Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, Мәдениет және спорт министрі: Елдің рухани дамуындағы тың бастамалар

2049
0
Бөлісу:

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында ең алдымен, ұлт санасын жаңғыртуға, қазақстандық мәдениетті ілгерілетуде және дәстүрлеріміз бен мәдениетіміздің нарықтық қағидалар мен жаһандық экономикадағы озық технологияларды қалыптастыруда мәдениет-өнер саласының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеді.

Өйткені бабалардан бізге жеткен киелі де қасиетті баға жетпес мәдени мұраларымыз ұлан-байтақ даласы бар ұлы халықтың ынтымақ-бірлігін сақ­тап, ұлттық рухын көтерді. Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – терең ойлы ән-жыраулары мен күй­лері, сарқылмас қазынаға айналған халық ауыз әдебиеті, қазіргі дәуірдің технологияларымен пара-пар түсетін қолөнер мәдениеті, бұлар біздің рухани мәдениетіміздің алтын дің­гегіне айналған еді. Осынау асыл қа­зыналарды ұрпақ санасына тереңінен бойлай ұлықтайтын шешуші кезеңге аяқ басқанымыз мен үшін үлкен мәр­тебе әрі маңызды міндет болып сана­лады. Осы орайда біз өзіміздің мәдени мұраларымыз бен өнерімізді зерделеп, ұлттық кодымызды нақтылауымыз керек. Оның негізі халқымыздың тектілігінде, қаймағы бұзылмаған санасы мен діңінде екендігі белгілі.
ХХІ ғасыр өзінің әлеуметтік-эко­номикалық кеңістігіне шықты. Оның орталығында өзінің табиғи және жинаған мол қасиеттерімен, атап айт­қанда, мүмкіндік, іскерлік, өмірлік мамандық тәжiрибесімен адам тұр. Қай қоғамда болмасын, адам капи­та­лы бірінші кезекте тұр. Адам – сана – рух. Адами капитал жоғары білім мен мәдениеттен тұрады. Міне, біздің қоғамның рухани санасының жаң­ғыруында салт-дәстүрлердің сабақ­тасты­ғының маңызы жоғары. Қос өзеннің сағасындай біте қайнасып келе жат­қан ұлт өнері мен руханияты қай қо­ғамда болмасын шешуші рөл атқа­рады. Қазақстанның түкпір-түкпі­рінде «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» шеңберінде мәдени шара­лардың қатары көбейіп келеді.

Елбасы атап өткендей, «Өзінің тари­хын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақ­стандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс».
Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында министрлік алғаш рет тәуелсіз Қазақстанның тарихында жо­ға­ры ұлттық және халықаралық қызығу­шы­лықтың объектісі болатын «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясын» – еліміз­дің бірегей тарихи жерлерінің бірыңғай белдеуін қалыптастыруға кірісті.
Ғылыми және әдістемелік сүйемелдеу және үйлестіру мақсатында Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» орталығы құры­лып, бүгінгі күні өз жұмысын тыңғы­лық­ты артқаруда. Орталыққа танымал ғалым, ғылым кандидаты Берік Әбдіғали басшылық етеді. Сонымен қатар жетекші өлкетанушылардан, археологтардан, тарих­шылардан құралған ғылыми-сарап­шы­лық кеңес жұмысын атқарады.
Алғаш рет «Туған жер» республикалық өлкетанушылар бірлестігі құрылып, бүгінгі күнге дейін екі Республикалық форум өткізілді.
Барлық өңірлерде осы уақыт ішінде этномәдени экспедициялар және далалық зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижесінде, 185 жалпыұлттық және 456 жергілікті деңгей­дегі киелі жерлердің тізімі қалып­тас­ты­рылды. Зерттеулердің нәтижесінде, «Қасиет­ті Қазақстан» энциклопедиясының бірінші томы шығарылды. Әрбір объект бойынша толық сипаттамалары мен 3D турлары бар көпфункциялы виртуалды карта әзірленді.
Алғаш рет Қожа Ахмет Яссауи және Қарахан кесенелерінің модельдері 3D форматқа көшірілді.
Киелі жерлерді жаһандық бренд ретінде көрсету мақсатында BBC World News теле­арна­сымен бірлесіп, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Алтын жауын­гер», «Қожа Ахмет Яссауи және Айша бибі кесенелері» фильмдер циклі шығарылды.
Америкалық Castlefilm компаниясы мен актер Марк Дакаскостың қатысуымен «Күлтегін. Жаңа көзқарас» деректі тарихи фильмі және «Земля номадов» фильмі жарыққа шықты. Барлық фильмдер БҰҰ-ның алты тілінде субтитрланып және дубляж­далып, әлемдік Discovery, Viasat history, National Geographic арналарында
2 миллиардтан астам адам аудиториямен 170-тен астам елде көрсетілетін болады.
Өткен жылғы қараша айынан бастап, BBC телеарнасы біздің «Алтын жауынгер» туралы фильмді іске қосты. Әлемнің жетек­ші музейлерінде жауынгердің көрме­сі ұйымдастырылды.
Әлемнің 20 елінде Мәдениет пен әдебиет орталықтары ашылды. Мемлекет басшысының жақындағы АҚШ-қа іс-сапары аясында Нью-Йорктің көпшілік кітапханасында, сондай-ақ әлемнің ең ірі кітапханаларының бірі – келушілері 2 миллиард адамды құрайтын Вашинг­тон­дағы АҚШ-тың Конгресс кітапханасында осындай орталықтар ашылды.
Ұлттық мәдениет пен құндылықтардың бір-біріне жақындау үдерісін, мәдени, комму­никациялық, өркениеттер байланы­сын арттыратыны сөзсіз. Осының өзі ел­дегі ынтымақтың, ауызбіршіліктің нығаюы­на үлкен септігін тигізеді. Оның бары­­сында ғылым мен өнер жетістіктері, әлеу­меттік және саяси қызметтердің жаңа түрлері шапшаң таралып, оның тұтастығы сақтала отырып, бүгінгі әлеммен игеріле түседі.
Қай кезде де ел басқару, оны қорғау оңай болмаған. Қай заманда да, қай қоғамда да жекелеген тұлғалардың жөні бөлек болған. Ұлы даланың желдей ескен үні – ата-бабалар аманаты Елбасының рухани жаңғыруға бағытталған мақала­сын­да басты назарға алуы тектен тек болмаса керек-ті. «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген жолдарында үлкен мән жатыр.
Осы орайда, 2017 жылғы 17 қазанда Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның Штаб пәтерінде «Рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сы­ның ауқымды презентациясы өтті. Елбасының бастамалары беделді халық­ара­лық сарапшылардың ортасында қолдау тауып, олардың жалпы алғанда ЮНЕСКО және БҰҰ-ның негізгі миссияларына толықтай сәйкес келетінін атап өтті. Бұл сапар «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына ресми бастау берді.
Шығыс халықтары мерекелерінің сәнін келтірген, халық арасында керемет қолдау­ға ие Наурыз мейрамын жаңа үлгіде өткізу жөнінде жаңа бастаманы қолға алуым­ның негізгі себебі, жалпы ұлттық ауқым­да атап өту еді. Иә, аздаған жұрт­шы­лықтың қызық­тауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспай жүргені рас. Сол себепті, мерекенің өзіне сәйкес айшы­лық­тарын түлете отырып, фольклорлы-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақ­стандық мереке дәрежесіне жеткізу керек. Бұл мәселеде Ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту деген асқақ ой жатыр. Қазір Наурыз дегенде, тігілген киіз үйлерге келіп, қонақ болып кететіндер мен сырттан бақылайтындар деп екіге бөліп қарауға болады. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы болу керек. Біз осыған аса назар аударғанымыз жөн. Сон­дықтан да Наурызға қажет іргелі ізде­ніс­тер мен тарихи әрі заманауи шаралар турасында айтар болсақ, мұның бірнеше жолы бар.
Сондықтан тарихы әріде жатқан осы ұлық күнге біз айрықша ықылас танытып, оның мазмұндық қыры менен сырын одан әрі байыта түсуіміз керек.
Адам капиталын дамытуда өнердің алар орны ерекше. Еліміздің өнер ошақтарында Елбасының мәнді де мағыналы бағдар­ла­ма­лық мақаласы аясында кеңінен мәдени-танымдық шаралар өткізілуде. Қазақстан­да­ғы адам капиталының дамуын және оның құрылуын зерттеуде негiзiнен мына­дай алға қойылған мәселелерді шешу қажет­тілігі туындайды: адам капиталы – эко­номикалық категория; адам капиталы – соған салынатын инвестиция негiзi; адам капиталының жүйе құрушы статусы теоретикалы экономикалық зерттеу пәнi; адам капиталы теориясының көзқарасы тұрғысынан бiлiмге салынған инвестиция; адам капиталының қазақстандағы бiлiм беру компонентi; бiлiм беруге салынған салымның адам капиталына тиiмдiлiгi.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы және «Шабыт» өнер академиясы сынды бірқатар өнер оқу орындарында студентке тек маман ретінде ғана қарамай, оны өз қоғамының азаматы, шығармашылық тұлға, келешектің иесі ретінде танып, соған мүмкіндік жасап, білім беруде. Осы шаралардың түпкі мақсаты біреу ғана. Ол – халқымыздың санасын мәңгілік идеялар негізінде рухани серпіліс беру.
Адами капитал теорияларын класси­ка­лық мәдениеттанушылардың көзқарас­та­ры­на шолу жасай келе, мынандай қоры­тын­дыға келуге болады. Олардың зерт­теу­­лерінде адамның сапасы – өндіріс тиімділігінің маңызды факторы, адамның маңызды сапалары білім беру мен тәрбиесі, қабілеттілікті қалыптастыру, адамның қабілеттері капитал элементі екендігі, білім берудің экономикалық өсуге тікелей үлес қосатындығы негізделеді.
Міне, Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқар­дық. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағ­дарламасы аясында Қазақстан аумағын­дағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысан­дарды жаңғырттық. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік» деген еді. Демек, Президентіміз: «Еліміз мықты әрі жауап­кер­шілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгерте­ті­ні­міз туралы» көзқарастарын ортаға салып отыр.
Жалпы, руханилық – сана мен сана­сыз­дық процестерін қамтитын (өзінің өмір сүруі мен көрінісінің нақты түрлері жөні­нен сан алуан) көптүрліліктің бір­тұтас­тығы бола отырып, табиғи тілдер мен жасанды таңбалық – символдық жүйелер түрінде іс жүзіне асырылған білімдерді өз бойына енгізетіндігін ескереміз. Рухани өнімдер мен процестерге, сол сияқты адамгершілік нормалар мен өлшемдерді, құқықты, көр­кем­дік шығармашылықты қоса алғандағы адам­дар араласуының принциптері де жатады.
Елбасы бастаған еліміздің бүгінгі қарқынды дамуы, соның нәтижесінде жастарға жасалып жатқан жақсылықтар біздің жан-жақты білім алуымызға, жан-жақты хабардар болуымызға жол ашып отыр. Сол қамқорлықты күні ертең өз еңбе­гімізбен қайтару азаматтық парызы­мыз деп білемін.
Қазіргі ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз болашақ мәдениет және өнер саласында жоғары білім беру және ғылыми әлеуетін дамыту үшін кадрлар қорын жасақтауға тиіспіз.
Адам өзінің табиғатында – әмбебапты тіршілік иесі, яғни қандай болмасын, шығармашылық салаларының бәріне қабілетті (ең алдымен өнерде). Бірақ адам сонымен қатар рухани-ұжданды, «адамгершілікті» тіршілік иесі. Демек, адам өзінің шығармашылығында рухани-ұждандық бастауларды, жоғары гуманистік құндылықтарды көрсетуге, айқындауға міндетті. Кері жағдайда өнер жасампаз, құраушы емес, қиратушы жойқын күшке айналуы мүмкін. Адам барлығына қабілетті десек, ол адамдағы адамгершіліктік қасиет­тер­ді дамытуға емес, жеке эгоцентристік мақсаттағы жеке мүддесіне бағытталды делік. Мұндай жағдайда өнер шығармасына қандайда бір көлеңке, негативті ақпарат не энергия енуі мүмкін.
С.Крымскийдің руханилық құбылы­сы­на берген анықтамасы ерен. «Руха­ни­лық – сыртқы болмыс универ­сумын тұлғаның ішкі ғаламына этикалық негізде айналдыру қабілеті, сол ішкі әлемді құрау қабілеті арқылы үнемі өзгеріп отыратын жағдайдың алдында адамның өзіне сәйкестігі мен оның еркіндігін жүзеге асыра білуі. Рухани­лық ақыр аяғын­да өзіндік мағына­лық кос­мо­­гонияға, әлем образы тұлғаның адам­гер­шілік заңымен бірігуіне әкеледі» деген толыққанды пікірі бұл құбылыстың іске асырылуы адам мәнімен тікелей бай­ла­нысты екенін және оны ашатынын көреміз.
Жалпы, еліне, халқына, жұртшылығына Президенттің Жолдау арнап, мемлекеттің алдағы кезеңдердегі дамуын жария ету ТМД мемлекеттері ғана емес, Америка Құрама Штаттарында да бар. Алайда Прези­денттің таңдаған халыққа Жолдау түрі ерекше екендігін өзге елдер де байқап келе­ді. АҚШ сынды бірқатар мемлекет­тер­дің басшылары өз Жолдауларын бүкіл халыққа емес, жекелеген мемлекеттік институттарға арнап жатады. Жолдауды нақты бір мемлекеттік басқару немесе атқару органдарына емес, халыққа арна­ға­ны­нан-ақ Елбасының демократия­лық басқарудың бірегей үлгісін таңдағанын аңғару қиын емес.
Мамандардың айтуынша, рух – білімсіз, сана сезімсіз байымайды. Олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үш аспек­тіде қарауды алға тартуда. Осы орай­да, рух та, сана да ұлттық мәдениетпен тығыз байланысты.
Рухты жоғары деңгейге жеткізудің бір­ден бір қозғаушы күші адамдар арасын­дағы, ұрпақтар арасындағы бірлестікте дейміз. Бүгінгі табысымыздың ел болып, мемлекет болып, Қазақстан қоғамы болып жатқан табысымыздың осындай бір ірге­тас­тары бар. Сол негіздің үлкенге де, кішіге де үлкен маңызы бар екенін, түсін­діру, талдап беру және ұлт мәдение­ті­мен қыз­мет ететін ортада, мемлекет деңгейінде тіп­ті әлемге жар сала отырып таныстыру – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Болашаққа бағдар жасап, үлкен серпіліс жасаған елімізге қазір дүниежүзі тамсанып, үлкен үмітпен қарап отыр. Ендеше, игі­лік­ке беттеген кез келген жаңа бастаманы ерекше ықыласпен атқарып, жаңғырған рухтың жаршысы болуға ұмтылайық.

Бөлісу:

Пікір жазу


*