Ауыл және интернет: екеуі қашан табысады?

1937
0
Бөлісу:

Цифрлы дәуірдің жетістіктерін ел өміріне енгізуге талпыныстың бір көрінісі – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы. 2020 жылға қарай интернет қолданушылардың үлесін 78 пайызға жеткізіп, халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 80 пайызға дейін арттыруды көздеген бағдарламада ауылды өңірлерді ғаламтор желісімен қамтамасыз ету мәселесі де бар. Ел Президентінің «Цифрландыру – Қазақстан экономикасын 30 пайызға өсіріп, бюджетке 2 трлн қаржы көлемінде пайда түсіреді» деген болжамы да шалғай аймақтарға ХХІ ғасырдың басты жетістігінің жолы түспесе, мүмкін болмайын деп тұр. Олай дейтініміз, ауылға жоғары жылдамдықтағы интернеттің келуі жергілікті атқарушы орган, білім беру мекемелері, денсаулық сақтау жүйесі мен ауыл шаруашылығы секторының жұмысына жаңа серпін сыйлауы мүмкін.

Цифрландыруды саусақпен түсіндіру керек
Өткен жылы интернетке қолжетімділік әрбір 100 қазақстандықтың 14-інде бар деп тіркелген. Дәл осы санат бойынша әрбір 100 ауыл тұрғынының тек алтауы ғана ғаламторға қосылу мүмкіндігіне ие екені анықталды. Шалғай аудандарда интернет қолда­нысын қаладағы көрсет­кішке жеткізу мақсаты – бір бөлек, ал қағаз­бастылықтан құтқарып, экономика­ның барлық саласын ілгері жылжытатын цифр­ландырудың негізгі мақсатын түсін­діру әрі оған үлес қосатын халықты дайын­дау – өз алдына жеке бір мақсат. Осы мәселенің бір ұшын өткен жолы Президент те көтерді…
Елдегі цифрландыру бағдар­ламасының жүзеге асу ретін таныстыру кезінде Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орын­басары Асқар Жұма­ғалиевқа цифрландыруды халыққа жеңіл тілмен түсіндіру керектігі жөнінде ескерту жасаған еді. «Мен шопан не механизатор түсінбейді демеймін. Білімді азаматтың өзі түсін­бейді. Сен цифрлан­дырудың не екенін саусақпен түсіндіру керексің» деген Президенттің сөзіне жауапты Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың биылғы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының барысын әңгімелеген есебі бергендей болды. Онда Министр 2018 жылы түсін­діру жұмыстары ақпарат­тық стратегия мен бірыңғай республикалық медиа­жоспар негізінде жүзеге асатынын және жыл соңына дейін 10 млн адамға арналған 1 мың 500 ақпараттық өнім халыққа ұсы­нылатынын жеткізді.

Интернеттің жылдамдығы неге бірдей емес?
Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сүйенсек, қазір орта білім беру мекемелерінде 80 мыңға жуық ұзақтығы 3-5 минуттық, үш тілде дайындалған интерак­тивті, мультимедиялық оқыту құралы бар. Дегенмен интернетке қосылмаған ауыл мектептерінде бұл білім беру ресурстарын оффлайн режимге аударып пайдалануға тура келеді. Одан бөлек, электронды күнделік жобасын үнемі жаңартып, толықтыру мүм­кіндігі болмай отыр. Интернет желісі тартыл­ған кей аудандарда оның жылдамды­ғына қатысты шағымдар жиіледі. Бұл сұраққа жауап берген Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ауыл мектептерінде ғалам­тордың жұмыс істеу жылдамдығы неге әртүрлі екенін былай түсіндірді: «Жоғары жылдам­дықтағы интернетке қолжетімділікті қамта­масыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен бөлін­ген қаржы жергілікті бюджетке аударылды. Бірақ жағдайды саралай келе, біз жергілікті атқарушы органдар бірыңғай технология­лық саясатты ұстанбағанын анықтадық. Осыдан жылдамдық та, қызмет көрсету сапасы да әртүрлі. Кейбір облыстар мектептерге мүлде интернет жеткізбеген» деді министр. Ми­нистр­дің сөзінше, елдегі мектептердің 98 пайызы интернет желісіне қосылған. Деген­мен секундына 4 мегабит жылдамдықтағы кеңжолақты интернет қазірше тек 2400 (34%) мектепте бар.

Әлеуметтік жоба болғалы тұр
«Қазақстанның интернет қауымдас­тығы» заңды тұлғалар бірлестігінің пре­зиденті Шавкат Сабиров ауылға интернет желісін тарту ұлттық оператор арқылы жүзеге асуы керек деп есептейді.
– Бүгінгі таңда қала мен ауыл ара­сында үлкен цифрлық теңсіздік бар. Кей аудан орталықтарында интернетке қолжетімділік үлкен қалалармен бірдей әрі қолданушыларға бірнеше оператор қызметі ұсынылатын болса, шалғай аймақтардың тұрғындарында мұндай мүмкіндік жоқ. Бұл бірінші кезекте, еліміздің территориясының үлкендігімен және елді­мекендердің бір-бірінен алшақ орна­ласуымен түсіндіріледі. Бірде-бір коммерциялық компания аудан орта­лығынан 300 шақырым қашықтықта орналасқан мыңға жуық тұрғыны бар ауылға интернет тарту ісімен айналысқы­сы келмейді. Өйткені қажетті инфрақұры­лым мен интернет қызметін қамтамасыз ету көп шығынды талап етеді. Пайда табу тұрғысынан бұл жекеменшік компания­ларға тиімсіз. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде мемлекет интернет желісін тарту кезіндегі инфрақұры­лымның қаржысын өтегенімен, кейіннен ауылда ғаламторға қолжетімділікті тұ­рақты сақтап тұру шығындары компания­ның «мойнында» қалатынын ескеру керек. Жеке байланыс операторлары шығынның орнын интернет бағасын бірнеше есеге көтеру арқылы қарапайым халықтың қалтасынан толтыруға тырысуы мүмкін. Сондықтан ауылды өңірлерді ин­тернетпен қамтамасыз ету ісімен «Қа­зақтелеком» АҚ ұлттық операторы айна­лысқаны дұрыс. Бұл жағдайда мемлекет тұтыну төлемдерін қаладағы бағаның деңгейінде не одан төмен ұстап тұру үшін операторға белгілі бір қаржы көлемін аударып отырады. Қала мен ауылдағы өмір сүру деңгейі екі түрлі екенін ескер­сек, елдімекендердегі баға алып шаһар­лар­дағы интернет құнынан арзан болуы керек. Бұл мемлекеттің міндеті және мем­лекет қана өзіне осындай шығын­дар­ды ала алады. Алыс аймақта тұратын мың тұрғын да – біздің еліміздің азаматтары.
Сарапшы соңғы кездері қазақтілді интернет қолданушылардың саны артып келе жатқанын да тілге тиек етті.
– Соңғы 6-7 жылда интернет қолдану­шыларының негізгі өсімі Қазақстанның үлкен қалалары емес, өңірлерінің есебінен жүзеге асып отыр. Мемлекеттік тілде сөйлей­тін аудиторияның саны артып, ол миллиондаған интернет қолданушыға ұласты. Қазақ тіліндегі жаңалықтар орыс тіліндегі ақпаратпен салыстырғанда көбірек қаралады, ал той кәсібін серік еткен жұлдыздардың оқырмандары өте көп. Дәл осы сипаттар елімізде қазақ тілін пайдаланатын миллиондаған тұрғын бар екенін және олардың негізгі дені 15 пен 30 жас аралы­ғындағы жастар екенін көрсетеді.
Мәжілістің пленарлық отырысында мәлімдеме жасаған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та ауыл тұрғындары үшін интернет бағасы қолжетімсіз болу ықтималдылығы­мен келісетінін білдірді.
– 2017-2019 жылдар аралығында 1291 ауылдағы – 2 млн тұрғын, 2020-2025 жылдар аралы­ғын­да 4 000 ауылдағы 1,5 млн азамат интер­нетке қол жеткізеді. Мемлекет жоғары жылдамдықтағы интернет құнын төлеу ауыл тұрғындары үшін қиынға соғуы мүм­кін екенін ескеріп, бұл жобаның әлеу­меттік сипатта жүзеге асатынын түсін­іп отыр, – деді министр. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов­тің мәлі­метінше, аталған жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алу үшін арнайы жол картасы әзірленген. Оған сәйкес, мемлекет кәсіпкерге ұзақ­мерзімді тұтыну кепілдемесін береді. Инвестор үш жыл ішінде ауылдарға ин­тернет желісін жоспарға сәйкес жеткізу­мен айналысады. Желілер кәсіпкердің иелігінде қалады, ал мемлекет оның қыз­метін 14 жыл бойы сатып алуға келісім­шарт жасасады. Бұл жоба жеке кәсіпкер­лер­ді цифрландыру міндетін орындауға жұмыл­дыра алса, жоғарыда сарапшының «коммерциялық компаниялар ауылға интернет жеткізуге ынталы емес» деген күмәні сейіліп, ауыл тұрғындарына ин­тернет желісін жеткізу ісін жылдамдатар ма еді?

Динара Тілеубек

Бөлісу:

Пікір жазу


*