Жүктемесі жеңіл салықтың салдары қандай?

1332
0
Бөлісу:

Кәсіпкерлерге жасалып жатқан жеңілдіктер туралы жиі естиміз. Мұның экономиканы көтеруге бағытталған шаруаның бір бөлігі екенін де түйсігіміз сезеді. Бірақ бүгінгі айтпағымыз – елдің әлеуметтік ахуалы. Сарапшылар аз қамтылған азаматтарға да жеңілдік жасау арқылы отандық экономиканың өркендеуіне аз да болса үлес қосуға болатынын айтуда.
Соның бір жолы биыл Президент Нұрсұлтан Назарбаев көтерген бес бастаманың екіншісі болмақ. Ол – жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту.

Мемлекет басшысының тапсыр­ма­сымен енді 2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап, жалақысы төмен қазақстан­дық­тардың салық жүктемесі 10 есеге азай­ты­лып, 1 пайыз ғана салық салынады. Бұл – аз қам­тылған азаматтарды қолдауға бағыт­тал­ған ауқымды шараның негізі. «Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы ала­тын­дарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүкте­ме­сін жеңілдету керек. Осылайша, салықты азай­тудан шығатын қаржы олардың жа­лақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Нә­тижесінде, еліміздегі барша жалда­малы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жа­лақысы жұмыс берушіге салмақ сал­май-ақ көбейетін болады» деді Пре­зи­дент.

Нәтижесінде, биыл Салық кодексіне өз­­гертулер енгізілмек. Ол келер жылдан бастап, заңды күшіне енеді. Салық жүк­те­месін төмендету туралы бұл шешім ең тө­менгі есептік көрсеткіштің 25 есе­лен­ген көлемінен аз еңбекақы алатын аза­маттарға ғана қатысты. 2019 жылғы ай­лық есептік көрсеткіш 2525 теңге болуы мүм­кін деп есептесек (2018 жылы – 2405 теңге), онда жалақысы 63 125 тең­ге­ге дейін жететін тұлғалар 1 пайыз ғана та­быс салығын төлейтін болады.
Вячеслав Додонов, Қазақстан стра­те­гиялық зерттеулер институтының бас ғы­лыми қызметкері:
– Бастаманың бағыты – жұмысы бар, бірақ табысы аз азаматтардың әлеу­мет­тік жағдайын жақсарту. Президенттің мә­лімдемесінде оның 2 миллионға жуық адамға қатысты екені айтылған еді. Олар ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 есе­ленген мөлшеріне дейінгі көлемде жа­лақы алады. Бұл қазіргі таңда 60 мың тең­геден астам. Осы санатқа жататын же­ке тұлғаларға табыс салығының мөл­шерін 10 есеге дейін азайту арқылы жеңіл­­дік жасау жайы қарастырылып жа­тыр. Яғни, 10 пайыздан 1 пайызға дейін. Нәтижесінде, олардың жалақысы осыған дейін жеке табыс салығы ретінде алынып келген 6000 теңгеге жуық кө­лем­ге артады. Бүкілхалықтық масштабта оның жалпы сомасы 150 млрд теңге бол­мақ. Нә­тижесінде, бұл қаражат, яғни жоғары­да айтылған 2 млн адамның қосымша пайда болған табысы, олардың тұр­мыс жағдайын арттыруға бағыт­талады. Одан бөлек бастаманың мак­роэ­кономикалық әсерін де жоққа шы­ғар­мау керек. Себебі, тұрғындардың ен­шісіне тиген соң, ол ақша эконо­ми­калық айналымға түседі. Бір сөзбен айт­қанда, қызмет түрлері мен тауар сатып алуға жұмсалады. Меніңше, олардың барлығы да қазақстандық кәсіп­керліктің үлесіне тимек. Осылайша, отандық биз­нестің өркендеуіне де өз сеп­тігін ти­гізе­ді. Яғни, бұл – бірінші орында әлеу­мет­тік өлшемдерді қамти­тын, сонымен бір­ге, елдегі шағын және ор­та бизнестің эко­номикалық ахуа­лы­на да оң әсер ете­тін көпжоспарлы бас­та­ма.
«Табысы аз тұлғаларға салық жүк­те­ме­сін жеңілдету іс жүзінде реформаның қаншалықты сапалы жүзеге асатынына тікелей тәуелді» дейді отандық басы­лым­дар­дың біріне пікір білдірген қар­жы­гер Бақыт Ниязов. «Негізінде, бар­лы­ғы қазыналық ұйымдардың дайын­дығына байланысты. Аз қамтылған азаматтар үшін 10 еселенген салық жеңілдігі бо­ла­шақта салық ауыртпашылығын опти­мизациялауға ынталандыруы мүмкін» дейді ол. Әрине, белгілі бір баланстың сақталуы табиғатқа тән секілді таразы басын тең ұстау – экономика үшін де маңыз­ды. Сол себепті де, Елбасы «Үкімет т­абыс салығының прогрессивті шка­ласын енгізу мүмкіндігін зерделеуі ке­рек» деп тапсырма берген. Яғни, табысы жоғарылаған сайын, қазынаға да көбірек салық төлеу жолдары қарастырылуы керек. Мамандар іс жүзінде салық салудың әділетті жүйесі қалыптасуы ке­рек деп есептейді. Павлодар облыстық кірістер департаменті ұсынған ақпаратқа сүйен­сек, 2007 жылға дейін жеке табыс са­лы­ғының прогрессивті шкаласы қол­данылған екен. Уақыт өте келе, шарттар жеңілдетіліп, еңбек етушілердің салық жүктемесі бастапқыда 5 пайыз болса, кейін ол тағы да 30 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетілген. Ел экономикасы өзгерістерге ұшыраған тұста салық салу жүйесі де кезең-кезеңімен реформала­нып отырды. Қазір сол өзгерістерді қайта қарап, жеке табыс салығын прогрессивті шкала арқылы өтеу жолдарын енгізудің қа­жеттілігі туып отыр.
Президенттің бес бастамасына қа­тыс­ты шетелдік сарапшылар да отандық баспасөз құралдарына пікір білдіруде. Солардың бірі Орталық Азия бойынша сарапшы Гюнтер Кнабе Елбасының Қа­зақстанды жаңғырту жолындағы ерен еңбегін ескерусіз қалдырмай, елдің бар­лық жағынан алға жетелеп келе, жат­қанын айтқан. «Жаңа бес бастама барлық қазақстандықтың жағдайын жақсартуға бағытталған. Оның ішінде салық жүкте­месін жеңілдету де маңызы жағынан өзгелерінен кем түспейді. Табысы төмен тұл­ғалардың жалақысын арттыру ар­қылы өмір сүру деңгейі көтерілмек. Ме­ніңше, салық салудың мұндай жүйесін енгізу халықтың бірлігін күшейтіп, әлеу­меттік теңдікті қамтамасыз етеді» дейді шетелдік маман.

Бегім СҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*