АҚЫЛ-ОЙДЫҢ ЖАРЫСЫ

1529
0
Бөлісу:

Әлем – ашық. Қазақ баласының қабілет-қасиеті ақыл-ойдың бәсекесінде ғана ашылады. Бұрын «үлкен бір үйдің» көлеңкесінде болдық. Атақты Қажымұқан Мұңайтпасұлынан бастап, кешегі Жақсылық Үшкемпіровке дейін қазақ дүбірлі додада «екінші планда» болып келді. Тек Тәуелсіздік заманында ғана еңсемізді тіктей бастадық.

Қазақстан қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі процесі – саяси реформа мен эко­номикалық жаңғыруды жүйелі түрде жүзе­ге асыруға ұмтылуда. Еліміздің мақсаты ай­қын, бағыты белгілі. Әлемдегі ең дамыған 30 ел­дің қатарына қосылу – басты меже.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» мақаласында: «Бірақ ойла­ғанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыруларды толықтырып қана қоймай, олар­дың өзегіне айналады», – деген болатын.
Рухани жаңғыру ісіне «Нұр Отан» партия­сы жаңаша жігермен кірісті. «Нұр Отан» пар­тиясы «Жас Отан» Жастар қанатының IV съезі екі күнге жалғасты. Елбасы салып берген да­мудың даңғыл жолын лайықты жал­ғас­тыратын жас буын өсіп келеді. EXPO – 2017 халықаралық көрмесінің Конгресс-орта­лығында «Жаңа әлемге жол саламыз» атты съездің қорытындысы жасалды.
«Жас Отанның» сьезіне бір үйдің егіз ба­ла­сы да қатысыпты. Еліміздің ірі әуеком­па­ниясында жұмыс істейтін, Дубай, Мәскеу, Ыстамбұл, Дели, Қызылорда және тағы басқа қа­лаларға қатынап жүрген ағайынды Олег пен Жан Жақыповтар. Екеуі де Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мек­тебін бітірген. Олег Жақыпов Ab-inito пи­лоттарды даярлау бағдарламасына қабыл­даныпты. Испанияның ұшу мектебінде ар­найы дайындықтан өткен. 20 жасында екінші ұшқыш ретінде алғашқы рейске шыққан. «Қазір еліміздің ірі әуекомпаниясында жұмыс іс­теймін», – дейді Олег Жақыпов. Жан Жақы­пов болса, пилоттарды даярлау бағдарламасы бойынша Ирландияда дайындықтан өтіп, қазір Airbus-A320-ның екінші ұшқышы бо­лып жұмыс істейді. 800 сағаттық ұшу тәжіри­бесі бар.
Ал қазақстандық жас математик Дурвуд­хан Сұрағанның математика ғылымына қос­қан елеулі еңбегі халықаралық деңгейде ба­ға­ланып, оған әлемдік Ferran Synyer i Balaguer сый­лығы берілді. Сыйлыққа қоса берілетін 15 мың евроны олжалады. Бұл – жыл сайын әлем бойынша математика саласында жа­зыл­ған ең үздік бір ғана еңбекке берілетін аса беделді сыйлық. Ұлыбританиядағы Imperial College London оқу орнында ғылыми зерттеу жасап жүрген кезден бастап, математиканың екі саласы – талдау мен алгебраның тоғысқан бағытында жұмыс істеген жас ғалым «Біртекті топтардағы Харди теңсіздіктері» деп аталатын еңбек жазған. Д.Сұрағанның еңбегі «Букхау­зер» баспасының «Математикадағы прог­рес­тер» бөлімінен басылып шығып, әлемдегі оқу орындары мен ірі кітапханаларға таратылады. Қарапайым отбасынан шығып, ел құсап, қатардағы мектепте оқып, өз күшімен оқуға түсіп, жатақхананың қара нанын жеп өскен Дурвудхан бұл жетістікке табанды ізденіс­тері­нің арқасында қол жеткізді.
«Ағылшын тілін кейіннен үйрендім. Қа­зақ­стандағы іргелі ғылымға үлес қосып, қа­зақ­стандық ғылымның атын әлемдік деңгейде шығаруға мүмкіндігім бар екен. Сондықтан осы нәрсе ғылымға келуге ниетті жастарға үлгі болса екен деймін» дейді математик.
Ағайынды Жақыповтар Жәутіков атын­дағы республикалық физика-математика мек­тебінде оқыған. Дурвудхан Сұраған да ма­­­тематик. Оларды замандастарынан ерек­шелеп тұрған не? Басы істейтіндіктері! Тіпті ағылшын тілін білудің өзі «относительно» нәр­се екен… Адамның қабілет-қарымы, білім­ге деген ұмтылысы, ыждағаттылығы мен ын­тасы алға сүйрейді. Үш қазақ баласына ортақ дүние осы. Демек, біздің жастарымыз қай бәсекеге де қабілетті деген сөз.
Енді осыдан туындайтын бір ой. Неге Ұлыб­ритания дүниежүзі бойынша ғылымға, оның дамуына арнайы сыйлық белгілеп отыр? Бар байлығын той-томалаққа, астатөк форум­дар мен даңғыра жиындарға шашатын Қазақ­стан неге осындай бір сыйлық белгілей ал­май­ды? «Ғалымдар елден кетіп жатыр» деп да­был қағылғанымен, «олар неге кетеді?» де­ген сауалдың себебін іздеп, алдын алу ша­расын жасайтын жан қалмағаны ма?!
Жалпы, қазақ баласының оң жамбасына ке­летін саланың бірі – математика. Ендеше, басқа ғылым саласының бәрін «дамытамыз» де­ген есекдәмемен жүре бермей, нақты бір не­месе бірнеше саланы басымдық ныса­насына неге айналдырмаймыз? Абай атамыз «Бірлік – ақылға бірлік» дегенді меңзеді. Әлем бойынша ақыл-ойдың бәсекесі жүріп жат­қанда, ақылды қазақтарды қолдаудың кешен­ді бағдарламасын жасайтын уақыт та келген­дей. Әр салаға жауапты мамандар бар емес пе? Әлде, олар үлкен кісінің кезекті бір айғайын кү­тіп отыр ма?!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*