Шағын несие: Кімге? Қашан? Қалай?

2544
0
Бөлісу:

Түнеукүні жарияланған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» қоғам өміріне қатысты өзекті проблемалардың түйінін тарқатуға кәдімгідей серпін сыйламақ. Жалпы, Елбасы Жолдауында болсын, басқа да халыққа арнаған Үндеулерінде болсын, іске асыруға тиіс маңызды тетік­терді тайға таңба басқандай көрсетіп оты­рады. Ал осы жолғы бес бастаманы неліктен бөле-жара жұртшылыққа ұсынды? Сірә, әрқайсының бойында зілбатпан жауапкер­шілігі бар, кезек күттірмей шешілуі тиіс әлеуметтік проблемалар болғандықтан шығар. Бүгін сол бес бастаманың арасынан «шағын несиелендіру» тармағын бөліп алып, тарқатып көрмекшіміз.

Инновациялық жаңғырулар – әрқа­шан қызық. Жұрттар сияқты сенсорлы аппараттар мен жүйелік бағдарламалар құрастыру тұрғысынан алға оза алма­ғанымызбен, ел ішінде стартап жоба­лардың өркен жая бастауы, бірді-екілі жастарымыздың google мен facebook компанияларында жұмыс істеуі көңілге медеу. Бірақ мемлекет табыс пен байлықтың түпкі бастауы – ешқашан көнермейтін қара сауда – шағын және орта бизнесте екенін жақсы түсінеді. Сол себепті, соңғы бірнеше жылдың көле­мінде бизнестің осы бір түрін қолдап келеді. Қолдау жыл сайын жаңаша қарқын алып, жаңаша бояуға қанығуда. Осы жолғысы – кәсіпкерлер мен кәсіпкер болуға ниеттілерге кәдімгідей үміт берді. Президенттің айтуынша, халыққа шағын несие беру – өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар мен жұмыссыздарға ұсыны­латын ең тиімді жол. Осының арқасында 2017 жылы 32 миллиард теңге 7 200 микро­кредит үшін үлестірілген. Алайда оның өзі жетпей қалды.
– Сондықтан биыл қазақстандықтарға берілетін шағын несие сомасын был­тырғымен салыстырғанда 20 миллиард теңгеге көбейтуді тапсырамын. Сонда оның жалпы сомасы жылына 62 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде, несие алып, өз ісін бастайтын азаматтардың саны былтырғыдан екі есеге артып, 14 мыңға жетеді, – деген еді Президент.
Елбасының сөзінен ұққанымыз – ақшаны алған ауылдағы ағайындар, әсіресе әйел адамдар қаражатты еселеп пайда келтіреді. Соның арқасында билік мінберінен жиі айтылатын «өзін-өзі жұмыспен қамту» деген мәселе біртіндеп шындыққа айналмақ. Жобаны жүзеге асырушы негізгі мекеме – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Осы палатаның Бизнес коммуникацияларды мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиевтің айтуынша, былтыр «Бастау Бизнес» аясында Қазақстанның 80 ауданы бойынша 15 мың адам білім алып, оның 3 314-і өз ісін бастап кеткен.

БЫЛТЫР:
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша – 7 227 шағын несие берілді.
420 кепілдемеге келісімшарт жасалды.
Шағын және орта бизнес 3,6 пайызға артты.

БИЫЛ:
Микрокредит 14 мың адамды қамтиды
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша – 87 миллиард теңге бөлінеді.

– Алайда 3 314 адамның 2600-і биз­неске шағын несиелеу арқылы араласты. Оның ішінде тек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 1600 адам алды, қалғаны басқа көздерден қаражат тапты. Осы 5 жылға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында алғаш рет ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несиелер ескерілген. Яғни, 6 пайызбен. Әрбір іс бастаушы адам 6 пайызбен 7 жылға дейін 18 миллион теңге қаражат ала алады. Былтыр қаржы тапшылығына байла­нысты Қазақстан бойынша 27 миллиард теңге қаражат бөлінді, – дейді ол.
Қаржыландыру мекемелерінің тәртібі бойынша ол ақшаның 20 пайызы ғана стартап жобаларға бұйырады. Яғни, 27 миллиардтың 5 миллиарды. Бір стартап жобаның құны шамамен 3,5 миллион теңге деп алатын болсақ, 5 жарым мил­лиард теңге 1700 адамды (жоба) ғана қамтиды. Бұл әрине, аздық етпек. «Атамекен» басшылары биыл оң нәтижелі көрсеткіштер өсе түсіп, қаржы шашау шықпай жетеді деп болжайды.
– Шын мәнінде, бизнес ашатын адамның көрсеткіші бізде 3000 адамдай болды. Ал былтыр біздің оқуларға қатысқан 15 мың адамның 8 300-і өз бизнес-жобасын қорғап, қаржы алуға ниет білдірді. Демек, арада 5000-дай адам қаржы ала алмай қалды. Осы мәселені ескеріп Елбасының 20 миллиард теңге бөлуі өте қуантарлық жағдай. Бұл қаражат биыл бізге көп көмек болады деп ой­лаймын. Өйткені 2018 жылы біз 30 мың адам оқытамыз, оның кемі 6 мыңы бизнес ашуы керек, – дейді Бауыржан Оразғалиев.
Жеке кәсіп ашып, шаруамды дөңгелетсем дейтіндердің саны басым, әрине. Алайда ауылдық жерлерде олардың ұсыныстары қанағаттандырылмай немесе ұсынған мүліктерін екінші деңгейлі банктер кепілдеме ретінде қабылдамай қоюы мүмкін. Сондықтан мемлекеттің идеясымен арнайы кепілдеме жүйесі ұйымдастырылып, ауылдық жердегі ағайынға «ҚазАгроГарант», қалалықтарға «Даму» қоры несиенің 85 пайызына кепілдік береді. Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың сөзінше, шағын несиені көбейте түсуге алғышарттар жасалып жатыр. Мамыр айында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ламасына өзгерістер енгізілмек.
– Жаңа өзгерістер нәтижесінде қала мен ауылдық аймақтарда микрокредит беру оңтайландырылып, қаржыландыру көлемі артып, кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасалады. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының кепілсіз қаржыландыру тәсілдері әзірленеді, – деді вице-министр. Осы орайда ««Атамекен» ҰКП бизнес коммуникацияларды мемлекеттік тілде дамыту департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиевтің сөзіне қайта көз тоқтаталық.

Мәдина Әбілқасымова,
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі:

– Жеңілдетілген миркокредиттер 5 жыл мерзімге, мал шаруашылығы мен ауылшаруашылық кооперативтерін құру үшін – 7 жылға беріледі. Жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 6 %. Кепілге беретін мүлкі болмаған жағдайда бағдарлама қатысушысы кредит бойынша міндетін орындап кепілдеме алуды қамтамасыз ете алады. Ұсынылған механизмдер жүзеге асу үшін бағдарламаға әлі де өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар қала мен ауылда микрокредит беру бойынша да ережелер өзгеріске ұшырайды.
– Бес әлеуметтік бастама аясында бөлінген 20 млрд теңгенің 14 миллиарды ауылдарға бағытталады, 6 миллиарды қалаларға беріледі. Жалпы, Президенттің тапсырмасы бойынша биыл микро­несиенің санын 14 мыңға жеткізу керек. Оның ішінде алты мың адам «Бастау Бизнес» аясында алады деген үміттеміз. Былтыр қатысқан 15 мың адамның 25 пайызы – 18-29 жас аралығындағы жастар. Бастапқы кезеңдерде жастар аса белсенділік танытпады, бірақ кейінгі кезеңдерде жақсы қатысып жатыр. Олар қазір қоғамға пайдалы, мол табыс әкелетін бизнестер аша бастады, – деді Оразғалиев.
Былтырғы статистикаға назар салсақ жобалардың 80 пайызы – агроөнеркәсіпке қатысты бастамалар екен: мал өсіру, сүт өндіру, құс фермалары, жылыжайлар деген сияқты. 20 пайызы ауылдық емес жобалар. Бұл ретте қалалық мекендерде тігін цехтары, дүкендер, шағын машина жөндеу бекеттері, шағын такси қыз­меттері, дәмханалар, кішігірім наубайхана қызметтері жұмыс бастаған. Нәтиже бар. Көпшіліктің кәсіп ашып табыс тапсам деген, мемлекеттің сол адамдарға қар­жылық қолдау берсем деген ниеті көңіл тоғайтады. Жұрттың ұрты майланса, ұлттың сапасы да артады, мемлекеттің мерейі өседі. Қазақ «есептес дос айрылмас» деген. Шағын несие алып, шағын бизнес бастап, шағын емес жетістікке жетіп жатса, міне жетістік.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*