Жатақханаға әркімнің бар таласы…

977
0
Бөлісу:

Еліміздің қай аймағында болмасын студенттердің жатақхана мәселесі күйіп тұр. Соның ішінде Алматы қаласын бөліп-жарып айта аламыз. Қалада ұлттық, мем­ле­кеттік, халықаралық, әскери, акционер­лік, жекеменшік мәртебесіндегі бірнеше жоғары оқу орны бар. Сол себепті, тұрғын­дар саны 2 миллионға жуықтайтын шаһар­ға жыл сайын Қазақстанның түкпір-түк­пірінен білім іздеп мыңдаған жас келеді.

Студенттердің барлығына бірдей жатақхана бұйыра бермейді. Алдымен, әлеуметтік аз қамтылған отбасы мүшелері, алыс өңірлерден келген жастар, грант иеленген шәкірттер ордер алады. Орын тимегендері қала кезіп пәтер іздеуге мәжбүр. Расында, әлеуметтік күрделі мәселе. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын түйіні қалыңдап келе жатқан бұл жағдайға дер уақытында назар аударып, Үкіметке тиісті тапсырма жүк­теді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, бюджетті нақтылау барысында техникалық мамандықтарға назар аударылып, мемлекеттік білім беру тапсырысы көбейтілмек. Бұл ретте мәселенің бір ұштығы білім саласының инфрақұрылымына да келіп тіреледі. Тимур Сүлейменовтің сөзіне сүйенсек, сәуір айында Үкімет арнайы қаулы қабылдап, техникалық және ауылшаруа­шылық мамандықтарына бөлінетін грант санын ұлғайта түспек. Ал мамыр айынан бастап әкімдер жоғары оқу орындары мен колледждер аумағындағы жер учаскелері мен инженерлік коммуникацияларды пысықтай бастағаны жөн. Өткен жолы есеп беру кезінде Астана әкімі Әсет Исекешев осы жайтқа қатысты ойымен бөліскен.
– Үш ірі ЖОО-мен жұмыс басталып, жер учаскесі анықталды. Ең бастысы, жатақхана оқу ғимаратынан алыста болмауы тиіс. Алдымен, оқу орындары басшы­лығының жатақхана салу талап­та­рына назар аударамыз. Таяу уақытта Астанада жатақханалар салудың нақты бағдарламасы әзірленеді, – деді әкім.
Исекешевтің алматылық әріптесі де жатақхана тақырыбын айналып өтпеді. Бауыржан Байбектің айтуынша, Алма­тыда дәл қазір 50 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж. Былтыр салынған 2 мың орынға лайықталған 4 жатақхана олқылыққа жамау бола алмай тұр. Сон­дықтан Президент тапсырмасы негізінде 2020 жылға дейін 20 жатақхана есігін айқара ашуы тиіс. Әкім осылай деді.
Жоғарыда мемлекет тарапынан ауылшаруашылық мамандықтарына гранттар көптеп бөлінеді дегенді айттық. Демек, Алматы қаласында ор­на­ласқан іргелі оқу орны – Қазақ ұлт­тық аграрлық университеті де жатақхана мәселесіне кеңінен көңіл бөледі деген сөз. Универ­ситет ректоры Тілектес Ес­полов­тың сөзінше, мем­лекеттің жатақ­ханалар салуға деген тапсырмасы – әсіресе, аграрлық оқу орны үшін қуа­ныш­ты жаңалық. Себебі, мұнда 99 пайыз ауыл балалары білім алып жатыр.
– Қазір біздегі жатақханаға зәру студенттердің тек 40 пайызы ғана жатын орындарымен қамтылған. Орын тимеген студенттер мен жас ғалымдарды қуанту үшін әлі 27 мың шаршы метр керек. Үндеуде 2020 жылға дейін 75 мың орынға арналған студенттік жатақханаларды қолданысқа беру туралы айтты. Бұл шаруаны билік мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің қатысуымен атқармақ, – деді Тілектес Есполов.
Ректор сөзінің жаны бар. Қазір аталған университетте 10 мыңға жуық жас білім алады. Оқу орнының ұстаздар құрамы өте сапалы мамандардан жасақ­талған. Жылдан жылға университетте студент саны көбейіп келе жатқандықтан, қызметкерлер тұратын бөлмелер босаса, олар бірінші кезекте білім алушыларға беріліп келе жатыр. Қаладағы тағы бір танымал оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі 5 жатақханада 1900 студент тұрады. Алайда әлі 1500-ден астам орынның қажеттілігі қатты сезілуде. Университет басшысы Такир Балықбаевтың айтуынша, жоспарлау жұмыстары сәтті аяқталса алдағы уақытта тағы екі жатақхана бой көтермек.
Бұдан соң Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер бойынша проректоры Шыңғыс Құлбекұлымен сөйлестік. Басшының сөзінен аңғарғанымыз Алматы қаласы бойынша жатақхана бір қажет болса – осы өнер ордасына керек сияқты.
– Қазір бізде бір ғана жатақхана бар. Ол жатақханада 280-ге тарта студент тұрады. Негізінен бакалавриат бөлімінің 1,2,3-курстары орналастырылған. Бізде жатақханаға тартуды қамтамасыз ету қажеттілігі бар жүзге тарта студентіміз бар. Енді олардың сұрақтарын біртіндеп шешуге тырысамыз. Биыл жазда жатақ­хана толық күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұл мәселе академия бюджеті арқылы бекітілген. Содан соң студент қабылдау мүм­кіндігін одан әрі кеңейтуді ойлас­тырып отырмыз. Негізі жатақхана мә­селесі – қала деңгейінде де, республика деңгейінде де шешімін табуды қажет ететін үлкен мәселелердің бірі, – дейді ол.
Проректор тағы бір маңызды ақ­паратпен бөлісті.
– Бізде негізгі табыс коммерциялық бөлімнен келеді. Соған қарамастан, талантты балалардың көп түсуі үшін оқу ақысын да айтарлықтай жоғары қойып отырған жоқпыз. Өнер мамандықтарында топта бала саны аз болады. Ары кетсе бір топта 6 бала оқиды. Жалпы алып қарасақ, біздің студенттердің дайындығы өзге мамандықтағы студенттердің дайын­дығынан әлдеқайда қымбатқа түседі. Сондықтан кешенді түрде Үкіметпен ақылдаса отырып бұл мәселелердің бір амалын табамыз. Бізде өзі санаулы ғана ұлттық университеттер болмаса, өзге оқу орындары мемлекет тарапынан берілетін дотацияға зәру. Қазір студенттердің анкетасын ұйымдастырып жатырмын. Бұл қала әкімінің деңгейінде жүзеге асады. Осы арқылы жатақханаға мұқтаж студенттерді іріктейміз. Мұны қазір Алматы қаласының барлық жоғары оқу орындары қолға алған. Студенттер туралы мәлімет бере алатын бір орталықтанған ақпараттық ресурс пайда болмақ. Сол ресурстың нәтижесі бойынша Алма­тыдағы ЖОО-лардың жатақханаға деген қажеттілігі анықталып, ары қарай бұл мәселе республика көлемінде Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министр­ліктерімен бірлесе отырып шешімін табады, – дейді Шыңғыс Ергөбек.
Арнайы баспасөз мәслихаты кезінде Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова еліміздегі ЖОО-ларда білім алатын студенттердің 38 пайызы басқа қаладан келгендер деген дерек айтқан.
– Қазіргі кезде еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алатын 530 мың сту­денттің 204 мыңы – басқа қаладан келген жастар. Жатақхана ала алмай қалғандар қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр, – деген еді ол.
2022 жыл дегеніңіз де әні-міне жетіп келеді. 4 жыл қалды. 4 жылда 75 мың орынға лайықталған шүпірлеген жатақха­налар салуға жағдайымыз жетсе игі. Жатақханалардың іргетасын құйып, кесегін қаламас бұрын жобалық құжат­тарын дайындауға белсене кіріскен министрлік, бұл іске жоғары оқу орын­дары, құрылыс жүргізуші мекемелер, «Қаржы орталығы» АҚ-ны тартуда. Құрылыс мекемелерінің алатын ақысы да шешілген сыңайлы. Былай болады – жатақхана пайдалануға берілген соң құрылысқа жауапты мекеме белгілі бір мерзімде бір орын үшін ай сайын төлем алып тұрады. Сөйтіп, құрылысқа кеткен шығындарын өтейді. Бұдан өзге де кезегін күтіп тұрған қоғамдық мәселелеріміз көп қой. Бірақ еліміздің болашағы – жастар­дың жағдайын жасап алмай болмай тұр. Ана шаруаны шешу керек дейміз, мына шаруаны реттеу керек еді деп бас қатады… оның бәріне білікті маман керек. Ол білікті маманға университеттерде сапалы білім берілуі керек. Сол үшін министрлік білім гранттарының санын көбейткісі келеді. Ал білім алушының саны көбейсе, жатақхана қажеттілігі де күн санап өсе бермек. Сондықтан Елбасының бұл бастамасы жан-жақты қолдауға ие болуы тиіс.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*