20 ЖЫЛДЫҚҚА – 20 ЖОБА

1154
0
Бөлісу:

Астана қаласының 20 жыл­дығына орай С.Сейфуллин атын­дағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситетінде «ҚазАТУ жас ға­­лым­дары мен студенттерінің 20 же­тістігі» атты көрме ұйымдас­тырылды. «Астана – жаңа бастама­лар серпіні» деген атпен өткен форумда жастар өз ойын ортаға салып, пікір алмасты.

Көрмеге жас ғалымдар тара­пынан әзірленген ең үздік 20 жоба таңдалған. Соның бірі – нор­мативтік-техникалық құжаттары әзірленіп, зертханалық сынақтан өткізілген иттердің эхинокок­козын анықтауға арналған копро-иммуноферменттік талдау жиынтығы. Бұл туралы ҚазАТУ-дың Микробиология және биотехнология кафедрасының аға оқытушысы Өркен Әкібеков жан-жақты айтып берді.

– Біз жас мамандар мен студенттерден құралған ұжыммен жасалған жобаны әкеліп отырмыз. Негізгі бағытымыз – адамдар мен жануарлардың жұқпалы ауру­ларын анықтауға арналған тест жүйелерін әзірлеу. Адамдар – негізгі аралық иесі, ал иттер – ақтық иесі. Осы иттерден аурулар адамдарға жұғады. Иттердің ауру бұғауын үзу мақсатында диагнос­тикалық жиынтық әзірленіп отыр. Бұл жиынтық ауру иттерді дер кезінде анықтап, ауруды болдыр­мау жолдарын анықтауға негіз­делген, – дейді ол.
Қазақ агротехникалық университетінің ғылыми зерттеу орталығының маманы Айбек Жұмалин дәстүрлі әдістермен ғана емес, жаңа технологияларды пайдалану арқылы жасалып жатқан жаңа жобамен бөлісті.
– Гендік, инженерлік техноло­г­ияларды қолдану арқылы суыққа, тұздарға төзімді бидай түрлерін алу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Республикамызда бидай, арпамен көбінесе солтүстік аймақтарда айналысады. Онда ауа температурасының төмен болуы жиі кездеседі. Сондықтан осын­дай стресстік жағдайға төзе алатын бидайдың түрін алу өте өзекті мәселе. Алдағы 5 жыл көлемінде осындай бидай түрін алу жос­парланып отыр, – деді Айбек Жұмалин.
Айта кету керек, университет аумағында ет, сүт, астық және майлы дақылдарды, сондай-ақ жылыжайлармен, робототехни­калық зертханаларды және геогра­фиялық ақпараттық жүйелер тех­нологияларын өңдеуге арналған заманауи құралдармен жабдық­талған төрт технологиялық алаң іске қосылған. Олардың барлығы шетелдік серіктестердің ұсынысы бойынша шетелдік университет­тердің оқу базасы негізінде құрылды.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*