Философиялық оқулықтар оқырманға жол тартты

1211
0
Бөлісу:

Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы мемлекеттік университетінде еліміздің белгілі философ ғалымдары, профессорлар Аманжол Қасабек, Жақыпбек Алтаев, Әлия Масалимовалардың авторлығымен «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрген оқулықтардың тұсауы кесілді.

Философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану ғылымдары академиясының, Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Аманжол Қасабектің 75 жылдық мерейтойы аясында өткен тұсаукесер рәсімінде, елімізге белгілі философтар мен ғалымдар сөз алып, Аманжол Қасабектің өмірі мен шығармашылығына тоқталды. Шарада І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры,  география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Баймырзаев кітап авторларына алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

Мәселен «Қазақ философиясы» және «Казахская философия» оқулықтары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі бекітуімен «Қазақ университеті» баспасынан қазақ-орыс және ағылшын тілдерінде оқырманға жол тартты. Бұл оқулықта қазақ философиясының пайда болуы, қалыптасуы мен әдіснамалық негіздері сөз болып, даму кезеңдерінің өзекті мәселелері тарих философиясы тұрғысынан талданып, ғылыми тұжырымдар жасалады. Орта ғасырдағы қазақ даласының ойшылдары мен ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ философиясының ұлттық сипаты, кеңестік кезеңнің философиясы кеңінен сөз болады

Сондай-ақ, оқырман үшін тағы бір құнды кітап та жарық көрді. Аталмыш авторлардың «Философия тарихы» деп аталатын оқулығы да қатар жарық көрді. Бұл оқулық ҚР БжҒМ-нің жоғары және жоғары білім беруден кейінгі Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі оқу-әдістемелік бірлестігі мәжілісінің шешімімен «Қазақ университеті» баспасынан да жарық көрді. «Философия тарихы» оқулығының ғылыми құрылымы, авторлардың алдына қойған мақсат-мүдделерінің айқындығы дәлел бола алады. Оқырман қауым кітап мазмұнынан «ежелгі шығыс», «әлемдік антикалық», «араб мұсылман философиясы», «орта ғасыр және жаңа заман Еуропа философиясы» тарихымен танысуға мүмкіндік алады. Оқулықта классикалық және заманауи ислам философиясы философиялық сараптама тұрғысынан тек діни-ирроционалистік сипаттама ғана емес, ғылыми философиялық-рационалистік сарында зерттелген. Сондай-ақ ислам өркениетінде белен алған түрлі ислам мәдениеттері мен философиясы да философия тарихы тұрғысынан жүйеленген.

Жаңадан жарық көріп отырған үш кітап та еліміздегі ЖОО студенттері мен магистранттарына, философтар мен қазақ халқының мәдени-рухани өмірінің өткені мен бүгініне ден қойған оқырманға, философия тарихы мәселелеріне қызығушы зиялы қауымға арналған. Кітап көпшілік оқырманың сұраулары бойынша қайта өңделіп, толықтырылып, үшінші рет басылымнан шығып отыр.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Талдықорған қаласы

(Суреттерді түсірген автор)

Бөлісу:

Пікір жазу


*