Жеті ұлттық компания жекешелендіріледі

1020
0
Бөлісу:

Мемлекеттік органдар ел басшылығы берген әрбір тапсырма, әрбір жаңа міндетті жүзеге асыру үшін жаңа ұйым құруды жаман әдетке айналдырып алған. Салдарынан, мемлекеттік кәсіпорындарды бәсекелестік ор­таға тапсыру науқанына қарамастан, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің саны тоқтаусыз өсуде. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтылды.

Жиынды ашқан Мәжіліс вице-спикері В.Божко ел экономикасының бірқатар салаларын дамыту, азаматтарымыздың әлеу­меттік жағдайын тиімді шешу мәселелерін қарастырып, жекешелендіру процесін жеделдетуге заңнамалық қолдау көрсету мақсатында 2015 жылғы жел­тоқсанда арнайы заң қабылданғанын еске салып өтті.
Негізгі баяндамашы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттік меншікті жекешелендіру процесінің 90-жылдардың басында басталғанына назар аудартты. Бұл кезеңді жекешелендірудің «бірінші толқыны» деп атауға болады. «Бірінші толқынның» түйінді міндеті жеке бизнесті дамыту үшін нарықтық экономика мен базалық шарттарды жасау болды. Оның барысында 43 мыңнан астам мемлекеттік меншік объектілері жекенің қолына көшкен, олардан түскен кірістер шамамен 360 млрд теңгені құрапты.
Бас экономистің бағалауынша, 90-жыл­дардағы жекешелендіру «нарықтық эконо­миканың мықты іргетасын қалыптастыруға, жеке бастама мен меншіктің нығая түсуіне мүмкіндік берген».
– Алайда мемлекеттік сектор күні бү­гінге дейін ел экономикасының едәуір бөлігін бір өзі меншіктеп отыр. Жеке сектор қаржы және адами ресурстар бойынша квазимемлекеттік сектормен тең дәрежеде бәсекелесе алмайды. Бұл жекеменшік кәсіпорындардың одан әрі дамуын қиын­датады. Назар аударар жайт, меморгандар ел басшылығы берген әрбір тапсырма, міндеттер бойынша ұйымдар құрады, бұл квазимемлекеттік сектор субъектілері саны­ның өсуіне, олардың бір-бірінің қыз­метін қайталауына алып келеді. Оның үс­тіне ел бюджетінің жүктемесі ұлғаюда, – деді Тимур Сүлейменов.
Оның мәліметінше, 2010-2014 жылдар аралығына жасалған талдау квазимем­лекеттік сектор субъектілерінің жыл сайын орташа есеппен әрі тұрақты түрде 5 пайызға өсіп отыратынын көрсеткен. 2014 жылдың соңына қарай олардың саны 7,7 мыңнан асып кетті.
Егер бүкіл экономика кеңес кезіндегідей жалғыз мемлекетке қарап отырса, оның ақыры неге соқтыратыны белгілі. Дамыған елге айналу үшін мемлекетке орта тап түріндегі тірек керек. Бұл ұстын бәсекелес ортаға берілген мемлекеттік кәсіпорындар орнында өркен жаюға тиіс. Осы мақсатта, бәсекелестікті және жеке бизнесті дамыту, ел экономикасының салаларын жаңғыртуға инвесторларды тарту үшін Мемлекет басшысы Үкіметтің 2014 жылғы 14 ақпан­дағы кеңейтілген отырысында кеңауқымды жаңа жекешелендіру жүргізу арқылы мем­лекеттің экономикадағы үлесін «Экономи­калық ынтымақтастық және даму ұйымына» мүше дамыған елдер деңгейіне жеткізу, яғни ЖІӨ-нің 15 пайызына дейін қысқарту мінде­тін қойды. Әйтпесе, сарапшылардың бағалауын­ша бізде мемлекеттің экономи­ка­дағы үлесі 45 пайызға дейін барады.
Бұл ретте дамыған елдерде танымал «Сары парақтар қағидаты» (yellow pages rule) бізде де «мемлекеттің экономикаға қатысуының маңызды қағидаты» ретінде бекітілді. Yellow pages жеке бизнес бар жерден мемлекеттік кәсіпорындар мен компаниялардың кетуін талап етеді. Өйткені мемлекет ондай салаларда өз биз­несімен өзі бәсекеге түспей, тобықтан қақпай, керісінше, олардың өсіп, транс­шекаралық компанияларға айналуына қолдау көрсетуі шарт.
Осы орайда мемлекетке, соның ішінде Үкіметке, министрліктерге, ұлттық ком­па­нияларға, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­цияларына, жергілікті әкімдіктерге қарас­ты активтерді жекеменшікке өткізу­дің бір­­неше тәсілі бекітілді. Оның біріншісі – қор нарығына қатысты және ол ком­пания­­­лардың акцияларының қосымша эмиссия­­сын (көлемін) шығару немесе олардың бағалы қағаздар нарығындағы үлесін өткізу арқылы IPO/SPO-ға шығаруды көздейді.
Екіншісі бойынша мемлекеттік нысан «инвес­тициялардың көлемін, түрлері мен мерзімін, қызмет бейінін және жұмыс орындарын сақтау, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу және басқа да шарттармен» стратегиялық инвесторларға тікелей сатылады.
Үшінші тәсіл – екі кезеңдік конкурс арқылы сатуды қарастырады. Яғни, бірінші кезеңде компанияларды дамыту бойынша ең үздік екі ұсыныс таңдалады. Екінші кезеңде ең үздік жағдайды ұсынушылар арасында конкурс өткізіледі. Бұдан бөлек, «кейіннен сатып алу құқығымен сенімгер­лік басқаруға беру», «аукцион», «тендер» тәсілдері де қолданылуда екен.
Сату әдісін тиісті жобалық офистің ұсыныстары негізінде меншік иесі өзі таңдайды. Ұлттық экономика министрінің түсіндіруінше, маңызы шамалы компания­лар аукцион не тендер көмегімен, жедел тәртіппен сатылады. Сатып алушы табыл­маған жағдайда, әлеуметтік-экономикалық маңыздылығына қарай кәсіпорын қайта ұйымдастырылады не мүлдем таратылады.
Әлеуметтік инфрақұрылым объектілері, мысалы, стадиондар, демалыс саябақтары, балабақшалар және басқалары мемлекет­тік-жекеменшік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып, бәсекелес ортаға бері­леді. Ірі активтер тек екі кезеңдік конкурс немесе сенімгерлік басқару арқылы өткізіледі. Стратегиялық объектілер «тікелей атаулы сату» жолымен не «IPO/SPO-ға шығару» арқылы сатылады.
Үкімет сағатында мемлекет меншігін бәсекелестік ортаға берудің барысы туралы айтылып, 2017 жылғы қорытындылары шығарылды. Былтыр «Жекешелендірудің кешенді жоспары» тағы 168 ұйыммен толықтырылған болатын. Алайда Прези­денттің тапсырмалары мен экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекет­тік комиссияның ұсынымдары бойынша ол жоспардан 46 ұйым алып тас­талыпты.
– Қазіргі уақытта жекешелендірудің кешенді жоспары 902 объектіні қамтиды. 2017 жылы жоспар 122 компанияға немесе 15,6 пайызға ұлғайды. Кешенді жоспар іске асырылған 2 жыл ішінде 476 объект сатуға қойылды. Олардың ішінде 367 объект 164,7 млрд теңгеге сатылды. 255 объект қайта ұйым­дастыру және таратылу сатысында. Ал 2017 жылы 461 объект сатылуға тиіс болатын. Жоспар 97 пайызға орындалды. 289 объект сатуға қойылды. Соның ішінде 190 объект 107,9 миллиард теңгеге сатыл­ды, – деді Тимур Мұратұлы.
Жүргізілген сауда-саттық нәтижесінде былтыр 10 объект өтпей қалыпты. Министр олардың 2018 жылдың соңына дейін сатылатынына сендірді. Инвесторлар мен кәсіпкерлер қызығушылық танытпаған 162 объект қайта ұйымдастырылды және таратуға жатады.
Жеке қолға өтіп кеткен 190 объектінің 77-сі (республикалық меншік бойынша – 3, коммуналдық меншік бойынша – 39, ұлт­тық холдингтердің активтері – 9, ӘКК – 26) аукцион арқылы өткізілген. Оның ішінде бастапқы бағасын төмендету арқылы 58 ұйым және бастапқы бағасын жоғарылату арқылы 19 ұйым сатылды. Тендер өткізу арқылы – 107 (республикалық меншік нысандары – 11, коммуналдық меншік бойынша – 90, ұлттық холдингтердің активтері – 2, ӘКК – 4), тiкелей атаулы сату арқылы – 3 объект және екі кезеңдік рәсімдер конкурсы арқылы – 3 объект сатылды.
Құны аса қомақты ірі объектілер арасынан өткен жылы сатуға 21 объект қойылды. Оның ішінде ұлттық холдингтер бойынша – 19 объект, республикалық меншік бойынша – 2 объект бар. Бүгінде 14 объект жекешелендірілген. «ҚазМұнайГаз» бен «Қазақстан темір жолының» IPO-сының шеңберіне 7 объекті өткізілді. Республи­калық меншікте болып келген 2 денсаулық сақтау объектісі («ҚазМедТех», «ҚазМедор­талық») енді жеке компания болады.
Квазимемлекеттік сектордағы 12 мемлекеттік компания сатылды. Оларды сол салаларда тәжірибесі бар трансұлттық ірі компаниялар иеленгені мәлім етілді. Нақтырақ айтсақ, KTZE-KHORGOS GATEWAY кәсіпорнының 49 пайызын қытайлық Shanhai Investment & Development Company Ltd COSCO Container Lines, Локомотив құрастыру зауыты АҚ-ның 50 пайызын америкалық GE Transportation Engines Holding B.V. меншіктеген. «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС-ның 50 пайызы француздық Alstom ірі машина жасау компаниясына сатылды, ал ол –энергети­калық жабдық және теміржол көлігін шы­ғаратын әлемдік көшбасшы­лардың бірі саналады.
Ірі объектілердің жалпы сатылу бағасы 61 млрд теңгені құрады, бұл олардың баланстық құнынан 20 пайызға жоғары.
Министр Т.Сүлейменов енді 7 ұлттық ірі компанияны жекешелендіру бастала­тынын хабарлады.
– Олардың үшеуі IPO/SPO-ға дайын­далуда. Атап айтқанда, 2018 жылдың бірінші жартысының соңына дейін «Қазақ­телекомның» акцияларын орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» пен «Эйр Астананы» 2018 жылдың 4 тоқсанына қарай IPO-ға шы­ғару жоспарлануда. Бұл ретте олардың акцияларын орналастырулардың түпкілікті мерзімі компаниялардың қаржылық жағ­дайы, макроэкономикалық жағдай, шикі­зат­тың әлемдік бағалары ескеріле отырып, белгіленетін болады, – деді бас экономист.
Ал «ҚазМұнайГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта» және «Қазақстан теміржолы» компаниялары бұл өткелден 2019-2020 жылдары өтеді деп күтілуде, қазір ықтимал IPO/SPO-ның түйінді параметрлерін айқындау жұмыстары жүргізілуде.
Әу баста ұлттық компанияларды же­кешелендіруді «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамытумен ұштастыру көзделген-тін. Кеше ұлттық компания­лардың акцияларын өзіміздің қаржы орталығының алаңында орналастыру «басым нұсқа болып табылатыны» айтылды. Бірақ Үкімет жалғыз онымен шектел­мейтінге, жатжұрттық қаржы орталықтарын да қарастыратынға ұқсайды. Бұл бұрыннан қалыптасқан әрі инвесторлар арасында кең танымал биржалар арқылы ұлттық компа­нияларымыз үшін тиімді қор жинауға қажет.
– Бұл ретте депозитариялық қолхаттар (GDR) түрінде шетелдік алаңдарда бір мезгілде листинг жүргізу нұсқасы қаралуда. Бұл қосымша өтімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ шетелдік инвесторлар арасында акциялардың тартымдылығын жоғарылатады, – деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.
Өз кезегінде депутаттар жекешелендіру барысында орын алған кемшіліктерді жою қажеттілігіне назар аудартты. Мәселен, баланстық құны жоғары және бюджеттен алған қомақты жарғылық капиталы бар жекешелендіру объектілері өздерінің жарғылық капиталы мен баланстық құнынан әлдеқайда төмен бағаланған. Жекеге берілген 75 объектінің бағалау құны баланстық құнынан 70 млрд 646 млн теңгеге аз, 144-інде жарғылық капиталынан 172 млрд 451 млн теңгеге аз болып отыр.
Уәкілетті органның деректері бойынша, бағалау құнынан да төмен бағаға 192 объект (жалпы санның 52,2 пайызы) сатылған. Мәселен, 2,6 млрд теңгеге бағаланған «Алматыметроқұрылыс» компаниясы небары 1,4 млрд теңгеге, ал 997 млн теңге тұратын Шымкент қаласының спорт сарайы 8 есеге жуық арзан, бар-жоғы
128 млн теңгеге жекешелендіріліп кеткен.
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н.Сабильянов ұзақмерзімді инвестициялау объектілерін сату да ерекше назар аударуды қажет ететінін айтты. Мысалы, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясына мемлекет соңғы жылдары шамамен
137 млрд теңге ел қаржысын инвестиция түрінде құйған. Бұл бюджет қаражаты 4 ірі жобаны іске асыруға бағытталды. Олардың екеуі әлі аяқталған жоқ, қалған екеуі 2014-2015 жылдарда ғана іске қосылған. Бұл жобалардың орташа өтелуі 10 жылды құрайды. Демек, әзірге мемлекетке жөндеп қайтарым беріп те үлгерген жоқ.
Сондықтан Мәжіліс жекешелендіруден ел экономикасына ұзақмерзімді пайданың болуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдарға «объектілерді жекешелендіруден болатын құқықтық, экономикалық және әлеуметтік салдарларды бағалауды жүзеге асыруды» ұсынды.
Үкімет сағаты қорытындысында палата ұсынымдар түзіп, мемлекеттік органдарға жол­дайтын болады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*