Адал ас дегеніміз – алмастырушы емес пе?

1340
0
Бөлісу:

Дүкенге барғанда әрбір азық-түліктің құрамы мен жарамдылық мерзіміне зер салған боларсыз. Қазір тұтынушылар мұндай әрекетке амалсыздан барады. Өйткені кейде сатып алған тауарыңыз табиғи емес, жай ғана химиялық алмастырушылардан тұруы әбден мүмкін. Биыл жыл басында Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановтың өзі еліміздегі тауарлардың 60 пайыздан астамы қаптамада көрсетілген құрамға сәйкес болмай шыққанын хабарлаған. Ендігі кезекте депутаттар соңғы кездері Қазақстанға импортталып жатқан пальма майының көлемі күрт өсіп кеткендігі туралы айтып, дабыл қағуда. Біздің бұл тақырыпқа қозғау салғанымызға себеп болған да мәжілісмен Ахмет Мурадовтың осы мәлімдемесі еді.

Құрамы жағынан бұл да – кәдімгі өсім­дік майы. Бірақ оның зиянын мамандар табиғи майдың құрамынан емес, соңғы кездері өңделген күйі барлық дерлік тағам түрлерінде пайдаланыла бастауынан көріп отыр. Пальма майы негізінен, шоколад­тың, балмұздақ, мұздатылған тағамдар, тез дайындалатын ботқа, сүт өнімдері, оның ішінде ірімшік, сары май, т.б. нан өнімдері мен фаст-фудтың да құрамында кездеседі. Тіпті кейбір балалар тағамдарының өн­дірісі де бұл майды пайдаланудан қалыс қалар емес. Кейбір ата-аналардың дүкен сөрелерінде ұзақ телміріп тұрып, қапта­маларға «шағын» зерттеу жүргізетіні де осыдан. Мамандар кейбір сүт өнімдеріне 60 пайыздан 100 пайызға дейін пальма майының алмастырушысы қосылатынын айтады. Шындығында сүтті, сүттен алына­тын сары май, күнбағыс, жүгері және зәйтүн майларын пальма майымен алмас­ты­ру әсерінен ағзада дәрумендер мен каль­ций және тағы да басқа микроэлемент­тердің жетіспеушілігі туындайды. Соны­мен бірге, диетологтар да пальма майы сіңімсіз тағам деген қорытынды шығарған. Олардың айтуынша, дененің қалыпты температурасынан жоғары, яғни 33-39 градуста балқитын бұл май адам ағзасына түскенде қорытылуы қиын екен. Сон­дықтан қан тамырларда қатпарланып жинала беруі мүмкін.
«Елдегі сауда орындары мен шекарада сапасы сын көтермейтін көптеген азық-түлік өнімдері анықталып жатады. Соның ішінде тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізетіндері де бар. Осыған бай­ланысты республикалық тағам өнеркә­сібінде пальма майының қолданысы күрт артып келе жатқаны да назар аудартпай қоймайды» дейді Үкімет басшысына сауал жолдаған депутаттар.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылдан 2018 жылдың алғашқы айына дейінгі аралықта 50 млн АҚШ долларына бағаланатын 46,6 мың тонна пальма майы ішкі нарыққа енген. Бір қызығы, жыл сайын оның көлемі 50 пайызға артып отырған көрінеді. Өнімнің негізгі бөлігі Малайзия, Индо­незия, Түркия, Украина мен Германиядан әкелінеді.
Депутаттар бұл өнімнің қауіпсіздігіне байланысты көптеген сарапшылардың пікірлерін алға тартқан. Соның ішінде ең салмақтысы Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық ұйымның «пальма майын ең канцерогенді өсімдік майы» деп тануы болып отыр.

Канцерогендер – организмде қатерлі ісік ауруларын және әртүрлі қатерлі және қатерсіз ісіктерді туғызушы химиялық қосылыстар.

«Көптеген елдерде жыл сайын обыр ауруларының жасарып келе жатқаны таңсық емес. Пальма майы 2000С-ден жоғары температурада қыздырған кезде канцерогенді болып шығады. Ал бұл процесс оның табиғи қызғылт түсі мен иісінен құтылу үшін қажет. Ғалымдар мұндай майды пайдалану адамды несеп-жыныс жүйесінің ауыр дертіне шалдық­тыруы мүмкін екенін айтуда. Франция пальма майын қолданатын өнімдерге салынатын салықты 300 пайызға көтеру мәселесін талқылап жатыр. Ұлыбритания оған мүлдем тыйым салмақшы немесе өз аумағында тек қана сертификатталған майдың сатылуын заңмен бекіту жолдары қарастырмақ. Ал Испания мен Италияда танымал сауда желілері пальма майы қосылған тауарларды сөрелерден алып тастау туралы шешім шығарған» дейді депутаттар.
Расымен, біз көз тігіп отырған Еуропа елдеріне әлемдік пальма майының 10 пайызы ғана тиесілі. Мысалы, 2016 жылы 2 млн 900 мың тонна пальма майын тұ­тынған еуропалықтардың көрсеткіші жан басына шаққанда 5 келіге дейін жеткен. Тіпті «Еуропа өңделген күйінде адам ден­саулығына кері әсер ететін өсімдік майы­ның бұл түріне шектеу қою арқылы экологияны қорғауды да мақсат еткен. Өйткені майлы пальманы өсіру үшін аяусыз оталып жатқан ит тұмсығы бат­пайтын ну ормандар қазір дүниежүзіндегі оттегінің ¼ бөлігін беріп отыр» деп хабарлайды баспасөз құралдары. Бірақ батыстағы тағы бір алпауыт – АҚШ-та жыл өткен сайын пальма майы танымал­дығы артып келеді. Әзірге ондағы тұтыну көрсеткіші – жылына 1 америкалыққа 3 келіден. Әлем бойынша аталған өсімдік майын қолдану жағынан Үндістан алда. Онда 1 адам түрлі ас-ауқат арқылы жылына 7 килограмға дейін пальма майын азық ететіні белгілі болып отыр. Дүниежүзі бойын­ша өндірілетін пальма майының 60 пайызын тұтынушы Азия елдері, оның ішінде Индонезия, Үндістан мен Қытай екен.
Украинаның электронды астық бир­жасы 2017-2018 жылғы маусымда пальма майының өндірісі 4,5 млн тоннаға артуы мүмкін екенін хабарлайды. Әлемдегі ең танымал трейдинг компаниялардың бол­жамына сүйенсек, аталған мерзім ішінде Малайзия – 19,1-19,3 млн тонна, ал Индо­незия 34-34,5 млн тонна май өндіруді жоспарлаған. «Пальма майына әлемдік сұраныстың тұрақты болуы ТМД елдерін­дегі күнбағыс майы өндірісінің бәсең­деуімен де байланысты. Биылғы маусымда Үндістан 9,85 млн тонна пальма майын импорттау арқылы ең үлкен тұтынушы нарық статусын сақтап қалмақ» деп хабарлайды GrainTrade порталы. Сонымен бірге, сарапшылар тағам өнеркәсібі үшін мұндай май арзан болғандықтан, өнімнің өзіндік құнын көп төмендетуге мүмкіндік беретінін айтуда.
Азық-түлік қауіпсіздігін Мемлекет басшысы да талай жиында сөз етіп, халық­қа жолдаған Жолдауларында тұрғын­дардың денсаулығына тікелей әсер ететін өнімдердің сапасын қадағалау туралы тапсырма беріп келеді.
«Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қа­жет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақ­станда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүм­кіндік береді» деген Президент тап­сыр­масы бұл мәселенің де түйінін тарқатуға себеп болса дейміз. Өйткені отандық тағам өнеркәсібі үшін табиғи шикізат өнімдері қолжетімді бола түссе, алыстан артынып-тартынып жететін пальманың майына тапсырыс бермес пе еді?! Сырттан келетін сапасыз өнімді ел нарығына енгізбеу Үкіметтің үлесіне қалмақ.

Бөлісу:

Пікір жазу


*