АЛМАТЫҒА МЮЗИКЛ КЕЛДІ

1577
0
Бөлісу:

«Астана мюзикл» театры – аяғын апыл-тапыл басқан екі жасар сәби секілді.
Мюзикл – қазақ үшін таныс та бейтаныс жанр. Мюзиклге тәуекел ету де оңай емес. Соған қарамастан, театр бой көтерді, сапқа қосылды, тәй-тәйлап қадам басып келеді. Алғашқы басқан қадамы жаман емес.
Қазақстанда, оның ішінде елордада мюзикл театрының құрылуы кездейсоқ емес. Осыдан екі жыл бұрын EXPO – 2017 көрмесі аясында Қазақстанның мәдени имиджін көтеру мәселесі туған еді. Сол жолы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Астана мюзикл» театрын құру туралы мәселе қаралып жатқанын айтқан еді. Көп ұзамай, театр өз шымылдығын ашып, көрермен назарына «Достар серті» мюзиклін ұсынған болатын. Одан бері екі жыл өтті. Театрдың репертуары да жаңа спектакльдермен толықты. Әйгілі «Қыз Жібек», «Ромео – Джульетта» мюзиклі көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленгелі қашан?!
Жалпы, мюзикл дегеніміз не? Ол – музыка. Ол – би. Ол – ән. Көркемсурет, акробатика, сценография, театр – бәрі де мюзикл. Ол – сан түрлі шығармашылық синтезі, озық технология қосындысы. Онда сұлулық бар, сыр мен сымбат бар. Бастысы – көркемдік бар.
«Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының «Астана мюзикл» театры Алматыға келді. Елордадан өнер арқалап келген ұжым бұл жолғы тартуын Астананың 20 жылдығына арнапты.

Француз мюзиклі ме, қазақ мюзиклі ме?
Әйгілі «Ромео – Джульетта». Құдай-ау, Шекспирдің бұл әйгілі туындысын әлемнің қай театры сахналамады дерсің?! Қаншама режиссер қаншама мәрте «Ромео – Джульеттаны» сахнаға алып шықты. XVI ғасырдан бастап сахналанып, содан бері төрт жүз жыл бойы әлемнің үлкенді-кішілі театр­ларында қойылып келеді. Туындының құрметіне қаншама әдеби клубтар мен үйірмелер құрылған. Ағылшынның ғана емес, адамзаттың мақтанышына ай­налған Шекспирдің бұл шығармасын «Астана мюзикл» театры да сахнаға шы­ғарды. Әрине, бұл «Ромео – Джульет­таның» соңғы қойылымы емес. Бұдан кейін де талай сахнаға шығары анық. Біздің айтпағымыз басқа. Мәселе – «Ромео – Джульетта» мюзиклі хақында.
Мюзикл өте сәтті қойылған. Ромео – Саламат Мұқаш та, Джульетта – Жарқынай Шалқар да өз рөлін жоғары деңгейде алып шықты. Мюзиклді қойған – Асхат Маемиров. «Ромео – Джульетта» мюзиклі туралы француз мюзиклінің көшірмесі деген пікірлер де айтылып қалды. Мюзиклдің ұқсайтын да жөні бар. Шығарманың негізіне Шекс­пирдің классикалық пьесасы бойынша жазылған Жерар Пресгюрвиктің француз мюзиклі арқау болып отыр. Белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаев бұл мюзиклдің сәтті қойылғанын айрықша атап өтті. «Қазақ театры да мюзикл қоя алатынына көзім жетті. Әрине, кем­шіліксіз емес. Мюзикл тым ұзақтау қойыл­ғандай көрінді. Соған қарамастан, қазақ мюзикл театрының құрылуы – үлкен жаңалық. Әлемде мю­зикл театр­ларының деңгейі өте жоғары әрі оған сұраныс та бар. Мюзиклдің билеті қымбат тұрады әрі алдын ала сатылып кетеді. Қазақ мюзиклінің деңгейі соған жететін болса, онда біздің ұтқанымыз» дейді.
Мюзиклдегі әрбір рөл өз актерін іздеп тапқандай. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айнұр Бердімұхамедова мен Сайлау Қамиевтің сахнадағы кейіпкер­леріне тәнті болмасқа амалың жоқ. Талантты артистер мюзиклде де даралы­ғын көрсетті.
«Ромео – Джульетта» мюзиклі елімізде талантты жастардың өсіп келе жатқанын байқатты.

Еуропаны аралаған «Қыз Жібек»
«Астана мюзикл» ұсынған «Қыз Жібек» Еуропаны шарлап қайтты. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы шеңберінде 2017 жылғы желтоқсан айында Франция, Бельгия, Австрия, Ресей мемлекеттерінде сахналанып, шетелдік талғампаз көрер­­­­меннің көңілінен шығып, қошеме­тіне ие болды.
Ғабит Мүсіреповтің либреттосы мен Евгений Брусиловскийдің рухани мұрасынан алыстау мүмкін емес. Сол себепті, білікті режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров Брусиловский жүйелеген «Қыз Жібек» операсын этно-фольклорлық ансамбльге лайықтап қайта өңдеп, оркестровкасын этно-музыкант Бауыржан Ақтаев жазды.
Парижді дүр сілкінткен мюзикл туралы әлем сыншылары да жарыса жазып жатты. «Бұл – тамаша спектакль. Біз одан қазақ халқының өткен тарихы мен бай мәдениетін танып-білдік. Кейіпкерлердің ішкі жан тебіренісін жеткізе білуде театрдың жас артистері еңбегін айрықша атап өткен жөн. Өз басым мұндай әсем туындыны көргеніме ризамын. Француз халқының атынан сіздерге көп рақмет!» деп баға беріпті Давид Чхавлис. Қазақ халқының бай мәдениетін паш еткен спектакльге алма­тылықтардың да ризашылығы шексіз.
«Қыз Жібектің» этно-фольклорлық ең басты ерекшелігі – сапалы киімдер мен сән-салтанаты келіскен сахна. Декорациясы айрықша. Көрермен тіптен тәнті болғандай. Мұның бәрі – бірлескен ұжымдық топтың жемісі. Режиссері де, музыканты да, балет­мейстрі де келісім тапқан. Оған актерлік жұмысты қосы­ңыз. Төрт таған біріккен кезде бағын­байтын белес, алмайтын қамал жоқ.

Сертіне адал достар
«Достар серті» – «Астана мюзиклдің» тұңғышы. Тұңғыштың жөні бір бөлек. Адал достық туралы сыр шертетін мюзиклде оқиға төрт достың арасында өр­биді. Жұматай, Қайрат, Айдос, Марат – консерваторияның студенттері. Төртеуі де дарынды. Жұматай мен Айдос – Әсемге ғашық. Әсіресе, Жұма­тайдың қызға сезімі ерек. «Ғашықтық дерті – тілсіз тіл». Жүрегіндегі алаулаған сезімін Әсемге жеткізу – Жұматайдың қолынан келер емес. Сөйтіп жүргенде, ән туды. Ән арқылы көңілін білдірмек ниетте жүрген бозбаланың бұл ойын Айдостың қуанышты жаңалығы бұзғаны. Сөйтсе, Айдос пен Әсем бас қоспақ көрінеді. Бұл сырттай ғашықтық дертіне шалдығып, «мәжнүн» күйін кешіп жүргенде, досы Әсеммен тіл табысып қойыпты. Жұматайға не істемек керек? «Достар сертіне» адал бола ала ма? Оқиғаның желісі – осындай. Төрт дос­тың адалдығы, бір-біріне мейірімі, шы­найы сезімдері, жүрек сырлары. Қиын­дық пен қуанышта да сертін бұзбақ емес.
Қазақ музыкасының Алтын қорына енген Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, «Дос-Мұқасан» тобының әндері арқау болды. Әлемдік музыканың жауһарлары Моцарт, Франкель, Битлз репертуарының шығармалары да орындалады. Сондай-ақ жаңа бағытта жазылған композициялар да бар. Либретто авторы – Бақыт Қайырбеков, аударған – драматург Әннас Бағдат. Мюзикл режиссері – Есләм Нұртазин.
Астананың 20 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен гастрольдік сапар өз нәтижесін бер­гендей. Алматылық ағайын бір жұма бойы «Астана мюзиклдің» қойылым­дарын тамашалап, мюзикл көріп қайтты. Екі жылдық тарихы бар театрға сын айту да орынсыз. Бастысы, Алатауға мюзикл келді.

Асхат МАЕМИРОВ,
Astana Musical мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі:

Алматыға да мюзикл театры керек-ақ
– Astana Musical мемлекеттік театры осыдан екі жыл бұрын дүниеге келді. Өздеріңізге белгілі, елордамызда театрлар өте көп. Мысалы, Астана опера, Астана балет театрларын ерекше атап өтуге болады. Көрермендер, соның ішінде жастары сырт жақпен жақсы қарым-қатынаста. Яғни, шетелдегі сұранысқа ие жанрлардың бізде де болғанын қалайды. Ендеше, нағыз жастарға керек бір жанр болса, ол – мюзикл. Театрымыздың құрылуындағы басты себеп те осы болып отыр. Ең алдыңғы кезекте, әлбетте, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен идеясымен, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бұл театр «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының жанынан құрылды. Қазіргі уақытта ұжымымызда 70-тен астам жас артистер жұмыс істейді.
Әрине, мюзикл артисінің басты ерекшелігі – ол актерлік тұрғыда образ жасай білуі керек, мықты вокалы болуы тиіс, пластикасы мен хореографиялық қабілеті бір-бірімен үндесіп, ұштасып жатуы шарт. Еліміздің түкпір-түкпірінен осындай мықтыларды іздеп, іріктедік. Яғни, мұндағы әрбір маман қатал сұрыптаудан өтті. Музыкалық театр артисі мамандығын тәмамдаған артистерден жасақтадық. Бүгінде театр репертуарында бес қойылым бар. Сонымен бірге, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында екі апта бойы «Ұлы дала театры – Еуропа төрінде» атты үлкен гастрольдік турне жасады. Алматыға, Алатауға арнайы сәлем бере келгенді де жөн көрдік. Киелі қара шаңырақ саналатын М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында халыққа өнер көрсету – олар үшін парыз іспеттес. Талай мықтының табаны тиген жерде өнерлерін паш етуге театр артистері ерекше дайындалды. Асанәлі Әшімов ағамыздың өзі жастармен кездесіп, батасын беріп, кеңесін айтып жатыр. Мұның өзі неткен ғанибет! Әкемтеатр 92 жаста болса, «Астана мюзикл» – 2 жаста. Яғни, бұл – әлі еліміздегі ең бала театр. Тіпті, Әуезов театрының шөпшегі десек болатын шығар. Astana Musical-дың көркемдік жетекшісі ретінде, Алматыға арнайы келіп, тағзым етуді жөн санадым.
Театр репертуарындағы «Ромео мен Джульетта» – Қазақстан тарихында тұңғыш рет арнайы лицензиясы алынған музыкалық қойылым. Өзіміздің ұлттық інжу-маржандарымыздан «Қыз Жібек» спектаклі бар. Одан бөлек, 60-70 жылдардағы жастардың өмірін көрсететін, Алматының консерваториясына оқуға түсуге келген төрт жігіттің достығын паш ететін «Достар серті» қойылымы да көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Мұқағали Мақатаев өлеңдерінен құрылған «Жырлайды жүрек» деген поэтикалық-музыкалық қойылым бар. Театр артистерінің өлең оқу техникасы бөлек. Өйткені өзім режиссер ретінде, театр педагогы ретінде бұған аса мән беремін. Докторлық диссертациямда да жаңашылдыққа ұмтылу тақырыбын зерттеген едім.
Көрермендер, өнерсүйер қауым театрға лайықты бағасын бере жатар. Өйткені бұларда керемет костюм, әдемі ансамбль, мықты хореография, кәсіби хор мен вокал бар. Ең бастысы, жүз пайыз табиғи жанды дауыста өнер көрсетеді. Мюзиклдың қиындығы сонда – билеп жүріп ән айту, акробатикалық қозғалыстар жасау, сахна шайқастарын көрсете жүріп демін жоғалтпау, тепе-теңдік сақтай отырып, образ келтіру. Еліміздің тарихында былтыр отыз күн тоқтамастан «Ромео мен Джульетта» қойылды. EXPO – 2017 көрмесінің шеңберінде қала тұрғындары мен қонақтары мюзиклмен сусындады. Бүгінде уақыттың талабы мен сұранысына сай, мұндай театрларды көбейту керек. Мәселен, бір ғана Франция, Германия, Ұлыбританияның өзінде бірнеше мюзикл театрлары бар. 3 миллионға жуық халқы бар Алматы үшін мюзикл театры керек-ақ. Сонымен бірге, Алматы – студент жастар көп шоғырланған қала. Бәрі – уақыттың еншісінде. Бұл мәселені күн тәртібінде деп есептеуге болады.

????????????????????????????????????

Жеңіс СЕЙДОЛЛАҰЛЫ,
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры:

30 концерт өткіземіз
– Елордамыздың 20 жылдығына арнап жоспарлап жатқан бағдарламалар өте көп. Мемлекеттік театрларымыздың, музыкалық коллективтеріміздің кон­церттерінен бөлек, шетелдіктер де өз демеушілері арқылы елімізге келіп, өнер көрсетпекші. «Қазақконцерт» ұйымы 6 маусымнан 6 шілде аралығында 30 концерт береді. Олар Астанадағы Орталық концерт залында өтеді. Шымылдығын Алтынбек Қоразбаев ашып береді. Әрі қарай Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева, «Ялла» ансамблі жалғайды. Биыл – өздеріңіз білетіндей, Өзбекстанның Қазақстандағы жылы. Сол себепті, екі елдің арасындағы достықты көрсетуде өнердің үлесі жоғары. Оны шығармашылық адамдар жақсы түсінеді. Көрші ел өздерінің мықты бағдарламаларын әкеліп, өнер көрсетеді. Сонымен бірге, «Солистер академиясы» мемлекеттік симфониялық оркестрі де халық алдына шығады. Бұл ұжым енді аяғына тұрып келе жатқанымен, жақсы баға алып үлгерді. Кәсіби деңгейі жоғары оркестр екенін көрсетіп жүр. Айман Мұсаходжаева басқаратын ұжымның өнерін тамашалай аласыздар.

Гүлзина БЕКТАС, Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*