Кәсіпкерлік заң жобасын қарады

1214
0
Бөлісу:

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Заң жобасының мақсаты – бизнес-ортаны жақсарту мен кеңейту, бизнес­мендер үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту және ауыртпалықты азайту аясында заңнамалық базаны жетілдіру.
Құжат мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалауға, ақпараттық құралдарды реттеуді және реттеуші әсерді талдау тетігін жетілдіруге, табиғи моно­полия субъектілері мен квази­мем­лекеттік сектор көрсететін міндетті қызметтерді реформалауға, сондай-ақ бәсекеге кедергі жасайтын нормаларды алып тастауға бағытталған. Одан басқа, бизнес шығындарын жаппай төмендету және Doing Business рейтингінде Қазақстан жағдайын жақсарту жөніндегі шаралар көзделіп отыр. Заң жобасымен бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Сондай-ақ профилактикалық бақы­лауды қамтитын мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың жаңа жүйесі ұсынылады. Мәселен, іріктеу тәртібімен жүзеге асырылатын тексерулердің орнына, негізгі айырмашылығы әкімшілік іс жүргізуді қозғамастан, құқықбұзу­шы­лықтардың профилактикасы мен алдын алу болып табылатын профилактикалық бақылаудың жаңа институты енгізіледі. Осыған байланысты, Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекске аталған функциялармен және әкімшілік іс қозғау жөніндегі уәкілетті органдардың құзы­ретімен ұштастырылған тиісті өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте, субъектіге не нысан­ға бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау «тәуекелдерді бағалау негізінде» жүзеге асырылатын болады.
Жоба аясында бақылаудың 20 саласы мен бірқатар бақылау функциялары қайталанушы және тиімсіз ретінде алып тасталады.
Сонымен қатар құжат арқылы жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті қызметтерді көрсету жөніндегі табиғи монополия субъектілері мен квази­мемлекеттік кәсіпорындардың жұмысын реттеу жөніндегі ережелер енгізіледі. Атап айтқанда, Үкіметке осындай көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту жөніндегі, ал экономика саласындағы уәкілетті органға оларды көрсету тәртібін айқындау жөніндегі құзырет берілмек. Мемлекеттік реттеу құралдарын сапалы бағалау үшін заң жобасында жергілікті және орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының бар­лық шешімдеріне реттеуші әсерді тал­дау рәсімін қолдану, сондай-ақ бизнес­ке әсер етуді бағалауды күшейту ұсыны­ла­ды.
Қоршаған ортаны қорғау және халық­тың санитариялық-эпиде­мио­логия­лық саламаттылығы саласында тексерулердің нәтижелері туралы акті­лер­ге шағым жасау жөнін­дегі апелля­циялық комиссия инсти­туты енгізіледі.
Заң жобасы Сенаттың жалпы отыры­сында қарауға жіберілді.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*