Ташкентке автобус қатынайды

1107
0
Бөлісу:

Енді Алматы мен Ташкент қалалары арасын автобус байланысы жалғайтын болды.
Оңтүстік астанадағы «Сайран» автовокзалында жаңа рейстің тұсауы кесіліп, алғашқы жолаушылар легі Өзбекстан астанасына аттанып кетті.

Халықаралық Алматы – Таш­кент тұрақты автобус рейсі күніне үш мәрте жүреді. «Таш­кент» автовокзалынан шығатын жолау­шылар сағат 16:00, 17:00 және 18:00-де Алматыға қарай бағыт алмақ. Ал Алматы – Таш­кент рейсін «Сайран» автовокза­лы жүзеге асырады. Алматыдан шығатындар сағат 17:00, 18:00 және 19:00-де аттана алады. Тараптар халықаралық жаңа бағытты іске қосу үшін екі айға жуық уақыт келіссөздер жүргізген. Жолдың ұзақтығын, транспорт мүмкіндіктерін есепке алып, нәтижесінде «Узавтотранс» пен Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі екі жаққа да тиімді жағдайда жаңа рейсті іске қосып отыр. Енді Қазақстан тарапынан «ЮгТранс Лайн» ЖШС мен өзбекстандық ERKIN EMINAEXPRESS TOUR ЖШҚ тасымалдаушылары тізе қосып, жұмыс атқармақ. Олар автобустың техникалық бүтіндігіне, жүргі­зу­ші­лердің денсаулық жағдайына, автобустарды күзету мен тазалауға тікелей жауап береді.
Ашылу салтанатында сөз ал­ған қос тараптың өкілдері екі ел арасында ынтымақтастың артып келе жатқанын тілге тиек етіп, жаңа бағыттың қос мемлекет үшін де тиімді болатынын айтты. Сондай-ақ олар Алматы мен Таш­кент шаһарын жалғайтын автобус бағытының пайда болуы – Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтің сәтті келіссөздерінің нәтижесі екенін де еске салды. Айтуынша, Өзбекстан астанасына бет алатын жолаушылар енді бұрынғыдай ұзынсонар тексеріс кезегіне де тап болмайтын көрі­неді.
– Автобус жолаушылары үшін шекарада көптеген жеңілдіктер қарастырылып отыр. Олар енді бұрынғыдай жүктерін арқалап, ұзақ уақыт кезекте тұрмайды. Жолаушылар өтетін арнайы бе­кеттер бар. Ал сөмкелері авто­бус­тан шығарылмайды. Осылайша, уақытты үнемдеп отырмыз. Оның үстіне, жолақы да қымбат емес. Қазақстанның «Жібек жолы» және Өзбекстанның «Ғыш көпрік» кедендік бекеттері жолау­шыларды қабылдауға дайын. Бекеттен өту уақыты 30 минутты алады. Әр екі сағат сайын тоқтап, демаламыз. Жолаушыларымыз шаршамайды, – дейді тасымал­даушы компанияның өкілі Хо­миджан Насруллаев.
Маршруттың қашықтығы 818 шақырым болса, жолға кететін уақыт –15-16 сағат көлемінде. Бұл ретте жолаушылар үшін жола­қы құны 4000 теңге болып бекі­тілген. Өзбекстан ақшасына шақ­қан­да – 100 мың сум. Жолау­шыларды қы­тайлық Yutong және бельгия­лық Vanhol маркалы авто­бустар тасымалдайды деп жос­парланған.
Екі ел арасындағы автобус бай­ланысы 17 жыл уақыттан кейін қайта жанданып отыр. Был­тырғы жылдың соңынан бастап тұрақты автобус рейстері ашы­лып, қатынай бастады. Алматыдан бөлек, Шымкент – Ташкент бағытындағы автобус рейсі де бар. Бұл бағыт биыл қаңтар айында іске қосылған. 6:00 мен 20:00 ара­лығында әр сағат сайын қаты­най­тын автобус небәрі төрт сағатта межелі жерге жетеді.
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*