АУТИЗМДІ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?

1915
0
Бөлісу:

Боливудтың танымал режиссері Каран Джохардың «My name is Khan» фильмі есіңізде болар? Сондағы басты кейіпкер Ризван Аспергер синдромымен ерекшеленетін еді ғой. Яғни, фильмде үндістандық мұсылман «аутизм» деп аталатын ауытқудың бір түрімен ауырады. Ауырады деймін-ау, аутизм өзі ауру ма?

Сала мамандары, бұл – ешқандай да дерт емес, баланың биологиялық таби­ға­тына біткен қалыпты жағдайы, я болмаса, даму деңгейінің қалыптыдан ауытқуы ғана дейді. Яғни, аутизммен ауыра алмайсың және оны емдеу де мүмкін емес. Бір қо­лын­да бес саусақтың орнында, алты сауса­ғы бар адам сияқты, кей балалар осындай ауытқумен туылады, сонымен дамиды және өле-өлгенше өмір сүреді. Тек олар­дың медициналық анықтамасына «аутист» атауын тайға таңба басқандай етіп таңып береді. Бірақ бұл дегеніміз – аутист бала да­мымай қалады деген сөз емес. Жаңағы «Менің есімім – Кхан» фильмінде Ризван жаңбырдың суы басып қалған ауданды шай­танарбаға қажет құрылғыларды бай­лап, оны сусорғыш ретінде пайдаланбай ма? Бүткіл ауылдың тұрғындары техника атаулыны осы Ризванға келіп жасатады емес пе? Кемістігі үшін жалпы мектептен шет­тетіліп қалған Ризван, жеке ұстаздан дәріс алып-ақ түрлі жетістікке жететіні тағы бар, солай ма? Дүниежүзінде аутизм ауыт­қуы бар балалардың нағыз әйгілі тұлғаға айналған тәжірибесі аз емес. Мә­селен, әлемге танымал – Моцарт. Я бол­маса, физика және химия саласында екі рет Нобель сыйлығының лауреаты атанған француз педагогі Мария Кюри. Әйгілі физик – Альберт Энштейн. Тіпті АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон да аутист болған деседі. Айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Үш жасына дейін даму қабілетімен ерекшеленіп қоя­тын балалардың бір саланы меңгерудегі қар­ымы қарапайым адамдардан асып түс­песе, кем түспейтіні анық.
Статистика сөйлесін…

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының 2007 жылғы мәліметіне сүйенсек, аутиз­мді есепке алғандағы ақыл-есінде ауытқуы бар адамдар барлық жер тұрғын­дарының 11 пайызына тең. Оның ішінде аутизмнің жыл сайынғы көрсеткіші қар­қынды үдеп келеді. Мәселен, бүгінде Қы­­тайдағы аутистердің саны 1 мил­лион­нан асып жығылса, Біріккен Королдіктегі олар­дың қарасы 650 мыңды құрайды. Филиппиндегі жағдай жарты миллион адамға жетіп отыр. Әзірге, көш бастап тұрған – осы үшеуі. Әлемде жыл сайын аутизммен туылатын балалардың саны 14 пайызға артуда. Аутизм ауытқуының ба­лалар арасындағы көрсеткіші тіптен көңіл көншітпейді. Мәселен, 2000 жылы 10 мың баланың көп дегенде 26-сы осы ауыт­қумен туылса, 2005 жылы орта есеп­пен 250-300 нәрестенің біреуі аутизм деп есеп­ке алынған. Бұл көрсеткіш Даун синд­ромы, қант диабеті, онкологиялық ауру­лар, я болмаса, зағип және керең сә­би­лердің санын қоса есептегеннен де жиі бо­лып отыр. ДДҰ ресми мәліметіне жү­гін­сек, бүгінде 160 баланың бірінде ау­тизм ауытқуы бар.

Еліміздегі жағдай қандай?

Мәз емес. Денсаулық сақтау саласын­да аутизм ауытқуы бар балаларды тіркеуге алып, олардың санын тізімдеу 2010 жылы бас­талды. Бұл уақытқа дейін олар «Пси­хо­логиялық дамуының бұзылуы» деп ата­латын жалпы санаққа кіретін. Елі­міз­дегі психиатриялық ұйымдардың мәлі­ме­тіне сенсек, аутист балалар туылу көр­сеткіші 2013 жылдан бастап үдей түскен. Мә­селен, осы жылы 100 мың тұрғынға шақ­қанда 116 аутист бала болған болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш екі еседей өс­кен, яғни 216 сәби аутизм ауытқуымен дү­ниеге келген. Тізім басталған тұста 456 адам ресми тіркелсе, 2015 жылы бұл көр­сеткіш екі мыңға жуықтаған. Астана қа­ласы, СҚО, ШҚО, БҚО және Атырау облысында мұндай ауытқуы бар балақай­лар жиі дүниеге келетінін де ресми көр­сеткіш растап тұр. Елорданың өзінде бес жүз­ге жуық адам осы ауытқумен өмір сүру­де.

Не істемек керек?

Сала мамандары дүниежүзіндегі тә­жі­рибелерге сүйене отырып, бірқатар іс-шаралар қатарын ұсынуда. Мәселен, аутизм ауытқуы бар тұлғалардың та­ралуын анықтау үшін емханалық-әлеу­меттік эпидемиологиялық зерттеу жүр­гізу. Мұндай зерттеу жұмысы аутистердің қа­жеті мен керегін анықтау үшін және олар­ға мекенжайы бойынша көмек көр­сету мақсатында аса қолайлы болмақ. Сарапшылар мұндай зерттеулерді БҒМ мен ғылыми ұйымдар өткізуі керек деп есептейді. Сонымен қатар кәмелет жа­сы­на толмаған жастардың психикалық денсаулығын көтеру және оның бұзылған жағ­дайында уақытылы көмек көрсету мә­селесі бойынша денсаулық сақтау мен бі­лім беру ұйымдарының өзара қарым-қа­тынасы туралы ведомствоаралық жар­лығын бекіту және жетілдіру ісін жиі атай­ды.
Бұдан өзге жол карта­сы аясында БҒМ мен ДСМ-нің біріккен бағдарла­ма­сын жа­сау да бірнеше мәрте ұсынылған бо­латын. Ол жоба халықаралық ұйым­дар­дың де­меу­шілігімен аутизм спектрін­дегі адам­дарды анықтау мен оларға жан-жақты кө­мектесуге бағытталуы тиіс. Бұған қоса, бұл бағдарлама ақпараттық және білім беру компонентін біріктіруі керек. Бірін­шісі – жергілікті тұрғындарға, мектепке дейінгі және білім беру меке­мелерінің өкіл­дерін аутист балалар мен олардың негізгі проблемалары жөнінде ақпарат­танд­ыру ісін атқарса, келесісі – ме­дицина қыз­меткерлері, мектем мұға­лім­дері мен ба­лабақшадағы тәрбие­ші­лер­дің өзін оқы­ту міндетін жүктеуі тиіс.
Тіпті осы түйткілді мәселенің түйінін қа­лайда шешемін деп жүрген Үкіметтік емес ұйымдарға қаржылай қолдау білдіру және соларды қадағалау мақсатында би­лік­тен үйлестіруші яки бақылаушы ұйым құру мәселесі де жиі айтылатыны бар.
Ал ең маңыздысы және аса жиі сөз бо­ла­тыны – аутизм ауытқуы бар адамдарды қо­ғам­нан оқшауламау, олардың негізгі проб­ле­ма­сы хақында көбірек айту, ақ­параттандыру әрі насихаттау мәселесі.

Олардың құқығы бізбен тең

2 сәуір – Дүниежүзінде аутизм проб­лемасы туралы кеңірек ақпараттандыру күні. Бұл күні әлемнің әр түкпірінде осы са­лаға бағытталған түрлі шаралар өтеді. БҰҰ Бас хатшысы Гутерриш Антониу «Дү­ниежүзі бойынша аталып өтетін ау­тизм проблемасы жөнінде жер плане­та­сы­ның тұрғындарын көбірек әрі кеңінен ақпараттандыру күніне әрқайсымыз ат­са­лысуымыз керек. Өйткені қоғам ау­тист­терге деген қарым-қатынасты өзгер­туі тиіс, олардың азамат ретіндегі құ­қы­ғын мойын­дауы қажет. Аутист тұл­ғалар да бас­қаларымыз сияқты өз қа­лауын талап ету­ге, құқығын қорғауға жә­не өз өмірі мен қоғам тіршілігі үшін маңызды ше­шім­дер қабылдауға тең құ­қылы» деп атап өткен болатын.
Елімізде де аутизм проблемасын қол­дау мақсатында түрлі акциялар ұйым­дас­тырылады. Биылғы шараның тақырыбы – «Зажги синим». Республиканың бірқа­тар басты қалаларында қолға алынған ак­цияға әркім өз үлесін қоса алады. Ол үшін 2 сәуір күні көк түсті киім киіп, су­ре­тіңді әлеуметтік желіге 2 сәуір хеште­гімен жүктеуіңе болады. Сондай-ақ қала ор­та­лықтарында өтетін флешмоб шара­лар­ға қатыса аласың. Аутист балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсететін ұйымдарға көмектессең, нұр үстіне нұр. Толығырақ мәліметтермен қоғам белсен­дісі Аружан Саинның фейсбуктегі парақ­шасында танысуға болады.

Түйін:

Кіріспедегі кейіпкеріме қайта оралайын. Сол фильмде 1983 жылғы мұсылмандар мен үндістердің арасындағы қақтығыс сипатталады. Сондай текетіреске куә болған Ризван «Үндістерді өлтіру керек, олар қаныпезер» дегенді жаттап алады. Мұны естіген Ризванның анасы «Балам, әлемде нәсіліне, ұлтына, дініне, тіліне қарамастан адамның екі-ақ түрі тіршілік етеді. Олар – игі іс қылатын жақсылар мен зұлымдықтың құрбаны болған жаман адамдар» деп түсіндіретіні бар емес пе? Сол сияқты, бұл дүниенің есігін бізбен тең ашқан балалардың даму қабілетінің ерте-кешіне қарамастан, жақсы бола алатынын түсінуіміз керек. Қарапайым адамзат айқындап берген норма талаптарынан өте алмай тұрғаны ғана болмаса, дамуында ауытқуы бар адамдардың да бұл фәниден іздеп келгені бар екенін ұғайық та, қалауын ұсынайық, құқығын мойындайық та, қолдау көрсетейік.

Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*