ӘЙЕЛДІҢ БАҚЫТЫ – ОТБАСЫ

981
0
Бөлісу:

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы Маңғыстау-4 ауылындағы «Салтанат» сауда орталығының басшысы Ұлдай Тілеумағанбетова кәсіпкерлік бейнеттен бұрын кәдуілгі қарабайыр күн кешті. Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік етті. Дәйім қимылдап қалған адамға зейнетке шыққан соң, үйде отыра алмады. Сөйтіп, 2006 жылы жеке кәсіпке бет бұруды көздегені сол, қарапайым халықтың жоғын жеткізуші кәсіпкерге айналып кетті. Алғашқыда кілем сатты, одан кейін өтімді тағамдарға көшті. Дүкен ашты. Біртіндеп сауда-саттықтың тұңғиығына бойлай берді.
Алла Тағаланың қалауымен несібесі арта түсті. «Жүргенге жөргем ілінеді» дейтін қазақ емеспіз бе? Кембағал жанды көрсек, жанымыз ашып тұрады. Титтей болса да дәнек жегізсек, мәзбіз.
Ұлдай Тілеумағанбетованы кәсібінің нәсібін жоқ-жітік жандармен тең бөле жүретін қайырымшыл кісі ретінде ата­сақ, қателеспеспіз. Жұрттың бәрінің асығы алшысынан түсіп, ылғи жақсы­лықтармен қауыша берсе, қане? Өмір ағысында бақыттан бал-бұл жанып жүргендер, керісінше, «таудан құлап» асыл ерінен не ардақты жарынан көз жазып жатқандар, соның салдарынан шиеттей балаларын жалғыз-жарым асы­раумен өлместің күнін кешіп жүргендер қаншама?! Міне, сондай қамкөңіл пенделерге шамасы жеткенше қол ұшын созып жүрген Ұлдай Тілеумағанбетоваға алғыс айтпасақ, әбестігіміз.
«Жақсы көргенін айтады, жаман бер­генін айтады» демекші, Ұлдай ханымның өзі садақаға қой берсін, түйе, бие берсін, ешқашан жақ ашпайды. «Оң қолыңмен берген садақаңды сол қолың көрмесін» қағидасын ұстанады. Әйтпесе, кәсіп­кер­лердің есігін біреуі қуанып, біреуі жылап қағады.
– Кәсіпте жүргеннен кейін бір қо­лыңмен бал ұстайсың. Сол балды жалғыз жемей, бөлісуің керек. Алла Тағала кәсіп­ті кез келген кісіге жібермейді, қо­лындағы бар затты бөлісетін кісіге береді. Ал сараң кісіге Алла Тағала несібе бермейді. Асылында, кәсіпкер болып жүрген кісілердің бәрінің жүрегінде бір жұмсақтық бар. Олар қалай еткенде де бір қайырымдылық жасайды. Я ауру адамға, я жетім балалар мен қарттар үйіне, я ағайын-тума, көрші-көлемге көмектеседі. Жоқ дегеннің өзінде, мысалы, нан пісіріп сатып отырған кісі 7-8 нанын таратып беріп кетеді. Себебі, өзім көріп жүрмін, – дейді Ұлдай Тілеумағанбетова.
Шынында да, кәсіпкерлік – ауыр жұмыс. Оған біріншіден, денсаулық, екіншіден, қаржы керек. Аянбайтын еңбек, күндіз-түні жүріс керек. Санас­пайсың, ұрыспайсың. Бұл – кәсіп­кер­ліктің бел ортасында біраз жылдан бері еңбектеніп жүрген кейіпкеріміздің пі­кірі. Оның тағы бір айтқаны, кәсіп­керлікке шыққан кісі, оның ішінде әйел адам отбасын ұмытпаған жөн. Бірінші орында отбасы, азаматы тұруы керек. Бала-шағасы, азаматы болмаса, ол әйел кім үшін кәсіпкер болмақ, бейнетті кім үшін көрмек?
70 жастағы ананың әр сөзінде түйінді тәжірибе мен ой даналығы жатыр. Ол бизнестің ауыртпалығына мойымау арқылы сауапты да игі істерді жасап үлгерді. Қайырымдылықпен қатар, туған жері Маңғыстау және Атырау өңірінде мешіттер салғызды. Бірақ «кәсіпкер­ліктен шаршадым» деп отырған жоқ. Оны мына сөздерінен аңғаруға болады. «Бизнестен адам шаршамайды. Кері­сінше, шыңдала түсесің. Бүгін діңкең құрып, ертең жұмысқа шықпаймын десең, ұйықтап тұрғаннан кейін шар­шағаның ұмыт болады. Себебі, еңбекпен тапқан нанның дәмі басқа. Сондықтан өз балаларымның, немерелерімнің бизнеске шыққаның қалаймын. Десем де, бизнестің қай саласы екенін әлі то­лық түсініп болған жоқпын. Себебі, қазір ғаламтор арқылы табыс табатындар шықты. Ондай онлайн сатушылықтың қаншалықты тиімді екенін білмеймін»,– деді ол.
Иә, қыз бен ана деген сөзде үлкен маңыз бар. «Қыз – қонақ» деген аңыз бар. Дүниеге ұрпақ әкелетін аналарға барлық адам қарыздар. Анасыз ешқандай өмір жоқ. Жер де – Ана, Отан да – Ана. Бала да ана мейіріміне зәру. Қаусаған кемпір-шалдың өзі ата-аналарын са­ғынып отырады. Біз сөз етіп отырған Ұлдай Тілеумағанбетова да – 5 баланың анасы. Ұл-қыздарының бәрі де жоғары білімді. 4 қызы аяқтанған, олардан 14 жиен немере сүйіп отыр. Енді 25 жастағы ұлына ибалы келін кезіксе, нұр үстіне нұр болғалы тұр. Біз не дейік, Алла Тағала жалғыз ұлдан немере-шөпшек иіскеуге жазсын. Ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық берсін!
Әсел ТАҢАТАРОВА,
Маңғыстау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*