Заманауи зейнеткер бала баға ма?

797
0
Бөлісу:

Қазір балаға қатысты заң мен бағдарлама көп. Бірақ бала тағдырына қатысты мәселелер шаш етектен. Алимент төлемей қашып жүрген «әкелер», өзі үшін өмірге бала әкелетін әйелдер, жәрдемақысы жеткіліксіз көпбалалы ана… Соңғы кезде «бала тәрбиесіне отбасындағы ата-ана емес, қоғам жауапты» деген көзқарас үстем. Балабақшада тәрбиеші, мектепте мұғалім кінәлі.

Көршіге кім сенеді?
Жуырда Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «бала­ларды бағып-қағуда зейнет­керлердің көмегіне жүгінген жөн» деген бас­тама көтерді. Оның тиімділігі көп дегенді айтты. Бі­ріншіден, бос отырған зейнет­керлер қаржылай пайда табады. Екіншіден, зейнет­керлер жұмыс­басты ата-аналар­дың баласына бас-көз болады. Үшіншіден, бала­бақша «жыры» оңтайлы шешілмек. Сенім үшін бала бағатын қа­рияларға арнайы сертификат та беріледі. Бауыржан Байбек «Жұ­мыс орны болады. Зейнеткерлер қосымша айлық алады. Ата-ана­ларға да жақсы ғой. Баласын көрші үйге апара салады. Біз осы жұ­мыс­ты реттеп, арнайы сертификаттар береміз. Сосын қай үйлерде қарттар қарайтыны ту­ралы арнайы тізімді жариялаймыз. Қазір жалғыз тұратын зейнеткер­лер өте көп» дегенді алға тартты. Мегаполисте 222 мыңға жуық зейнеткер бар. Оның 6 пайызы ғана еңбек етуге денсаулығы жа­рамды. Қалған бө­лігінің өзіне қартайғанда күтім ке­рек. Бұл ұсынысты жапа-тарма­ғай қоғам­дық кеңес қолдап отыр. «Пайдасы көп. Себебі, балабақ­шадағы орын тапшылығы азаяды. Балабақша салуға бөлінетін қа­зына қаржысы үнемделеді» деген пікірде. Бірақ қартайған шағында еңбегінің зейнетін көремін деген қарттардың «ақылы тәрбиеші» болуға денсау­лығы жарай ма? Қа­лада көршісін танымайтын көп­қабатты үйдің тұрғындары бала­сын бөгде біреуге сеніп тапсыруы екіталай. Көрші қария да жүйкесі сыр беріп, бала бағудан бас тартпасына кім кепіл? Бала жәбір-жапа көрсе, құқығы қорғала ма? Мемлекеттік балабақ­ша, мектепте әділдік іздеп шырылдаған ата-ананың көршіге сенуі неғайбіл.

Ата-апа порталы ашылмақ
Алматыда келешекте қаладағы қарттарға арнап қырық шақты әлеуметтік клуб ашылмақ. Зейнет­керлер түрлі ойындармен уақыт өткізеді. Спортпен айналысады. Йога, аэробикамен шұғылданамын десе де таңдау бар. «Зейнеткердің өзі заманға сай болуы тиіс» деген ұсынысты қоғамдық кеңестегілер бір ауыздан қолдаған. Қала бас­шысы қарттарға ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауатты­лығын да арттырмақ. Арнайы ata-apa.kz интернет порталын ашу туралы ұсыныс түскен. Болашақта ата-апа ақпараттық порталы жұмыс істеп, жаңа жобалар жүзеге асар. Бірақ оған «баланы ата-апасының тәрбиесіне берген дұрыс емес» дейтін ата-аналар қа­лай қарайды? Сан түрлі сауалдар­дың себебін психология ғылым­дарының кандидаты Индира Қам­барәлиевадан сұрап көрдік. «Ба­ланы ата-әженің тәрбиесіне беру керек пе?» деген мәселе кейінгі 5-10 жылда жиі айтылады. Көпші­лік­тің пікірі екіге жарылады. Өйт­кені иә мен жоқтың түпсіз тала­сына басты себеп – әке-шеше мен ата-әженің пікірі үйлеспеуі. «Бес саусақ бірдей емес». Бірақ бар жақсысын аузына тосып, жалғыз немересін еркелетіп өсіретін ата-апалар да кездеседі. Ол бала ертең ержеткенде өзімшіл, бірбеткей, қыңыр болып ержетеді. Дүниенің назары өзінде болғанын қалайды. Айтқанынан қайтпайды. Қазіргі балалар – манипулятор. Ата-апасына айтқанын істетеді. Өз деге­ніне жетіп үйреніп қалған. «Тәйт» десе, морт сынады. Бұл – медальдің бір жағы. Екіншісі – ата-әжесінің қамқорлығында өскен немере әке-шешесіне, туған бауырларына ерекше қамқор болып өседі. Барлығы ата-әженің баланы қалай тәрбиелегеніне байланысты. Кейінгі жылдары ата-әжесі немересін, жиенін әке-шешесіне қарсы қойып, оның соңы тұрмыстық жанжалға ұласып жатқан келеңсіз жағдайлар көп. Оның басты себебі, тәрбиеден кеткен қателік. Біз бала тәрбиесі дұрыс болсын десек, ең әуелі ата-ананың тәрбиесін дұрыстауымыз керек. Бала таразының екі басында тұр­ған ата-апа мен әке-шешенің қайс­ысын тыңдарын білмей жал­тақ болып өседі. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Ата-әжесі өмірден өтіп кеткен соң, өз үйіне қайта оралатын баланың жанын түсіну де оңай емес. Ол ерекше мейірімді аңсайды. Ішкі эгоизмнен жылдар бойы арыла алмайды. Оның жүрегінде ата мен апаның орны ойсырап бос қалады. Бала әке-шешесіне қайта орал­ғанда, бос кеңістікті толтыра алмай қиналады. Ашу-ыза, өш­пен­ділікке бейім келеді. Кейбірі өзін-өзі томаға-тұйық ұстап, өмірге керексіз адамдай сезінеді. Бірақ баланы кім бағып-қағып өсірсе де, тәрбие дұрыс болса, қа­телеспейтін едік» дейді психолог.

Некесіз бала табу неге көбейді?
Баланың әкесі кім екенін жыл­дар бойы жасырып әуре болатын сериалдардың әсері ме? Әйтеуір, өзі үшін бала туып алатындардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Сан алуан себебі көп. Оған дәлел күні кеше Конституциялық кеңес Үкіметке некелі және некесіз бала босанған әйелдерді материалдық күтіп-бағуды теңестіруді ұсынды. Бұл мәселе бұған дейін Қарағанды облысының Кәмелетке толмаған­дардың істері жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық соты Қазақстан Республикасы Конс­ти­туциялық кеңесіне «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» тура­лы кодекстің 47-бабы, 5-тарма­ғы­ның консти­ту­циялығын тексеруді ұсынған. Ауданаралық сот ко­декстің 47-бабы, 5-тармағының Ата заңның «Ешкімді кемсітуге болмайды, ана мен бала мемле­кеттің қорғауында болады» деген 14-бабының 2-тармағына және 27-бабының 1-2 және екінші тар­мақ­тарына қайшы келеді. Ата заң­да белгіленген «адамның және азаматтың құ­қықтарына нұқсан келтіреді» дегенді алға тартып, ко­декстің аталған нормасын «конс­ти­туция­лық емес» деп тануды ұсынды. Конс­титуциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми жария­лаған ше­шімге сәйкес, 2002 жылы қабыл­данған «Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы» туралы ко­декстің даулы нормасы Конститу­цияға сәйкес деп танылады. Осы­лайша, мемлекет заңды некені қолдайды. Дегенмен Конститу­циялық кеңес бала құқықтары бойын­ша Үкімет­ке бірқатар ұсы­ныстар әзірлеген. Конституциялық кеңестің мүшесі Рахмет Мұқашев: «Қолданыстағы заң бойынша не­кесіз бала көтерген әйел баланың әкесінен босанғанға дейінгі және кейінгі кезең үшін ғана қаражат өн­діріп алуға құқылы. Некеде тұрып, ажырасқан әйел бала үш жас­қа толғанша, ай сайын бұрын­ғы жұбайынан өзін күтіп-бағуға қа­ражат өндіріп ала алады. Бала­ның қалай дүниеге келгені, әлеу­меттік жағдайы оның мате­риалдық қамтылуына әсер етпеуі тиіс. Әйелдерге некеде немесе не­кесіз босанғанына қарамастан, бірдей өтемақы төленуі тиіс. Конс­титу­циялық кеңестің шешімі де дәл осыған негізделеді» деп нақ­ты­лады. Оның дерегінше, 2016 жылы баланың әкесі екенін мойын­дау мен баланы күтіп-бағуға ақшалай өтемақы төлеу талабымен 2900 әйел шағымданған. Былтыр жыл­дың алғашқы тоқсанында мұндай шағымдардың саны үш мыңнан асқан екен. Қазақстанның дағда­рыс орталықтары одағының төрайы­­мы Зүлфия Байсақова тәр­бие тәртіпке бағынбаған кезде әлеуметтік мәселелердің түрі де көбейеді дейді. «Некесіз бала
табу – біреу үшін мәжбүрлік. Екін­ші себебі, эгоистік көзқарастан арыла алмау. Амалы жоқтықтан баласын жалғыз өсіретіндер де көп. Тұр­мыс­тық зорлық-зомбы­лық, ажы­расу, өзі үшін өмірге сәби әкелудің түбі тәрбиеге барып тіреледі. «Дағ­дарыс орталықтарына тұрмыстан қажыған барар жері, басар тауы қалмаған әйелдер ке­леді» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ ара­сында жоғары білімді, өз құқығын білетін әйелдер де кез­деседі. Басты проблема – тұрмыс­тық өмірдің қиындығын қабылда­ғысы кел­мейді. Олардың «менің ғана айт­қаным болуы керек» деген көзқа­расы басым. Мұндай мәсе­лелерді шешудің жолын әйелдер баласы­мен көшеде қалғанда емес, оның жанын түсінуден бастап із­деген жөн. Соңғы кездері жиі кездесетін тұрмыстық жанжалдар көп. Себебі, әйелдер өмірдің шын­ды­­ғынан гөрі, қиялдың, дұрысын­да еліктеудің зардабын тартады. Қазіргі әйелдердің іскер, көш­басшы қасиеттері үлгі аларлық. Бірақ өзімшілдігі жаман. Оның зардабын ажырасқан соң бала тартады. Әкесіз өскен баланың балабақшадан бастап, қоғамда бір кем дүние өкініші өміріне кедергі болады да тұрады. Мәселен, қатар­ластарынан кемсітушілікке ұшы­райды. Оның соңы өшпен­ділікке алып келеді. Біржақты тәр­бие балаға қиын» деп санайды.

Үйлену – қиын, ажырасу – оңай
Соңғы кездері үйлену мен ажырасу итжығысқа түсіп келеді. Оның нәтижесінде зардап шегетін тағы да – бала. Практик-психолог Индира Талғатқызының пікірін­ше, жалғызбасты әйелдің тәрбие­сіндегі баланың психологиясын түсіну өте қиын. «Олар баласын шек­тен тыс өбектеп өсіреді. Өйт­кені әкесіз өскендіктен, сыңар қа­нат тәрбие бала есейген кезде көп қайшы­лықтарға ұрындырады. Әкенің тәрбиесі, орны ойсырап тұрады. Қазір мектептерде ер мұға­лімдер жоқтың қасы. Бала үй, ба­лабақша, мектепте де ер адамның тәрбиесін көрмейді. Оның үстіне, қазір ата-анасы бар балалардың үйіндегі тәрбие тізгіні әйелдің мой­­нында екені ақиқат. Жұмыс­басты ата-ана баласына көңіл бөлмейді. Оның әлеуметтік себебі көп. Әу бастан кеткен қателіктен баланың жан жүрегі өмір бойы зардап ше­геді. Ер-азаматтардың жауапсыз­дығы, некесіз бала туу, ажырасу – бала­ның тағдырына бал­та шабу. Жас­тардың ажыра­суына ата-ана­лардың да ықпалы бар. «Материал­дық жағдайым жақсы. Бір баланы әкесіз-ақ өсі­ремін» деп ойлайды. Жатжұрттық қы­зының тағдырына араласатын­дар да қателігін мойын­­дығысы кел­­мейді. Сондық­тан үйлену қиын, ажырасу оңай болып кетті» дейді пси­холог. Осын­дай мәселе­лердің тізбегі шек­сіз. Атасы мен енесіне сенбей­тін келін Алма­ты­дағыдай бала қа­рауға рұқсат бе­ретін серти­фи­каты бар зейнеткерге баласын сеніп тапсыра ма? Сауал көп. Зор­лық-зомбылыққа ұшыра­ған бала­лары көп қоғамда үміттен күдік басым.

Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*