«Нұр жолы» өткізу пункті ашылады

948
0
Бөлісу:

Алматының үлкен айналма автожолында алдағы мамырда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жария етілді. Жиында Үкімет мүшелері жекешелендіру науқанын жүзеге асырудың алдын ала қорытындыларын қарады. Сондай-ақ білім беру саласын цифрландыру мәселелерін пысықтады. 

Отырыстың күн тәртібі бойынша ең алдымен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) мәселелері алға тартылды. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мемлекет пен бизнесмендер жалпы құны 766,4 млрд теңге тұратын жобалар бойынша өзара 212 шарт бекіткен. Оның ішінде 521,5 млрд теңгелік 16 шарт 2018 жылдың бірінші тоқсанында жасалды. Бұлар 2 республикалық және 14 жергілікті жобаны қамтиды.
– 2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойын­ша 90,6 млрд теңге сомасына – барлығы 140 объект, оның ішінде биылғы бірінші тоқ­санда 1,2 млрд теңгелік 8 нысан пайда­ла­ну­ға берілді. Бұған қоса, жалпы сомасы
1,6 трлн теңгені құрайтын 620 жоба дайын­дық­­­тың әртүрлі сатысында тұр. Республи­ка­лық деңгейдегі 519,6 млрд теңгенің 14 жобасы пысықталуда. Соның ішінде 1249 ауылды кеңжолақты интернет­пен қамта­ма­сыз ету жобасы бойынша өткен аптада, 2 сәуір күні конкурс жарияланды, – деді Т.Сүлейменов.
Жергілікті деңгейде 1,1 триллион теңге тұратын 606 жоба дайындық сатысында.Салалар бөлінісінде сараласақ, 218 объект бойынша бекітілген 212 шарттың көпшілігі білім беру (52%), денсаулық сақтау (19%), мәдениет және спорт (14%) салаларына жатады. Қалған салаларға тек 15% тиесілі.
Өңірлік бөліністе жасалған шарттар саны жөнінен көшбасшылар – ШҚО (71), ОҚО (22), Қарағанды (21) және Қостанай (20) облыстары.
Тартылған инвестициялар көлемі бойын­ша көшбасшылық орындарға Ақтөбе облы­сы (15,4 млрд теңге), Астана қаласы (15,1 млрд), ШҚО (12,3 млрд) және ОҚО (10,8 млрд) шықты.
– Қолданыстағы тәжірибе МЖӘ тетігін қолдану оң нәтиже бергенін көрсетті. Өткен кезеңде пайдалануға берілген 140 объектіні алсақ: біріншіден, шамамен 90,6 млрд теңге сомасында бюджетке түсер біржолғы ірі жүктемені азайтты. Екіншіден, пациент­тер­ге айына 35,4 мыңнан астам медици­на­лық мекемелерге бару мүмкіндігін берді. Өйткені денсаулық сақтау мекемелерінің саны артты. Үшіншіден, 9 мыңнан аса бала­ны балабақшалардағы орынмен қамта­ма­сыз етті. Төртіншіден, жалпы сыйым­ды­лы­ғы 2 500 адамды қабылдайтын 6 спорттық-са­уық­тыру кешенін іске қосуға жол ашты, – деді бас экономист.
Осы жобаларды іске асыруға 122 бизнес субъектісі тартылған. Яғни, оларға да мемлекетпен серіктесе отырып, табыс көзін ашуға мүмкіндік берілген.
Министр былтыр МЖӘ үшін рәсімдерді оңайлату бойынша едәуір жұмыс жүргізіліп, арнайы заң қабылданғанын еске салды. Бұл заң өту кезеңдерін 5-тен 3-ке дейін, сарап­та­ма мерзімдерін 7 айдан 3-ке дейін қыс­қарт­ты. 3 және одан да көп жылға МЖӘ бойынша тұтыну кепілдігін беру қарас­ты­ры­л­ған. Бұл инвесторларға ұзақмерзімді капи­тал салуды жоспарлауға мүмкіндік берді.
МЖӘ-ден қандай пайда табуға бола­ты­нын және қолдау шараларын түсін­діру мақса­тын­да биылғы сәуір-мамыр айларында Астана, Атырау, Тараз, Өскеменде өңірлік кеңестер өткізу жоспарлануда.
«Инвесторлар тарапынан МЖӘ шартта­рына сенім арта түсті. Бұған өз қаражатын мем­лекеттік-жекешелік әріптестік жоба­ла­ры­на салуға дайын азаматтардың жеке баста­малары санының ұлғаюы дәлел», – дейді Тимур Мұратұлы.
Қазір МЖӘ жобалары бойынша міндет­темелердің қабылдануын және орын­далуын қадағалап, мониторингтеу үшін Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйесінде тиісті модульді іске қосу мәселесі пысықталуда.
– Жалпы, МЖӘ-ні дамытудың оң сер­пін алғанын атап өтеміз және тиімділікті ары қарай арттыру үшін мыналар ұсыны­ла­ды. Біріншіден, орталық және жергілікті атқарушы органдар рәсімдерді жеңілдету бойынша жаңашылдықтарды ескере оты­рып, бастамашылық жасалған барлық жоба­ларды конкурс сатысына дейін жеткізуі қажет. Сондай-ақ МЖӘ жобаларын сапалы іске асыру үшін жасалған шарттар бойынша қабылданған міндеттемелердің тұрақты мониторингін және толық орындалуын қамта­масыз ету қажет, – деді Ұлттық экономи­ка министрі.
Екіншіден, 2017 жылы жасалған 160 шарттың 41 жобасы немесе 26 пайызы Ұлттық экономика министрлігі бекіткен он үлгілік, яғни дайын құжаттаманы пайдала­нып, әзірленген екен. Қазір салалық мемлекеттік ор­ган­дарға өздері жетекшілік ететін салалар бойынша үлгілік құжатта­ма­ларды әзірлеу құзыреті берілді. Осыған орай, министр­лік­терге өңірлердің жобаларға деген сұранысын ескере отырып, өз салаларында үлгілік құжаттамаларды әзірлеуді бастау жүктелді. Егер оған қаржы қажет болса, бас экономист 2019-2021 жылдарға арналған келесі үшжылдық бюджет жобасын қалып­тастыру кезінде өңірлердің тиісті бюджеттік өтініштер енгізуін күтеді.
Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қазіргі таңда МЖӘ тетігі бойынша 44 жоба әзірлеу және ен­гізу сатысында тұрғанын, соның ішінде жол саласында – 4, теміржол көлігінде – 1, аза­­­маттық авиацияда – 2, энергия үнемдеуде – 4, ал тұрғын үй–коммуналдық шаруа­шы­­лық саласында 33 жоба барлығын мәлімдеді.
– «Алсим Аларко – Макйол – СК – Кореян ЭкспрессВэй» консорциумымен арада «Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы» (ҮАААЖ) құрылысы бойынша Қазақ­стандағы алғашқы ірі концессиялық жоба­ны іске қосу туралы келісімшартқа қол қойылды. Бүгінде консорциум дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Биылғы мамыр айында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. 2021 жылы құрылыс жұмыстарын аяқтап, ақылы негізде жолды пайдалануға беру көзделген. Консор­циум тарапынан белгі­ленген мерзімдерден бұрын құрылысты аяқтауға барлық қажетті шарттар жасалады. Жоба құны – 512 млрд теңге, – деді Ж.Қасымбек.
Оның дерегінше, Алматы теміржол стансасын да айналып өтетін ұзақтығы 74 шақырымдық жаңа теміржол желісін салуға дайындық басталыпты. Жобаның болжамды құны – 96,6 млрд теңге, құрылыс жұмыста­ры­ның мерзімі – 2 жыл. Оның аясында 2 стан­са, 1 разъезд салынбақ. Нәтижесінде, пай­далану кезінде, нақтырақ айтсақ, бесін­ші жылы жоба жылына 13,1 млн тонна бола­тын болжамды тасымал көлеміне шыға­ды деп жоспарлануда. Министр қазіргі уақытта алматылық айналма теміржол жобасының техникалық-экономикалық негіз­демесін түзету жұмыстары аяқталғанын, мемлекеттік сараптама жүргізіліп жатқанын жеткізді. Инвесторды аңықтайтын конкурс биылғы қараша айына жоспарланған.
Бұдан бөлек, МЖӘ тетіктері арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің «Алматы – Қорғас» автомобиль жолы учаскесінде «Нұр жолы» өткізу пунктін салу және пайдалану жобасы қолға алынуда. Жобаның құрылысы былтыр басталған. Оған 98,2 млрд теңге салым салынбақ.
– 2017 жылдың 26 желтоқсанында біздің министрлік пен Қаржы министрлігі және Evrotranzit Terminal ЖШС арасында «Алматы – Қорғас» автожолы учаскесінде өткізу пунктін салу және пайдалану жөніндегі МЖӘ шартына қол қойылды. Құрылыс биылғы екінші тоқсанда аяқталады және ол 2026 жылға дейін пайдаланылады. Жаңа өткізу пункті Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарада автокөлік өткізу қабілетін тәулігіне 2500-ге дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді, – деді Инвестициялар және даму министрі.
Бұдан бөлек, «Оңтүстік Қазақстан облысында жүрдек автомобиль жолдарын салу және пайдалану» концессиялық жобасы да МЖӘ аясында іске аспақ. Ұзындығы 254 шақырымдық, 4 жолақты қозғалысы бар бұл жолдың 56 шақырымдық Шымкент қаласының айналма жолы және 48 шақырымдық Сарыағаш қаласының айналма жолы телімдері биыл салынады. Жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарының болжамды құны 100 миллиард теңгені құрайды, 10 жыл ішінде пайдалануға кететін шығындар шамамен 50 миллиард теңге болмақ.
Министрдің мәліметінше, жоба құрамы­на Шымкент қаласының Солтүстік (36 шақы­рым) және Оңтүстік-Батыс (56) айналма жолы, Сарыағаштың (48) айналма жолы, «Шымкент – Ташкент» (72) және «Жизақ – Сарыағаш – Жібек жолы» (42) айналма жолдары кіреді.
МЖӘ-нің ірі жобалары қатарына Қазақстанда 2020-2031 жылдар аралығында жаңа ақылы автожолдарды енгізу де кіреді.
– Жоба құны – 97,5 млрд теңге. Қазіргі уақытта МЖӘ механизмі бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын ақылы ету мәселесін пысықтап жатырмыз. Бұл ұсынысты бизнес енгізді. Ол 3 жыл ішінде 15 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізу керектігін ұсынып отыр. Бұл жүйе 10 жыл пайдаланылады. 2 сәуірде жобаны бастау туралы хабарлама интернет ресурстарда және баспасөзде жарияланды. Хабарлама шыққаннан кейін 60 күн ішінде әлеуетті жеткізушілер қызығушылық білдіріп, балама ұсыныстар берсе, жеке әріптесті таңдау конкурс арқылы жүзеге асырылады, – деді Жеңіс Қасымбек.
МЖӘ жобаларының тағы бір бөлігі әуе жүк тасымалы саласында қағазсыз құжат айналымның ақпараттық жүйесін енгізуді және бейімдеуді (e-Freight) көздейді. Бұл іс шамамен 3,3 млрд теңгеге түспек. Пайдалану кезеңі 2018-2028 жылдар, яғни 10 жыл. Пайда­сы ретінде министр жүкті өңдеу уақы­тын 1 күннен 1 сағатқа дейін қысқарта­ты­нын және 20 қағаз құжатын электронды түрге ауыстыратынын атады.
«Жобаны іске асыру үшін Қазақстан-Ресей компанияларының консорциумымен, соның ішінде «Зерде» акционерлік қоғамымен жұмыстар жүргізілуде. Жоба тұжырымдамасы мүдделі мемлекеттік органдармен және тараптармен келісілді. 2017 жылғы желтоқсанда Ұлттық экономика министрі­лі­гінен оң экономикалық қоры­тын­ды алын­ды. Қазір жоба Қаржы министр­лігімен келісу рәсімінен өтуде. Оның қорытындысы бойынша биыл ІІ тоқсанда жеке әріптеспен шарт жасалады» деді Ж.Қасымбек.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов­тың айтуынша, бүгінде денсаулық сақ­тау саласындағы МЖӘ жобаларының тізімі 175 жобаны қамтиды, олардың 50-і бойынша келісімшарт жасалған, қол қойыл­ған келісімшарттардың жалпы құны 33,7 млрд теңгені құрайды. Биыл 6 өңірде 15 келі­сімшарт жасалды. Жобалар дәрігерлік амбулаторияларды, емханаларды, стацио­нар­­ларды салуды және пайдалануға беруді, медициналық техникамен жабдықтауды және басқаларын қарастырады. Тағы 125 жоба дайындау сатысында тұр, оның ішінде 25 жоба жеке қаржылық бастама аясында конкурс пен келіссөздер сатысында тұр.
Денсаулық сақтау саласындағы инвести­ция­лардың 2025 жылға дейінгі орташа жыл­дық өсу қарқыны 9,3 пайызды құрайды деп күтілуде.
«Бұл ретте, 750 млрд теңге инвестиция­лар­ды МЖӘ аясында тарту жоспарлануда. Бәсекелестікті дамыту, тарифтік саясатты, цифрландыруды жетілдіру бойынша шара­лар­мен бірге, МЖӘ тетіктерін ендіру­дің нәтижесі – міндетті әлеуметтік медиц­и­налық сақтандыруды ендіру жағдайындағы денсаулық сақтау ұйымдарының заманауи тиімді инфрақұрылымын түзу болады» деп түйіндеді Е.Біртанов.
Сонымен қатар мәселені қарау бары­сында МЖӘ тетіктерін енгізу саласындағы жұмыстар туралы ШҚО әкімі Д.Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев, БҚО әкімі А.Көлгінов, СҚО әкімі Қ.Ақсақалов, Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев және басқалары сөз сөйледі.
Талқылауды қорытқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірқатар нақты тапсыр­ма берді. Премьер-министр Мемле­кет басшысының МЖӘ тетіктерін қолдану сала­сын кеңейтуге үлкен мән беріп отырға­нын атап өтті. Үкімет тарапынан барлық қажетті шешімдер қабылданып жатыр және МЖӘ саласындағы заңнаманы өзгерту жөніндегі мәселелер уақытылы қаралуда.
– Бүгінгі басты мәселе – Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясын­да МЖӘ негізінде студенттерге арнал­ған жатақханалар салу болып отыр. Өңір­лердің әкімдері аталған мәселеге баса назар аударуы керек, – деп баса айтты Бақытжан Сағынтаев.
МЖӘ жобаларының 75 пайызға жуығы әлеуметтік салаға тиесілі. Бұл – білім беру және денсаулық сақтау нысандары. Оларды жүзеге асыру мемлекетке бюджетті жеңілде­туде үлкен көмек береді. Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаев тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық саласында МЖӘ тетіктерін енгізу бойынша алғашқы қадам­дар жасалып жатқанына тоқталды. Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбекке МЖӘ арқылы жүзеге асырылатын барлық жоба­ларды мұқият қарау тапсырылды.
Бақылау жұмыстары вице-премьер Ерболат Досаевқа жүктеледі.
Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру жүйесі мен ғылымды цифрландыруды ары қарай дамытудың жаңа бағыттары белгіленгенін мәлімдеді. Біріншіден, бұл – ақпараттық қолжетімділік және мобильдік. Яғни, кез келген оқушы, мұғалім, ата-ана немесе мектеп директоры өз смартфондары арқылы өздеріне қажетті ақпаратты ала алуы керек. Екін­шіден, ашықтық пен әділеттілік. Бала­бақша кезегінен бастап, аттестат немесе диплом алуға дейінгі барлық қажетті ақпарат қолжетімді болуы керек.
Үшіншіден, әрбір оқушы немесе мұғалімге кез келген уақытта смартфоннан немесе компьютерден мемлекеттік және орыс тілдеріндегі оқулықтарға, үздік әлемдік және қазақстандық лекцияларға, интерак­тив­ті сабақтарға еркін қол жеткізуге мүмкін­дік беріледі. Төртіншіден, министрлік үшін барлық деректерді бір дерекқорға біріктіру, Big Data технологияларын енгізу, онлайн-талдаулар жүргізу өте маңызды, бұл барлық жағдайларды бір ситуациялық орталықтан басқаруға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде БҒМ осы төрт бағыт бойын­ша цифрлы технологияларды енгізу­дің кезең-кезеңдік жұмыс кестесін іске асыруда. «Біздің міндет – ауыл және қала мектептерінің мультимедиялық жиынтық­пен жабдықталуын 80 пайызға дейін жеткізу» деп уәде етті Е.Сағадиев.
Ол бүгінде мектептердің 99 пайызы интернетке қосылғанын жеткізді. Дегенмен небары 62 пайызына ғана жылдам интернет қолжетімді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарла­ма­сына сәйкес барлық мектептерді интер­нет­ке қосу жоспарда бар. 4 мыңнан астам мек­тепте электронды «Күнделіктер» енгізіл­ген. Оларды мектеп оқушыларының 50 пайызы пайдаланады.
Министр тағы бір маңызды бағыт халық­ты цифрландыру негіздеріне оқыту еке­нін айтты. «150 мың мұғалім мен бір жарым миллион ата-анаға біздің ақпараттық базаларды қолдануды үйрету қажет» деді Ерлан Сағадиев.
Білім беру жүйесін цифрландыру аясын­да іске асырылып жатқан шаралар туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев, Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов, ОҚО әкімі Ж.Түймебаев баяндады.
Мәселені қарауды қорытқан Үкімет жетекшісі 2020 жылдың соңына дейін барлық шалғайдағы елдімекендерді кең­жо­лақ­ты интернетке қосуды жүктеді. Елбасы жолдауда Үкіметке цифрлы білім беру ресурстарын одан ары дамытуды жүктеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрлы технологияларды қолдану арқылы оқыту үдерісін жетілдіруге бағытталған шаралар анықталды. Бұл қияндағы ауылдар үшін аса маңызды.
– Атқарылған жұмыстардың нақты нәти­желері бар, – деді Премьер-министр. – Цифрлы технологияларға көшу үшін Білім және ғылым министрлігі 2018 жылы мем­ле­кеттік органдармен ақпараттық жүйелер­ді біріктіруді қамтамасыз етуге тиіс.
Облыс әкімдеріне мектептерді техни­ка­лық жабдықтау және оларды кеңжолақты интер­нет желісіне, Wi-Fi жүйесіне қосу жұ­мыс­­тарын жеке бақылауға алу тапсырыл­ды. Бұл міндеттердің орындалуын бақылау вице-премьер Асқар Жұмағалиевке жүктелді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*