Баспана қалай бұйырады?

1240
0
Бөлісу:

Президент ұсынған «Бес әлеуметтік бас­тама» бойынша қарқынды жұмыстар ле­гі басталып кетті. Соның ішінде көп­ші­ліктің көбірек көз тігіп отырғаны – бас­пана мәселесі.

Жақында ғана Ұлттық банк ресми ақпарат таратып, 2018 жылдың екінші жар­тысынан бастап банктер «7 – 20 – 25» бағ­дарламасы негізінде ипотекалық кре­диттер бере бастайтынын жариялады.
– Бірінші жартыжылдықта барлық дайын­дық шараларын аяқтап, жылдың екін­ші жартысынан бастап, банктер жаңа бағ­дарлама аясында несие бере бастайды деп күтілуде. Бұл кредиттердің алғашқы бө­лігі рәсімделе салысымен біздің ком­пания, еншілес ұйымдар атал­ған кредит­терді сатып алып, механизм іске қосыла­ды, – деп мәлімдеді Үкімет оты­рысында Ұлттық банк төрағасының оры­н­басары Олег Смоляков.
Бұл ретте «7 – 20 – 25» бағдарламасы «Нұр­лы жер» мемлекеттік бағдарла­ма­сы­мен біріктіріледі. 5 жыл ішінде бағдар­лама меңгерушісі –Ұлттық банктің енші­лес ұйымы 1 трлн теңге көлемінде займ­дар береді. Смоляковтың айтуынша, банк­тер ипотека ретінде бір жылға 70-80 млрд теңге бөледі. 20 млн теңге несие ал­ған адамның айлық төлемақысы 140 мың теңге болады. Тиісінше, 7 млн теңгеге ие бол­ған қарыз алушы айына 50 мың теңге тө­леуі тиіс. Осы орайда басты қаржылық қа­дағалаушы орган бағдарламаны жүзеге асыруды төрт негізгі кезеңге бөліп қарас­тыра­ды. Ұлттық экономика министрі Ти­мур Сүлейменов те Ұлттық банк жа­саған механизм негізінде сәуір айында «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілетінін хабарлаған. Аталған өзгеріс­тер негізінде тұрғын үй құрылысының көлемі артады, сондай-ақ «Тұрғынүй­құры­лысжинақбанкінің» тұрғын үй займ­дарын беру параметрлері қайта қарас­тырылады.
Жылдың екінші жартысынан бастап, ипотекалық жаңа несиелердің берілуі өз ке­зегінде тұрғын үй бағасының қым­бат­тауына әкеліп соғуы мүмкін. Мұны са­рап­шы Ғалия Омарова да растайды.
– «7 – 20 – 25» бағдарламасы азамат­тар­дың төлем қабілетін және құрылыстың даму қарқынын арттырады. Былтыр шіл­де айында басталған «Нұрлы жер» ипо­те­кал­ық несиелендіруді субсидиялау бағ­дар­ламасы сатып алу – сату жағдайында өсімді анық көрсетті. Бұл тұрғын үйге деген сұраныс бар екенін, халықты қол­жетімді қаржылық құралдармен қамту керек екенін, сол құралдың бірегейі – ипотека екенін айғақтайды. Жылдық 7 пайыз – орта табысты қазақстандық үшін қолайлы мөлшерлеме. Егер бір адам 25 жылға 20 млн теңге жылына 7 пайыз­бен, алғашқы төлемі үй құнының 20 пайы­зы негізінде алатын болса, онда ол айына 113 000 теңге төлейді. 20 миллионға екі немесе үш бөлмелі пәтер алуға бола­ды. Үйде екі адам да жұмыс істеп тұрса, аталған қаражатты төлеу қиын емес. Де­ген­мен төлеу мерзімі ұзақ болған сайын, артық төлеу де арта беретінін ұмытпау керек. Сол себепті, кредитті барынша қыс­қа мерзім ішінде жауып тастауға ты­рысқан дұрыс. Бағаға келер болсақ, жыл басынан бері жылжымайтын мүлік нары­ғында тоқыраудың азайып жатқанын аң­ғарамыз. Тұрғын үй бағасына макро жә­не микроэкономикалық факторлар көп әсер етеді. Ең маңызды факторлар – құрылыстың өзіндік құны және сұра­ныс. Яғни, алдағы уақытта тұрғын үй құ­нының өсімі күтіледі, – дейді сарапшы.
Сарапшы пікірін Ұлттық экономика ми­нистрлігі статистика комитетінің де­ре­гімен тұздықтай кетсек. Жыл басынан бері елімізде тұрғын үй бағасы қымбат­та­ған. Ақпан айындағы мәлімет бойынша жаңа салынып жатқан құрылыстардағы бір шаршы метрдің құны – 260 613 теңге. Ал қазақстандықтар арендалық тұрғын үйдің шаршы метріне 1335 теңгеден төлеу­ге мәжбүр. Бұл цифр бағаның был­тыр­мен салыстырғанда 0,5 пайызға өске­нін білдіреді.
«Қазақстан Халық банкі» АҚ басшы­сы Үміт Шаяхметова отандық БАҚ-қа берген сұхбатында «7 – 20 – 25» өте күр­делі жоба екенін, оны қолданысқа енгізу мен бақылаудың қиынға соғатынын ай­тыпты.
– Бұл арзан ипотеканы 25 жылға алу мүм­кіндігін береді. Бұл – сөз жоқ халық­ты қолдау. Алайда қазір бағдарлама тура­лы егжей-тегжейлі әлі білмейміз, тек Ұлт­тық банктың еншілес компаниясы пай­да болатыны ғана белгілі. Бұл схема қиындау. Біз басқаша жол ұсынған едік – екінші деңгейлі банктерге 3 пайыздық маржамен (айырым) ақша беру және қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме – 7 пайыз. Аталған бағдарлама ақшаны тез игеріп кетуге мүмкіндік беруші еді. Со­сын банктер пайызсыз жұмыс істей ал­майды. Онда мемлекет үнемі банктерге кө­мектесіп, капитал салып отырады. Біз сүйе­ніп отырған орташа маржа – опе­рация­лық шығындар, желіні қолдау, қыз­меткерлерге жалақы беру деген сияқты қыз­меттерге кетеді. Сол себепті, мемл­е­кет тарапынан 3-4 пайыз банк маржалары болса деп айтып отырмыз, – дейді Үміт Шаяхметова.
Дегенмен Үкімет бағдарламаның сәт­ті жүзеге асуы үшін қолдан келгеннің бар­лығын жасап жатқандай. Жуырда ғана жаңа ипотекалық бағдарламамен қатар Қазақстан ипотекалық компа­ния­сы (ҚИК) және «Тұрғынүйқұрылыс­жинақ­банкі» өз қызметтерін жалғастыра беретіні айтылды.
– Біріншіден – ТҚЖБ-ның барлық жеңіл­дік шарттары сақталады. Екінші-ден – ТҚЖБ-ның «Нұрлы жерге» де, «7 – 20 – 25» бағдарламасы да қатысуы сақ­та­ла­ды. Егер инвестор қаламаса, біз оны бер­мейміз. Үшіншіден – жыл сайынғы қор­ландырудан түскен 20 пайыздық мем­ле­кеттік сыйақы сол күйі қала береді, – деді Ұлттық экономика министрі.
Қазіргі таңда жаңа бағдарламаға де­ген көпшілік қызығушылығы жоғары. Са­рапшылар да осы жолы жаңа ипоте­калық жобаға қатысушылар саны әдет­тегіден көп болады деп болжап отыр. Ай­дың соңындағы нақтылы талап пен тәр­тіп бекітіліп, сәуір мен мамырдағы тү­бірлі өзгерістер «7 – 20 – 25» бағдарла­масын «отқа жанбайтын, суға батпайтын» жобаға айналдырады деп сенейік.

Бірінші кезең – ипотекалық несиелерді секьюриттеу (бағалы қағаздарды кредит капиталы ретінде пайдалану) механизмін қалпына келтіру; банктер мен қор нарығы мүмкіндіктерін максималды пайдалану.

Данияр АҚЫШЕВ,
Ұлттық банк төрағасы:
– Ұлттық банк басқармасы жақын уақытта 100 пайыздық еншілес арнайы компания құру мәселесін қарастырады. Жаңа компанияның капиталы Ұлттық банк қаражаты негізінде қалыптасады. Компания «7 – 20 – 25» формуласы бойынша ұсынып отырған жаңа ипотекалық кредиттерді сатып алу үшін оған капитал керек. Міне, секьюриттеу дегеніміз осы.

Екінші кезең – аталған компаниялардың қаржылық агенттік ретінде қалыптаса бастауы. Компаниялардың облигациясы үшін – мемлекеттік құнды қағаздарға салынғандай салық жүйесі салынады. Бұл тұрғыда Ұлттық банк тиісті заң жобасын Үкіметке жолдайды.

Үшінші кезең – тұрғын үй бастамасы ұсынып отырған жаңа мүмкіндік – әр адамға берілетін жеңілдік шарты. Бірақ бағдарлама «ұзын арқан, кең тұсауға» салынып кетпеуі қажет. Әлбетте болашақ борышкерлер қаржылық тұрғыда төлем қабілеттілігін растауы тиіс. Бағдарламаға ресми табысы бар қазақстандықтар қатысады. Қазір банктер нақты талаптарды түзіп жатыр.

Төртінші кезең – жеңілдетілген ипотекалық кредиттер толық қамтамасыз етілген және қайтарымды болғаны абзал. Ұлттық банк төрағасының сөзінше, соңғы жылдары ипотекалық кредиттердің сүйкімін кетіріп жіберген кейбір талаптар қайта қаралады.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*