Технологиялар трансферті қалай дамып жатыр?

963
0
Бөлісу:

Соңғы бірнеше жыл көлемінде ішкі өнер­кәсіпті көтеру керектігі, ол үшін анау-мынауға қыңқ етпейтін берік әрі ақылды технология қажет екені байқала бас­тады. Әйтпесе, қит етсе керек нәрсені са­тып алып, импорттың шырайын шы­ғара берсек, қазынаның қаржысынан түк қал­май барады. Тереңірек үңілместен, дол­барлай, дөрекілей айтқанда шыны –осы.

Бірақ шетелдің технологиясына бә­рі­бір мұқтаж болатынымыз анық екен. Шы­ғыс шықпай, кіріс кірмейді. Тех­но­логиялық тұрғыдан даму үшін шетелдің ал­дыңғы қатарлы жарақтарын сатып ал­сақ та, ешкім қой демейді. Қаражат же­тіп, қалта көтерсе болғаны. Дегенмен мем­лекет мәселенің екінші жағын да ойластырып отыр. Ол – дәл осы ғылыми ин­новациялық бағытқа ақша мен грант­тар бөлу. «Әзірге сатып ала тұ­райық, біраз жылдан соң өз бақ­ша­мыздан жеміс жейміз» деген ұғым. Мем­лекеттің өзіндік ғылыми-тех­но­логиялық қуатын дамыту – берекелі жә­не ұзақмерзімді пайдалы қадам бол­мақ. Осыны ескерді ме, былтыр Білім жә­не ғылым министрлігі өндірістік-ин­дустриялық бағыттағы грантты көп­теп бөлді. Сонымен қатар Үкімет тара­пы­нан жұмыс істеп тұрған кәсіпо­рын­дар­дың технологиялық дамуына деп 400 млн теңгеге дейін қаржы қарас­ты­ры­лып­ты. Мамандардың айтуы бойын­-ша, «қан­ша жерден импортқа қар­жы қимағанымызбен, техноло­гия­ларды трансферттеу бізге бәрібір қажет нәр­се». Осы арқылы ғана отандық өнер­­­кә­сіп-
тің көсегесін көгертуге болады. Бұл мәселені Елбасы биылғы Жол­дауын­да да айтып өткен. Әсіресе, аг­ро­өнер­кәсіптік кешенді инновациялық технологиялармен дамыту керек деген еді. Осы орайда, жалпы, технологиялар трансферті турасында «Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттік» АҚ және ҚазҰУ ғылыми-технологиялық парк мамандарымен пікірлесіп, біраз де­ректерге қаныққан едік. Агенттік қа­зір негізінен екі бағытта жұмыс істейді: инновациялық гранттар бөлу және технологияларды трансферттеу бойын­ша қызметтер ұсыну. 2010-2015 жылдар аралығында агенттік базасында халық­аралық технологияларды трансферт­теу­дің бес бірдей орталығы құрылып, жұ­мыс бастаған. Бұл ретте біз Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ және Ре­сей елдерімен тығыз байланыстамыз. Осы байланыстың арқасында мем­ле­кеттер бірлескен ғылыми-зерттеу және инновациялық жобаларын дайындап, тізе қосып еңбек етеді. Ұлттық агенттік қ­азіргі таңда шетелдік технологияларды алып келіп пайдалануға қатысты жоба­лар­ды жүзеге асыру тұрғысынан қазақ­стан­дық компанияларға қолдау көр­сетеді.
2011-2017 жылдар аралығында 13 882 млн теңгеге 337 жоба қаржы­лан­ды­рылған. Былтыр аталған жобалардың 248-і аяқталса, 54-і жүзеге асу кезеңінде тұр. 3 345,5 млн теңгеге негізделген 35 жо­ба бойынша келісімшарт бұзылып, бө­лінген негізгі қаражат ұлттық агент­тікке қайтарылған.
– Жүзеге асқан жобалардың арқасын­да 3158 жұмыс орны құрылып, 8,8 млрд теңге салық төленді. Шығарыл­ған өнімдердің жалпы көлемі 162,8 млрд теңгені құрап отыр. Ал шығарылып, жүзеге асқан өнімдердің құны – 120,6 млрд теңге шамасында. Грантқа ие болғандар арасынан ең сәтті шыққан жоба ретінде «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің өнімін айтуға болады. Олар – отандық субстрат­қа негізделген жергілікті өсім­дік шикізатынан жасалған жаңа дәрілік өнімдер. Қазір бұл өнім Ресей, Беларусь, Чехия, Венгрия, Германияда да сауда­ла­нып жатыр, – дейді агенттік бізге бер­ген ресми хабарламасында.
Бұдан бөлек агенттік бөлген грант­тың арқасында «Қайнар-АКБ» кәсіп­орны әлемдік өндірушілермен бәсеке­ле­се алатын, жаңа технологиялық мүм­кін­діктермен жасақталған акку­му­ля­­торлардың жаңа буынын шығаруды қолға алған. Сол үшін аккумулятор батереяларын жинау бойынша иннова­циялық технологияларға қол жеткізу мүмкіндігіне ие болған. 2017 жылы аталған компания 416 млн тенгенің өнімін өндіріп, қазір Грузия, Беларусь, Ресей, Қытай, Германия елдеріне экспорттап жатыр. Бұл ретте Innodent препаратын айтпай кетуге болмайды. Оның арқасында стоматологтар тіс шірігін бұрғылаусыз емдей алады. Грант ұтып алған Кентау трансформатор зауыты болса, аз уақыт ішінде энергия ресурстарын тұтыну көлемін 15 пайызға дейін қысқартқан.
Қазіргі кезде технологиялық парктер инновациялық экономиканың маңызды тетігіне айнала бастады. Біздің елде дәл қазір 10-нан астам технопарктер жұмыс істейді. Соның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың техно­паркін бөле-жара айта аламыз. Аталған парк бүгінгі таңда ғалымдардың ғылыми жетістіктерін өндіріске енгізу бойынша іргелі істер атқаруда.
– Технологиялар трансферті дәл қазіргі отандық өнеркәсіпке, отандық ғылымға аса қажет. Сәт сайын дамып жатқан цифрлы жетістіктер, ақыл-ой процесінің жылдам дамуы – техноло­гиялар қажеттілігін дәлелдей түседі. Бұл тұрғыда біздің парк те өнімді еңбек етуде деп айта аламыз. Біз бірінші кезекте ғылым­мен, жастар кәсіп­кер­лі­гімен және стартап жобаларды қолдау­мен айна­лысамыз. Базамызда ғылыми-зерт­теу жобалары бар. Әртүрлі конкурс­тарға қатысып, жобаларымызды ұсы­на­мыз. Стартап компаниялармен де жұмыс істейміз. Бізге жас кәсіпкерлер идеяла­рын алып келеді, соларға көмек көр­се­те­міз. Сонымен қатар бізде студенттік биз­нес-инкубатор жұмыс істейді. Біздің бас­ты мақсат – оларды нарыққа шығару, – дейді әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ ғылы­ми-техно­ло­гиялық паркінің жоба­лар бойынша менеджері Елдар Нұрұлы.
Қазіргі таңда паркте алты ғылыми зертхана жұмыс істейді екен. Тиісінше олар әртүрлі бағытты ұстанған.
– Мәселен, Қазақстандағы май өнім­дерін алайық. Сол өнімдердің ішінде қауіпті ингредиенттер көп. Біздің зертханалар сондай кедергілерді жою үшін зерттеулер жасайды. Тіпті арнайы катализаторлар да ойлап тапқан, қазір соны жүзеге асырып жатыр. Техноло­гия­ның қажеттілігі осындайда туын­дай­ды. Жалпы, технологиялар трансферті дегеніміз – ғалымдардың ойлап тапқан әртүрлі әзірлемелерін нарыққа шығару. Ол ғылым түрінде ғана қалып қалмауы керек, нақты пайда алып келгені жөн. Оны тәжірибеге енгізу керек, – дейді менеджер.
Технологиялық жабдықталу дұрысталса, кәсіпорындардың өнімділігі арта түсетіні ақиқат. Мұндай өсім 2017 жылы 20 пайызды көрсеткен. Қаржыға шаққанда – 445 млрд теңге. Техноло­гия­лық даму тұрғысынан алда келе жатқан саланың бірегейі – көлік құрас­ты­ру саласы. Қазір Қазақстан инно­вациялық әлеуеті жағынан әлем бойынша 59-сатыда тұр. Ал 2011 жылдан бері технологиялық дамуды ынта­лан­дыру мақсатында 328 кәсіпорынға грант берілген. Бұл көмектің әлеуметтік-экономикалық тиімділігі де көп ұзамай өз нәтижесін беруде: Үкіметке 3,9 млрд теңге салықтық табыс түсті, 57,7 млрд теңгеге өнім шықты және 500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*