Көш көлікті, көңіл орнықты ма?

928
0
Бөлісу:

Қазақстанға былтыр бес жарым миллиондай турист келіп қайтқан. Бұл мәлімет Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жария етілді. Жиында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов депутаттарға «Қазақстандағы көші-қон бақылауының жай-күйі және оны қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» баяндады. 

Үкімет сағатын ашқан Мәжіліс төра­ға­сының орынбасары Владимир Божко осы салада қабылданған шаралар Қазақ­стан­ға келушілер санын едәуір арттыр­ға­нын, 2017 жылы елімізге шетелден 5 мил­лион 595 мың адам сапарлағанын хабар­лады. Оның ішінде Германия және басқа елдердегі біздің бұрынғы отан­дас­та­ры­­мыздың үлкен бөлігі туған жерге саяхат жасаған екен.
Сонымен бірге, елімізге шетелдік бизнесмендердің қызығушылығы да артуда. Бұған Қазақстанда инвесторларға жұмыс күшін сырттан тарту рәсімінің жеңілдетілуі де ықпал еткен. Бұл ретте шетелдіктердің 90 пайызын Өзбекстан, Ресей және Қырғызстан азаматтары құрайды. Сондай-ақ Ішкі істер министрінің мәліметінше, алыс шетелден ағылған мигранттар легі де артуда. Олардың саны 620 мың адамға жетіп отыр. Бұлар негізінен, Түркия және Қытай азаматтары көрінеді.
Өз сөзінде вице-спикер халықаралық ахуал мен көші-қон ағынының және ішкі көші-қонның артуы құзырлы құры­лым­дарға және Сыртқы істер министрлігіне қосымша жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Ол Үкімет сағатына ұсынылған материалдарды алдын ала зерделеу бары­сын­да, тұрақты көші-қон жолында тұрған артық тосқауылдарды жою қажет деген байламға келіпті. Бұған қоса, Қазақстан аумағында заңсыз көші-қон ұйымдас­ты­ра­тын жекелеген фирмалар мен тұлғалардың қыл­мыстық әрекеттері анықталған.
– Бұл реттегі мәліметтер алаңдатарлық. Ауғанстанның 49 азаматы тегі қазақ болма­са да оралман мәртебесін алуға тырысқан. Олардың көпшілігіне қазіргі уақытта іздеу жарияланды. Бангладеш пен Ауғанстан азаматтары біздің ел аумағын Еуропаға өту және ол жақта тұрақты қоныстану үшін пайдалануға тырысады. Екі трансұлттық топ Қазақстанда тіркелген 85 компания арқылы Қытай халық республикасынан Қазақстанға жаппай заңсыз кіруді ұйым­дастырған, – деді В.Божко.
Бұл ойды жиыннан кейін журналистерге сұхбат берген ІІМ Көші-қон қызметі коми­те­тінің төрағасы Мұрат Қабденов растады. Оның байламынша, заңсыз мигранттар Қазақстанды Еуропалық одаққа қоныстану жолындағы «транзиттік мемлекет» ретінде қарастырады.
– Мұндай тәсілді негізінен Ауғанстан азаматтары пайдаланады. Жағдайлары күрделі елдерде адамдардың ахуалы да нашар, олар жақсы өмірді іздейді. Және осы мақсатта Қазақстанды транзиттік ел ретінде пайдалануға тырысады. Олар негі­зі­­нен бізде қалмайды. Ары қарай Еуро­одақ елдеріне баруға тырысады. Бізге келетін заңсыз мигранттар негізінен, ТМД елдерінің азаматтары, – деді М.Қабденов.
Ол өткен апта басында арнайы опера­ция нәтижесінде, ОҚО ІІД көші-қон қыз­меті басқармасының бастығы Н.Төлеген­ұлы­ның 30 мың доллардан астам пара алу үстінде ұсталуына қатысты түсініктеме бере кетті. Тергеу дерегінше, осынша қаржыны ол Ауғанстанның төрт тумасына Қазақстан азаматтығын алуға көмектесу үшін алған.
– Біздің мәліметімізше, ол азаматтықты сатып үлгермеген. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Бірақ бұған дейінгілері заңды рәсімделген. Енді ғана алаяқтыққа барып отырғанға ұқсайды, – деді М.Көбенов.
Ведомствоның хабарлауынша, 2017 жылы Қытайдың шамамен 30 мың адамы Қазақ­стан азаматтығын алған. Әрине, бұлар­дың басым көпшілігі – оралмандар.
– Олардың ішінде 25 мыңнан астамы аза­маттықты жеңілдетілген тәртіппен алды. Яғни, бәрі – оралмандар. Негізі, қа­зақ­­­стандық атанған Қытай азаматтары­ның барлығы дерлік оралман мәртебесіндегі қазақтар деп сеніммен айта аламын, – дейді өз кезегінде ІІМ көші-қон қызметі коми­тетінің басқарма бастығы Сабыржан Сейітжанов.
Өз кезегінде Ішкі істер министрі Қалмұхан­бет Қасымов заңсыз көші-қонды ұйымдастырушылар 7 жылға дейін сотталуы мүмкіндігін ескертіп өтті.
– Елімізде көшіп-қону бойынша шарттарды жеңілдетумен қатар, заңсыз көші-қонның жолын кесу бойынша шара­лар қабылдануда. Заңсыз мигранттарды анықтауға және шетелдіктердің елде болу қағи­даларын сақтауын бақылауға бағыт­тал­ған республикалық және өңірлік «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шара­сы ұйымдастырылады. Елімізде заң­сыз көші-қон негізінен, еңбек мигрант­та­ры­ның арасында байқалады. Сондықтан бірін­ші кезекте базарлар, сауда орталық­тары, құрылыс алаңдары тексеріледі. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын және шаруашылық субъектілерін бақылаймыз,– деді министр.
Оның айтуынша, ҰҚШҰ елдері, яғни Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қыр­ғызстан, Тәжікстан бірлесіп, жыл сайын «Заңсыз келуші» жедел-профи­лак­ти­калық іс-шарасын жүзеге асырады.
– Бүгінде елге заңсыз кіру – «қылмыс­тық теріс қылық» санатына жатады. Бұрын бұл тек әкімшілік құқықбұзушылық болып табылатын. Елге заңсыз кірген адамға 1 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, елден шығарылады. Сонымен қатар елден шығудан жасырыну, рұқсатсыз жұмыс істеу және тіркелмеген орында тұрғаны үшін 25 АЕК көлемінде айыппұл салы­нады. Бұл заң бұзу фактілері қайта­лан­ған жағдайда 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алынады, ел аумағынан аласта­ты­ла­ды, – деді Қ.Қасымов.
2015 жылы Әкімшілік құқықбұзушылық және Қылмыстық кодекстерге жаңа түзе­ту­лер енгізілген. Оларға сәйкес, көші-қон заңнамасын бұзған адамдарға бірден елден шығару әкімшілік жазасы қолданыла бастады. Қазақстаннан шығарылған бар­лық шетелдіктер бес жыл ішінде кері орала алмайды.
– Жыл сайын 100 мыңнан астам шетел азаматтары әкімшілік жауапқа тартылады. Олардың 10 мыңнан астамы елден алас­та­ты­лады. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пай­даланған екі мыңнан астам жұмыс беру­шіге айыппұл салынды. Бұдан былтыр бюджетке 115 млн теңге қаржы түсті. Қыл­мыс­тық кодексте заңсыз көші-қонды ұйым­дастырған адамға 5000 АЕК көлемінде айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан айыру жазасы белгіленген. Өткен жылы осындай фактілер бойынша 89 қыл­мыстық іс қозғалды, – деді ІІМ басшысы.
Ол 2021 жылы елімізде дактило­с­ко­пия­лық және геномдық тіркеу туралы заң күші­не енетінін жеткізді. Ол бойынша құзыр­лы органдар саусақ таңбаларын және гендік материалдарды арнайы базада жинақтай бастайды.
– Шетел азаматтарына виза рәсімдеу, елде тұрақты тұруға ықтиярхат немесе бос­қын мәртебесін беру кезінде міндетті түр­де дактилоскопиялық тіркеу талап етіле­ді. Заң бұзған шетел азаматтары да осындай тіркелуден өтуге міндетті, – деді ІІМ басшысы.
Үкімет сағатында Сыртқы істер министрі­нің орынбасары Мұхтар Тілеу­бер­ді Қазақстанның биылдан бастап, элек­трон­ды визалар рәсімдеуге көшетінін мә­лім етті. Мұндай визалар қай елдер үшін бері­летіні де анықталып, тізім түзіліпті. Бұл бағыт­тағы пилоттық жобаны Сыртқы істер министрі 2018 жылы қолға алмақ.
– Бұл «Бүркіт» жүйесін жетілдіруді талап етеді. Ал оның әкімшісі – Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Оған қажетті сома анықталды, Республикалық бюджеттік комиссия ол соманы бекітті. Сондықтан біз биылдан электронды визаларды бере бастаймыз, – деген М.Тілеуберді аталған тізімге қандай елдер кіретінін нақтылап айтпады.
Жалпы алғанда, қазіргі кезде Қазақ­стан­да көші-қон мәселелері бойынша қажет­ті құқықтық база түзілгені туралы бай­лам жасалды.
Үкімет сағатының қорытындысында көші-қон мәселелері бойынша Үкіметке ұсынымдар әзірленді.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*