5000 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕКЕ МӘНІ – БІРЛІКТЕ!

1640
0
Бөлісу:

Күн мен түн теңеліп, табиғатты түлеткен Наурыз да келді. 5000 жылдық тарихы бар Наурыз мерекесі бүгінде Қазақстанды былай қойғанда әлемдік деңгейге көтерілді, халықаралық сипатқа ие болды. ЮНЕСКО көлемінде адамзаттың материалдық емес құндылықтар мұрасының тiзiмiне алынған Наурыз мерекесі шын мәнінде әлемді біріктіретін күшке айналды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді орындау мақ­сатында қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін танымал етуге ұмтылыс көбейді.

Халқымыздың ұлттық құндылықтарын негізгі құндылыққа айналдырғанда ғана Мәңгілік ел ұстанымын нақты нәти­жемен байыта аламыз. Наурыз тек көже ішіп, көрпешеге отырып кететін мереке емес, бұл – ынтымақтың, береке мен бірліктің бастауы.
«Самарқанның көк тасы» еритін осынау мереке бес мың жылдан бері қазақ даласын ізгілік сәулесімен тербеп келді. Ұлыстың ұлы күні – адамзат баласына ас­пан­дағы ай мен күндей ортақ. ЮНЕСКО-ның бұл мұраға мән беруі тегін емес.
Наурызды жаңаша тойлау туралы бірқатар ой-пікір білдіргендер бар. Мә­дениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Наурыздың қадір-қасиетін жан-жақты қамти отырып, шын мәнінде, мереке жасағымыз келсе, Наурыздың бірінші мағынасы да, сәні мен салтанаты да балдырғандар болуы тиіс» деген ой айтты. Құптарлық ұсыныс.
Біз жыл сайын Жаңа жылдың алдында қараша айынан бастап елдімекендердің бәрін шыршамен безендіріп тастаймыз. Әр шаңырақтағы бала атаулы Аяз Атаның келуін күтеді. Арманын айтып, хат та жазады. Ал Наурызды осылай күте ме?
Көктем келіп, күн жылынса да қазіргі қазақ баласы сыртқа шығып ойнауды қойды. Бәрінің қолында бір-бір телефон, интернет ойындарын қызықтаудан арыға бармайды. Наурызда асық атудан жарыс өткізілсе қалай болады? Асық атудан мектептер арасында арнайы чемпионат ұйымдастырылса. Сонымен қатар қазақ күресі, арқан тартыс тәрізді қимыл-қозғалыс жарыстарын жаппай өткізетін болсақ ұтар едік.
Сосынғы бір мәселе – ежелден сөзге шешен халық едік, осы күнгі балалар ойын дұрыс жеткізе алмайтын, тілі мүкіс болып өсіп келеді. Белгілі тарихшы-ғалым, этнограф Жамбыл Артықбаев: «Қазақ фолькло­рындағы жақсы дамыған жанр­лар­дың бірі – қыс пен жаздың айтысы. Ұлыстың ұлы күнін балаларға арнаймыз десек, осы істі қолға алайық. Оған алдын ала дайын­дық жүргізу керек. Қыстың ор­тасынан бастап әр деңгейде (балабақшада, мек­тепара­лық, аудандық, облыстық) айтыс өткізіп, ақтық сынды күллі ел болып Наурызда тамашалайық. Біріншіден, бұл айтыстың үлгісі барлық фольклорлық жинақтарда бар. Екіншіден, әр мектептегі ұйымдастырушылар (қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәні мұғалімдері, әдеби-сазды үйірме жетекшілері, психологтар) өз тобын, сыныбын дайындап, игілікті іске үлес қосады. Еліміздегі мәдени-рухани іс-шараларды, әртүрлі тойларды ұйымдасты­ратын мекемелер осы айтысты ұйымдас­тыруды қолға алуы керек» деген ұсыныс жасапты. Қолдауға тұрарлық!
Ең бастысы – ел бірлігі. Осы мәселе естен шықпауы тиіс. «Ақсақалдар алқасы» дейтін құрылым қалың елді береке-бір­лікке шақырып, аталы сөзін айтып отырса, телі мен тентекті түрмеге тоғыта бермей, жа­мандық, кемшілік атаулыны өз ортала­рында тыйса, Наурыз мерекесінің мәні артады.
Қазақтың көне жыл санауы бойынша, Ит жылы төрге озды. Халқымыз «Жеті қазына» қатарына қосқан Ит жылы игілік пен құт-берекенің жылы болғай!
Абайдың сөзімен түйіндесек: «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік!»

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*