Астана Байқоңырмен биіктей түспек

1333
0
Бөлісу:

Еуразиядағы байсалды тұрақтылықтың алтын арқауына баланған, Есілдің бойын ен жайлаған еңселі елордамыз өзінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өрісін кеңейтіп, өркен жайып, төртінші ауданмен толықты. Астана қатарлы қазақ елінің атын жаһанға жайған тағы бір брендіміз – Байқоңырдың атымен аталған жаңа аудан алдында жаңа әрі үлкен міндеттер тұр. 

Астана еліміздің экономикалық, сая­си және мәдени орталығы болған­дық­тан, ондағы әрбір өзгеріс ел на­за­ры­нан елеусіз қалмайды.
1998 жылдың маусымында «Қа­зақ­стан Республикасының астанасы – Ақ­мо­ла қаласында Сарыарқа және Алматы ау­дандарын құру туралы» Қазақстанның Тұң­ғыш Президентінің N3942 Жарлығы қа­был­данған болатын. Арада аттай он жыл өткенде, 2008 жылғы 5 тамызда Ел­басының жаңа Жарлығымен бас қа­ла­мызда Есіл ауданы түндігін жаңадан түр­ді. Егер Сарыарқа мен Алматы ау­дан­дары елорданың Есілдің оң жаға­лауын­дағы орталығын теңдей бөліссе, ал жал­пы аумағы 31 179 гектарды алып жат­қан Есіл ау­даны сол жағалауда жаңа­дан бой көтер­ген жаңа әкімшілік орта­лық­ты тұтасымен еншіледі. Айта кету ке­рек, қазіргі кезде бүкіл Астананың жал­пы ауданы 79 мың 733 гектарды құ­рай­ды.
Енді міне, жиырма жастың белесіне кө­­теріліп отырған Астананың ары қарай қа­нат жаюы, айналадағы жаңа кеңіс­тік­терді игеруі Байқоңыр ауданының та­ри­хымен байланысты болады.
Жаңа астаналық ауданның қазір жа­зылып жатқан тарихына тоқтала кет­кен жөн. Алдымен, Астана әкімдігі бас қаламыздың төртінші ауданын қа­лып­тастыру туралы Үкіметке ұсыныспен шық­ты. Алға тартылған дәлел-дәйек­те­ме­лерді зерделей келе, Үкімет бұған то­лық қолдау білдірді.
2018 жылғы 21 ақпанда Қазақстан Үкі­­метінің жанындағы Республикалық ономастикалық комиссияның қо­ры­тын­дысына сәйкес, Астананың жаңа ау­данына «Байқоңыр» деген жаңа атау бе­рілді.
Осыдан кейін 27 ақпан күні қала­лық мәс­лихаттың кезектен тыс сес­сия­сында жаңа ауданның шекарасы бе­кітілді.
Жаңа аумақтық бірлік жалпы ауданы 18,1 мың гектар жерге құлаш жайды. Оның тұрғындарының саны ресми мә­лі­мет­­ке сәйкес, 211,1 мың адамға тең.
Сонымен, Байқоңыр ауданы мына ау­­мақ­та құрылып отыр:
теміржолдан бастап, Астана – Қостанай бағытынан –солтүстікке қарай қаланың қазіргі шекарасы бойымен Ақбұлақ өзеніне дейінгі аралық;
Ақбұлақ өзені жағалауынан Рақым­жан Қошқарбаев даңғылына дейінгі ара­лық;
Осы даңғылдың оң жағынан (жұп сан­ды жақтан) Сауда көшесіне дейінгі ара­лық;
Сауда көшесі бойынан А 184 (жо­балық атауы) көшесіне дейін.
Ары қарай Ақбұлақ өзені бойымен осы өзеннің Есіл өзеніне қосылатын тұ­с­ына дейін;
Есілден Қараөткел көпіріне дейін;
Александр Бараев көшесінен бас­тап, Республика даңғылына дейін;
Республика даңғылының оң жа­ғы­нан (жұп санды жақтан) Бөгенбай батыр даңғылына дейін;
Бөгенбай батыр даңғылы және Алаш тасжолы бойымен теміржолға дейін;
теміржолдан қаланың батыс шека­расына дейін жалғасады.
Осылайша, жаңа ауданының аумағы қа­зіргі Алматы мен Сарыарқа аудан­дары­ның бөліктерінен құралып отыр.
Мәслихат депутаттары жаңа аудан­ның осы шекарасын мақұлдап, бірауыз­дан дауыс берді.
– Астананың жаңа ауданына ай­рық­ша миссия жүктеледі. Ол қала әкімі Әсет Исекешевтің «Шет қалған бөлігі жоқ қала» жобасының бағыты бойынша, сон­дай-ақ елорда инфрақұрылымын же­тілдіру, кәсіпкерліктің дамуы үшін қо­лайлы жағдайлар жасау бойынша жұмыс­ты ілгерілетеді, – дейді Астана әкімі ап­паратының жетекшісі Берік Жәкенов.
Астана әкімдігінің түсіндіруінше, жаңа Байқоңыр ауданының ең бірінші ке­зектегі қызметі елорданы «шеткері қал­ған қаламаңы аумағы жоқ қалаға» ай­н­алдыру бойынша тың бастаманы іске асыруға және «32 әлеуметтік стандарт­тың» халық үшін неғұрлым жақын жерде қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталады.
Астаналықтар мен қала қонақтары кө­лік қызметіне жүгінуге мәжбүрленбей, жаяу-ақ жетуіне болатын жерде орна­ласуға тиісті әлеуметтік стандарттар қата­рына – мектеп, балабақша, саябақ, спорт алаңдары, емханалар, учаскелік по­лиция пункті, тамақтану және азық-тү­лік сату орындары, қауіпсіздікті қам­тамасыз ететін бейнебақылау камералары және басқалары жатады.
Бұл бастама жаңа даму концепциясын қажет етті. Өйткені қаланы абаттандыру үрдісі құрақ көрпеге ұқсамай, шаһарды тұтас қамтығаны жөн.
«Соңғы бес жылда Астана тұрғын­дарының саны 35 пайызға артып шыға келді. Яғни, 645 мың адамнан 1 миллион он мыңға дейін жетті. Өткен жылы қала ау­мағына тағы 8 мың гектардан астам жер қосылды. Оның құрамында Майбалық көлі, пантеон аумағы бар. Жаңа мектеп­тер, балабақшалар, емханалар салу, инженерлік инфрақұрылымды түзу мә­селелерін ұтымды шешу үшін жеке бас­қарылатын жаңа төртінші ауданды құру қажеттілігі туындады», – дейді Сәулет жә­не қала құрылысы басқармасының бас­шысы Бақтыбай Тайталиев.
Ол Байқоңыр ауданының аумағы шы­ғыс бетте Алматы ауданымен, батыс пен оңтүстікте – Сарыарқа ауданымен, Есіл өзені бойында – Есіл ауданымен шектесетінін айтады.
Бұл ретте Астана қаласының Қоғам­дық кеңесінің төрағасы, қалалық арда­герлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов елордада Байқоңыр ауданының құрылуы заман талабына сай үрдіс еке­ніне сенімді.
– Астана қас-қағым сәтте, аз уақыт ішін­де өсіп-өркендеп, ірі қалаға айналды. Оған еліміздің әртүрлі өңірлерінен ғана емес, өзге елдерден де адамдар келіп, қо­ныстануда. Нәтижесінде, тұрғындар саны күрт өсті. Миллионнан астам адам өмір сүріп жатқан қаланы тек тиімді әкімшілік-аумақтық басқару әдістері ар­қылы дамытқан жөн. Осы ретте, елор­дада төртінші ауданның құрылуын орын­ды деп санаймын, – дейді ол.
С.Есілов жаңа ауданның атауы да кез­дейсоқ қойылмағанын айтады.
«Байқоңыр – адамзат баласы тұңғыш рет ғарышқа аттанған тарихи және стра­тегиялық маңызды орын. Ол туралы тек қазақстандықтар ғана емес, бүкіл әлем біледі. Демек, жаңа елордалық ауданның «Байқоңыр» атауын иеленуі – дұрыс шешім. Өйткені Астананың көшелеріне, оның аудандарына тарихи маңызды орын­дардың аттарын беру дәстүрі қалып­тасқан. Еліміздің бас қаласындағы оно­мас­тикалық нысандардың атаулары оның мәртебесіне, идеологиялық мақ­сат-мүдделеріне сай келуге тиіс», – деп атап өтті Сансызбай Есілов.
Астана қаласының Тілдерді дамыту бас­қармасының басшысы Тілеуғали Қыш­қашбаев та Байқоңыр атауы жаңа ау­дан үшін бекерден бекер таңдалмағанын айтады.
– Астана – еліміздің бас қаласы ре­тін­де мемлекетіміздің барлық өңірлері үшін үлгі. Сол себепті, оның құрамдас бөлік­терінің атауы да елорданың бейнесі мен мәртебесіне лайық болуы қажет. Байқоңыр – Қызылорда облысындағы Сыр­дарияның оң жағалауындағы қазақ халқының ежелгі қасиетті мекені. Оның аумағында әлемдегі ең алғашқы әрі ең ірі ға­рыш айлағы орналасқан. Ертеде «қоңыр» деп топырақты айтқан, яғни «бай­қоңыр» бай жер дегенді білдіреді, – дейді Т.Қышқашбаев.
Мәжіліс депутаты, соғыс ардагері Ба­қытбек Смағұл «Байқоңыр» атауының бас­қа, байырғы түп-төркіні барлығын ай­та­ды.
– Елбасы рухани жаңғыру аясында қа­зақстандықтардың орта мектептен бас­тап, туған жердің тарихын танып-білуін «патриотизмнің ең жақсы үлгісі» деп атағаны мәлім. Біз де бала жастан да­нагөй ақсақалдарды тыңдап өстік. Олар Байқоңыр жер атауы Бәйдібек ба­баның қызы Қоңыр бикемен байла­ныс­ты екенін айтушы еді. Шежіреге жү­гін­сек, алты ата Әлімнің ішіндегі Есе­нәлі ұлы Кішкене деген атамыз жас ке­зінде, қиын-қыстау шақта оңтүстікке ба­рып, Бәйдібек бабамызды паналаған. Бауы­рын іздеген ағайындар таба алмай әрі оның астындағы тұлпардың қасқырға та­ланып, үстін қан жауып оралғанын кө­ріп, өлдіге санайды, ас береді. Бәйдібек ата­ның ол кезде ұлы болмаған, «Жаратқан Ие көктен сұрағанымды жерден берді!», – деп қуанып, мерген әрі өнерлі ұланды қа­сы­на алады.
Содан Кішкенеге Бәйдібек баба бар­л­ық жылқысын сеніп тапсырады. Арада жылдар өтеді. Төскейі төрт түлікке тол­ған далаға жұт келеді. Халықтың тір­шілігіне тірек болған мал қырыла бас­тай­ды. Сол тұста Бәйдібек бабаның да жыл­қылары жоғалады. Осыған орай кей­бір ағайын-туған оған келіп: «Ба­лаң­дай көріп едің, бұл қылғаны не? Ма­лыңнан, барыңнан айырды», – деп қын­ж­ылыс білдіреді. Сөйтсе, Кішкене бар малды бір таудың ар жағындағы шұ­рай­лы жерге айдап, бағып-қағып, басын көбейткен де, бір уақытта кері айдап әкеледі.
– Осылай, Кішкене елдің алғысын алып, үлкен қошеметке бөленеді. Бәй­ді­бек баба оны өз қызы Қоңырға үй­лен­діреді. Жастар өз алдына отау құрған соң, Қоңыр бике: «Атама сәлем берейін, келін болайын», –деп жұбайына қолқа салып, оның ел-жұртқа оралуына ықпал етеді. Бұл ойды құптаған Бәйдібек баба ұлан-асыр той жасап, төрт түліктен жүз-жүз­ден дүние беріп, тең-тең жүк тиеп, қа­сы­на малшыларын қосып шығарып салады. Бұл хабар Кішкененің ағаларына жетеді. «Кішкене аман-есен! Онымен бірге бай қызы Қоңыр келе жатыр!» деп жар сала­ды жұртшылық. Келінді қарсы алған жер Байқоңыр аталған екен деген дерек бар, – дейді Бақытбек Смағұл.
Депутат Астананың жаңа ауданмен то­лығуын елорда тарихының маңызды бе­лесі деп біледі.
Шын мәнінде, қазақ елінің қарыштап өсуі­нің, серпінді дамуының символына ай­налған Астана енді орталық-қазығын ға­на көркейтпей, тұтас түлеуге, толық түр­ленуге ден қойды.
Жаңадан құрылған Байқоңыр ауда­ны­ның тізгінін 35 жасар жас басқарушы Ерлан Каналимов өз қолына алды. Осы бейсенбіде, 29 наурыз күні өткен қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы бары­сын­да депутаттар Астана қаласының Бай­қоңыр ауданының әкімі лауазымына соның кандидатурасын мақұлдады. «Жас кел­се – іске» деген. Целиноград қаласын­да дүниеге келген, бұған дейінгі еңбек жо­лы қалпымен Астана әкімдігінде өт­кен жас әкімнің туған жерді көркейтуге бар күш-жігерін сарқа жұмсауы оның аза­маттық парызы болса керек. Бұл мін­детін қаншалықты жүзеге асыра алғанына енді уақыт төреші.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*