ҰЛТТЫҚ КОД ДЕГЕН – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАДЫ

1805
0
Бөлісу:

Жаңғыру мен жаңғырықтың арасы – бір-ақ қадам. Ұлтымыз жаңа ғасыр бастауында тұр. Кө­ненің көзі көмілуге қараған еді. Ескінің сар­қыншағы естен шыққан тұс. Нені аламыз, нені қоямыз? Парасатпен парықтай білгенге мәселе көп. Жаңа ғасырда жаңа тұрпатты ұлтқа айналу деген оңай нәрсе емес. Қабылданған көзқарас­тарға бүгінгі биіктен қайта қарау да қажет тә­різді.

Елбасы еңбегіне қайта көз жүгіртсек. «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қа­ла­сында мән-маңызы қай кезде де құнын жо­ғалт­пайтын мынадай сөздер бар: «Жаңа тұр­патты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлт­тық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру де­геніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қа­сиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқ­тан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың ая­сында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тә­жірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қа­рамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрін­бей өткен озық дәстүрлерді табысты жаң­ғырудың маңызды алғышарттарына ай­нал­дыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлт­тық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол ада­суға бастайды».
Ұлттық код деген не? Меніңше, бұл – ха­лық­тың жады. Жақсы мен жаманды таразы ба­сына тартатын, ұлт үшін еңбек еткендерді ес­керетін, ел үшін ерлікке барғандарды өмір­бақи ескірмейтін «Зерде» кітабына жазып қоя­тын да – сол жады.
Міне, көктемнің екінші айы да келді. Бұрынғы қазақ бұл айды «көкек» деп атаушы еді. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап ол «сәуірге» өзгерді. Есімі елге танымал журналист, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбай мыр­за әлеу­меттік желідегі парақшасында: «Қа­зақша ай аттарында «апрель» айын «кө­кек» дейді. Ал «сәуір» қайдан пайда болды? Оның тарихы мы­нандай: 1990 жылы 24 ап­рельде арнайы заң­мен Қазақстанда пре­зи­денттік билік ен­гізіл­ді. Тура сол күнге Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінің ал­ғашқы саны жарық көрді. Бұрын «апрель» сөзі қолданыла беретін.
Компартияның қылышынан қам тамып тұрса да жаңа басылымда ай аттарының қа­зақ­ша берілгенін көңіліміз қалап тұр. Алайда бір аптадай ғана бұрын Орталық Комитеттің апрель Пленумы өткен. Оны қалай жазамыз? «КПСС Орталық Комитетінің Көкек Плену­мы» десең бас кетеді. Содан, газеттің бас ре­дак­торы Сарбас Ақтаев жол тапты: «Сәуір Пленумы» дейік деп.
Осы тіркестегі «сәуір» сөзі біртіндеп бар­ша басылымдарға ауысты. Одан кейін «Ор­талық Комитет» те, «Пленум» да жойылды. Бі­рақ қазақша ай аттарының ішінде көзге шық­қан сүйелдей боп арабша «сәуір» сөзі қа­лып қойды. Енді соны неге түзетпеске?!» деп жазды.
Күллі қазақтілді басылымдарын айды өз аты­мен – «көкек» деп жазуға шақырған пуб­лицис­тің ұсынысын жақтаушылармен қатар, қар­сы пікір өрістетушілер де бар.
Жомартбек Нұрман «Жаңылмайтын жақ бол­мас» дегендей, Өзбекәлі Жәнібеков «кө­кек­­ке» келгенде сүрініп кеткені рас. Сұңғыла тұлға еді, бірақ санасына коммунистік идея­ның терең сіңіп кеткені сондай, «сонда Ле­нин­нің «Апрель тезистерін» – «көкек те­зис­тері» дейміз бе?» деген уәжді алға тар­тып, сәуірді өткізіп жібергенін білеміз, оқыдық, естідік, – десе, Амангелді Керімтаев «Көне көз қариялар сәуірді көкек айында болатын амал дейтін еді ғой. Шамасы осы ұғым дұрыс болуы керек» депті.
Қазақша-арабша ай атаулары мынандай: Наурыз – Хамал; Көкек – Сәуір; Мамыр – Зау­за; Маусым – Саратан; Шілде – Әсет; Та­мыз – Сүмбіле; Қыркүйек – Мизам; Қазан – Ақырап; Қараша – Қауыс; Желтоқсан – Жә­ди; Қаңтар – Дәлу; Ақпан – Құт.
Қазіргі қолданыстағы ай аттарын заман­дас­тарымыз шатастырмайтыны анық. Алайда көнекөз қарияларымыз осы он екі айды ескі­ше жіліктеп отыратын. Енді соның бәрі ұмыт болды.
Марат Байділдаұлының ұлттық бастау­лары­мызға оралу жөніндегі ойын сан-саққа жүгіртіп, болмайтын әңгіменің қоламтасын қоз­датушылар да табылады. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұғымдар мен түсініктерді елек­тен өткізіп, жақсысын алып, жаманын қал­ды­рып отыратын да – халықтың жады. Осы тұр­ғыдан алғанда, әріптесіміздің ұсынысы ха­лықтық талқыға салуға сұранып-ақ тұр.
Өзгеріс үшін өзгеру де керек. Заман ағы­мына икемделу – көптің ісі. Жаңа дәуірдің жа­ғымды жақтарын бойға сіңіру өздігінен бо­ла салмайды. Осыны есте ұстасақ.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*