Терминалдар төңкеріске дайын ба?

971
0
Бөлісу:

Төлем жүйелеріндегі жаңа технологиялар Орталық Азия немесе ТМД елдері арасында бізге алғашқылардың бірі болып жетіп жүр. Өйткені әлемге ашық нарықта технология трансферті де тез жүзеге асырылады. Соның бірі 2006 жылдары қолданысқа енген төлем терминалдары еді. Бұл нарықтың бастауында тұрған компанияларды қазір кездестіру қиын. Мұның себебін кейбір сарапшылар қызмет көрсету аясының тарлығымен түсіндіріп жүр.
Қазіргі таңда Ұлттық банктің реестрін­де 15 төлем жүйесі тіркелген. Мыңға жуық қызмет түрі үшін төлем жасауға мүмкіндік беретін терминалдар саны соңғы кездері артпаса, кеми түскен жоқ.
Осыған дейін Visa-ның Орталық Азия елдеріндегі аймақтық менеджері Ғалым Табылдиев елімізде электронды төлем­дерді дамытуда жоғары мүмкіндіктері бар екенін айтқан. Ол «Елімізде қолма-қол емес төлемдердің алар үлесі аз екені белгілі. Біз соңғы кездері РОS-терми­нал­дардың артып келе жатқанын байқадық. Бүгінде олардың саны 120 мыңға жуық. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық көрсеткіш. Одан бөлек, қолма-қол емес төлемдердің саны да екі есеге ұлғайған. Демек, электронды төлемді дамыту тұрғысында Қазақстанның мүмкіндігі жоғары» деген болатын. Расымен де, қаржы реттеушінің статис­тикалық деректерінен 2018 жылдың 1 наурызында Қазақстанда 129 933 РОS-терминалы мен 15 437 төлем терминалдары тіркелгеніне көз жеткіземіз. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, ел аума­ғында байырғы кассаларды алмастырған мыңдаған терминалдың қызметін тұтынушылар белсенді түрде пайдалануда. Әсіресе, қарбаласып жататын қала халқы үшін таптырмас құрал болды.
– Қаржы жүйесі бүгінде үлкен өз­герістерге ұшырады деуге болады. Төлем жүйелерінің онлайн және электронды форматқа көшуі – заман талабы. Бір жағынан бұл халыққа да тиімді, уақытын үнемдейді, екінші жағынан, ақшалардың электронды форматта қозғалуы эконо­микадағы ақша айналымының тазалығын қамтамасыз етеді, – дейді сарапшы.
БАҚ беттерінде жарияланған ақпарат­тарда Бәсекелестікті қорғау агенттігі 2013 жылғы еліміздегі төлем терминалдар нарығын 2 млрд АҚШ долларына баға­лаған. Бүгінде бұл нарықтағы алып үштікке кіретін компаниялар Қазақстанда 80 мыңнан астам терминал орнатып үлгерген. Оның ішінде бір ғана ұйымның аудитория­сы 5,5 млн адамға жуықтайды. Әрқайсысы кем дегенде мыңнан астам қызмет түріне төлем жасауға мүмкіндік береді.
Қазақстандық банктер де – отандық төлем жүйесінің ауыр салмағын арқала­ғанардың қатарында. Қаржы реттеуші бізде банк клиенттеріне интернет және мобильді банкингтен бөлек POS-терминалдар мен әп-сәтте төлем жасайтын терминалдар, банкоматтар қолжетімді екенін мәлімдейді. Бүгінде электронды банк терминалдарының құрылымына келсек, олардың ең көп бөлігі POS-терминалдарға тиесілі. Бір ерекшелігі кәсіпкерлік дамыған сайын мұндай «темір кассаларға» деген сұраныс та арта түседі. Мысалы, 2014 жылдан бастап сауда және қызмет көрсету орындарындағы POS-терминалдардың саны артқан. Бұл клиенттерге банк карталарын пайдалану арқылы ғана бір мезетте қызмет немесе тауар құнын өтеуге мүмкіндік береді. Ұлттық банк мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында төлем ұйымдары 538,3 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Оның ішінде тұтынушылардың 65 пайызы терминалдар арқылы мобильді операторлардың қызметі үшін ақы төлесе, 10 пайызы – коммуналдық қызметке, 2,2 пайызы тауарларға төлем жасаған. Дегенмен кәсіпкерлердің көпшілігі әлі де қолма-қол емес төлем түрін пайда­ланбайды екен. Әрине, «көлеңкедегі» кәсіпкер болудың сыры да осында.
Халық банктің төрайымы Ү.Шаях­метова Үкіметтің кәсіпкерлікті қолдау немесе төлем жүйелерін дамытуға қатысты жоспарларына сауда сала­сындағы шағын мекемелер тосқауыл болып отыр­ғанын айтқан болатын. «Өйткені олар POS-терминалдарды орнатуға дайын емес. Бүгінде мемлекет e-commerce пен кибер­қорғаныс заңна­масы аясында, бірыңғай процессингтік және төлем орталықтарын құру жөнінде көптеген бастамалар көтеріп отыр. Мұның барлығы Қазақстандағы дид­житализация үрдісімен байланысты. Кәсіпорындар «мемлекет POS-терминал­дар сатып алуды субсидияласа немесе қаржыландырса» деген бастама көтеріп жүр. Бірақ енді оның қажеті болмауы мүм­кін. Өйткені қазір төлем процесін барынша жеңілдетуге арналған техноло­гиялар бар» деген еді БАҚ өкілдеріне пікір білдірген банк басшысы. Бірақ қазіргі технологияның мүмкіндіктері болашақта бұл терминалдың да орнын басуы бек мүмкін.
– Кеше ғана Ұлттық банк блокчейн технологиясына негізделген ноталарын шығарып сататын инвест құралды қолда­нысқа енгізді. Бұл да – қаржы саласын­дағы ақпараттық жүйелердің дамуына қарай қадам басып келе жатқанымыздың көрінісі. Мұндай өзгерістердің болғаны құба-құп. Болашақта да ақша айналы­мы онлайн форматта жүрсе, онда көлеңкелі эконо­микада жүрген артық ақшадан арылар едік. Әрі бұл нарықты реттеу ыңғайлы бола түсер еді. Мұнда соңғы кезде пайда болған кибер­қылмыс мәселесін де назардан тыс қалдырмау қажет. Сондықтан Ұлттық банктің блокчейн технологиясын қолда­ныс­қа енгізуі дәл қазір керек дүние болды. Себебі, бұл технология қаражат қауіпсіз­дігіне де кепілдік береді. Алдағы уақытта қаржы жүйесіндегі операторлар блокчейн технологиясының негізінде дамыса деп үміттенемін. Төлем терминалдарына келер болсақ, қазіргі кезде кең сұранысқа ие болғанымен, дәурені өтіп бара жатқандай әсер қалдырады. Қазір әрбір банк картасын қолданушы өзінің жеке кабинеті арқылы бүкіл қаржылық опера­цияларды жүзеге асыра алады. Егер де бүкіл халықты интернетпен қамтамасыз ете алса, онда мұндай терминалдар ұсынатын қызмет түрлері біртіндеп азая беретін секілді, – дейді экономист Мақсат Халық.
Сарапшылардың пікірін ескерсек, алдағы уақытта «бір терезе» қағидасы секілді бір картамен барлығын төлеуге де болатын секілді. Тіпті кейбір мамандар қарапайым төлем карталары осы нарықта терминалдар тұрмақ, банктердің өзімен бәсекеге түсуі мүмкін деп болжайды. Оларға халыққа қаржылай қызмет көр­сетуге жанталасып жатқан ұялы телефон опера­торларын қосыңыз. Не де болса төлем жүйесінде бір серпіліс болары анық.

Кәмила Дүйсен

Бөлісу:

Пікір жазу


*