ХИДЖАМА ЖАСАУ: ДҰРЫСЫ ҚАЙСЫ, БҰРЫСЫ ШЕ?

3780
2
Бөлісу:

Хиджама жасау әдісі көбейді. Оның пайдасы да жоқ емес. Халық медицина өкілдері ағзадағы түрлі дерттен сауықтырудың жолы – хиджама деп қарайды. Ал халық еміне сүйенетіндер саны жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай тұр. «Хиджама арабшадан қазақшаға аударғанда «сору» дегенді білдіреді. Артық қанды алу арқылы денені зиянды заттардан арылтады. Қан алдырудың пайдасы көне заманнан бар, күні бүгінгі медицинада да дәлелденген. Бірақ қазір жаппай хиджама жасататындардың жайы алаңдатарлық дүние. Ең бірінші, тазалық қатаң сақталуы тиіс. Бұл салаға жауапкершілік жүгі ауыр» дейді республикалық «Халық және рухани емшілері» орталығының директоры Шәкен Мұқанұлы.

Денсаулық сақтау саласының тізгінін ұста­ған министр Елжан Біртанов Қазақ­стан­да хиджама әдісінің көп таралып кет­ке­ніне алаңдаушылық білдірді. Министр өз сөзінде: «Бұл қызмет медициналық қыз­мет құрамына кірмейді. Біріншіден, заң бойын­ша мемлекет тарапынан беріліп отыр­ған тегін медициналық көмектің ке­піл­дендірілген көлеміне хиджама кірмейді. Жалпы бұл қызмет министрлік бақылайтын медициналық қызметтер тізіміне кір­ме­ген­діктен, оны медициналық қызмет деп са­намаймыз», – дейді. Сондықтан бұл қыз­мет­тің са­пасына жауап бермейтінін де жеткізді. Демек, дәстүрлі медицина хид­жама жасау әді­сін құп көрмейтін секілді.
Ал ислам елдері бұл әдісті көптеп қол­данады. Хиджама – емдік мақсатта қан алу­дың бір түрі. Оны дененің кез келген же­ріне жасауға болмайды. Желке мен қос жауырынның ортасына жасалатындықтан, бі­лікті дәрігерге қаралған жөн. Дін маман­дары, теологтар бұл әдісті қолдануға қарсы емес. Дәстүрлі медицина ше? Жалпы, көп­шілік хиджаманы қандай жағдайда жа­сай­ды? Оның пайдасы мен зияны қан­дай?
Осы тақырыпта мамандардың пікірін біл­генді жөн көрдік.

Төрегелді ШАРМАНОВ, академик:

Қан алу – үлкен жауапкершілік

– Жақында Денсаулық сақтау министрлігі хиджама жөнінде «Бұл қыз­мет медициналық қызметтің құрамына кірмейді. Біріншіден, заң бойын­ша мемлекет тарапынан беріліп отырған тегін медициналық көмек­тің ке­піл­дендірілген көлеміне хиджама кірмейді. Жалпы, бұл қызмет министрлік ба­қы­лайтын медициналық қызметтер тізіміне кірмегендіктен, оны меди­циналық қызмет деп санамаймыз» деген болатын. Министрлік тарапынан хид­жама қадағаланбайды және оған тыйым да салынбаған. Сондықтан ха­лыққа ескерту – министрлік міндеті. Қазір қан алдыратын орталықтар өте көп. Хиджаманы жасайтын адамның дәрігерлік білімі бар ма, жоқ па, өкі­ніш­ке қарай, оны ешкім қадағалап отырған жоқ. Сол себепті, министр­ліктің бұл ем түрін қауіпті деп табуы, ескерту жасауы – орынды нәрсе.
Денсаулық сақтау саласында барлық қызмет түрлеріне қойылған ар­найы талаптары бар. Қан – адам өмірінің өзегі. Қан алдырғанда анти­сеп­тикалық нормалар сақтала ма, құрал-саймандар дұрыс зарасыздандырыла ма – бәрі белгісіз. Бұл жоғары қауіпті білдіреді. Министрліктің алаңдап отыр­ғаны осы себептен.
Хиджама жасауды өз басым қолдамаймын. Себебі, бұл ем түрінің қан­шалықты пайдасы бар екенін анықтау үшін тексерістер өткізілуі керек. Хид­жама жасайтын маманның кәсібилігі, арнайы лицензиясының болуы, тә­жірибесі т.с.с. көрсеткіштер негізінде тексерістер жасалып, заң жүзінде бе­кіту қажет. Қан алу – үлкен жауапкершілік.

Күнсұлу ЖҰМАБАЕВА, дәрігер-невропатолог:

Инфекциялық аурулар таралу қаупі жоғарылайды

– Хиджама жасауға еш қарсылығым жоқ. Қан алдыру негізгі ем бола алмайды. Бұл – заманауи медициналық емдеу жолымен бірге жүретін қосымша ем-дом түрі болып саналады. Неврологиялық ауруларда негізгі еммен бірге қолданылады. Қан алдыру кезінде қан қысымы төмендейді. Бірақ бұл қан қысымын емдемейтінін ескерген жөн. Дегенмен қан арқылы жасалатын кез келген процедура адам өмірі үшін қауіпті. ВИЧ, гепатит инфекцияларын жұқтыру қаупі алдыңғы кезекке шығады. Қанға, ашық жараға инфекция тез жұғады. Қан алған кезде травматикалық шок болуы да ықтимал. Ол жерде санитарлық норма сақталмаса, жағдай оңай болмайды. Қан алдыратын орында реанимациялық жабдықтардың бәрі болуы тиіс.
Кез келген адам өз денсаулығына өзі жауапты. Сондықтан қандай ем-дом түрін таңдаса да – өз еркі. Біреулер емдік мақсатта, біреулер алдын алу шарасы ретінде қан алдыртады. Қандай мақсатта болса да, әуелі хиджама жасалатын орталықтың медициналық мекеме болғанына назар аударған жөн. Кәсіби маманданған дәрігерлер ғана қызмет көрсету керек. Қанмен таралатын түрлі инфекциялардың таралу қаупі жоғары.
Онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастардың хиджама қолдануына өз басым қарсымын. Себебі, мұндай науқастар қарапайым ем түрін өте сақтықпен қабылдау керек.

Сырым МЫРЗАӘЛИ,
Нәтижелі медицина орталығының дәрігері:

Заманауи медицинадан күдер үзгендер келеді

– Хиджама қандай ем-дом түрі?
– Хиджама – көне заманнан келе жатқан ем түрі. Көптеген мұ­сылман елдерінде қолданылатын емдік тәсілдердің бірі. Өз басым бүгінгі заманауи медицина мен дәстүрлі медицинаның өкі­лі болғандықтан, екеуін бір-біріне қарсы қоюдан аулақпын. Ке­рісінше, ХХІ ғасыр медицинасы интеграциялық медицина болуы керек. Демек, дәстүрлі медицинаның жақсы тұстарын алып, заманауи медицинаның ұтымды жақтарын бірге қолданып, дерт­тен айығу жолын іздейтін заман. Қазіргі таңда ревматизм, арт­рит, көптеген аутоиммунды аурулар емделмейтін болып есеп­теледі. Егер дәстүрлі емді осы аруларға қолданып көрсек, ем­делу­ге үміт пайда болатыны анық.
– Хиджама жасау үшін арнайы білім қажет пе? Қандай сер­ти­фикат болуы керек?
– Бір айта кетерлік жайт, хиджама жасау заң жүйесінде әлі рет­телмеген. Хиджаманың қандай медициналық қызмет түріне жа­татыны әлі күнге дейін анықталмаған. Хиджаманы халық ме­ди­цинасына, инемен емдеуге, кішігірім хирургиялық әрекетке де жат­қыза аламыз. Мәселе – соны анықтап, нақтылауда.
Қазіргі уақытта Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетіл­діру институтында «Дәстүрлі медицина» кафедрасы бар. Сол жерде ресми түрде медициналық білімі бар дәрігерлерді хиджама жасауға үйретеді. Яғни, жалпы медицина факультетінде 7 жыл бі­лім алып, жалпы практика дәрігері атанған жан институтқа ке­ліп мамандана алады. Хиджама жасаумен кемінде орта меди­ци­налық білімі бар адам айналысуы керек. Бірақ оның өзінде ар­найы дәрігердің жетекшілігі арқылы жұмыс істеуі қажет. Хиджама жа­сауды үйрену де дәрігердің қарым-қабілетіне, икеміне бай­ла­ныс­­ты. Біреулер 1 айда игерсе, тағы біреулерге жарты жыл керек.
Хиджама дұрыс жасалса, көптеген аурулардан айығуға бола­ды. Дұрыс жасалмаса, адамның денсаулығына зиян келтіретіні анық. Мәселен, денені терең тіліп жіберсе, көктамырға түсіп, көп қан жоғалуы мүмкін. Болмаса, қанша қан мөлшерін алу қажеттігі жайында анық білмесе, адам әлсіреп, тіпті талып қалу жағдайына әкеледі. Антисептиканы жақсы игермеген дәрігер болса, нау­қасқа түрлі инфекциялық ауруларды жұқтыруы да әбден мүмкін. Сондықтан арнайы білімі бар дәрігер ғана хиджаманы дұрыс жа­сай алады.
Бас аруларының кейбір түрлері, омыртқа аурулары, қан қы­сымы мен кейбір бауыр ауруларына хиджамамен емделудің өзі жет­кілікті болатын жағдайлар кездеседі. Ал кейбір ауруларға хид­жама қосымша ем түрі ретінде жақсы негіз бола алады. Себебі, қан алынған жердің маңайындағы ағза мүшелерінің қан айна­лымы жақсарады. Қабылданатын дәрі-дәрмектің дұрыс сіңуіне де септігін тигізеді. Демек, екі емді қатар қолданатын болса, ауру­дан тез айығуға болады.


– Хиджаманы қандай жағдайда қолдануға болмайды?
– Қанның дұрыс ұйымауы, қан обыры, тромбоцитопения, лей­коз, анемия, онкологиялық ауруларда хиджама қолданыл­майды. Хиджаманы онкологиялық ауруларға қолдану жөнінде ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер бар. Ғалымдардың бір тобы – онкологиялық аурулар үшін бұл ең соңғы үміт те болуы мүм­кін деген пікірді ұстанса, басқа топ ғалымдары бұл аурудың одан бе­тер таралуына әсер етеді дейді. Мен бірінші пікірді ұс­та­на­мын. Бі­рақ екінші топ ғалымдарының пікірін жоққа шы­ғар­маймын.
Қан құрамында гемоглобин мөлшері шамадан төмен болса, мә­селен норма 120 болғанда, көрсеткіш 115 болса, кейбір жағ­дай­ларда хиджама қолданылады. Дегенмен мұның барлығын дәрігер науқастың қан сараптамасы мен басқа да зерттемелерін ескере отырып шешеді.
– Хиджама жасау жастар арасында сәнге айналып бара жат­қа­ны жасырын емес. Қан алдыруда жас ерекшеліктері ескеріле ме?
– Науқастың жасы 35-тен асқан болса, хиджаманы ең көп де­генде ай сайын жасауға болады. Дегенмен барлық жастағы азаматтар үшін профилактикалық мақсатта жылына екі рет жа­саған жеткілікті. Салауатты өмір салтын ұстанатындар, ұстан­байтындар да бар. Яғни, салауатты өмір салтын ұстанбайтын жан­дар үшін хиджаманы жылына екі рет жасауға болады. Ал ден­саулығына қарайтын, дұрыс өмір салтын ұстанатын жандар үшін хиджама жасау міндетті емес.
– Хиджама жасауға науқастарды дәрігерлер жібере ме, әлде көп жағ­дайда өздері іздеп келе ме?
– Қазір хиджаманы ғылыми тұрғыда зерттеп, оның пай­дасына, шынайы ем екеніне көз жеткізген дәрігерлер бар. Яғни, бізге арнайы дәрігердің жолдамасымен келетіндер де аз емес. Алайда заманауи медицинадан күдерін үзген жандар да жолығып жа­тады. Қандай науқас келсе де, алдымен қан сараптамасын тап­сырады. Науқастың қажетті барлық сараптасын жинап, қан қы­сымын өлшеп, барлық ауруын зерделеп, анықтап болған соң ғана хиджама қажет, қажет емес екенін шешеміз.
– Медициналық орталықтарды зерделеп қарасақ, хиджама құ­ны әрқалай екен. Бұл неге байланысты?
– Хиджама жасау құны 3000 теңгеден 18 000 теңгеге дейін ба­ра­ды. Хиджама емдік және сауықтыру деп бөлінеді. Бағасы да осы­ған байланысты. Оқыту орталықтарында хиджама жасау кур­сын бітіргендер хиджаманы тек сауықтыру, профилактикалық ба­ғытында ғана жасай алады. Ұзақтығы – 20 минуттан 45 минутқа дейін. Терең тілмейді, яғни соған орай жұмыс көлемі де үлкен емес. Қазір жасыратыны жоқ, хиджаманы медициналық білім жоқ азаматтар да үйреніп, бизнес көзіне айналдырып алған. Адам­ның денсаулығы – ең бірінші байлығы. Сондықтан ем-дом тү­рін қабылдамас бұрын арзан бағасына емес, сол орталық ма­мандарының кәсібилігіне, біліміне баса назар аударған жөн.
Ал ауруларды емдейтін хиджаманы тек арнайы оқытылған дәрі­гер ғана жасай алады. Бір сеансы 1-1,5 сағатқа созылады. Бұл хид­жама түрінде дәрігер банкіні қайта-қайта ауыстырады, нау­қасты емнің соңына дейін бақылауында ұстайды.

Хасан АМАНҚҰЛОВ,
ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары:

Дін хиджама жасауды құптайды

– Хиджама сөзі араб тілінде «сору, тартып алу, сіңіру» деген мағыналарға келеді. Терминдік мағынасында бұл сөз Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінде бекітілгендей адам денесінен қан алу дегенді білдіреді. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл жайында хадисте былай деген: «Үш түрде ем бар: бал ішуде, қан алуда және отпен күйдіруде. Ең жақсы ем жолы – қан алу» деген. Ғалымдар Пайғамбарымыздың медицина жайында айтылған хадистері жиналған арнайы кітаптарын да жазған.
Қазір мешіттердің жанында арнайы хиджама орталықтары ашылып жатыр. Мұнда мәселе – білікті мамандардың жұмыс істеуінде, тазалыққа қатаң мән беруінде. Мемлекет тарапынан қадағалануы керек. Мәселен, қажылыққа барсаңыз, арнайы хиджама бөлмелерін көресіз. Араб елдерінде хиджама жасау заңды түрде бекітілген. Оларда хиджамаға жүгінетіндер қатары көп екенін айта кету керек. Бізде де бұл ем-дом түріне қызығушылық артып келеді. Дін хиджама жасауды құптайды. Бұл – ғибадат, сүннет. Бұл ем-домды заңды тұрғыда бекітудің уақыты келген сияқты. Заңды негізде арнайы талаптар қойылып, қадағаланбаса, пайдасынан гөрі зияны көп болары анық.
Қазіргі таңда көптеген зиянды заттар көбейді, ауа райы бұзылып, суда, тамақта токсин пайда болған әрі адам ағзасының құрамы дәрі-дәрмектердегі химиялық заттарға тәуелді. Адамның жасы 40-тан асқан соң қаны қоюлана түседі. Көбінесе, хиджама бастан, желкеден, иық пен омыртқадан алынады. Реті келсе, жылына бір рет, не екі рет алдырған абзал. Сараптамаға қан тапсырғанда, тамырдан ағып тұрған қан алынады. Ал хиджамада денсаулыққа зиян келтіретін арам қан шығарылады. Ауру қан айналымының бұзылуынан шығатыны белгілі. Шариғаттың талабы бойынша хиджаманы әйелдерге әйел адам, ер адамдарға ер кісі жасауы тиіс.

Мұхиддин ИСАҰЛЫ, теология ғылымдарының докторы: 

Шығыс медицинасындағы маңызды ем-дом

– Хиджама қазір дінге бет бұрғандар арасында кеңінен тарал­ған. Бұл – сонау ата-бабамыздан келе жатқан Пайғамбарымыздың сүн­неті. Кезінде біздің аталарымыз батпаққа, құмға түсетін. Жыл­дың бір мезгілінде малдың мүйізімен қан алдыратын. Кейде ме­дициналық банкілерді пайдаланатын. Содан кейін сүлік сал­ды­ратын. Осылайша, денедегі арам қанды алдырудың пайдасын ер­теден білген. Хиджама исламда ғана емес, ежелден келе жатқан Шы­ғыс медицинасындағы маңызды ем-дом саналады. Сүндетке отыр­ғызу да медициналық тұрғыда дұрыс дүние. Оны Еуропа мойын­дап отыр. Сол сияқты хиджаманың пайдасын әлем жұрт­шы­лығы ұғынып келеді.
Бір айта кететіні, хиджаманы оқыған, кәсіби дәрігер жасауы ке­рек. Адамның денесінде арнайы нүктелері болады. Сол нүкте­ле­рін дәрігер ғана таба алады.
Қазіргі таңда медициналық маманданбаған хиджаманы үйреніп алып, білсе де білмесе де табыс көзіне айналдырып отырғандар бар. Бұ­ған мен қарсымын. Өйткені ет пен терінің арасындағы арам қан­ды алу дұрыс. Бірақ ол дұрыс алынбаса адам, ағзасындағы пайдалы қан да алынып, керісінше ауруға душар болуы әбден мүмкін. Қазір хиджама «сәнге» айналғаны жасырын емес. Бір орталықтарда хид­жа­мамен қанды көп мөлшерде алатынын естідім. Ол – дұрыс емес. Хид­жамада қан кезең кезеңімен алынады. Бірден көп мөлшерде қан алуға болмайды. Қазір дәрігерлер осы хиджама инфекция тара­тушыға айналып кете ме деп қауіптенуде. Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің бұл қаупі де негізсіз емес. Қаншама жекеменшік орта­лық­тар бар. Егер онда тазалық қатаң сақталмаса, нағыз инфекция тарату­шы құралына айналуы мүмкін. Бір қолданылған банкі екінші рет қолданылмайтынын ескерген жөн. Халық саулығынан асқан бай­лық жоқ. Бұл мәселе министрлік тарапынан назарға алынып, ше­­­шімін табады деп сенемін.

 

Мақсат ӘБДІҚАДІРҰЛЫ,
медицина ғылымдарының магистрі, жоғары санатты дәрігер:

–Қазақ медицинасында қан алдыру бұрыннан келе жатыр. Адам денесінде 706 түрлі ине көзі бар. Соның 64-не ине салуға тыйым салынған. Соның ішінде 34-і өте қатерлі. Қазақ медицинасы бойынша көктемде наурыз бен сәуір айларында, күзде қазан мен қараша айларында хиджама алған пайдалы деп есептеледі. Мұның себебі, жазда, күзде адамдарда жеген тамақтар әсерінен адам денесінде шлактар пайда болады. Қазақ медицинасы қанды науқастың ауырған жерінен алады. Қол-аяқ буындары ауырғанда солай жасайды. Ал қан қысымы кезінде дәрі-дәрмектер көмектеспеген жағдайда хиджама пайдаланылады. Онда қан бастың екі жақ шекесінен, қарақұстан алынады. Ал Шығыс медицинасында ине салатын нүктелерден алады. Аурудың жағдайына байланысты, көбінесе инсульттан кейін, артрит, полиартрит кезінде жасайды.
Ислам медицинасында хиджаманың пайдасы туралы айтылған. Соның негізінде, медициналық білімі жоқ молдалардың қан алдырып жүргендері бар. Ең қауіптісі – медициналық білімі жоқ бақсы-емшілердің хиджаманы жасауы. Өйткені абайсызда қауіпті 34 нүктенің біреуіне түссе, адам өліп кетуі мүмкін. Сондықтан хиджаманы медициналық мекемеде жасатқан дұрыс.

Мәселенің тоқетері:

Байқасаңыз, дәстүрлі емес медициналық қызметтің түріне жататын хиджама  жасау әдісі  денсаулық сақтау саласының да, Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің де бақылауында жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің  құзыретіне  тек  дәстүрлі медициналық мекемелерді тексеру ғана кіретіні белгілі. Ал Үкіметтің 2005 жылғы 30 желтоқсандағы №1325 қаулысына негізделген  Лицензиялау туралы заң жобасының «Денсаулық сақтау саласындағы қызметті лицензиялау» деп аталатын 26-бабының 47-бөлігінде дәстүрлі емес медициналық қызмет түрлері көрсетілген. Оның ішінде халықтық медицина (емшілік), гомеопатия, гирудотерапия, қолмен емдеу, рефлекс арқылы емдеу, шөп және табиғи құралдармен емдеу сатылары бар. Қарасаңыз,  хиджама әдісі бұл тізімде  жоқ. Ал қан алумен айналысатын мамандардың жеке лицензиялары мен сертификаттары  бар. Сонда кімге сенбек керек?  Дәстүрлі медицинаға ма, ем-дом жасап жүрген бақсы-балгерге ме? Қайсысы тиімді?  Абзалы, салауатты өмір салты. Деннің саулығы – адамның өз қолында. Білікті маман, кәсіби дәрігер ғана ем-дом жасай алады. Сол себепті де, тағдырыңызды білгір шипагерге сеніп тапсырған жөн шығар.

Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

2 пікір жазылған

  1. ИКС 4 Сәуір, 2018 at 00:10 Жауап

    Ғылым мен техникадағы ғажайыптар өмірге еніп жатса да, халықтың санасы неге төмен, тұрмыс жақсарса да көпшілікті неге надандық жайлаған- деген сұраққа ойланған кім бар?

  2. Данияр 18 Шілде, 2018 at 02:08 Жауап

    Сол ғылым мен таңғажайып техникаларыңыз қазақ еліне әлі келе қойған жоқ, бұл бір деңіз. Екі, келген күннің өзінде «ойбай тимеңдер, құртылады мен бұзыладының» ұранына салып, саусақ ұшын тигізбейді. Оған мысал менің мектеп кезіміздегі ең алғаш интерактивті тақталар-инновация деп келген, тура солай шаң басқан қалпында әлі тұр. Үшінші, сол халықты, көпшілікті сауаттандыру біз бен сіздің, яғни зиялы қауым дейміз бе, көзі ашық, көкірегі ояу жандар дейміз бе әлде оқыған-тоқығандары бар сол білімді де білікті орта қоғамды тәрбиелеп, үгіт-насихат жүргізіп, ғылым-білімге қызығушылығын арттырып, стимул бермегеннен сондай дәстүрлі емес, бақсы-балгерлерге кетіп жатқаны….

Пікір жазу


*