Именбей кір, ит жылы!

2392
0
Бөлісу:

ИТ – жеті қазынаның бірі.
ИТ – он екі мүшел жылдың бірі. ИТ сөзі – түркі тілдеріне ортақ. Оны ежелгі түркі жазба ескерткіштеріндегі жазба деректерден байқауға болады. Мәселен, татар тілінде «ит» сөзі «эт», тува тілінде «ыт», өзбек-қырғыз-түркімен тілдерінде «ит» деп айтылады.
Ердің қанаты – ат, үйдің құлағы – ит, тамағы мен киімін асыраушы – бүркіт, қорғанар қаруы – мылтық болуы да сол себептен. Ендеше, табалдырық аттаған ИТ жылының артықшылықтарына тоқталып өтейік.

Алдымен, ИТТІ жеті қазынаның бірі санайды. Неліктен? Ит тұқымы­ның жеті қазынадан ойып тұрып орын алуының сырын іздегенде, бабаларымыздың ит болғанда да, алғыр тазыны ғана қазынаның бірі санағанына көз жеткіздік. Кезінде қазақтың мықты тұлғалары­ның бәрі құмай тазы асыраған. Әрі оны жігіт­тіктің нақты көрінісі деп санағаны да сондықтан. Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы ұстамаған қазақтың жі­гіттері кемде-кем. Әйгілі Ақан серінің өзі ит жүгіртіп, құс салып, аңшылық құрды.
Кей деректерде «Құмай тазы грифон тәрізді бейнеленеді және қиялдағы самұрыққа ұқсас құс деп танылады. Ал оның аң алатын тазы итпен байланысы аңыздарда оның бір ұядағы жұмыртқадан қаз, құмай ит шығады деген сюжетпен өрбітіледі. Құс тәрізді ұшқырлыққа қиялдай теңе­ген қазақтар өте жылдам жүгіре­тін тазы иттерді құмай тәрізді «ұша­тын» қасиетке ие деген баға береді».
ИТ – жыл қайыруға енген үй жануары. Әсілінде, жыл санау – халық даналығының бір тарауы. Жыл санау арқылы бабаларымыз он екі жылдан қайырып отырады да, оны «жыл қайыру» деп атаған.

Алдымен, ИТТІ жеті қазынаның бірі санайды. Неліктен? Ит тұқымының жеті қазынадан ойып тұрып орын алуының сырын іздегенде, бабаларымыздың ит болғанда да, алғыр тазыны ғана қазына­ның бірі санағанына көзімізді жеткіздік. Кезінде қазақтың мықты тұлғаларының бәрі құмай тазы асыраған. Әрі оны жігіттіктің нақты көрінісі деп санағаны да сондықтан. Жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы ұстамаған қазақтың жігіттері кемде-кем. Әйгілі Ақан серінің өзі ит жүгіртіп, құс салып, аңшылық құрды.
Кей деректерде «Құмай тазы грифон тәрізді бейнеленеді және қиялдағы самұрыққа ұқсас құс деп танылады. Ал оның аң алатын тазы итпен байланысы аңыздарда оның бір ұядағы жұмырт­қадан қаз, құмай ит шығады деген сюжетпен өрбітіледі. Құс тәрізді ұшқырлыққа қиялдай теңеген қазақтар өте жылдам жүгіретін тазы иттерді құмай тәрізді «ұшатын» қасиетке ие деген баға береді».
ИТ – жыл қайыруға енген үй жануары. Әсілінде, жыл санау – халық даналы­ғының бір тарауы. Жыл санау арқылы бабаларымыз он екі жылдан қайырып отырады да, оны «жыл қайыру» деп ата­ған. Бұл тәсіл өткен жылдарды есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы әрі тағылымы бар тапқырлық, есептік жүйе. Мүшелдік жыл санау тышқаннан басталады. Әр жылдың атына байланысты өз ерекшелігі бар. Әр жылға қарап қазақ халқы ауа райына қатысты құбылыстарды да бақылап, бағамдап отырған. Қай айда, тіпті қай күндері ауа райы қалай өзгере­тінін де анықтайтын болған. Кей адамдар өткен мезгілдердегі өзгерістерді салыс­тыра есептей отырып, алдағы күндерді де бағамдаған. Мұндай адамдарды қазақтар «есепшілер» деп атайды. Кейбіреулер шоқжұлдыздарға қарап та күннің райын байқаған. Қардың қашан жауатынын, желдің қайдан шығатынын, жылдың әр мезгіліндегі ауа райына да болжам жасап отырып, дәл айтқан.
Мүшел жасты анықтағанда бір ерек­шелікті есте сақтаған абзал. Яғни, бала 13 жасқа толғанда – бір мүшел қайырады да, кейінгілеріне 12 жылдан қосып отырады. Сонда бір мүшел – 13 жас, екі мүшел – 25, үш мүшел – 37, төрт мүшел – 49, бес мүшел – 61, алты мүшел – 73, жеті мүшел – 85, сегіз мүшел – 97 деп қайырып, адам жасын есептеп шығарады.
ИТ жылын көпшілік жақсы жылдарға бағалайды. Жылдың да мінезі болады. Тарихқа үңіліп көрейік. 1920-22 жыл­дардағы алапат аштық қазақтың есінен кетпейтін шығар, сірә! Азамат соғысынан кейін екі жыл қарсыз, жауын-шашынсыз болды. Екі жылғы құрғақшылық қазаққа оңай тимеді. Қатты құр­ғақшылықтың соңы ашаршылыққа алып келді. 1921 жылдың күзіне қарай, қазақ халқы алапат аштық­қа ұшырады. Қан­шама қазағынан айрылды. Ит жылы кірген 1922 жылдан бастап қана ауыртпалық сейіле бастады. Итті жақсылыққа балайтындығы да сондықтан.
Араға он екі жыл салып, қайта келген мешін мен тауық тағы да қазаққа оңай тимеді. 1932-33 жыл­дардағы ашаршылық та тауық пен мешін жылына тура келді. 1928 жылдың күзінде байларды тәркілеп, дүние-мүлкінен айыру, отырықшы­ландыру, коллективтендіру сияқты солақай саясаттың салдарынан ұлт жойылып кете жаздады. Осы зобалаңда 3 миллионға жуық адам қырылды. Көп қазақтар шетке босып кетті. Ит жылы кіргеннен кейін ғана қиындықтың беті қайтып, ел тұрмысы оңалғандай болды.
Ал 1946 жылғы Ит жылы халыққа жеңіс сыйлады. 1941-45 жылғы фашизм­мен соғыс елді есеңгіретіп тастағаны белгілі. Соғыс салдарынан ауыр күйзе­ліске ұшыраған экономика біртіндеп, қайта қалыпқа келе бастады. Ең қызығы, 1968-69 жылдары да елде құрғақшылық болды. Тек Ит жылы кіргеннен кейін ғана елдің тұрмысы оңалып, қайта көшке ілесті. Сондықтан жеті қазынаның бірі саналатын Ит жылының осындай ерекшеліктері бар.
1958 жылы 8 наурызда «Қазақстан» ұлттық арнасы эфирге шықты. ИТ жылы эфирге шыққан ұлттық арнаның алпыс жылдығының ит жылына тура келуі де кездейсоқтық емес. Мұны да жақсы ырымға балауымызға болады.
Арада 24 жыл өткеннен кейін ИТ жылында Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этногра­фия­лық оркестрі құрылды. Оркестр ғасырлар бойы баға жетпес мәдени мұра болып келе жатқан ұлттық музыкамызды байытты.
Он екі жылдан соң, ИТ жылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстан тарихында маңызды орын алатын ядролық қаруы жоқ ел ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Бұл да бейбіт қоғамды орнатудың алғышарттары болатын. Әлемде бейбітшілік нұрын себу үшін ядролық қарудан бас тарту кезек күттірмес мәселе еді. Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекет басшысының бұл қадамы – әлем жұртшылығы тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Ұлттың мемлекеттік жаңа Әнұраны да ИТ жылында қабылданды. Негізінен, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Шәмші Қалдаяқовтың 1950 жылы дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні таңдап алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне
Пре­зидент Н.Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент те жақсы қабылдады. Мұның бәрі – ИТ жылында жүзеге асқан оңды өзгерістер.

ИТТІҢ ПАЙДА БОЛУЫ
Ұлық Алла адамның тәнін топырақтан жаратарда Әзірейілді жұмсап, «Жердің бетінен әртүрлі топырақ алып кел» дейді. Періште ұшып жүріп, жер бетінен топы­рақ таңдайды. Ол тән балшығын әртүрлі то­пырақтан таңдапты. Құдай балшықты күн­ге кептіріп, оған жан енгізіпті. Адам ор­нынан тұрып, өмір тірлігін бастапты. Жа­саған балшықтан илеп, адам мүсінін жаса­ғанда, оның кіндігінен алынған бір шө­кім балшықтан итті жаратқан екен. Ит­тің үнемі адамнан айрылмай, қайда бар­са да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі сол екен.

ИТ ТУРАЛЫ ЖАЗЫЛҒАН ШЫҒАРМАЛАР
Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Көк­серегі» – классика. «Көксерек» – адам мен табиғат арасындағы байланысты көрсететін шығарма. Бұл әңгіме 1929 жылы жазылған. Реалистік әдебиет дәстүрі тудырған мотивтерді шеберлік пелитрасындағы сан алуан бояулар мүмкіндігін өз мұратына орай өнер­паздықпен жаңғырту арқылы жазылған жаңа тынысты көркем дүние. Автор шағын әңгімеге мол мағына сыйдырған. Иван Тургеневтің «Муму» повесі де – цензураның кесірінен ұзақ уақыт жарыққа шықпаған шығармалардың бірі.
1852 жылы жазылған повестің негізгі желісі – сол заманның шынайы көрінісі.

ИТ ЖЫЛЫ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНДЕР
ИТ жылында әлемге әйгілі бірнеше тұлғалар дүние есігін ашқан. Олардың қатарында Майкл Джексон, Софи Лорен, Бриджит Бардо, Жак-Ив Кусто, Стивен Кинг, Уинстон Черчиль, Лайза Минелли, Сильвестр Сталлоне, Ги де Мопассон, Виктор Гюго, Александр Дюмо, Эрнест Хемингуэй, Сократ, Юрий Гагарин бар.
Қазақтың батыр қыздары Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанова да Ит жылы дүниеге келген. Кеңес Одағының батырлары Талғат Бигелдинов, Тоғанбай Қауынбаев, күміскөмей әнші Роза Бағланова, Нұржамал Үсенбаева осы жылы туылса, ақын-жазушылар арасын­да Сафуан Шәймерденов, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Оспанхан Әубәкіров, Қасымхан Бегманов, Әуезхан Қодар – Ит жылының тумалары. Тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров те ит жылы дүниеге келіпті. Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдінің де туған жылы – Ит жылы.
Даңқты спортшылар Мәулен Мамыров пен Геннадий Головкин де – Ит жылының тумасы. Таңғажайып дауыс иесі Димаш Құдайбергенов те Ит жылы дүниеге келген.

ИТ ЖЫЛ САНАУҒА ҚАЛАЙ ІЛІКТІ?
Жыл санауға қатысты аңыз да, әңгіме де көп. Әпсаналар да жетерлік. Жыл қайыруға қатысты деректерді Махмұт Қашқаридің еңбектерінен табуға болады. Қашқари өз еңбегінде: «Ертедегі түркілердің бір ханы бұрынғы елеулі бір соғыстың қай мерзімде өткенін сұраса, жұрт тап басып айта алмаса керек. Сонда хан ашуланып, бұдан былай күнтізбедегі он екі таңбаға сәйкес, он екі жылды бір кезеңге негіз етіп алуды ұсыныпты. Екінші бір аңыз-әңгімеде тағы бір хан аңға шығып, қасындағы шабарман­дарымен түз аңдарын өзенге қарай тықсыртып қуса керек. Судан өткен аңдардың кезегіне қарап, жыл санаудың тәртібін белгілепті деседі».
Тағы бір аңыздарда хайуандар жыл атын иемденуге таласып қалады. Сонда тышқан тұрып, «Ертең ерте тұрып, жаңа шыққан Күнді аңдиық. Күнді ең бірінші көрген «жыл басы» болсын, қалғандары Күнді көрген кезек тәртібімен жыл атауына ие болсын» деп ұсыныс тастапты. Бәрі соған келісіп, уақыт жақындаған сайын тыпыршып кетсе керек. Тышқан ептілікпен түйенің басына шығып алып, Күнді бірінші көріпті. Бұдан кейін Күнді көрген он бір хайуан да жыл атын иемденеді де, «Менен бұрын ешкім көре алмас» деп, бойына сенген түйе жылдан құр қалыпты деседі. Сондағы кезекпен ит он бірінші орынға тұрақтапты.
Тағы бір аңыздарда түйенің де жылдан құралақан қалмағанын айтады. Аңыз бойынша, аталған он екі хайуан түгел жиналып, түйенің мүшелерін бөлісіп алса керек. Осыдан барып жыл атын алған тышқанның құлағы, барыстың кеудесі, қоянның ерні, жыланның иір-иір бойы, сиырдың тұяғы, жылқының жалы, қойдың жоны, мешіннің бөксесі, тауық­тың айдары, иттің саны, доңыздың құйрығы түйеге тартыпты деседі. Бұл да бір аңыз.

ӘР МҮШЕЛДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ
«Он үште – отау иесі» дейді. Он үш жастағы баланың ересек шаққа өту кезеңі айқындалатын­дықтан, осылай десе керек. Бұл кезеңде әр баланың даусы өзгеріп, сүйегі іріленіп, қыз балалардың дене бітімі сүйкімді бола бастайды. Балаларын отбасылық өмірге баулуды он үш жастан бастауы да тегін емес.
Жиырма бес жас – нағыз жігіттің жасы деп есептеледі. Бұл кезде бойдағы күш-қуат кемеліне келеді. Тасыған күш-қайратты қайда жұмсарын білмей, жалындап тұратын кезі. Бұл дәуренді Жүсіп Баласағұн:
– Ең тәтті кез – жігіттіктің шағы да,
Игіліктің о да берген бағы да, – дейді. Хакім Абайдың: «Жастықтың аты арындап, тас қияға өрледің» деуі тегін емес.
Отыз жеті жас – өмірдің жақсы-жа­манын, оң-солын танып, ақыл тоқтатып, қырықтың қырқасына көтерілген кезі болса, қырық тоғыз жас – бойдағы күш-қуат қайта бастағанымен, кәрілікті әлі мойындамаған, ақыл-ойы нағыз кемеліне келген ердің жасы.
Алпыс бір жас – даналығы артып, өткеніне сын көзбен қарайтын, тәубеге келетін кезеңі. Шал ақын бұл шақты: «Алпыстағы жасыңыз, қоңыр-салқын күн екен» деп бейнелейді.
Жетпіс үш жас – бұл мүшелде кәрілікті мойындап, бойы еңкіш тартады, аяғы тұсалып, жүріп-тұруы қиындайтын кезеңге жетеді. Сексен бес жастың жеткені – жүріп-тұрудан, ұйқыдан қалады. Бала сияқты өкпелегіш келетін де – осы жас.
Әр жастың өз ерекшелігі, қадір-қасиеті болады. Жыл санау – уақыттың бағасын, қадірін арттыра түсетін шақ.

ИТ ТУРАЛЫ ЫРЫМДАР
Итке қатысты ырым-тыйымдар да көп. Иттің асқа, оның ішінде аққа, айран-сүтке ауыз тигізсе, оны қазақ жаман ырымға жорыған. Сондықтан ит киіз үйге кіріп кетпес үшін есіктің аузына «ергенек» деп аталатын жіңішке ағаштан жасалған затты қойған. Есіктен ергенек кетсе, иттен ұят кетеді, осыған орай, қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді дейтіні де тегін емес. Қазақ ұғымында жаңа сойылған малдың етіне адамнан бұрын ит иіскеп немесе ауыз тиіп қойса, ет харам саналған. Тағы бір дүние, иттің қысқа-қысқа, үзіп-үзіп ұлуы – жақсы­лықтың нышаны деп есептелген. Ал оның мезгілсіз уақытта қасқырша, ұзақ ұлуы, қыңсылауы жамандықтың белгісі деп жорылған. «Ит ұлыса, өлім-жітім болады, елге бақытсыздық келеді, ит сияқты ұлып қаламыз» деп қабылдан­ған. Мұндай кезде «қара басыңа көрін­сін» деп, ұлыған итті ұрып, ауылдан қуған екен. Қазақта мынадай тағы бір ұғым бар: «ит көкке қарап үрсе, сол үйдің иесіне «көрінеді» дейді. Нәубет жылдары бас сауғалап үдере көшкен замандарда қазақ итке де шама-шарқына қарай жүк артқан. Ал «ит басына іркіт төгілген» деген сөз керісінше берекені, молшылықты білдірсе керек.

ИТ НЕГЕ ҚАДІРЛІ?
Қазақта «Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес» деген нақыл сөз бар. Осы сөзден-ақ, бабаларымыздың осы бір жануарды қаншалықты қадірлегенін бағалайсыз. Қазақ үшін құмай тазының жөні де, жолы да бөлек. Оны дәріптеп, үйіне кіргізген. Қазақ даласын аштық жайлаған қиын күндерде бір тазы бір ауылдың халқын асырағаны туралы аңыз-әңгімелер де жетерлік. Тіпті бір құмай тазыны 50 бас жылқыға айырбастаған.
Белгілі жазушы Кәмел Жүністегі: «Қазақтар иттің өзін екіге бөлген: төбет және тазы. Қазақтың төбеті – ерекше дүние. Өмірі суыққа тоңбайтын, жүні қалың әрі денесі ірі болады. Өзге ұлттың иттерінен гөрі иесіне адалдығы, үріп, қора-қопсыны қорғағанының өзі ерекшеленіп тұрады. Ал тазыға келсек, тазының да екі түрі бар. Оңтүстіктің тазылары жүндері жұқа болады. Арқаның тазысы ірі әрі жүндестеу келеді. Сондай-ақ тазылар қасқырға түседі. Тазы – жеті қазынаның бірі. Әр қазақтың үйінің алдында бір тазысы жатқан. Ол үй иесі беделінің көрінісі болған. Міне, осындай ерекшеліктері бар. Алдағы уақытта осы дәстүр үзілмесе екен. Кей қала түгілі, аудандарда тазыны көре алмай жатамын. Бұл – жөн емес. Ауылда да, қалада да тазыға жанашырлық керек» дейді.
Өкінішке қарай, соңғы жылдары құмай тазының да тұқымы азайып барады. Қазақ қадір тұтқан жануардың азайғанына мамандар да алаңдаулы. Халқымыз үшін қасиеті бөлек жануарды күтіп-баптауды бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Деректерге сүйенсек, қазір ел аумағында тазының бар болғаны 1 мың­дайы ғана бар екен. Тазыны тұқымына қарай, құмай тазы, құны тазы, дүрегей тазы, қайын, қайын қаптал деп бөледі. Тазылар дене бітіміне қарай таулы орманды және далалы болып бөлінеді.

Төрле, әз Наурыз!

Қазақша жыл басы наурыз айының 22-сінен бастап төрге өтті. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын, Наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратұғын ол кітаптың атын «Салдама» дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Әумин!» деп отырады. Содан соң, олардың айтқаны айтқандай келіп, халық ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп, берекелі болады. «Елді, жұртты оңға бастаймын. Ілгері басуына, мал басы өсуіне, тілеулес боламын!» деушілер – осы Наурызды құрметтеп, «Ұлыстың Ұлы күні» атандырып, той-тамаша қылдыруға тырысуы керек» дегені бар.
Төрле, әз Наурыз! Именбей кір, ит жылы!

Дайындаған Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*