Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Наурыз түбінде біздің негізгі жаңажылдық мерекеміз болады

1713
0
Бөлісу:

Астанадағы Конгресс орталығында Наурыз мейрамына арналған «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» атты жаңа мюзикл қойылды. Мерекелік шараға Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қызықты мюзиклді тамашалады. Қызықты шара аяқталған соң, Елбасы барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.

–Көктем  мен жақсылықтың мерекесі – Наурыз мейрамы барша қазақстандықтарға құтты болсын! Бұл – ұзын қыстан кейін, аяз бен бораннан кейін асыға күтетін мерекеміз. Менің Жарлығыммен Наурызды үш күн тойлайтын боламыз. Бағзы заманнан келе жатқан мереке тәуелсіздікпен бірге қайта оралды. Тәуелсіздік алғалы бері осы Наурызды атап келе жатырмыз. Түбінде бұл біздің негізгі жаңажылдық мерекеміз болады. Біздің негізгі мерекеміз – күн мен түннің теңелетін, табиғаттың барлығы оянатын кез.

Тәуелсіздіктің 26 жылының ішінде біз көп шаруаны бітірдік. Оның барлығы ел бірлігінің арқасы. Қазірдің өзінде әлемде болып жатқан өзгерістерге байланысты бізде арнайы бағдарламалар бар. Технологиялық революция деп жатырмыз. Оған да арнайы бағдарлама бар. Рухани жаңғыру бағдарламасын осыған дейін атап өттім. Жақында мен халыққа «5 әлеуметтік бастама» туралы үндеу жарияладым.

Бұл бастама әрбір қарапайым қазақстандыққа арналады. Біріншіден, бұл баспана мәселесін шешуге бағытталған. Екіншіден, жастардың жағдайын жақсарту. Яғни жатақханалар салу, мемлекеттік гранттарды көбейту, табысы аз азаматтарды салықтан босату, Қазақстандағы елдімекендерді газбен қамтамасыз ету. Мұның барлығы қарапайым халыққа, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналады.

Осы жылдардың ішінде Қазақстан дүниежүзіне танымал болды. Абыройымыз артып келеді. Осы бағытты болашақта да ұстауымыз керек. Себебі, елдің бірлігі – болашақ табыстарымызға кепіл болады. Қазақта «Жаңа жыл жарылқасын, ескі жыл есіркесін. Ақ мол болсын, қай жерде жүрсең жолың болсын» деген сөз бар. Мәңгілік ел болуға қадам басқан жолымыз, құтты болсын. Бақытты болайық. Бала-шағамыз, ұрпақтарымыз аман болсын. Солардың бақыты үшін жұмыс істейік, –деді Елбасы.

Шат-шадыман күйге бөленген Астана Наурыз мейрамын тойлау әлі жалғасып жатыр.

Еркін ҚАЛДАН

(Советбек МАҒЗҰМОВ, фото)

Бөлісу:

Пікір жазу


*