Елорданы дамыту жөнінде кеңес өтті

Президент Нұрсұлтан Назарбаев елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Астананың құрылысы мен қалыптасу тарихының кезеңдеріне тоқталып, осы үдеріске қатысқандардың барлығы да бұған зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.
– Біз бабаларымыздың арманын орындап, Сарыарқаның төрінде астанамызды салдық. Әсем қала салып, оны бүкіл әлемге паш еттік. Астана бүкіл халқымыздың мақтанышына айналды. Көптеген адам мұнда ауа райы жағдайына қарамай тынымсыз еңбек етті, – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Астананың айрықша мәртебеге ие болып отырғанын және оның әлемдік аренадағы беделі зор екенін айтты.
– Біз тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде тиісті инфрақұрылымы бар миллион адам тұратын нағыз мегаполис тұрғыза алдық. Астана – бүкіл жер шарының назарын өзіне аударып, әлемдік деңгейдегі маңызды шаралар өткізе алатын дүниежүзіне танымал қала, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңес барысында Астана қаласының әкіміӘ.Исекешев қаланың инфрақұрылымын дамыту және трансформациялау, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды салуға қатысты жобалардың іске асырылуы жөнінде есеп берді. Атап айтқанда,Ә.Исекешев денсаулық сақтау саласына цифрлық технологияларды енгізу, тұрғын үй нысандарын салу, әлеуметтік жобаларды іске асыру, жаңа энергетикалық моделді енгізу, сондай-ақ қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүргізу барысын баяндады.
Есепті тыңдаған Мемлекет басшысы тартылған инвестиция көлемі мен шағын және орта бизнестің өркендеуіне қатысты қол жеткізілген бірқатар экономикалық көрсеткіштерге оң баға берді.
– Астана – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан қала. Тұрғындарының саны 1 миллионнан асты. Халық санының өсуімен қатар тұрғын үй құрылысы да жанданып келеді. 20 жыл ішінде 20 миллион шаршы метр тұрғын үй, 53 жаңа мектеп пен 26 аурухана пайдалануға берілді, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы еліміздің және экономикамыздың жекелеген секторларын одан әрі өркендету жолындағы Астананың маңызды рөліне тоқталды.
– Қала салу жөнінде дұрыс шешім қабылдадық. Астана экономиканы әрі қарай дамыту, халық санын көбейту, ғылым, техника және инновация салаларын ілгерілету ісіне тың серпін берді. Елорда құрылысына жұмсалған барлық қаржы ақталды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды қол жеткізген жетістіктермен шектелмей, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясындағы жұмыстарды жалғастыруға шақырды.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы қала әкімшілігінің және уәкілетті мемлекеттік органдардың ерекше назар аударуын талап ететін мәселелерге арнайы тоқталды.
Атап айтқанда, Елбасы шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өкілдері арасында жазғы сауда алаңдарын пайдалану ережелеріне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімсіз пайдаланылып жатқанын, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда орындарының ұйымдастырылу проблемаларын да атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, туристік нысандарды тиімді пайдалану, «Сергек» жүйесін қолдану, ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үйлер мәселесін шешу, еліміздегі мегаполистердің стратегиялық даму мәселелеріне тоқталды.
– 2050 жылға дейін тұрғындар саны Алматыда – 2,5 миллионға, Астанада – 2 миллионға, Шымкентте 1,5 миллионға жетуі керек. Бұл қалалар әлемдік деңгейде қызмет көрсетілетін өсіп-өркендеу орындарына айналады. Басқа қалалардың да өздерінің даму бағдарламалары болуға тиіс. Үкімет бұл мәселені зерттеуі қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына уақытылы бақылау жасауды қамтамасыз етудің қажеттілігін айтып, қалада көлік тұрақтарын салу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Мемлекет басшысы Кемерово қаласында болған қайғылы жағдайдан сабақ алу керектігін ескертіп, қоғамдық орындардағы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.
Қазақстан Президенті энергиямен қамтамасыз ету саласында EXPO – 2017 көрмесінің озық тәжірибелерін пайдалану қажеттігін атап өтіп, қаланы газбен қамту жүйесін құру мәселесін қарастыруды тапсырды.
Кеңес барысында көлік инфрақұрылымы мен жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысын дамыту, адамдар демалатын орындар мен білім беру нысандарын салу, қаланың экологиялық проблемаларын шешу және қалдықтарды қайта өңдеу мәселелері де талқыланды.
Жиын соңында Нұрсұлтан Назарбаевқа электр қуатымен жүретін экспериментальді IVECO Heuliz маркалы автобус көрсетілді.