Сары майдан сақтаныңыз

1784
0
Бөлісу:

Тағамды талғап жеу жайлы қоғамда жиі айтылады. Тәтті деген асымыз – «ащы» екен, ғажайып деген тағамымыз – семіртіп жібереді-мыс. Солай жалғаса береді. KFC мен Кока-Коланы былай қойғанда, күнде дастарқанымызда тұратын сары майдың өзі зиян болып шықты. Ол қалай? Ол былай…

Бұл бұған дейін де айтылмаған мә­селе. Бірақ мән бермеппіз. Басқа-басқа, майды зиян деп кім ойлаған?! Әңгіме майды жасау процесі кезінде пайда болатын зиянды заттарға қатысты болып отыр. Мамандар өсімдік майын сығып алғаннан кейін, оны сұйық күйден қатты күйге ауыстыра бас­тайды. Міне, сол кезде трансизо­мерлер деп аталатын «бір қауым» молекула пайда болады. Ғалым­дардың айтуынша, әлгі трансизо­мер май қышқылдары адам бойын­дағы белсенді клеткалар­дың жойылуына себеп болады екен. Қазақ тағамтану академия­сының президенті, академик Тө­регелді Шармановтың айтуынша, түрі әдемі, дәмі тіл үйіретін, дү­кенде сүйкімді болып тұратын ондай майлар – холестериннен жұрдай, қанша қуырса да қыш­қылдануға төзімді болып келеді. Ал әдеттегі май қуырған кезде қышқылданады да, сосын тез ериді. Оларды қаласаң сұйық, қаласаң қатты күйге ауыстыра аласың, әрі бағалары да арзан.

Табиғаттағы майдың ішінде ең тиімді шикізат – жылқы сүті. Себебі, қымыз – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормаларына сәйкес келеді.

– Майдың мұндай қасиеттері тұ­тынушыларды тез баурап алады. Адамдар қаншама жылдан бері осындай сары майларға алданып келе жатыр. 2010 жылы Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрамында трансизомерлері бар майлар мен азық-түлік түрлерін қысқарту туралы айтты. Мәселен, Дания елі тағам құрамындағы трансизомер мөлшерін 2 пайызға дейін азайтты. Соның нәтиже­сінде елде жүрек, қан тамыр ауруы кесірінен қайтыс болатындар саны 40 пайызға азайған. Күн­делікті трансизомері бар майды жей беру түрлі инфекциялық ау­рулар мен иммунитетті әлсіретуге әкеп соғады, – деді Төрегелді Шарманов.
Бұл өзі жалғыз бізде ғана емес, әлемде де бар жағдай деген ойға маз­мұндас сөйлемді келтірдік қой жоғарыда. Канадада зерттеу жүр­гізген ғалымдар тіпті ана сүтінің құрамында да 10 пайызға жуық трансизомерлер болатынын анық­тапты. АҚШ-та бұл жағдайға алаңдап отыр. Елде қатерлі ісік пен семіздік күрт көбейген кезде барып, билік жағдайға мән беріп, шу көтерген. Сөйтіп, ауру біткен­нің төркіні – тағамның сапасыз­дығында, май құрамында трансизо­мерлердің толып жүр­генінде екенін аңғарыпты. Соның арқасында осыдан 15 жылдай уақыт бұрын АҚШ арнайы талап енгізген. Ол бойынша – сары май зат таңбасында трансизо­мер май қышқылының қанша мөлшерде қосылғаны туралы ақпарат көрсетілуі тиіс. Кейін аталған ереже тек майға қатысты емес, кондитерлік өнер­кәсіп, сүт өнім­деріне де (майлы) ортақ ереже ретінде қарасты­рылған. Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл көрсеткішті өнеркәсіп үшін – 5 пайыз, халық үшін
2 пайыз шеңберінде тұрақ­тан­дырғысы келеді. Кейін бұған Еуропалық экономикалық қауым­­­дастық та үн қосты. Өңірлік ынты­мақтастықты ту еткен, 12 мемлекеттен тұратын аталмыш қауымдастықтың бекіткен тәртібі бойынша маргарин майларын­дағы трансизомер қышқылда­рының мөлшері 2 пайыздан асып кетпеуі тиіс.
Біз де әлемдік үрдіске ілесуіміз керек сияқты. Оның жеуге қауіпті екендігі, денсаулыққа зиян екен­дігі бір басқа. Бойына трансизо­мер­лерді шылқытып жинап алған майлар ертеңгі күні нарықты бәсе­кеге қабілетсіз болып қалмақ. Оның үстіне, біз мүше болып та­былатын Еуразиялық экономи­калық одақ та сары май құрамында аталған қышқыл мөлшерінің тым аз болғанын қалайды. «Бұл тұрғыда бізде шаруа істеліп жатыр ма, нендей нәтиже бар?» деп ғалымдарымызға хабарластық. Сөйтіп, ҚазҰУ технологиялық паркінде өндіре еңбек етіп жат­қан, зерттеуші Әли Әуезовпен сөй­лескенбіз. Ғалым шаруасы жайлы шешіле баяндап берді.
– Біздің негізгі бағыт – ор­га­никалық катализ саласын­дағы жұмыстар болғандықтан, түрлі химиялық процестер ар­қылы ка­тализаторлар жасаймыз. Соның ішінде сутектендіру про­цестері деген бар. Жақында бір жобаны аяқтадық, ол өсімдік майларын гидрлеуге байланысты. Кәдімгі тоңмайды, аспаздық майларын – өсімдік майларын гидрлеу арқылы аламыз. Соңғы бірнеше жылымызды осы салаға арнадық. Тиісінше, катализатор­лар жасап шығардық. Өзімізше сынап көрдік, енді өндірістік сы­нақтан өткізбек ойымыз бар. Бұл катализаторды шығарған себебі­міз – бізде өсімдік майларынан жасалынатын тоңмайлардың сапасы өте төмен. Оның құра­мында трансизомерлер деген болады. Реакцияның кезінде сутектендірумен бірге, қатарынан изомеризация жүреді. Изомери­зация дегеніміз – бір химиялық қосылыстың молекулярлық масса және химиялық құрамының өз­гер­мей-ақ басқа бір қосылысқа айналуы ғой. Сол процесс кезінде цис изомерлер трансизомерлерге ауысады. Олар (трансизомерлер) адам денсаулығына өте зиянды, қатерлі ауруларға әкеліп соғады. Ондай майлар – жүрек аурулары, онкологиялық дерт, қант диабе­ті­нің туындауына себеп болады, – дейді химия ғылымдарының кан­дидаты.
Ғалымның айтуынша, қазір сары май өндірісі саласында не­гізінен никель катализаторлары қолданылады. Ондай катализатор трансизомерлердің өлшемін өте жоғары береді. 20 пайызыңды былай ысырып қойып, тіпті 40 пайызға бір-ақ шығарады екен.

Болашақта трансизомерлердің орнын пальма майы ауыстыруы мүмкін. Бірақ оны өндіру, алу процесі өте көп уақытты талап етеді. Тиісінше, бағасы да қымбат болады, ал дәмі қазіргі майға жетпейді.

– Халықаралық стандарттарға сәйкес оның мөлшері 2 пайыздан аспауы керек. Сонда тұтынып жүр­ген майымыздың құ­рамын­дағы зияндылық бекітілген стан­дарттан 10, 20 есеге артық. Біз шетелдік талаптарға жауап бере алатын катализатор жасағанбыз. Оны никель емес платина ката­ли­заторы етіп жасадық. Зияндылығы төмен, 0,2 пайыздық көрсеткішті ұстайды. Белсенділігі де, талғам­паздығы да өте жоғары. Трансизо­мер­лердің мөлшерін көп төмен­детеді де, одан алынатын мар­га­рин­дердің құрамындағы зиянды­лық 2 пайыздан аспайды. Сон­дық­тан біз қазір өзіміздің тұтыну­шыларға қолайлы, сыртқа да ұялмай шығара алатын өнім жа­сап отырмыз, – деді Әли Байділ­даұлы.
Бірақ соңғы үш жылын осы бір пайдалы технологияны құрас­тыруға жұмсаған ғалым «мемлекет­тен тиісті қолдау көрмей отырмыз» деп налыды. Айтуынша, жаңа тех­нологияны жетелеп, өндіріске енгізуге байланысты қаржы керек.
– Грантты Білім және ғылым министрлігінен алғанбыз. Ары қарай 2016 жылы коммерциа­лизациялауға бергенбіз. Жобамыз жоғарыдан қолдау тауып, тиісті сатысынан да өткен. Халықаралық сарапшылар да жақсы бағалады. Алайда өтетін адамдар өтті де, біз өтпей қалдық. Бірақ жоба қол­данысқа енгізілетін болса, бұл технологияның әлеуметтік маңы­зы өте жоғары. Өйткені бұл бүкіл халықтың денсаулығына әсер етеді. Қазір Еуразиялық эконо­микалық одақ елдерінің қойып отырған талабы бойынша май құрамындағы трансизомерлер 2 пайыздан аспауы керек. Енді мемлекет оны қалай шешерін білмей отыр. Алматыдағы май шығаратын негізгі зауыт – Eurasian Foods Corporation хол­дингі де никель катализаторымен жұмыс істейді, – дейді ғалым.
Әли Байділдаұлы айтып отыр­ған холдинг жылына 120 мың тон­надан астам май өндіретін ірі өндірушілердің көшін бастайды. Жалпы, елімізде майлы дақылдар өндірісі өз әлінше дамып жатыр. «ҚазАгро» холдингінің мәліметіне сүйенсек, соңғы 5 жылда Қазақ­станның астық өндіру белсенділігі арта түскен. Холдинг болжа­мынша май дақылдарын өсіруге бөлген мемлекеттік субсидиялар осы сектордағы импортты азай­тып, өндірісті дамытуға серпін беруі тиіс.
Ұлттық басқарушы холдинг еліміздегі май-тоңмай секторы қарыштап дамып жатыр деп есеп­тейді. Мысалы, 2016-2017 жыл­дары май дақылдарының өндірісі 1,9 млн тоннаға жетіпті. Дегенмен бұл саладағы кейбір мәселелерді шешіп алмай, іс толыққанды алға баспайды. Алдымен 2021 жылға таман майлы дақылдар егілетін егістік аумағы 3 млн гектарға дейін ұлғайтылуы керек. Сәйке­сінше, одан 3 млн тонна өнім алу көзделген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойын­ша, қазір Қазақстан да май да­қылдарын өңдейтін 49 кә­сіпорын жұмыс істейді. Жалпы алғанда, май өндірісі ел аумағында қар­қынды даму үдерісіне көшкен. Былтыр қазан айында Павлодарда «Сүт» АҚ-ның сары май өндіретін желісі іске қосылған. Құрал-жабдықтар сағатына 1 тонна май дайындап тастауға да қауқарлы екен. Майды өндіруге сүт те өңір­де жеткілікті. Ал Жамбыл облы­сын­да Қазақстан мен Иранның бірлескен жобасы – KazIrAgro компаниясы тәулігіне 30 тоннаға дейін май өндіре алады. Міне, осындай жетістіктер бар. Бұл енді «бізде дымсыз емеспіз, майды өндірудей-ақ өндіріп жатырмыз» сарынындағы статистикамен тұздықталған шынайы деректер. Дегенмен мәселенің ақсап тұрған тұсы сол қайта айналып трансизо­мерлерге келіп тіреле береді. Ғалымдар білек сыбанып дайын отыр, мамандар да артық-кемін саралап айтып жатыр… Тек тиісті қолдау жасалып, зауыт біткен жаңа жүйеге көшірілсе дейміз.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*