«Теңізшевройлдың» ширек ғасырлық тойы

1201
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Қазақстан Президенті жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде «Теңізшевройл» жо­басы туралы келісімге қол қойылған сәттен бері ширек ғасыр өткенін айтты.
– 25 жыл ішінде «Теңізшевройл» мұнай-газ нарығындағы көшбасшыға айналды. Жоба іске қосылғаннан бері мұнай өндіру көлемі 30 есе өсіп, тарихи межеге – үш миллиард баррельге жетті, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы бұл кәсіпорынның ел экономи­касына зор үлес қосып отырғанына тоқталып, Қазақстанда өндірілетін мұнай көлемінің үштен бір бөлігінен астамы «Теңізшевройл» компания­сына тиесілі екеніне назар аударды.
– «Теңізшевройл» компаниясы экономи­каның машина жасау, мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету, көлік және құрылыс сияқты са­лаларында жұмыс істейтін мыңдаған қазақ­стандық кәсіпорынның дамуына жол ашты. Бұл дегеніміз – алынған салықтар мен дивидендтер, Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көрсеті­летін қызметтердің сатып алынуы. Бүгінде жоба аясында 30 мыңнан астам азаматымыз жұмыспен қамтылған, ал жобаның барлық шығынының 32 пайызынан астамы Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің үлесіне тиеді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Үшінші жаң­ғыруы және Төртінші өнеркәсіптік рево­люция эле­менттерін енгізу жағдайында өн­дірістің өнімділігі мен тиімділігін арттыратын заманауи цифрлы технологияларды ұтымды пайдалану қажеттігін атап өтті.
– Мұнай мен газ бағасының құбыл­малы­лығына және балама технологиялардың да­муына байланысты мұнай мен газды кең кө­лемде қайта өңдеу мәселесі туындайды. Қазақ­стан да бұл мәселеге мүдделілік танытып отыр. Үкімет ком­паниямен бірлесе отырып, қайта өңдеу кә­сіпорын­дарын салу мәселесін қарас­тыруға және бұл жөнінде баяндауға тиіс. Қайта өңдеу сала­сында жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі бірінші кезекте тұр. «Шеврон» компаниясы бұл мәселеге орай қолдау білдіреді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Теңізшевройл» ком­пания­сының бүгінгі жетістіктерге еңбеккер­лерінің білімі мен тәжірибесінің арқасында қол жеткізгенін атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Шеврон» компа­ния­сының ди­ректорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртпен кез­десті.
Кездесуде тараптар мұнай өндіру мен мұ­найды қайта өңдеу саласындағы өзара ықпал­дастықтың қазіргі мәселелері мен перспек­тиваларын талқылады.
Мемлекет басшысы өткен жылдар ішінде екі тарап тығыз әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтіп, бүгінде ынтымақтас­тықтың жаңа кезеңі басталғанын айтты.
– Сіздер оңай өңделетін мұнайдың әлемдегі ең терең әрі ірі кен орындарының біріне инвес­тиция құйып отырсыздар. Қазіргі таңда оны тасымалдау мәселелері шешілді. Бұл «Шеврон» компаниясының ең ірі активтерінің бірі екенін атап өткен жөн, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Майкл Уиртті қызме­тіне кірісуімен құттықтап, жауапты жұмысына табыс тіледі.
М.Уирт Қазақстан Президентіне құттық­тағаны үшін алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынастардың жемісті екенін атап өтті.

Бөлісу:

Пікір жазу


*