Елбасы жеделхат жолдады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ильхам Әлиевке Әзірбайжан Республикасының президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Ильхам Әлиевті Әзірбайжан Республикасы президентінің сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
«Өткен сайлаудағы жеңісіңіз азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға және мемлекетіңіздің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған сіздің саясатыңызға Әзірбайжан халқының көрсеткен жоғары қолдауының дәлелі болып саналады.
Бауырлас Әзірбайжан елінің өркендеуі жолындағы жауапты қызметіңізде жаңа табыстарға қол жеткізуіңізге және алдағы барлық жоспарыңыздың сәтті іске асырылуына тілектеспін.
Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы берік достық пен сенімге негізделген қарым-қатынастарды нығайтуға зор үлес қосқаныңызды да атап өткім келеді.
Екі ел арасында қалыптасқан стратегиялық ынтымақтастық халықтарымыздың жарқын болашағы үшін одан әрі қарқынды дами беретініне кәміл сенемін» делінген жеделхатта.
Соңында Қазақстан Президенті бауырлас Әзірбайжанның бүкіл халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.