Жаһандық тартыс кімнің пайдасына шешіледі?

1289
0
Бөлісу:

Әлемдік саясатта сан түрлі сұрқиялық болып жатыр. Бүгін-ертең оның ақ-қарасын ашу қиын. Тек тарих таразысына тапсырасыз. «Скрипаль ісі» сияқты дауларға мойын бұру – бос әурешілік секілді. Мейлінше өзімізге геосаяси тұрғыдан әсері болуы мүмкін ахуалдарға назар аударамыз. Жақында Ресейде Владимир Путин қайта президент болып сайланып, алғашқы сапарын Түркиядан бастады. Анкарада Ресей, Иран, Түркия үштігі кездесіп, Сирия мәселесін сөз етті. 

4 сәуір күні келіссөздер жүр­гізіп, бірлескен мәлімдеме жасаған Владимир Путин, Реджеп Тайып Ердоған және Хасан Рухани «қақ­тығысқан тараптар арасында ұзақмерзімді татулық орнату мақ­сатында Сирия бойынша ынты­мақ­тастықты жалғастыра беретін­дерін» айтты. Сондай-ақ олар Шығыс Гутада жараланған бейбіт тұрғындар үшін аурухана құрылы­сын бастап, сириялық босқын­дарды үйлеріне қайта оралуға ша­қыр­мақ. Бірақ үш елдің «бір қолдың саласындай» ұйымдасуы Вашингтонның ашуын тудырары сөзсіз. Үштіктің кездесуіне сарап жа­саған әйгілі Daily Mail басылы­мы осылай деп санайды. Шетелдік БАҚ Трамптың Сириядан әскерін шығарып, күрдтерді қолдаудан бас тартуы мүмкін екенін жазады. Бұған дейін өңірдегі тыныштық­тың бұзылуына себепкер болған ДАИШ ұйымы жойылды деп есеп­тейтін АҚШ президенті Дональд Трамп Сириядан әскерін алып шығатынын айтқан.
– Әскерімді үйге қайта­рып, біздің ұлтымызды бір қалып­қа түсіргім келеді, – деген еді Бал­тық жағалауы елдері басшылары­мен кездесуде. Бұл ретте ол АҚШ-тың Сирияда болуын қаржылан­дыру мәселесін Сауд Арабиясынан сұрағанын да айтып салды. Ал бұған Эр-Риядтың жауабы қандай болды дегенге қатысты Трамп үндемеді. Көптеген сарапшылар Сирия мәселесін реттеуде АҚШ пен Сауд Арабиясының маңызды рөл ойнап кетеріне сенбейді. Аста­надағы Сирия бойынша келіссөз­дерге АҚШ-та шақыртылған бола­тын. Алайда мұхиттың арғы жағы Қазақстан астанасына ат арытып жатуды артық деп тапқандай болған. Бұл да АҚШ-тың негізгі ойын­шы позициясынан айыры­лып қалуына әсер етуі бек мүмкін.
Ал Түркияның райынан қайтар түрі байқалмайды. «Біз Сирияны құрдымнан алып шығуға біржола бекіндік. Сирияда тыныштық орнамай, Түркияда да ешқашан тыныштық болмайды» деді Ердо­ған баспасөз мәслихатында.
Үш президенттің келіссөзі то­лықтай жабық есік жағдайында өтті. Бірақ ұзаққа созылмапты. Олар бірігіп мәлімдеме жасау кезінде Сирияның территориялық тұтастығын растады. «Біздің қар­сыластар Сирияны жеке-жеке бөліп алғысы келеді. Бірақ біз олар­дың бұл әрекетінің орында­луына жол бермейміз» деген Ру­хани, қарсыластар деп – Америка мен Израильді меңзеді. «Біздің өңірдің географиялық кескіні өзгермеуі тиіс» деді ол. Осылайша, үш мемлекет деэскалация аума­ғын­да жылдам, қауіпсіз, кедергісіз көмекке ұмтылмақ. Ресми мәлім­демелерінің мазмұны осыған саяды. Сонымен қатар бұл үштік Астанада өткен Сирия дағдарысы бойынша келіссөздерді де ерекше атап өткен. Олар БҰҰ-ның эги­дасы аясында өткізілген бұл келіс­сөздер – мәселенің бейбіт шеші­луіне ықпал етеді деп есептейді.
Бұларға бірінші кезекте қар­сылас, әрине – АҚШ. Қазіргі таң­да түріктер қарсы шығып жатқан күрдтерді қарумен қамтамасыз ету, Демократиялық күштер одағы ар­қылы Ракканы басып алу – АҚШ-тың жобасы. Бұл жерде басты рөлді күрд отрядтары ойнап жүр. Осы тартыс төңірегінде Түркия мен АҚШ-тың Сирия террито­риясы арқылы соғысып жатқаны да жалған емес. Ердоған ойлап тапқан Африндегі «Зәйтүн жа­пырағы» операциясы да – АҚШ-тың қан қысымын көтеріп тұрған жағдай. Бірақ Ердоғанның Трамп­пен біржола бет көріспей кете алмасы тағы белгілі. Екі мемлекет басқа да серіктестігін айтпағанда, НАТО бойынша одақтас елдер саналады. Ал бұл ретте Рухани Вашингтонға қарап аузын қатты аша алмас. Қазір АҚШ-тың Иран­ды қаламаса, санкция қыспағына салып, қаласа қайта босатып отыр­ған еркін шағы. Трамптың 2015 жылғы ядролық келісімнен шыға саламын деп бұлқынып жүргені кеше ғана. Сондықтан Хасан Руханидың Сирия мәселесі бойынша Түркия мен Ресейден асқан одақтас табуы екіталай. Сириядағы тыныштықты ұстау ар­қылы өзінің де географиялық һәм экономикалық тұтастығын, ты­ныштығын сақтағысы келеді.
Шетелдік сарапшы Араик Сте­панян үш мемлекеттің тізе қосып қимылдауына қатысты өз пікірін білдірген. «Ресей, Иран және Түркияның бірлескен мәлімдеме жасауын – Сирия бойынша өңір­лік консенсус орнады деп бағалауға болады. Бұл алға қарай жасалған үлкен қадам» дейді ол. Ал неміс сая­саттанушысы Удо Штайнбах­тың пікірі бұған керағар.
– Ресей, Иран және Түркия бас­шыларының кездесуінің бас ауыртар мәселесі – «Дамаск және оның болашақ режимі» турасында емес. Бұл үштік барлығы бірдей Батыстың қысымына тап болып отырғандықтан да бірікпеске шаралары жоқ. Сирия даласында татулық орнатамыз деуі – бос әурешілік. Мәселен, Ердоған күрд­терге қарсы компаниясын жал­ғастыра беретінін айтты. Мұ­ның бәрі – шоу, «Сириядағы ты­ныш­тықты сақтаймыз» дегендері шындыққа жуымайды, – дейді ол Deutschlandfunk басылымына берген сұхбатында.
Саясаттанушы үш мемлекеттің басшыларын кезіктіріп отырған тағы бір фактор – сыртқы саясат­тағы ғана емес, өз елдерінің іш­теріндегі ауызбіршіліктің ыдырауы дейді.
– Үш көшбасшының ішінде «ең тұрақтысы» – Путин ғана. Руханидың басында проблема жетіп артылады: Ирандағы толқу­ларды басу ел билігіне оңайға соқ­пай тұр. Ердоғанның да болашағы келесі жылы болатын сайлауға тікелей байланысты. Дегенмен қайта сайлану үшін барын салады. Сондықтан Анкараға жиылып отырған үштікті сыртқы саясаттағы мәселелер ғана емес, ішкі саясат­тағы шаруалар да біріктіреді. Трампқа келер болсақ, ол «ойын­нан шыққысы келеді». Алайда Трамп үшін бірінші кезекте Асад та, Сирия да маңызды емес, маңыз­дысы – Иран. Оның саясаты Иранға қарсы және Израиль мен Сауд Арабиясының жақындауына бағытталған. Сол себепті, Тегеран Сириядан кетуге дайын емес, – дейді саясаттанушы.
Бұл үштік былтыр қараша айында Сочиде кездесіп, Сирия бойынша «ізгі жорықты» жалғас­тыруға уағдаласқан. Келесі саммит Тегеранда өткізілмек. Бұған дейін Америка президенті Дональд Трамп соғыс өртіне оранған елдегі инфрақұрылымды қайта қалпына келтіруге арналған 200 млн дол­лар­ды «қатырып» қою туралы ше­шімін жариялаған. Ердоған болса Еуроодақтың Сирияны қалпына келтіру үшін 3 млрд доллар уәде еткенін айтты. Бірақ ол ақша сол күйі алынбаған.
4 сәуір күні пайда болған ақ­паратқа сүйенсек, АҚШ әлі де болса Сирия территориясында қала беруге ниетті. Бұлай етуге Трампқа қарағанда Пентагон көбірек мүдделі сияқты. Елисей са­райы таратқан ақпарат бойын­ша, Эммануэль Макрон мен Дональд Трамп ДАИШ ұйымымен күресті соңына дейін жалғастыруға уәделесіпті. «Франция мен АҚШ халықаралық коалиция аясында өз әрекеттерін жалғастырып, өңірде тұрақсыздық тудырып, біздің қауіпсіздігімізге де қатер төндірген террористік ұйыммен соңына дейін күреседі» делінген ресми хабарламада. Бірнеше күн бұрын күрд, араб және христиан делега­циясы Елисей сарайында Мак­ронмен кездескен. Франциялық БАҚ мәліметінше, президент Манбидж қаласына әскер жіберіп, Сирия демократиялық күштеріне көмек көрсетуге сөз берген. Осы арқылы Африндегі түрік армиясы­ның әрекетіне тосқауыл қоюға тырысып көрмек. Сондай-ақ Макрон Түркия мен Сирия де­мокра­тиялық күштері арасында арағайын болып көруге де тал­пыныпты. Алайда Түркия тарапы «террористермен адам құсап бітім­ге келу – ақымақтық» деп ба­ғалап, Франция президентінің ұсы­нысынан бас тартқан. Ал Фран­ция неліктен Сирия мәселе­сіне ара­ласа қалды деген сауалға келейік. Біріншіден, тарихқа көз жүгіртсек француздар Сирия мен Ливан жерінде жаулаушылық жасап, аталған елдерді біраз уақыт өз қарамағында ұстаған. Қазір бүкіл әлемнің тегеурінді елдері қаруын артынып-тартынып шам шаһа­рына аттанғанда Макрон да өз елінің байырғы әлеуетін есіне ал­ған сыңайлы. Екіншіден, Ман­бидж проблемасына араласу ар­қылы Франция өңірдегі жаһандық тартыстың негізгі қатысушысы болғысы келеді. Соғыс соңындағы талас-тартыстан өз үлесін алып қалуға тырысатындай.
Қарап отырсақ, жаһандық тар­тыстың географиясы ұлғаюда. Қазір әлемде соғыс өрті тұтанған аймақтар көп. Ауғанстан дағда­рысы талай жылдан бері шешімін табатын емес. Жыл басында бұған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шеңберінде Қазақстан араласқан. Бірер күн бұрын ғана аймақтағы қауіпсіздікті реттеу миссиясына орай, Өзбек­стан да өз сөзін айтты. Африканың түкпіріндегі Нигерияда апта сайын жарылыс. Мексика – мәңгі қыл­мыс мекені. Израиль мен Палес­тина алауыздығының тыйылмай, Газа секторынан береке қаш­қанына қанша жыл болғандығын да шатастыра бастадық. Әзірге сойқандардың сойқаны – Сирияда тоғысып тұр. Алдымен, Америка ат ізін салған, артынша Ресей мен Түркия білек сыбанды. Жоғары­дағы жағдайларды шола отырып, әлемдік көшбасшылардың екіге жарылғанын аңдау қиын емес. Сирия – олар үшін қаруларын ғана емес, саяси шешімдер мен көш­басшылық қабілеттерін де сынап көретін алаңқайға айналған сияқты. Ақырын күтейік.

 

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*