Адвокаттар жауапкершілігі сақтандырылады

Елбасының бес әлеуметтік бастамасын әрбір азаматқа жеткізу үшін депутаттар ауыл-аймаққа аттанды. Бұл туралы Мәжілістің кешегі жалпы отырысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин хабарлады. Мәжіліс бюросының шешіміне сәйкес, 28 наурыз бен 6 сәуір аралығында депутаттар өңірлерді аралап, облыс орталықтарында, аудандарда, шалғай ауылдарда халықпен жүздеседі.
– Біздің басты мақсатымыз – Президенттің бес әлеуметтік бастамасының негізгі тұстарын халыққа түсіндіру. Депутаттардың халықпен кездесулері тек облыс орталықтары мен ірі қалаларда ғана емес, сондай-ақ шалғай ауылдарда да ұйымдастырылады. Біздің міндетіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңауқымды бастамаларын, олардың мүмкіндіктерін әрбір сайлаушыға, әрбір отбасыға дейін жеткізу және Мемлекет басшысының Үндеуін заңнамалық қолдаудың қалай жүзеге асырылатынын көрнекті түрде паш ету болмақ, – деді Мәжіліс төрағасы.
Оның мәліметінше, палата келесі жалпы отырысында бес президенттік бастаманы іске асыруға бағытталған алғашқы заң жобаларын жұмысқа қабылдап алуды жоспарлап отыр.
Осы отырыста депутаттар «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Талқылау барысында депутаттар «адвокаттардың тәртіптік комиссиясы» құрамына назар аударды. Атап айтқанда, жобада оның құрамына «алты адвокат, уәкілетті органның үш өкілі және отставкадағы судья кіреді» деп қарастырылған. Парламентшілер қорғаушылардың тағдырын шешетін құрылым мүшелері қатарында олардың әріптестерінің және 20 жылдан астам қызмет өтілі бар құрметті әрі беделді судьяның болуына келісті, бірақ соларға Әділет министрлігінің үш бірдей өкілін қосу қажеттілігіне шүбә келтірді.
Нұрлан Нығматулин депутаттардың ескертпелерін құптай келе, шенеуніктер орнына, тәртіптік комиссия құрамына қоғам өкілдерін енгізуді ұсынды.
– Адвокаттардың тәртіптік комиссиясында министрлік өкілдерінің болуы міндетті емес, тіпті оның қажеті де жоқ. Қайта сол шенеуніктердің орнында қоғам өкілдері болса, жұмыс та айқын, нәтижесі де жақсы болады, – деген спикер Әділет министріне қайырылып, екінші оқылымда пысықтау кезінде жобада осыны ескеруді сұрады.
Өз кезегінде министр М.Бекетаев ведомство өкілдерінің комиссияда болуы мәселесін қабылдамайтынын депутаттар пікірін құп алатынын жеткізді.
Заң жобасы адвокаттар алқасына мүшелікке қабылдану үшін жиналатын қазіргі «кіру жарнасын» жоюды көздейді. Кейбір депутаттар «бұл заңгерлердің даярлығына және клиенттерді қорғау сапасына кері әсер етпей ме?» деп алаңдаушылық білдірген. Дегенмен Мәжіліс басшысы осы мәселеде заңды әзірлеушілердің ұсынысын қолдап шықты.
Н.Нығматулин келтірген статистика бойынша Қазақстанда халық санына шаққандағы қорғаушылар саны дамыған елдердегіге қарағанда, әлдеқайда аз болып отыр. Қазір елімізде 4,5 мыңнан сәл астам адвокат жұмыс істеуде. Тиісінше, шамамен 4 мың қазақстандыққа 1 қорғаушыдан ғана келеді. Ал батысеуропалық өркендеген мемлекеттерде әрбір 250-1000 адамға 1 қорғаушы қызмет көрсетеді. Яғни, ол елдерде бәсекелестік жоғары.
Мәжіліс төрағасының байламынша, дамыған елдердегі және республикамыздағы статистика арасындағы бұл теріс айырмашылық жас заңгерлердің алдынан кедергілердің туындауы кесірінен орын алуда: өйткені біліктілік бойынша тестілеуді былай қойғанда, олар алдынан 800 мың теңгеге дейін жететін көлемде кіру жарнасын төлеу талап етіледі.
– Мұны барлығының бірдей қалтасы көтере бермейді. Яғни, бізде адвокат болуың үшін тамаша білімің мен терең тәжірибеңнің болуы жеткіліксіз. Сонымен бірге, қаржылық ауқатты болуың шарт. Салдарынан, бұл жас заңгерлер легінің адвокатураға келуін тежеуде. Азаматтарға заңгерлік көмек көрсету саласында бәсекелестік ақсауда. Бұл салада жұмыс істей алатын жастар көп, соның ішінде «Болашақ» бойынша да оқып келген, халықаралық құқықтық өрісте жұмыс тәжірибесі бар заңгерлердің жаңа толқыны өсіп жетілді. Тек олардың алдынан «шлагбаум» ашылуға тиіс. Қорғаушылар қауымдастығында «каста» деген болмауы керек. Ендеше, кәсіпке кіру жолындағы осы тәрізді қаржылық тоспаны алып тастау бойынша ұсынысты қолдағанымыз жөн, – деп түйді Нұрлан Зайроллаұлы.
Оның айтуынша, адвокаттықта басты өлшем-критерий кәсібилік болуға тиіс. Тиісті дәрежеде даярланбаған заңгердің адвокатқа айналуына жарнаның еш қатысы жоқ. Өз ісін бастамас бұрын адвокат болғысы келетін маман тағылымдамадан өтуі, күрделі біліктілік емтиханын тапсыруы. Әділет министрлігінен лицензия алуы керек. Нұрлан Нығматулин електен өткізгендей іріктеу – жарна емес, осы бағытта жүзеге асырылуға тиістігін нықтады.
Әділет министрі М.Бекетаевтың түсіндіруінше, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасында осы сала мамандарының сапалық құрамын жақсарту мақсатында «адвокаттардың біліктілігін көтеру механизмі» қарастырылған.
Бұдан бөлек құжат адвокаттарды және заң консультанттарын халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына сот өндірісінің басынан аяғына дейін тегін заң көмегін көрсетуге міндеттейді. Бұл – шетелдік тәжірибе және pro bono деп аталады. Әйтпесе, бір рет кеңес-консультация берумен шектелетіні бар.
– «Бұл қызметтерді көрсету тараптардың келісуімен, ерікті және өтеусіз негізде болады. Жалпы, рro bono қызметі «міндеттеме» емес, «құқық» болып табылады және ол мәжбүрлі болмайды. Сондай-ақ заңгерлік көмектің құны туралы ашық ақпараттың жоқтығы бағаның негізсіз көтерілуіне себеп болуда. Осы орайда халықтың хабардар болуын және әділ бағаның белгіленуін қамтамасыз ету мақсатында адвокаттар мен заң консультанттары көрсететін көмектің ұсынымдық сипатта тарифтік кестесін әзірлеу қарастырылады. Бұл – Германия, Франция, АҚШ, Польша, Чехия және басқа елдердің тәжірибесі. Тарифтік кестені енгізу азаматтарға заң көмегінің орташа құнын білуге және оған артық шығынды төлемеуге мүмкіндік
береді» – деді министр.
Оның айтуынша, күні бүгінге дейін «азаматтарды теріс пиғылды адвокаттар мен заң консультанттарынан қорғау механизмі қарастырылмаған».
– Адвокаттар мен заң консультанттары өз қызметін жүзеге асыру барысында сенім білдірушіге елеулі мүліктік залал келтіруі мүмкін. Сондықтан адвокаттардың, заң консультанттарының міндетті түрде өз кәсіби жауапкершілігін сақтандыру талабы енгізіледі. Бұл сенім білдіруші клиентке кәсіби заң көмегін алуға кепілдік береді. Сақтандыру институты 2020 жылдан бастап енгізіледі, – деді М.Бекетаев.
Оның сендіруінше, жаңа заң жобасы заң көмегін көрсету тәртібінің ашықтығы мен әділеттілігін және ең бастысы, сапасын көтеруге бағытталған.
Осы жиында Мәжіліс «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын мақұлдады. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы депутаттарға құжаттың басты жаңалықтарын айтып берді.
– 2008 жылы қабылданған «ҚХА туралы» заң ассамблеяны еліміздің саяси жүйесінің толық құқылы субъектісі ретінде бекітіп, оның қызметін белгілеп бергені мәлім. Дегенмен осы 10 жыл уақыт аралығында ҚХА институтының өзі өзгерістерге ұшырады. Елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етудің үлгісі жаңа сатыға көтерілді. Этносаралық қарым-қатынастың мемлекеттік жүйесінде терең әлеуметтік-саяси оң өзгерістер орын алуда. Ассамблеяның қызметі мен оның инфрақұрылымы кеңейіп, республикалық және өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемелері құрылды, – деді министр. Енді бұл өзгерістер заң тұрғысынан бекітіледі.
Бір қызығы, ұлттық заңнама «этносаралық келісім» деген аясы тар терминнен алшақтамақ. Оның орнына,
А.Мұхамедиұлының мәліметінше, осы заңмен ассамблеяға «қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету» миссиясы жүктеледі. Бұл «Болашағы біртұтас ұлтты» қалыптастыру жолындағы қадам болса керек.
– Заңның барлық мәтіні бойынша осы терминологияны қолдану ұсынылады, – деді ол. – Қазір ассамблеяның құрылымдары жанынан дауларды сотқа дейінгі реттеу мақсатында медиация кабинеттері ашылып, жұмыс жасауда. Сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде «қоғамдық келісім кеңестері» құрылған. Бұл кеңестердің басты міндеті – әлеуметтік мәселелерді шешу және қоғамдағы әлеуметтік шиеленістердің алдын алу. Сол себепті, заң жобасында тиісті баптарды көрсете отырып, ассамблеяның қайырымдылықты және медиацияны дамытуға жәрдемдесу саласындағы жұмысының негізгі бағыттарын нақтылау қарастырылады.
ҚХА кеңесінің рөлін және оның қоғамдық келісімді нығайту бойынша мемлекеттік саясаттағы тиімділігін күшейту мақсатында ассамблея кеңесінің өкілеттіктерін кеңейту қажеттілігі туындауда. Осыған байланысты, заң жобасында «ҚХА кеңесін республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатарынан қалыптастыру және осы кеңеске қоғамдық награда тағайындау құқығын беру» көзделген. Ассамблея мәселен, «Жомарт жан» төсбелгісі» қоғамдық марапатын тағайындап, тапсыруда.
Құжат «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесіне, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» жергілікті мемлекеттік мекемелеріне ассамблеяның атқарушы органы мәртебесін бекітіп бермек.
Айхан ШӘРІП