Ақпараттық қауіпсіздік шарты қаралды

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы пысықталды.
Келісімнің негізгі мақсаты – Достастыққа қатысушы мемлекеттерде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған және үйлестірілген бірлескен іс-шараларды өткізу.
2013 жылғы 20 қарашада Санкт-Петерборда жасалған келісім ТМД-ға қатысушы елдер арасындағы ақпаратты трансшекаралық беру, ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігінің қатерлерін талдау және бағалау, қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы нормативтік-құқықтық актілерін және нормативтік-әдістемелік құжаттарын жақындастыру, халықаралық стандарттармен үйлесімді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекетаралық стандарттар әзірлеу, ақпараттық жүйелерде орналастырылған ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізуге және оның техникалық арналар арқылы сыртқа шығуына жол бермеуге бағытталған және келісілген іс-шараларды іске асыру, қорғалу дәрежелері әртүрлі ақпараттық жүйелердің өзара іс-әрекеті кезінде қол жеткізу деңгейі шектеулі ақпараттың және ақпараттық технологиялардың қорғалуын қамтамасыз ету, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында кадрларды білікті қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру және басқа бөліктеріндегі іс-қимылды реттейді.
Келісімде көзделген барлық ережелер ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді атқаруға бағытталған.
Комитет заң жобасын палатаның жалпы отырысында қарауға жіберді.
Отырыста депутаттар Т.Мұқашевты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы етіп сайлады. Ол бұл лауазымда осының алдында Дін істері және қоғамдық келісім министрі болып тағайындалған Д.Кәлетаевты алмастырды.
Айхан ШӘРІП