«Нұрлы жер» халық пен нарыққа не берді?

1203
0
Бөлісу:

Мемлекет тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге қанша жағдай жасағанымен, әлі де мәселенің өзектілігі жойылған жоқ. Осыған дейін сарапшылар бұқараға нарықта ұсынылатын ипотека шарттары қолжетімсіз деп топшылайтын. Сәйкесінше, Үкімет те жыл сайын пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау арқылы тұрғын үй несиесінің жүгін жеңілдетуге тырысып бағуда. Өткен жылы іске қосылған «Нұрлы жер» бағдарламасы да осы принциппен жұмыс істеді. Биылғы «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасы шарттарды одан әрі жеңілдете түседі деп жоспарланған.

Өткен жылы осы тақырыпқа арналған форумдардың бірінде сарапшылар «бұл проблеманы толық шешуіміз үшін бізге әлі 20 жыл қатарынан 20 млн шаршы метр тұрғын үй салуымызға тура келеді» деген болжам­дарымен бөліскен-тін. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жақында өткен баспасөз мәслихаты барысында баспанамен қамтамасыз етудің қазіргі деңгейі ең жоғары көрсеткіш деп баға берді. Әрине, болашақта оның үлесі арта береді деген үміт те жоқ емес.
«Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асырудың нәтижесінде 100 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 11 млн шаршы метрден асты. Яғни, 2016 жылға қарағанда 6,2%-ға жоғары. Естеріңізде болса, бұрын КСРО кезінде «Тұрғын үй – 91» деген бағдарлама болған. Сол кезде Қазақстанда жылына 6,5 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылатын. Өткен жылда 11 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үймен 100 мыңнан астам отбасыны баспанамен қамтуға қол жеткіздік. Бұл – тұрғын үй құрылысын іске асырған жылдардағы ең жоғары көрсеткіш» деді министр.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, тұрғын үй құрылысы учаскелеріне 3,6 мың шақырымнан астам желі тартылып, жеке тұрғын үй құрылысына 70 мыңнан астам жер учаскесі берілген. Бағдарламада баспаналы болуға ынталы бұқараның мүддесі ғана емес, сонымен бірге құрылыс нарығының субъек­тілері үшін де тиімді тармақтар қамтылған еді. Мысалы, жеке құрылыс салушылар үшін пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау механизмі аясында субсидиялауға жалпы сомасы 38,9 млрд теңге болатын 29 жоба мақұлданды. Бұл – 450 мың шаршы метр, оның 50 мың шаршы метрі 2018 жылы іске қосылмақ.
Сонымен бірге, «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» арқылы 1 330 азамат мемлекет берген субсидияның көмегімен 14,2 млрд теңге сомасындағы жеңілдетілген ипотекаға қол жеткізген екен. «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша мемлекет пен екінші деңгейлі банктер арасындағы оператор ретінде «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» жалпы сомасы 21,4 млрд теңге болатын 2059 өтінімді мақұлдаған.
Әлеуметтік бағдарламалардың көпшілігі мемлекеттік жоба саналғанымен, мұнда да жеке инвестицияның рөлі ауқымды екені анық. Бұл орайда ведомство басшысы Мемлекет салған 1 теңге инвестицияға 5,4 теңге жеке инвестициялар тартылғанын атап өтті. «2017 жылы тұрғын үй құрылысына 979,8 млрд теңге (+18%) инвестиция тартылды. Бұл ел тәуелсіздігі жылдарындағы рекордтық көрсеткіш болып саналады» дейді ол.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолда­уын­да 2030 жылы халықты жан басына шаққанда 30 шаршы метрден келетіндей тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды. Сондықтан «Нұрлы жер» бағдарламасын одан әрі іске асыру механизмдерін қайта қарап жатырмыз. Тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында арзан құрылыс пен ипотекалық кредит беру мәселелері бойынша жұмыс жүргіземіз. 2030 жылға қарай тұрғын үй көр­сеткішін бір тұрғынға шаққанда 30 шаршы метрге дейін жеткізу жоспарлануда, – дейді Ж.Қасымбек.
Әзірге халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі – 21,6 шаршы метр. Тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы аясында соңғы онжылдықта бұл көрсеткіш 30 пайызға өскен екен.
Ж.Қасымбектің мәлімдеуінше, ком­мерциялық банктер биыл құрылыс салу­шыларға 70 млрд теңгеге субсидияланатын несие береді. Байқағанымыздай, әлеуметтік мүддені көздейтін бағдарламаның құрылыс секторынан бөлек, қаржы нарығына да әсері барын көреміз. Өйткені банк секторын жандандыру несие берудің жыл сайынғы көлемін 350 млрд теңгеге дейін және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің экономикалық белсенді салымшыларының үлесін 12 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Президент биылғы Жолдауында үй құрылысын жүргізуде жаңа стандарттарды енгізуді тапсырғанын сөз еткен министр бұл бағыттағы жоспарлардың да орындалып жатқанын алға тартты.
– Біз құрылыстың жаңа әдістерін және жобалауға тиімді тәсілдерді қолдану жұ­мыстарын бастадық. Осы жұмыстар аясында еврокодтарды енгізу кезеңі аяқталады. Бұл шетелдік инвесторларға кездесетін кедергілерді жоюға және ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді ол.
Баспасөз мәслихаты барысында айтылған негізгі жаңалықтың бірі «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілетін өзгерістер жайы болды. Бұған Елбасы нақтылап берген бес әлеуметтік бастама аясындағы «7 –20 – 25» ипотекалық бағдарламасының шарттары тікелей әсер етіп отыр.
– Мемлекет басшысы жариялаған «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру аясында осы айда жаңа «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасының нормаларын есепке ала отырып, «Нұрлы жер» бағдарламасына енгізілетін өзгерістерді Үкіметке таныс­тырамыз. Қысқаша айтқанда, жаңа бағдар­ламада несиенің пайыздық сыйақы мөлшері жылына 7 пайызға дейін төмендетіледі. Ал бастапқы жарна 20 пайыздан аспайды. Ай сайынғы төлем жүктемесін азайту үшін несие мерзімі 25 жылға дейін ұзартылады. Осы механизм арқылы әрбір жұмыс істейтін адам несиеге пәтер сатып ала алады. Қазақстан­дықтардың көбінің тиімді шарттар арқылы баспана сатып алуға мүмкіндігі болады, – деді министр.
Нәтижесінде, биыл екінші жартыжыл­дықта барлық санаттағы азаматтар үшін тұрғын үй нарығындағы ипотеканың пайыз­дық мөлшерлемесі айтарлықтай төмендеп, қарапайым халық үшін де қолжетімді бола түсуі мүмкін. «Қазіргі уақытта жаңа бағдарламаны неғұрлым тиімді іске асыру үшін талаптарын жеңілдету бойынша Ұлттық банк Қазақстан Республикасының заң­намасына бірқатар түзетулер дайындап жатыр» деді Ж.Қасымбек.
Әрине, әлеуметтік бағдарламаның уақыт пен нарық талабын ескеріп тұрғындар үшін тиімді тарапқа қарай өзгергені – құптарлық іс. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін министр аймақтардың бағдарламаға қатысу белсенділігіне баға беріп өткен болатын. Жыл басындағы деректерге сәйкес, алдыңғы орында Астана – 2,4 млн м² және Алматы қаласы – 1,9 млн м², одан кейін Маңғыстау (833 мың м²) және Ақтөбе облыстары (792,3 мың м²). Тұрғын үймен қамтамасыз ету жағынан Батыс Қазақстан (42,4%), Оңтүстік Қазақстан (36,2%), Қостанай (35,9%) және Павлодар облыстарында (31,2%) да өсім байқалған.
«Нұрлы жер» бағдарламасының осыған дейінгі тұрғын үй саясатын жақсартуға бағытталған бағдарламалармен салыс­тырғандағы тиімділігі де бізді толғандырмай қоймады. Бұл сауалымызға жауап берген Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру департаменті директорының орынбасары Меруерт Көпбаева осыған дейінгі тұрғын үй саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың бір бөлігі «Нұрлы жер» бағдарламасына біріктірілгенін айтты.
– Жобаның басты ерекшелігі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бір емес бірнеше бағытты қамтитын кешенді шаралардың қолға алынып отырғандығы. Олардың қатарында мемлекет субсидиясының көмегімен құрылыс компаниялары алатын несиелерді арзандату, ипотекалық несиелерді субсидиялау, әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салу жұмысын ары қарай жалғастыру, жекеменшік жер үйлер нарығының дамуына үлес қосу секілді мәселелер бар. Басты артықшылықтарына пайыздық мөлшер­леменің төмендігін, бағдарламаға кіретін тұрғын үйлердің шаршы метр бағасының нарықтық құннан арзанырақ болатынын, «Нұрлы жер» бойынша тек пәтер емес, жекеменшік жер үй алуға мүмкіндігінің бар екенін жатқызуға болады.
Маманның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұңғыш рет «Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту» атты жаңа бағыт жүзеге асырыла бастаған. Ол аза­маттарға пәтер емес, жеке үйдің иесі атануға мүмкіндік береді.
– Еліміздегі халықтың көп бөлігі жер үйлерде тұратынын ескерсек, бұл бағыттың үлкен маңызға ие екенін көреміз. Жеке үйлер құрылысы әртүрлі және бей-берекет жүрмеуі үшін, әлемнің алдыңғы қатарлы қалаларының тәжірибесіне сүйене отырып, бірыңғай сәу­леттік стильде құрылыс салу ойлас­тырылды. Жергілікті атқарушы органдар құрылысқа қажет жер ретінде негізінен облыс орталық­тарының маңынан немесе болашақта даму қарқыны жоғары болады деп болжанған шағын қалалардан арнайы жер бөлді. Қазір мұндай жерлерде коттедж қалашықтары бой көтеріп жатыр. Жыл басынан бері Ақтөбе (194 үй) және Қостанай (18 үй) облыстарында 212 коттедж пайдалануға берілді. Жылдың аяғына дейін Алматы (195 үй), Жамбыл (50 үй), Солтүстік Қазақстан (72 үй), Қостанай (100 үй) және Шығыс Қазақстан (50 үй ) облыс­тарында 467 коттедж пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, – деді департамент өкілі.

 

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*