Шығыстағы жағдай – Үкімет бақылауында

913
0
Бөлісу:

Ел Үкіметі су тасқыны зардабын тартып жатқан Шығыс Қазақстанға қосымша 2 миллиард теңге бөлді. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Министрлер кабинетінің отырысында мәлім болды. Жиында Үкімет мүшелері еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және оған сәйкес, қолданыстағы үшжылдық республикалық бюджетті нақтылады.

Сонымен бірге, Үкімет Білім беру мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдар­ламасын өткен жылы іске асыру­дың қорытындыларын шығарды. Күн тәртібіне сондай-ақ ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік, денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелері шығарылды. Отырыс соңын­да өткен І тоқсандағы инфляцияға қатысты ахуал пысықталды.
Бұл мәселелерден тыс, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев су басып жатқан Шығыс Қазақстан облысындағы жағдайды жеке қарады. Ол осының алдын­дағы Үкімет отырысында да атал­ған өңірдегі су тасқыны мәселесі қара­лып, жағдайды бақылауда ұстау және зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсету туралы тапсыр­малар берілгенін еске салды.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәліметінше, қазір бүкіл Қазақстан бойынша 50 елдімекендегі 1500-ден астам үйді су басқан. 3800-ден астам адам эвакуацияланды. Су тасқы­ны­ның себептері ретінде «күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынның норма­сынан 3 есеге артық жаууы» атал­ды. Қабылданған шаралар арқасында су «құрсауынан» 1100 үй босатылып, 2700-ден астам адам үйлеріне оралыпты.
– Шығыс Қазақстан облысында күрделі жағдай болды. Бүгінде ол жақта 396 үй және 185 аула су астында қалған. Осыған байланысты Семей, Аягөз, Зырянов және Шемонайхада жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 1000-нан астам адам, 200 техника, 96 мотопомпа және 8 қайық жіберілді, – деді Қ.Қасымов.
Мемлекеттік материалдық қордан ШҚО-ға 8 техника мен жылжымалы электр стансасы жіберілген. Министрдің айтуынша, Қарағанды, Ақмола, Қоста­най, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстары да су тасқыны бойынша күр­делі жағдайға кезігуде. Осы облыс­тар­да және ШҚО-да тағы да дауыл күті­ліп отырғаны жөнінде дабыл қағылды. Осыған байланысты Ішкі істер министрі жергілікті атқарушы органдардың жедел іс-қимылдарға дайын болуы керектігін ескертті.
Ал облыс әкімі Даниал Ахметов өңір­­дегі су тасқынының жай-күйі тура­лы баяндады. – Бүгінгі таңда Аягөз, Глубокое, Шемонайха, Зырян ауданда­рында және Семей қаласында табиғи си­паттағы төтенше жағдай режимі жа­рия­­ланды. Жағдайды мен жеке бақы­лауыма алдым, – деген Даниал Ахметов су тасқынының қаупін жоюға 570 бірлік техника, сонымен қатар қоғамдық жұ­мыс­тарға 3107 адам тартылғанын жет­кіз­ді. Қандай зардап келгенін анықтау үшін арнайы комиссиялар жұмыс істеу­де. Қалпына келтіру жұмыстары да атқарылып жатқан көрінеді.
Өз кезегінде Үкімет басшысы су тасқыны мәселелерін шешу үшін ШҚО-ға республикалық бюджеттен қосымша 2 млрд теңге бөлетінін жариялады.
Осыдан кейін күн тәртібіндегі мәсе­лелерге ден қойған Үкімет мүшелері Қазақстанның әлеуметтік-экономи­ка­лық даму болжамдарын қайта қарады және тиісінше, бұрын бекітілген 2018-2022 жылдар бюджетіне түзетулер енгіз­ді. Биыл қол жеткізу көзделіп отыр­ған негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджет параметрлері туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.
Бас экономист 2017 жылы еліміздің атаулы ЖІӨ-сі 52,4 трлн теңге деңгейінде бағаланғанын атап өтті. Шынында, ол 558 млрд теңгеге артық болып шықты. ЖІӨ-нің нақты өсімі былтыр тура 4%-ды құраған. 2018 жылғы қаңтар-ақпанда да экономикалық өсім 4% болып отыр.
Сондай-ақ ел Үкіметі 2018 жылы 1 баррель мұнайдың болжамды бағасын 45 доллардан 55 долларға дейін жоғарылатты.
– 2018 жылы атаулы ЖІӨ 57,2 трлн теңге көлемінде болады деп болжанады. Бұл былтыр тамызда мақұлданған көрсеткіштен 1,3 трлн теңгеге артық. Осы жылы еліміздің нақты ЖІӨ-сінің өсімі 3,8% деңгейінде күтілуде. Бұған дейін ол 3,1% көлемінде тұспалданған. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 9 мың 200 долларға дейін артады, – деді Т.Сүлейменов.
Бұдан өзге, өнеркәсіптің өсу бол­жамы да қайта қаралып, енді 3,3%-ға дейін арттырылды. Бұл өңдеу өнер­кәсібінен күтілетін аса жоғары өсімге (5,1%) байланысты. Сонымен бірге, Энергетика министрлігінің болжамдары бойынша 2018 жылы республикада 87 млн тонна мұнай өндірілмек. Мұнайдың әлемдік бағасының қымбаттауын және экономиканың өсімін ескере отырып, Қазақстанның экспорты болжамы биыл 54 млрд долларға дейін, ал импорты 34 млрд долларға дейін көтерілді. Инфля­ция бұған дейін бекітілген 5-7% дәлі­зін­де ұсталады.
Түзетілген макроболжам негізінде республикалық бюджет параметрлерінің болжамы да нақтыланды. Биылғы жыл бюджетінің нақтыланған жобасы алда Мәжіліске енгізіледі.
– Оған сәйкес, бюджет кірістері 2018 жылы 5,7 трлн теңге көлемінде баға­ла­нады. Бұл бекітілген жоспарға қара­ғанда, 190 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қорға құйылатын түсімдер болжамы 546 млрд теңгеге ұлғайып, 2,6 трлн теңгеге жетті, – деді Тимур Мұратұлы. Жыл соңында Ұлттық қордың валюталық активтері 58,3 миллиард доллар құрайды деп болжанып отыр. Бұл ЖІӨ-ге шаққанда, 34,7%-ына тең.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, нақтыланған республикалық бюджет шығыстары 417 млрд теңгеге ұлғайып, 9 трлн 643 млрд теңгені құра­мақ. Бұл қаражаттан 292,5 млрд теңге Елбасының «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілік» және «Төртінші өнеркә­сіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларын іске асыруға бағытталады.
– Мұғалімдер жалақысын 30-дан 50%-ға көтеруге 61,8 млрд теңге жұмса­лады. Білім беру тапсырысын 20 мың грантқа ұлғайтуға 5 млрд теңге қарас­ты­рылады. Мүгедектер күтімімен айна­лысатын адамдарға жаңа жәрдем­ақы беруге – 2,7 млрд теңге, ауылдарды ауыз­сумен қамтамасыз етуге қосымша 30,9 млрд теңге арна тартады, – деді бас қаржыгер.
Бюджет жобасында Президенттің тапсырмалары мен бұрын қабылданған міндеттемелер бойынша жалпы сомасы 99,4 млрд теңге шығыстар ескерілді. Ол миллиардтар Астана (25 млрд теңге) және Алматы (10,7 млрд) қалаларын одан әрі дамыту, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету (18,7 млрд) бойынша іс-шаралар мен жобаларға бағыт алады.
Отырыста Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев пен Ұлттық эконо­мика министрі Т.Сүлейменов 2016-2019 жылдарға арналған Білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасын іске асыру қорытын­дылары туралы өз әріптестерін хабардар етті.
БҒМ басшысының мәлімдеуінше, 2017 жылы жалпы саны 64,4 мың орынды 849 мектепке дейінгі мекеме (балабақша) ашылды, оның 717-сі – жекеменшік. 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақша кезегі өткен жылмен салыстырғанда 25,3%-ға азайып, бүгінде 125,2 мың адамды құрады. 2017 жылы еліміздегі балаба­қ­ша­лардың орта есеппен 15%-ы инклюзив­ті білім беруге жағдай жасаған.
Орта білім беру саласында жаңар­тылған білім мазмұнына көшу жал­ғасуда. 2017-2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7-сынып­тар жаңа жүйеге ауысты. 5 күндік оқу аптасы енгізілді. 2019 жылдан бастап, 10-11 сыныптарда жара­ты­лыстану бағы­ты­ның «Физика», «Химия», «Биология», «Информатика» пәндерін ағылшын тілінде оқытуға даярлық жүргізілуде.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында оның сапасын, қолжетім­ділігін және тартымдылығын арттыру­дың жаңа тәсілдері әзірленді. 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап, 260 біліктілік бойынша жаңа модульдік бағдарламалар енгізіле бастады, онда мамандықтың 3 біліктілігін игеру қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бері 583 колледжде «Баршаға арналған тегін ТжКБ» жобасы іске асырылуда. 100,8 мың адамға мемлекеттік тапсырыс берілген, оның ішінде 21 мыңы – Өнімді жұмыспен қамту бағдарлама­сының қатысушылары.
Жоғары білім беру саласында ЖОО-лардың академиялық және басқару­шы­лық дербестігін кеңейту үшін тиісті заң жобасы әзірленіп, Мәжіліске енгізілген. QS WUR әлемнің үздік университет­терінің рейтінгісіне 2017 жылы қазақстандық 8 университет кірді.
– Ғылым мен экономиканың нақты секторының өзара байланысын күшейту және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Халықаралық ғылы­ми-техникалық орталықтың гранттық қаржыландыруы аясында 12 жоба іске асырылды, – деді Е.Сағадиев.
Осыдан кейін бас экономист бұл мемлекеттік бағ­дарламаның орын­да­луы­­на жүр­гіз­ген мониторингтің нәти­же­лерін жария­лады. Министр
Т.Сүлейменовтің дерегінше, бағдар­ла­ма­ның 8 мақсатты индикаторының – 7-і, 51 көрсеткішінен тек 45-і орын­дал­ды. 2017 жылы жоспар­ланған
166 шараның 161-і іске асырылды.
Білім беру саласына салынған инвестициялар 23%-ға өскен және жалпы көлемі 265 млрд теңгені құрады. Мұндай өсімге МЖӘ жобаларын белсенді іске асыру ықпал етті. 2017 жылы білім беру саласында жалпы сомасы 31,2 млрд теңге көлемінде 101 жобаға келісім жасалды.
Дегенмен ЖІӨ құрылымында білім берудің үлесі небәрі 2,8% немесе 1 трлн 468,9 млрд теңге деңгейінде қалып отыр. Білім берудің ЖІӨ-ні өсіруге қосқан үлесі – бар-жоғы 0,1 пайыз. Отырыс барысында Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметовтің, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың, БҚО әкімі
А.Көл­гі­новтің баяндамалары тыңдалды.
Мәселені қарауды қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев бүгінде Жолдауды және Президенттің бес бастамасын іске асыруға байланысты білім беру жүйесіне өте маңызды міндеттер жүктелгенін нықтады. Осыған орай Білім және ғылым министрлігіне мемлекеттік бағдарламаны жандандыру бойынша жұмыстарды жеделдету, жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студент жастардың жатақ­хана­дағы жағдайларын жақсарту бойын­ша бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөніндегі Елбасы тапсырмалары­ның орындалуын қамтамасыз ету жүктелді.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*