға жақын. Нарықтың талабы осы болып тұр. Бір ғана мекеменің мүддесін көздейтін лоббизм «салтанатын» есепке алмасақ, мемлекет тарапынан жасалып жатқан бастамалар мен ұсыныстар кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Бүкіл бизнесменнің басын бір арнаға тоғыстырған кәсіпкерлер палатасы да Үкіметпен бірлесіп заңнама, кәсіпкерге кедергі болар мемлекеттік қадағалау, оларға қаржылай және кеңес беру түрінде қолдау көрсету шараларын тыңғылықты жүзеге асыруға тырысып бағуда. Президент «адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керектігін» биылғы Жолдауында да айтып, нақты тапсырмалар берген еді. Міне, сол жүктелген міндеттердің жолға қойылғанына көз жеткізетін тағы бір жиын апта басында Астанада өтті.
Шырайы кіре бастаған шағын бизнес
Елорда кәсіпкерлерінің конференциясында айтылған мәселелерге тоқталмас бұрын елдегі бизнес атмосфераның ахуалын аз-кем сөз етсек. Соңғы бір жылда отандық шағын компаниялардың саны 7,5 пайызға артқан. Наурыз айына тиесілі статистика еліміздегі 1,13 миллион азаматтың жеке кәсіпкерлік статусына ие екенін көрсетіп отыр. Бірақ өткен жылмен салыстырғандағы өсім небәрі – 0,1 пайыз және олардың тек 881 мыңы ғана жұмыс істеп тұр. Осы тектес мәліметтерімен бөліскен Finprom сараптама қызметі елімізде мемлекеттік компаниялардың жеке кәсіпкерлерге қарағанда, заңды тұлғалармен, оның ішінде ірі және орта бизнес өкілдерімен, банктермен жұмыс істегенді құп көретінін сөз еткен. Бүгінде субъектілердің жеке кәсіпкерліктен шағын бизнеске қарай ойысуы – мемлекеттің де көздеп отырған мақсаты. Бұған Үкіметтің 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы дәлел. Тіпті оны толық жүзеге асыру үшін 2019 жылға дейін республикалық бюджеттен – 122,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 135,8 млрд теңге қаражат бөлінген. Бағдарламаның берген жемісі ме, әлде басқа факторлар әсер етті ме беймәлім. Бірақ электрмен жабдықтау және тау-кен өндірісіндегі жеке кәсіпкерлердің саны тиісінше 23 және 29 пайызға артқан. Дегенмен өзге секторларға қарағанда әлі де сауда-саттық, агроөнеркәсіп кешені және транспорттық-логистикада жеке кәсіпкерлердің жүгі басым болып тұр. Сонымен қатар статистикалық деректерден көтерме және бөлшектік сауда, автокөлік жөндеу, ауыл, орман, балық шаруашылығы мен жылжымайтын мүлік операциялары арқылы табыс табу олардың оң жамбасына келіп тұрғанын көреміз. Аймақтарға келер болсақ, қызылордалықтардың кәсіппен айналысуға деген қызығушылығы басым. Өйткені мұнда бір жылда жеке кәсіпкерлердің саны 2,9 пайызға артқан. Өкініштісі, әзірге өзге өңірлердің көрсеткіші бұдан төмен деңгейде.
Мамандар халықтың жеке іс бастауға немесе жұмыс істеп тұрған шаруашылықтың өзін әрі қарай айналдырып әкетуіне «арзан» қаражат көздерінің қолжетімсіздігі кедергі деген пікірді жиі айтады. Бұл Президенттің биылғы Жолдауында да елеусіз қалған жоқ. «Ұлттық Банк пен Үкімет экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақмерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешуге тиіс» деп тапсырма берді Елбасы.
Кәсіпкерде қандай мәселе?
Елордадағы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов Атамекен бизнес-арнасына берген сұхбатында қазірдің өзінде бұл проблеманы шешудің түрлі жолдары қарастырылғанын айтып қалды. Мысалы, жұмыс істеп тұрған мекемелер өз өнімділігін арттыру және ары қарай қызмет аясын кеңейту үшін Бизнесті дамытудың жол картасы арқылы несие алуына мүмкіндіктер қарастырылған екен. Сонымен бірге, жаңадан қабылданған еңбек бағдарламасы бойынша да кәсіп бастаймын деушілерге тиімді шарттар арқылы несие беріледі. «Несиенің бастапқы пайыздық мөлшерлемесі 15 пайыз болса, ол жеңілдікпен 6 пайызға беріледі. Сәйкесінше, 19 милионға дейін 5-7 жылдық мерзімге несие ала аласыз» дейді ол.
Несие кәсіпкердің бір ғана проблемасы емес. Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан мүмкіндіктерді пайдаланудың өзі кейбіреулер үшін мұң. Сол себепті «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету мәселесі Президенттің халыққа Жолдауынан орын тапты.
Осыған дейін кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде мемлекет пен бизнес-субъекті арасындағы негізгі оператордың бірі саналатын «Даму» қоры қызмет көрсету барысын автоматтандыруға көңіл бөле бастағанын жазған едік. Ол мақаламызда Қордың басқарма төрағасы Абай Сарқұловтың ішкі бизнес-процестерді автоматтандырудың арқасында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлердің саны 4 есеге ұлғайғаны туралы айтқанын тілге тиек еткенбіз. Бұл мәселе кешегі өткен астаналық кәсіпкерлердің конференциясында да қаралды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев жиын барысында «Бизнеске арналған Үкімет» жобасы аясында мемлекеттік қолдау шараларын реинжиниринг жасау мен автоматтандыру, сондай-ақ осы қызмет түрлерін бір терезе қағидатына негізделген Atameken Services жүйесіне енгізу жұмысы атқарылып жатқанын атап өтті. Нәтижесінде, бизнеске қызмет көрсету мерзімі 50 күннен 1-3 күнге қысқарады әрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізбек.
Сыбайлас жемқорлық демекші, мұны кәсіпкер Қайрат Құдайберген екеуі екі бөлек әлемнің заңдылықтарымен өмір сүретін шенеуніктер мен кәсіпкерлер арасындағы түсініспеушіліктің нәтижесі деп сипаттап берген. Айтары бар азаматтың бұлай деуіне негіз де жоқ емес. Дегенмен бизнеске бөгет болатын бірінші фактор – жемқорлықты жою үшін мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы адами факторды барынша азайту – бүгін атқарылуы тиіс шаруаның бірі. Бұл туралы Президент: «Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Көп жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді. Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс», – деген.
Тағы бір мәселе – ақпараттық база. Мәліметтердің бір жүйеге кіріктірілмеуі талай кәсіпкердің шаруасына кедергі. Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді. Бизнес-климатты жақсарту үшін батыл іс-қимыл талап етіледі, әсіресе өңірлік деңгейде. Үкімет бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың жаңа пакетін дайындауға тиіс», – деген болатын. Бұл проблеманың бизнес сектордағы өзектілігін Ғани Тасмағанбетов айтып берді. Мысалы, жер учаскелеріне қатысты ақпараттар тоғыстырылған бірыңғай база жоқтығы көп шаруаға қолбайлау болатын көрінеді. «Әзірге бас жоспар онлайн жағдайда қолжетімді. Бірақ әр учаске бойынша қандай процесс жүріп жатқаны жайлы ақпарат та бас жоспардың электронды форматына енгізілуі керек» дейді Астанадағы кәсіпкерлер палатасының басшысы. Сонда коммерциялық бағыттағы жер учаскесін сатып алатын кез келген кәсіпкер өз ісіне ешқандай «қауіп» төніп тұрмағанына сенімді болар еді.
Астанадан аймаққа!
Кәсіпкерлер конференциясында ҰКП төрағасы түйіндеген жайттың бірі – шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін салықтың бір бөлігін жергілікті бюджетте қалдыру. «Астанада Алматыдағыдай қала бюджетін шағын және орта бизнес қалыптастырып отыр. Егер салық түсімдерінің бір бөлігі өңірлерде қалса, әкімдіктердің бизнесті дамытуға деген қызығушылығы артады. Ал бұл жайт салық салу базасын қалыптастырады. Өз кезегінде өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге, облыстарды дамытуға кеңінен жол ашпақ», – деді Тимур Құлыбаев. Оның айтуынша
бұл – Президенттің тапсырмасы. Иә, Жолдауда Мемлекет басшысы осы мәселенің басын ашып алуды мықтап тапсырды: «Фискальды орталықсыздандыру аясында шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығын өңірлік бюджеттерге беру мәселесін шешу керек. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленген. 2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елдімекендерде күшіне енеді. Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік береді», – деген болатын Президент. Аймақтардың ахуалы жергілікті қазынаның қарымына байланысты. Ал оның қалай тиімді игерілетіні – сараптауға сұранып тұрған бөлек тақырып.
Астанадан аймаққа бет алатын тек «ақша» емес. Елордада жүзеге асырылған кейбір жобалар да жемісін берсе, өңірлерден өз орнын табатын болады. Тимур Асқарұлының пікірін сөзбе-сөз келтірсек: «Астанада жүзеге асырылатын бастамалар ел ауқымында жүзеге асады. Мысалы, «1000 сауда орны» жобасы шағын бизнесті дамытуда өзінің тиімділігін көрсетті. Бүгінде шағын бизнес өкілдері 650 сауда орнында жеке бизнесін жүргізуде. Сауда орындары 7 жылға беріледі, инвестиция құюға мүмкіндік бар. Ең бастысы сауда орны қаланың сәулетіне сай жасалған. Бұл бағдарламаны бүкіл ел бойынша жүзеге асыруды ұсынамыз», – дейді ҰКП төралқа төрағасы.
Ғани Тасмағанбетовтің айтуынша, осы бағдарламаның арқасында Астанадағы шағын және орта бизнестің үлесі соңғы бір жылда 46 пайыздан 57,4 пайызға артқан, сонымен қатар 1,1 млрд теңге инвестиция тартылған екен. Ал жұмсалған қаражаттың қайтарымы кәсіпкер таңдаған бизнес түріне тәуелді. Сондықтан инвестордың тәуекелін төмендету үшін жер учаскесін жалға алу мерзімі 1 жылдан 7 жылға дейін ұзартылған. Қазіргі таңда мұндай сауда орнына арналған 9 шаршы метр жер жылына 200 мың теңгеге жалға беріледі. Нарық құнымен салыстырғанда бұл әрине тиімді.
Сонымен бірге, әр жылда бас қосатын жиын барысында кәсіпкерлер көптеген өзге де проблемалардың тізімін тізіп бергендей болды. Олардың қатарында мемлекеттік-әріптестік форматында жұмыс істейтін балабақшаларға қабылданатын балалардың жас мөлшерінің 3 жаспен шектелуі, бизнес пен бизнес арасындағы проблемаларды шешудегі палатаның рөлі, заңсыз кәсіпкерлік т.б бар. Мұның барлығы кәсіпкердің Үкімет жанындағы «көзі, құлағы һәм тілі» саналатын палата өкілдері мен мемлекеттік органдар үшін қай бағытта қызмет ету қажеттігін көрсетіп бергені анық.
Кәмила Дүйсен