ОРТА ТОЛСЫН, ОЛЖА МОЛАЙСЫН!

1105
0
Бөлісу:

Міржақып Дулатұлы 100 жыл бұрын былай деген екен: «Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы. Қуанышты күнің, жаңа жылың құтты болсын, ҚАЗАҚ! Дүниеге көрік берген, шырайлы, жылы жыл басы – НАУРЫЗ, қош келдің!..»

Міне, елімізге ұлтымыздың ұлық ме­рекесі – Наурыз да келді. Қазір Қазақ­станның барлық өңірінде осы мереке кеңінен тойланып жатыр. Қазақтың маңғаз даласы мәз-мейрам. Қайда бар­саңыз да ел шат-шадыман.

Құдайдың кереметі деген – осы: тір­шілік атаулыға жан бітті, ағаштар бүршік атты, жан-жануар түледі, түлік төлдеді, жер көктеді. ХХІ ғасырда біздің қазақ та ұлт ретінде жаңарудың жайын қамдап жатыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлт­тық салт-дәстүрлерін алдағы өркен­деудің берік діңі ете отырып, әрбір қа­дамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген болатын.
Біз ел боламыз десек, ғасырдан ға­сырға арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерімізді сақтай білуіміз қажет. Қазіргі таңда Наурыз мерекесі – тәуелсіз Қа­зақ елінің халықтық сипаттағы сал­танатты мейрамы. Бұл мейрам – бе­рекелі бірліктің, еңселі елдіктің, ынты­мақты ырыстың, толағай табыстың мерекесі.
Қазақстан әлемдік аренада бейбітшіл ел ретінде танылды. Алыс-жақындағы елдің бәрі бақ-бірлігі жарасқан елімізге жылы шырай, оң қабақпен қарайды. Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй мырза: «Бүгін біз жақсы бір хабар алдық. Қытай Халық Республика­сының төраға­сы Си Цзиньпин Наурыз мейрамына байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы құттық­таухатын жолдап, барша қазақстан­дықтарды осы мерекемен құттықтады. Қазіргі кезде Қытайда үлкен екі жина­лыс бойынша ауқымды шаралар өтіп жатыр. Соған қарамастан, Си Цзиньпин мырза уақыт тауып, Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы жеделхат жолдады. Осының өзі екі басшы арасындағы мықты достықтың көрінісі болса керек» деп ақжолтай хабар айтты.
Жақсы ниет, оң бастама көрсеңіз, көңіліңіз көтеріліп қалады ғой. Жоғарғы сот пен Кәсіподақтар федерациясы өзара ынтымақтастық туралы меморан­думға қол қойып, еңбек дауларын бітім­мен аяқтау үшін бірлесе жұмыс жасау жөнінде уағдаласыпты. Осы мақсатта аймақтарда татуласу орталықтарын ашу, онда медиатор, адвокат, сот орындау­шысы, нотариус, психолог пен әлеу­меттік қызметтердің өкілдері азамат­тарға қызмет көрсетеді. Айтысқан-тар­тысқан азаматтарды ақылға салып, мәселені сабырмен шешуге ықпал жасайды. Осындай бітістіру, жарастыру, татуластыру шараларын негізінен әз Наурызға орай, соның қарсаңында өткізу үрдіске айналса дейміз.
Халқымыз жетім-жесірді жылат­паған. Жетім көрсе – жебеген. Мұқтаж жанды есіркеген. Ұлттық музейде «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» филиалы «Мәдениет» бастауыш партия ұйымы Ұлыстың Ұлы күніне орай «Қош келдің, Наурыз, Мол болсын дәм-тұз!» атты мерекелік іс-шара өткізіпті. 2016 жыл­дан бері ұйымдастырып келе жатқан «Тұсаукесер рәсімі» жобасы бойынша бірнеше жетім баланың тұсауы кесілді. Жақсы шара. Бәрекелді дейсіз.
«Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын» бауырмал ел едік. Қазақтың осы бір қасиетіне сызды сызат түс­кендей. Қа­сақана қан төгу кейінгі уақытта тіпті көбейіп барады. Мәселен, 2017 жылы республикада кісі өлтіру бойынша 942 қылмыс тіркеліпті. Қанды қылмыстардың дені Қарағанды, Шығыс Қа­зақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында жасалыпты.
Су тасқыны, қар көшкіні деген табиғи апат-күлпаттар аяқ астынан болады. Шығыстағы табиғат апатына ұшыраған ағайынға көмек қолын созып жатқан жандар көп. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп Сабыр Адай айтқандай, жарымкөңіл жамағайынға қол жәрдемі де, сөз жәрдемі де – үлкен демеу.
Табиғаттан болатын тасқынға қарсы амал-ила қылармыз-ау. Жаһандану жағдайында ақпараттық тасқынның астында қалып жатқан жайымыз да бар. Оңтүстік Қазақстандағы жеті жасар ұлдың аянышты тағдыры – соның сал­дары. Осындай жойдасыз жөнсіздіктерге қарсы қандай қайрат қыламыз?
Мемлекет басшысы «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескер­мей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады» деген еді.
Ұлттық салт-дәстүр – біздің рухани кодымыз! Содан айрылмайық! Түлейік! Түрленейік! Келген ит жылы ырыс-несібесімен келіп, қазақтың олжасын молайтып, ортасын толтырсын!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*