Марокко елшісімен жүздесті

989
0
Бөлісу:

Мәжілісте палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Марокко Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Абделжалил Саубриді қабылдады. Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынастарды, соның ішінде парламентаралық деңгейдегі ынтымақтастықты дамыту және нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады. 

Мәжіліс төрағасы Марокко Қазақстанның Солтүстік Африкадағы маңызды әріптесі екенін айтты. Өткен жылы екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде мемлекеттеріміз арасындағы байланыс жақсы дамып келеді.
Н.Нығматулин Мароккомен ынтымақтастық жөніндегі топтың жұмысын жандандыру, сондай-ақ екі ел парламенттерінің бейінді комитетте­рінің өзара сапарлар жасауы Қазақстан мен Марокконың өзара іс-қимылын жан-жақты өркендетуге септесетінін атап өтті.
Кездесуде халықаралық күн тәрті­біндегі мәселелерге, әсіресе, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамта­масыз ету жайына айрықша көңіл бөлінді. Бұл ретте Нұрлан Зайроллаұлы халықаралық қақтығыстарды реттеуде елдер арасындағы өзара сенім мен конструктивті диалог басты рөл атқаратынын айтқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы өзекті болып табылатынын нықтады.
Мәжіліс спикері екі елдің БҰҰ, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы аясында белсенді ынтымақтасып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ ол Қазақстан бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына Марок­коның таяу уақытта қосыларына үміт білдірді.
Өз кезегінде Абделжалил Саубри Қазақстан мен Марокко арасындағы саяси және дипломатиялық қатынас­тардың деңгейіне жоғары баға берді. Елші мырза Марокконың қазақ елімен өзара іс-қимылды өркендетуге әрі тереңдетуге зор мән беретінін атап өтті. Абделжалил Саубри Қазақстан – Марокко Корольдігінің елшілігі бар Орталық Азиядағы жалғыз ел болып отырғанын осының дәлелі ретінде алға тартты.
Нұрлан Нығматулин мен Абдел­жалил Саубри экономикалық қатынастарды кеңейтуді қолдап, пікір білдірді. Мәжіліс төрағасы Марок­коның – Африка мен Еуропа ара­сындағы, ал Қазақстанның – Азия мен Еуропа арасындағы көпір сана­латынына назар аударта келе, қос мемлекеттің сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық әлеуеттерін, сонымен қатар Еуразиялық эко­но­микалық одақ мүмкіндіктерін пай­далану қажеттігіне екпін түсірді. Жүздесушілер перспективті бағыттар арасында ауыл шаруашылығын, «жасыл энергетиканы», туризмді атады.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*