АҚШ тарихындағы қанды 10 оқиға

1044
0
Бөлісу:

Осы аптаның басында бүкіл Американы қамтыған ең ауқымды, бұрын-соңды болмаған шеру болып өтті. Оған шамамен 500 мыңдай адам қатысып, жергілікті билік дүкендерде сатылатын қаруға қатаң бақылау жасау қажеттігін талап етті. «Өмір сүру үшін – шеру» деп аталатын шараға АҚШ-тың танымал актерлері мен әншілері де қатысты. Бүкіл Америка мән берген бұл акцияның мақсаты не? АҚШ халқы қазіргі кезде не нәрсеге мазасызданып отыр?

Ақиқатында, америкалықтар­дың алаңдайтындай да жөні бар. Осыдан бір ай бұрын АҚШ-та ешкім күтпеген оқыс оқиға орын ал­­ғаны мәлім. Жұртты шошын­дырған бұл жайттан Америка әлі сабақ алып үлгерген жоқ. Осыдан бір апта ғана бұрын дүкеннен қару сатып алған жасөспірім, өзімен қатар оқитын екі мектеп оқу­шы­сын атып өлтірді. Өзіне де оқ жұм­сап, бақилық болды. Бірақ кейінгі кезде дүкеннен автомат немесе винтовка алып, өзінің қатарласта­рын атып кете беретін америка­лықтар көбейіп кеткен. Бұл мәселе тіпті Ақ үй қожайыны Дональд Трампты да алаңдатты. Ақ үй басшысы «атыс жиі болатын аудандағы мектеп мұғалімдері өздерімен бірге қару алып жүргені дұрыс» деп өзінің твиттерінде жазба қалдырды. Бірақ бұл пікір де көпшіліктің қолдауына ие болған жоқ. Өйткені екінің бірі қару қолдануды немесе пайдалану­ды біле бермейді. Әрине, бұл орайда Ақ үй қожайыны «оқыстан осын­дай оқиға орын алса, қаскөйден тезірек құтылу керек. Оққа-оқпен жауап беру қажет» деген тұрғыда айтқан шығар. Десек те, мұны америкалық­тардың бәрі де қол­даған жоқ.
Жалпы, мектептегі атыс Амери­ка үшін үйреншікті әдетке айнал­ған­дай. Тарихқа назар аударсақ, әр төрт-бес жылда мұн­дай оқиғалар жиі қайталанып тұрады екен. Мұ­ның басты себебі неде? Жас пен жасамысына қа­ра­мастан, кез келген америкалықтың дүкеннен қару сатып алуына мүм­кіндігі бар. Бірақ мұндай мүмкіндік олардың өздеріне ауыр тиіп тұрғанын айтуымыз керек. Жалпы, Америка тарихында соңы қанды оқиғаға алып келген мұндай оқиға­лардың саны оннан асады. Бәрін басынан бастасақ…


1. Өткен айдың 15 ақпанында Флорида штатының Марджори Стоун­мэн Дуглас мектебінде 19 жас­тағы Николас Круздың (су­ретте) қатысуымен болған қанды оқиғаны қазір ешкім есіне алғысы келмейді. Тәртіпсіздігі үшін оқу­дан шығарылған Николас араға бірер жыл салып келіп, АR-15 маркалы винтов­касымен 17 оқу­шыны және бірнеше мұғалімді атып кеткен. Бірақ жалпы бізде ғана емес, дүние­жүзілік тәжірибеде ортақ бір нәрсе бар. Оқиға бол­ғаннан кейін ғана барып, «оны бұл жағдайға не итер­ме­леді?» деген сауалға жауап іздеу басталады. Біріншіден, оқудан шығарылған Николас Круз мектеп әкім­шілі­гінен осылай кек алмақ болған. Екіншіден, оның компьюте­рін тексергенде, өзінің әлеуметтік жеке парақшасынан зорлық-зом­былыққа шақырған үндеу бары байқалған. Енді осындайда сауал туады: мұны ата-анасы немесе қа­тарластары неге байқамаған, неліктен құқық қорғау органдарына мәлім етпеген? Осы жайтқа байла­нысты АҚШ президенті Дональд Трамп «бұл жерде Федералдық тер­геу орындарының үлкен кінәсі бар. Олар қайда қараған? Арнайы қыз­мет орнының өкілдері зорлық-зомбылыққа шақырған үндеуді неге байқамады?» деп өз пікірін білдірді. Әрине, айтуға оңай шығар. Бірақ бүгінде миллиондаған адам әлеу­меттік желіде отырады. Оның бәрін де бақылау мүмкін емес шығар. Десек те, мұндай тәртіпсіздіктің боларын желідегі Николас Круздың қатарластарының сезбеуі мүмкін емес. Бұл мәселеге қатысты Фло­рида штатының губернаторы Рик Скотт та «Круздың әрекетіне шара­сыз­дық танытқаны үшін Федерал­дық тергеу бюросының басшысы Кристофер Рей қызметінен кетуі тиіс» деп мәлімдеді. Сөйтсек, кейін анықталғанындай, оқиға болардан бір ай бұрын, 5 қаңтар күні Федерал­дық бюро қызметіне белгісіз біреу­ден «Круз адамдарға қарсы оқ атуы мүмкін» деген хабарлама келіп түс­кен. Бірақ арнаулы қызмет орны­ның өкілдері бұған соншалықты мән бермеген. Бірер ай өткеннен кейін 15 ақпан күні Николас Круз Марджори Стоунмэн Дуглас мек­тебінде қанды қырғынды бастаған. Ол бұл қадамға әдейі барғанын мәлім­деді. 17 оқушыны өлтіріп, 14 адам­ды жаралаған Круз үлкен нөпір халықтың ішіне кіріп, полицияны адастырып кетпек болған. Бірақ ұзамай ұсталды.
2. 2017 жылдың 5 қарашасында Техас штатының маңындағы бап­тистер шіркеуінде орын алған қанды оқиға да талайдың есінде. AR-15 жартылай автоматты винтов­касымен шіркеуге баса-көктеп кірген 26 жастағы Девин Келли 25 адамды өлтіріп, 20 адамды жаралап кеткен. Американың әскер әуе күш­тері саласында қызмет еткен ол, бұрын да тәртіпсіздігімен құқық қор­ғау органдарының есебінде тұр­ған. 2012 жылы оны әскери три­бунал өз әйелі мен баласына ша­буыл жасағаны үшін бірер жылға сот­таған. Жақсы тәртібі үшін абақ­ты­дан босап шыққанымен, қанды оқиға 5 жылдан кейін қайта орын алды. 2014 жылы тағы бұзақылық жасағаны үшін ол әуе күштері қызметі саласындағы жұмысынан шығарылады. Қанды жексенбі күні орын алған оқиғадан кейін Девин Келли көлігімен қашып кетуге бел байлайды. Бірақ жолда оған екі америкалық қарсы оқ атып, көлік аударылып қалады. Полиция өкіл­дерінің қолына түсуге қорыққан ол өз-өзін атып өлтіреді.
3. 2017 жылдың 2 қазанында Лас-Вегаста болған оқиға АҚШ тарихындағы ең қанды қырғынның бірі болып саналады. Бұл күні ақ нәсілді Стивен Пэддок деген қас­көйдің оғынан 58 адам өліп, 520 адам жараланды. Mandalay Bay қонақүйіне орналасқан ол қарама-қарсы беттегі алаңқайда фестивальді тамашалап тұрған халыққа қарсы оқ атқан. Кейін белгілі болғанындай, қылмыскер бұған бірнеше ай бойы дайындалған. Қонақүйдің жоғары қабаттағы бөлмесіндегі шамаданнан 23 қару табылған. Оның барлығы да оқтаулы болған. Қылмыскер осы қарудан фестивальге келген қонақ­тарды қынадай қырған. Қонақүй мен фестиваль өтіп жатқан жердің арасы шамамен 200 метрдей болған. 58 адамның өліп, 520-дан астамы­ның жараланған өзі қылмыскердің қан­құйлы жендет екенін дәлелдейді. Мұншама адамды қырған қаскөй ақырында автоматтың ұңғысын аузына тақап, өзін-өзін атқан көрінеді.
4. 2016 жылдың 12 маусымда Флорида штатының Орландо қала­сында болған оқиға да әлі ұмытыла қойған жоқ. 29 жастағы америкалық жігіт Омар Матин түнгі клубта 49 адамды өлтірген, оның атқан оғынан 58 адам жараланған. Түп атасы Ауғанстаннан шыққан азамат өзі өзбек қызына үйленген көрінеді. Көгілдірлер көп жиналатын түнгі клубқа келген ол, автоматтан оқ жаудырған. Мұның себебін ол былай деп түсіндірген: «АҚШ билігі Сирия мен Ирактан әскерлерін алып кетуі тиіс. Қылмыскер поли­ция өкілдерінің атқан оғынан қайтыс болды. Бұл оқиғаны «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобы өз мойнына алды.
5. 2012 жылдың 20 маусым күні Колорадо штатындағы кинозалға кірген қонақтар көп ұзамай қаскөй­дің қолынан қаза табатынын сол уақытта, әрине білген жоқ. Кино жартысынан ауа берген тұста үстіне броножилет киіп, бет-аузын тұм­шалап алған 24 жастағы жергілікті тұрғын Джеймс Холмс отырғандарға улы дәрі шашқан. Сонан соң AR-15 қаруымен оқ жаудырған. 14 адам өліп, 60 адам жарақаттанды. 90 секунд­тан кейін оқиға орнында қылмыскерді полиция ұстады. Сот барысында Джеймс Холмс өзін есі дұрыс емес адам ретінде көрсеткені­мен, бірақ бұл дәлелсіз болып шықты. Прокурор оны ату жазасына кесуді сұрады. Бірақ алқа билер бір шешімге келе алмады. Ақырында сот қылмыскерді өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
6. 2012 жылдың 12 желтоқса­нында Коннектикут штатында ау­тизмнің жеңіл белгісімен ауыратын Адам Лэнза қолына Bushmaster AR-15 винтовкасын және екі пис­толет алып, «Сэнди Хук» мектебінен шығып келе жатқан 5-10 жастағы оқу­шыларды атқан. Соның сал­дарынан жазықсыз 20 бала бақилық болды. Қылмыскер мектепке кірер алдында өзінің үйіне соғып, 52 жастағы анасын атқан. Басына төрт рет тиген оқтан анасы қайтыс бол­ды. Арнайы бөлімнің қызметкерлері келгенше, ол өзін де атып үлгерген.
7. 2007 жылдың 16 сәуірінде Вирджини политехникалық инс­титутында оқитын Оңтүстік Корея­дан келген студент Чо Сын Хи өзінің сүйген қызымен сөзге келіп қалып, ақырында басқалардан кек алған. Шизофриниямен ауыратын жігіт оқу корпусы мен жатақханаға кіріп, 33 адамды жер жастандырған. Қылмыскердің оғынан одан басқа 29 адам жараланған. Сол екі ара­лықта ол NBC News телевизиялық қызметіне хат пен арнайы бейнекө­рініс жіберіп, өзін Иисус Христос екенін айтқан. Аудиторияда про­фес­сордың басына оқ атып, дәріс тыңдап отырған студенттерге оқ жаудырған Чо Сын Хи ұсталып, қалған өмірін абақтыда өтеп жатыр.
8. 1999 жылдың 20 сәуірде Ко­лорадо штатының Колумбайн орта мектебінде орын алған ауыр қаза да – АҚШ тарихындағы қаралы күндердің бірі. Қолдарына қару алып кірген екі жас жігіт – Эрик Харрис пен Дилан Клиболд 12 оқу­шыны өлтіріп, ондаған баланы жарақаттаған.Төрт жарым сағат бойы білім ордасының ойранын шығарған екі лаңкес ақыры өздеріне оқ жұмсаған. Қылмыскерлердің ісімен 80 тергеуші айналысқан көрі­неді, 1400 куәгерден сұрау алынып, 10 мыңнан астам дәлелдеме кел­тірілген. Бір қызығы, екі жас та бай отбасының балалары болып шық­қан. Шаштарын ұзын етіп, үнемі қара плащ киіп жүретін екеудің кей­бір киімдерінде нацистік бел­гілер болған. Бірақ оған ешкім де назар аудармаған сияқты. Кейін анықталғандай, Колумбайн орта мектебінде қанқұйлы қылмысты екеуі, 20 сәуір Гитлердің туған күніне әдейі жасаған болып шықты.
9. 1991 жылдың 16 қазанында Luby’s мейманханасында кешкілік демалып отырған 140 адамның 23-ін өлтірген жұмыссыз Джордж Хен­нардтың әрекеті де ақтауға тұрмай­ды. 27 адам қылмыскердің оғынан өлді. Полиция өкілдерімен атыс ке­зінде өз-өзіне оқ жұмсаған Джордж Хеннардтың әрекеті Америка тарихындағы ауыр қазалы күндердің бірі болып тарихта қалды.
10. 1984 жылдың 18 шілдесінде McDonald’s жедел тамақтану ор­талығында мұздай қаруланып, 21 азаматты өлтіріп кеткен Джеймс Хьюбертиді дәрігерлер алдын ала қарағанда, мүмкін мұндай ауыр қаза болмас па еді?! Өйткені бірнеше апта бойы басы ауырған Джеймс телефон арқылы бір күн бұрын жүйке аурулары емханасы дәрігері­нің қабылдауына жазылады. Ерте­сіне дәрігерлер фамилиясымен шатасып, оны қабылдамай қояды. Онсыз да жүйкесі сыр беріп жүрген Джеймс Хьюберти «бүйткен қоғамы бар болсын» деп назаланып, үйіне келеді де қару алып, көшеге шы­ғады. Browning Hi-Power маркалы пистолетін, Uzi автоматын, Winches­ter винтовкасын алып, жедел тамақтану орталығында ол 21 азаматты атып, 19 адамды жарақат­тайды. Атыс кезінде арнайы жасақ­тың мергені оны атып өлтіреді.
Жалпы, бұл ғана емес, Америка тарихында адам өліміне әкелген мұндай оқиғалар жиі кездеседі. Оның ішіндегі ең үлкен қаза 2001 жылдың 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік сауда үйінде орын алды. Лаңкестердің мылтық кезенуімен екі ұшақ қос ғимаратқа соғылды. Осында жұмыс істеп жат­қан 2819 адамның өмірін жалмаған «ғасыр қасіретін» «әль-Каи­да» лаңкестік ұйымы өз мойнына алды. Бірақ осы күнге дейін «бұл ауыр оқиғаны АҚШ-тың барлау қызметі арнайы ұйымдастырды» деген долбар әңгіме толастамай тұр.
Десек те, қанды оқиғаның қай-қайсысында болсын, бейбіт өмір­дегі жазықсыз жандар жапа шегеді. Ең қорқыныштысы, кейінгі кезде АҚШ-та оқушыларды өлтіріп, дема­лып отырған адамдарды қырып ке­те­тіндердің қатары көбейіп барады.

 

Берік Бейсенұлы

Бөлісу:

Пікір жазу


*