Мобильді қосымша қолдану – тренд

2315
1
Бөлісу:

Бүгінде мобильді қосымша ұғымы бәріне таныс. Әуелде уақытыңызды үнем­деуге үлес қосып, жүйкеңізді орын­сыз жұқартуға жол бермейді деп жос­пар­ланған мобильді қосымшалар адам тұр­мысын сөзсіз жеңілдетті. Техно­ло­гиялық өнім әртүрлі төлемдерді үйден шықпай-ақ бір батырманың көмегімен жүзеге асыруға жол ашып, өмірдің кез келген са­ласында бағдар беруге, оңтайлы ше­шімдер табуға көмекші болуымен қатар, бар­лық қызмет түрлері мен тұтыну тауар­ларын бір ортаға топтастырған таптырмас құралға айналды.

Statista компаниясының болжамына сәйкес, 2020 жылы мобильді қосымшалар на­рығының табысы 189 млрд долларға жетеді. Оның дамуы әлем халқының смартфондарға қол жеткізу мүмкіндігі мен интернетпен қамтылу деңгейіне бай­ланысты десек, аталған екі көрсет­кіш­тің де соңғы жылдары артып келе жатқаны бұл саланың болашағы бар екенін аңғар­та­ды. Қазақстан IT технологиялар өн­дірі­сін кештеу қолға алса да, қазірдің өзін­де мобильді қосымшалар нарығында отан­дық өнімдер пайда болып, жас кә­сіп­керлер бой көрсете бастады. Біз дамуы жөніндегі дерек пен зерттеу аз қазақ­стан­дық нарық туралы пікірін білу үшін IT маманы Ержан Оналбаевты әңгімеге тарттық.
«Мобильді қосымшалардың қарқын­ды дамуы смартфондардың кеңінен қол­д­анысқа енуімен қатар келді. Соңғы жыл­­дары Қазақстанда мобильді қосым­шаларды қолдану тренді қалыптасқаны байқалады. Бірақ олардың арасында әлі де болсын, отандық өнімнің үлесі аздау бо­лып тұр. Мәселен, қазақстандық market.kz сауда алаңы интернет қолдану­шы­лардың сұранысы мен қызығушылығы тұрғысынан қарағанда, оlx-ке теңдесе ал­майды. Алдағы 3-5 жылда мобильді қо­сым­шалар нарығында үлкен өзгерістер орын алып, даму жалғасады. Қазір бұл на­рықтың Қазақстанда оң нәтиже көр­сетіп, кәсіпкерлер мен халыққа тартым-ды бола бастағанын мобильді қосым­шалар­дың бағдарламасын жазатын ма­мандарға де­ген сұраныстың артуынан көруге бо­ла­ды. Басқа IT мамандарымен салыс­тыр­ғанда, мобильді қосымша жа­сау қолынан ке­летін азаматтардың ала­тын жалақысы да жоғары» дейді ол.
Мобильді қосымшаның белгілі бір тұтынушылар тобына арналып жасалып, олардың қандай да бір қиындығы мен мә­селесін шешуге бағытталатынын біле­міз. Осы тұста, қоғамдық көліктің қай жер­де келе жатқанын нақты көрсетіп, сіз біл­мейтін орынға жетудің бірнеше жо­лын нұсқайтын жиі қолданыстағы қо­сым­шаларды еске алуға болады. Бірақ бірін­ші кезекте бұл өнім коммерциялық жо­ба екенін ескеру керек

Оны құрастыруға уақыты мен еңбегін жұмсаған адамның мобильді қосымша қызметінен пайда табуға ұмтылуы түсінікті құбылыс. Google Play, App Store операциялық жүйелерінің дүкендеріне (аталған тауар белгілерінің жүктеуге арналған бағдарламалар жинақталған қоймасы) орналас­ты­рыл­ған мобильді қосымшалардың иесіне, олардың қолда­нысы кезінде көрсетілетін жар­нама үшін пайда түсіп отырады. Мәселен, сіз пәтер іздеп отырған кезде қосымшаның жоғары не төмен бөлігінде шығатын жарнамалардың көрсетілім жиілігі мен өнімді жүктеген адамдардың санына қарай өз бағасы бар. Одан бөлек, кей мобильді қосымшалар ақылы екенін байқаған боларсыз. Оларды жүктеу үшін көрсетілген көлемдегі ақшаны төлеп, бағдарламаны құрастыр­ған адамның еңбегін сатып алу қажет. Ержан Оңалбаев ТМД елдерінде аза­мат­тар мобильді қосымшаларды сатып алуға әлі дайын еместігін айтады.
– ТМД елдерінде, оның ішінде Қазақстанда қалыптасқан менталитет бойынша, адамдар көбіне тегін ресурс­тарды пайдалануға бейім. Музы­ка, кинотуындылар не басқа шығарма­шылық өнімдерін біз сатып алуға асықпаймыз. Оның интернеттегі тегін баламасын іздейміз. Әлемнің көп елінде ақыл-ой еңбегін сатып алып пайдалану дәстүрі бар. Мұндай үрдіс жақында Ресейге де келе бастады. Ондағы бір­қатар танымал тұлғалардың авторлық құқықты құрметтеуге, шығарма­шы­лықты еңбекті бағалауға шақырған үндеулері ақырындап өз нәтижесін беріп келеді. Өкінішке қарай, қазір Қазақстан нарығында коммерциялық тұрғыдан өзін ақтайтын, сәтті жүзеге асқан мобильді қосымшалар аз. Жаңалықтар тарататын ақпарат көздері, банк қызметін жүргізетін, пәтер мен көлік іздейтін, әртүрлі тауарларды сауда­лайтын қосымшалар қолдану­шы­лары көп болғандықтан, табысты жобаларға жатады. Бірақ олар көп емес. Қазір адамдар қаржысын есепшотта сақтап, төлемдерді банк карталары мен электронды әмияндар арқылы жүзеге асыратындықтан, банк қосымшаларын пайдаланатындардың саны басым. Осы тұста бір қызық тенденцияны байқауға болады. Қаржының негізгі айналымы физикалық тұлғалардан түсетін банктер­дің мобильді қосымшалары жақсы жұмыс істейді, олардың қызметі үнемі жетілдіріліп отырады әрі қолданушы­лары да көп. Сонымен қатар салым­шы­ла­рының 80 пайызын заңды тұлғалар құрайтын кей екінші деңгейлі банктер­дің мобильді қосымшалары көбіне жай имидж үшін құрастырыл­ғанын көреміз.
Жаңадан қалыптасып келе жатқан нарыққа кәсіби білікті мамандар мен тың идеялар керек. Ал қазір несібесін мобильді қосымша жасаудан айырып жүрген азаматтар білгенін қайдан үйренген? Ержан Оңалбаев елімізде осы салада сап түзеп жүргендердің бірқатары шетелден білім алып оралса, енді бір бөлігі өздері оқып үйренгенін айтады. Қазір интернетте бағдарламалау тілін меңгеруге көмектесетін пайдалы плат­фор­малар көп екенін тілге тиек еткен ол «Мүмкін жекеменшік университеттерде бұл сала мамандарын дайындайтын шығар, бірақ Қазақстанның ұлттық статусқа ие университеттерінде мобиль­ді қосымша құрастыру бағыты оқытыл­майды» дейді.
Google Trends динамикасында соңғы бес жылда блокчейнге деген қызығу­шылық айтарлықтай артқаны тіркелген. IBM жүргізген зерттеулер 2018 жылы он үкіметтік ұйымның тоғызы блокчейнге инвестиция салуға дайын екенін көрсет­ті. Мұны Google Play мен App Store опе­рациялық жүйелеріндегі крипто­валю­талар мен блокчейн-техноло­гия­ла­рына арналған қосымшалар санының күрт өсуінен де байқауға болады. Әлем­дік нарыққа жасалған шолуды негізге алып, біз әңгіме құрған IT маманынан Қазақстан нарығына алдағы уақытта қандай мобильді қосымшалар қажет болатынын сұрадық. Ол өз ойын «Сіз ізде­ген көлік те, пәтер де Olx сияқты қосым­шаларда бар. Бірақ сіз көлік ізде­сеңіз kolesa.kz, ал пәтер қажет болса, krisha.kz көмегіне жүгінесіз. Бұл біздің нарықта кең көлемді қызмет түрлерін ұсынатын алаңдарға қарағанда, жеке саланы бағдарға алған өнімдердің өтімділігі жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан болашақта экономиканың, тұрмыстық өмірдің, қызмет көрсету саласының әр бағытына маманданған мобильді қосымшалар танымал болады деп ойлаймын» деп қорытындылады.

 

Динара ТІЛЕУБЕК

 

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Молдир 9 Қараша, 2018 at 22:08 Жауап

    Салеметсизбе! Менин жуктилигиме 37 апта болады, маган узиде тазовое предлежание деди, енди гимнастикалар жасап баланы томен карата аламынба ягни озим босануга мумкиндик барма? Рахмет!

Пікір жазу


*