Рухани жаңғырудың жаңа кезеңі басталды

1440
0
Бөлісу:

12 сәуірде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына тура 1 жыл толды. Осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында шығарылған алғашқы кітаптарды таныстыру рәсіміне қатысты.
Астанадағы «Назарбаев орталығында» өткен салтанатты шарада Мемлекет басшысына «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында аударылып, басып шығарылған 18 ғылыми бест­селлер таныстырылды. Бұл кітаптар – тұтастай ал­ғанда, әлемнің 42 елінде 34 тілде басылған және 47 миллион таралыммен сатылған.
Өз сөзінде Елбасы ұсынылған кітаптар қазақ тіліне түпнұсқадан тәржімаланғанына және мұ­ның маңыздылығына назар аударта кетті.
– Бұл аудармадан жасалған аударма емес. Адамзат санасы тудырған ең таңдаулы туындылар түпнұсқа күйінен алынып отыр. Біз өз тарихы­мызда бірінші рет шет тілдерден тікелей қазақ тіліне жаппай аударудамыз. Мұндай заман қашан болған?! Біз әрине, әлем тілдерінен орыс тіліне тәр­жімаланғандарды қазақшалап, көп нәрсеге қол жеткіздік. Оны жоққа шығаруға да болмайды. Бірақ әр тілге аударған сайын түпнұсқасынан біраз өзгешелігі бәрібір қалыптасады. Ал осы жоба аясындағы туындылар жастарға гуманитарлық ғалымдар қазынасы арқылы бүкіл әлемнің есігін ашып береді. Бұл ғажайып білім қорын игеріп қана қоймай, іс жүзінде кәдеге жаратуымыз
керек, – деген Нұрсұлтан Назарбаев оқулықтарды тиімді пайдалану мемлекеттің де, қоғамның да міндеті болуы қажеттігін нықтады.
Сонымен бірге, үнемі аудармаға жүгіне бермей, төл ғалымдарымыздың да жаһан игілігіне айналар туындылар жасауы маңызды. Мұны да Президент ескерте кетті.
– Осы оқулықтар арқылы біздің ғалымдарымыз да қуат алып, шабыттанып, түбінде сондай дүние­лерді өмірге әкеледі. Түпнұсқасын қазақ тілінде, қа­зақшалап жазады деген үміттемін. Бұл оқу­лықтар жас ғалымдарымызға рух беріп, ізденіс жолына салса жөн. Қазақстандықтар да сондай кітаптарды шығаруға қабілетті екеніне сенім­дімін, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы бір жылдық белесіне көтеріліп отырған «Рухани жаңғыру» стратегиясы қазақстандықтар тарапынан кең қолдауға ие болғанын айтып, оның жекелеген бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар нәтижелеріне тоқталды.
– Барлық өңір «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобаларына атсалысып жатыр. Бір жыл ішінде меценаттар қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ондаған миллиард теңге бөлінді. 700-ден астам мәдениет ескерткіші жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Жүздеген ғылыми экспедиция ұйымдастырылды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліп­биін талқылау үдерісі біртұтас қоғамымыздың ке­мелденгенін танытқан тарихи қадамға айнал­ғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы рухани жаңғыру аясын­дағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі рөлі зор екенін айтты.
– Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуға тиіс. Сондықтан біз 800 кітап­тан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұ­мы­сына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті бұл шараның бүкіл әлеу­меттік-гуманитарлық сала үшін маңызды еке­нін айтып, оның бірқатар ерекшелігін атап өтті.
– Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғы­лыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен таны­суға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес, – деген Нұрсұлтан Назарбаев оларды кітап күйінде шығарумен шектелмей, электронды нұсқасын жариялау маңызды екенін атап өтті.
Елбасы бүгінгі іс-шара рухани жаңғыру бағ­дарламасының жаңа кезеңін бастайтынын атап өтті.
– Бұл – ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол аша­тын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туын­даған тың серпіннің арқасында рухани рево­люция бастау алып келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайда әлемнің дамуы көбіне инженерлік ғылымның әлеуетімен анықталатынына назар аударып, озық техно­логияларды пайдаланудың мақсаттарын ұғыну маңызды екенін айтты.
– Ғылыми таным – заманауи ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Жаңа оқу­лықтар білімнің нағыз энциклопедиясы болып саналады. Бүгінде оқу әдісі ғана емес, сондай-ақ оның маз­мұны да маңызды. Осыған орай, «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы бес жылға арналған жалпыұлт­тық білім беру ісін жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы әлемдік тәжірибеде мұндай кешенді бағ­дарламаның іске асырылуы сирек кездесетінін атап өтті.
– Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гумани­тар­лық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электрондық онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видео­текасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев жобаны іске асыру ар­қасында Қазақстанда аударма ісінің жаңа мә­дениеті қалыптасқанын атап өтті. Бұдан бөлек Қазақстан Президенті еліміз бен қоғамымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторының маңыздылығы жөнінде айтты.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаста­рымыздың болашағы үшін іске асырылуда. Осы орайда, өскелең ұрпақтың оны жүзеге асыруға белсенді түрде атсалысқаны аса маңызды. Біз бүгін тәуелсіздік жылдары қалыптасқан ғылыми-кадрлық әлеуметіміздің зор екеніне тағы да көз жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев халықаралық нарықтарда бәсе­кеге қабілетті әрі табысты бизнесменге айналғысы келетін азаматтарға мемлекеттік тілімізге тікелей тәржімаланған туындылар арасынан Гарвард уни­верситетінің профессоры, танымал макро­эко­номист Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» атты еңбегін, халықаралық кәсіпкерлік білім беру ұйымы­ның жетекшісі Дональд Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» атты оқулығын және басқаларын оқуға кеңес берді. Бұл оқулықтар кәсіпкерлік құбылысын жан-жақты зерттей отырып, студенттерді бизнесмен болуға үйретеді.
– Мысалы, Д.Куратконың еңбегінде бизнесті табысты дамытудың жүздеген мысалы бар. Бізде бизнеспен айналысушы көптеген азаматтарымыз мұны оқуы қажет-ақ. Әйтпесе, тек білгенін жа­сайды. Ал кітап авторы қазіргі заман кәсіпкерінің жаңа мүмкіндіктерді көре білетін, қабылдай ала­тын, оны нарықтық идеяға айналдырып, өмірде жүзеге асыратын тұлға болуы керектігін нықтайды. Осындай тұлға болғысы келетін жастарға бұл – құнды жолбасшы, – деді Президент.
Америкалық студенттер – 280 долларға, ұлыбританиялық шәкірттер 70 фунттан қымбатқа өздері сатып алатын осындай құнды туындыларды мемлекет бюджет қаржысына аудартып, мемле­кеттік тілде оқушы жастарға тегін ұсынбақ. Бұл әрине, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңей­тіп, оған деген сұраныстың артуына ізгі ықпал етпек.
Сонымен қатар Елбасы Қазақстандағы үштіл­ділік қағидатын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, биыл бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына бірқатар нақты тапсырма берді.
– Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың ары қарай сапалы аударылуын және ба­сылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржы­ландыру уақытылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелен­діріп, гуманитарлық және экономикалық лекси­каның жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті уәкі­лет­ті мемлекеттік органға және Үкіметке жобаның сапалы жүзеге асырылуына тиісті бақылау жасауды тапсырды.
– Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір да­мыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау тапқаны жөн. Ашық лекциялар видеоте­ка­ларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жо­басы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма сала­сында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағ­дының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек, – деп түйді Мемлекет басшысы.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*