КӨРШІ ЕЛГЕ ЖҰРТ НЕГЕ КЕТЕДІ?

1686
4
Бөлісу:

Қазақтың бір жақсы қасиеті бар: «параласа» да, соңғы сиырын сатса да, банктен кредит алса да – баласын оқытады. Оқу-білімге деген жаппай ұмтылысты қолдауға болады. Мына заман – білімдінің заманы. Сауатты адам уақыттан қалмайды. Алайда соңғы кезде сол білімді өз елінен емес, шет елден іздейтін жастардың қатары артты. Неге?

Мемлекет басшысы «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Дегенмен білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталы­сына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жыл­дам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» деп текке айтып отырған жоқ.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы жақында өте өзекті бір мәселені көтерді. «Бір ғана Павлодар облысында 2015-2016 оқу жылында 3 түлек шетелдің жоғары оқу орнына түсуге тілек білдірсе, 2017-2018 оқу жылында бұл сан 412-ге (135 есеге) дейін көбейген. 2016 жылы Ақмола облысында 62 түлек жат елге білім іздеуге аттанса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 6 есеге дейін өсіпті. «Бұлардың дені – мектепте үздік оқы­ған, талантты оқушылар. Мұндай жағдай Ресеймен шекаралас Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында орын алуда. Бұл – ақыл-ой көші. Экономикаға пайдалы жастық қуаттың, жұмыс әлеуетінің кетуі. Мемлекет әр баланың 11 жыл бойы білім алуына 3 млн 200 мың теңге жұмсайтыны, бір тұлғаның қалыптасуына әлденеше адамның тер төгетінін ескерсек, бұл ел үшін үлкен шығын, шашылған дарын екеніне көз жеткіземіз», – деп депутат Үкімет басшысына сауал жолдады.
Мұрат Бақтиярұлы мұндай жағдайдың орын алу себептерін де атап көрсетті. Бі­ріншіден, ҰБТ тапсыруға құлықсыз түлегіміз шетелдің тегін оқуын таңдайды. Көр­­ші елдің жоғары оқу орнын бітіретін түлектерге берілетін басты артықшылық – оқуын тәмамдаған соң жұмысқа орналастырады. Екіншіден, Қазақстанда оқу ақысы өте қымбат. Мысалы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың бір жылдық оқу ақысы 750 мың теңге шамасында. Жатақханадан орын бұйырмаған студенттер пәтер жалдап тұрады. Сайып келгенде, бір студентке бір жылда 1 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Ал Ресейдің Омбы қаласындағы мемлекеттік университетіне түскен студент бір жылда 400 мың теңге төлейді. Айырма бар ма? Бар болғанда, қандай!
Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов елімізде жастарға білім алуға барлық жағдай жасалғанын хабарлады. «Бізде жоғары білім аламын деген жастарға жол ашық. Алдыңғы жылы ҰБТ-ның форматына өзгеріс енгіздік. Алғаш рет оқуға түсе алмаған түлектер емтиханды 2, 3-рет тапсыра алады. Онда түсе алмаса, 1 семестр оқып, қаңтар айында қайта тапсырады. Мысалы, осы мүмкіндікті 1 жылда 30 мың жас пайдаланды. Биыл тағы бір оң шешім қабылдадық. Бұған дейін басқа елдің жоғары оқу орындарынан ауысқандарға ҰБТ тапсыруды талап ететінбіз. Қазір олай емес. Ауысамын деген студенттің мамандығы, оқу бағасы сәйкес келсе жетіп жатыр. 2018 жылдың қаңтар айында Ресейден және өзге елдерден Қазақстанның университеттеріне 2 мың студент ауысты» деп мәлімдеді.
Жыл сайын мектеп бітірер кездің алдында Ресей жоғары оқу орындарының адамдары Қазақстан жастарын өздеріне тартудың барлық амалын жасайды. Әсіресе, миы істейтін балаларды алдын ала айналдырады. Математика, информатика, физика, химия сияқты пәндер бойынша үздік оқушыларды алдап, арбаса да өз еліне тартады.
Былтыр мектеп бітірген 127414 түлектің тек 92827-сі, яғни 72 пайызы ғана ҰБТ-ға қатысқан екен. Білім дәрежесі нашар оқушылар тестке қатысудан бас тартады, ол жағы түсінікті. Қалғаны қайда кетті сонда?
Марал Киокушинкай есімді әлеуметтік желіні тұтынушы: «Актерларды даярлау», «вокал курсы», «би курсы» деген жазулары бар жеке студиялар қаптап кетіпті. Қазақстанда Селезнев атындағы хореография училищесі, Өнер академиясы мен Өнер университетінің колледждері, Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектеп, облыстардағы қаптаған музыкалық мектептер мен өнер колледждері, т.б. Осы аттары жер жаратын оқу орындарымен жағаласып бәрі немене «өнер мектеп-студиясын» ашқыш боп кеткен? Қазақстан түгел ән салып, актер боп кетсін дей ме? Онсыз да әнші мен актердан көп адам жоқ қазір. Одан да, «балақай математик», «кішкентай физик», «балапан археолог», «мен инженермін», «робот құрастырып үйренейік» деген пайдасы бар мектеп-студиялар ашпай ма екен? Ел үшін де, жер үшін де, адамзат үшін де, сіз үшін де, мен үшін де пайдасы болар еді» деп жазыпты. Жөн сөз!
«Кісідегінің кілті – аспанда» деген сөзді естен шығармайықшы!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

4 пікір жазылған

  1. Серік 11 Сәуір, 2018 at 15:18 Жауап

    Жастардың білім қуым шет ел асып жатқаны жақсы үрдіс, тек сол азаматтардың сол елде қалып қоятыны жаман.

  2. Жандос 11 Сәуір, 2018 at 15:21 Жауап

    Биыл президенттің бағдарламасы аясында қосымша 20 мың грант бөлінетін болады, шетелге кету азаятын шығар.

  3. Жанна 11 Сәуір, 2018 at 15:24 Жауап

    Жастардың шетелден білім алып содан кейін елге қызмет жасаса жақсы ғой, тек жалақы мәселесі реттелсе деген ой.

  4. Сунгат 11 Сәуір, 2018 at 15:29 Жауап

    Білімді жастар елімізге ауадай қажет, қазыр білім алам, оқиымн деген жастарға мемлекет тарапынан жақсы мүмкіндіктер көп, шет ел болсын өзіміздің отандық оқу орындары болсын білім алуға болады, биыл гранттардың саны да едәуір өсті.

Пікір жазу


*