Келін неге келеке?

1749
0
Бөлісу:

Қазақтың келіні. Құлаққа жағымды-ақ естіледі. Осы сөзде көп мағына бар. Қазақтың келіндері шаңыраққа, жарға адалдықтың, имандылықтың, шаруасына тиянақтылықтың… үлгісін көрсетіп келген. Қазақ халқы келінді ұрпақ жалғастырушы ғана емес, әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы деп тани білген. Ертең келін болатын қызын халқымыз қырық үйден тыйым салып отырған. Осының барлығы не үшін, кімнің қамы үшін жасалған? Әрине, қызының ертеңі мен ұлтының болашағы үшін емес пе?! Осы арқылы дана халқымыз «ұл тәрбиелей отырып жерді, қыз тәрбиелей отырып елді қорғаймыз» деп түсіндіреді. Сондықтан қазақ келінді тек өз ұрпағының ғана емес, тұтас ұлт ұрпағының жауапкершілігін мойынға жүктеген жан ретінде жоғары бағалаған. Ал бүгінгі заманда келін ұғымының мән-маңызы арзандап, қадір-қасиетін кетіріп алған сияқтымыз. Келінді келемежге айналдырған телебағдарламалар мен кинофильмдер күн санап артып келеді. Ене мен келіннің қарым-қатынасы мазақ пен күлкіге айналғалы қашан. Мәселен, «Келіндер бәйгесі» деп аталатын жоба шықты. Батыстан көшірілген бағдарлама ұлттық дүниетанымымызға жат дүниелерге толы. Бір әулеттің келіні атанып отырған қалыңдықтарды жарыстыру, оның өзінде ақылы мен сұлулығы емес, киген киімі мен жылтыры сарапқа салынған бағдарламаның қандай тәрбиелік мәні болуы мүмкін?!
Келін – символикалық мәні бар сөз. Ұлтты сақтаған ұлы аналар туралы жазып та, айтып та жүрміз. Қазақ әдебиетінің алтын жауһарына айналған көркем шығармалардың өзінде келін тақырыбын әспеттеп, ардақтап көрсеткен. Ұлттың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ұлы аналардың жаулығында, бауырындағы баласында, қолындағы бесігінде өрілді. Қандай қырғын болса да, тәрбие – талбесіктен басталатынын ұқтырған да – ұлы аналар.
Келінге құрмет – анаға құрмет. Келінді ардақтау – ананы ардақтау. Отбасы, ошаққасы берекесі – келінді келемежге айналдырып, заманауи «кейіпкер» жасап алғанымыз неліктен?!

Белгілі жазушы Зейнеп Ахметова қазақ халқындағы келін рөлі тақырыбын жиі айтып жүр. Өзінің кітаптарында да келінге қатысты көп дүние жазған. Мәселен: «Әсілі, келін кім? Бүгінгі келін ертең ене болады. Үнемі айтамын, тағы қайталайын, ененің мектебінен өтпеген келін өзі ене болып жарытпайды. Өкінішке қарай, қазір көп жағдайда келіндер де, енелер де бөлек тұрғысы келеді. Заман, қоғам, тұрмыс – бәрі осыған итермелеп алып келді. Бұрындары кедейдің кедейі үйінің оң жағына кішкентай жаппадан болса да отау тіккен. Бұл – «келіннің үйі» деген сөз. Оның «оңаша үй» деген екінші атауы болған. Қазақтың тектілігі сонша, отау үйге арнайы шақырмаса, бөтен адам кірмеген. Тіпті енесінің өзі есіктің алдында тұрып, «келін-ау» деп шақыратын болған. Келін ертеңгілікте ерте тұрып, үлкен үйдің түндігін ашып, отын жағып, тірлігін жасап, қонағын күтіп, есесіне, кешке жақын өз отау үйінде емін-еркін жүретін болған. Отау үйде жарына еркелей ме, сырласа ма, құшақтаса ма, өздері біледі. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қаладағы қазақтар пәтерлерге тығылды. Осы кезде қазақ әйелдері көп нәрседен ұтылды деуге болады. Неге десең, «ойбай, үйдегілер естіп қалмасын», «ешкім көріп қоймасын» деп күйеуіне емін-еркін еркелей алмай, сөйлей алмай, қозғала алмай, тіпті ары-беріден соң күйеуімен емін-еркін жақындаса да алмайтын жағдайға жетті. Сөйтіп жүріп, қазақ әйелдері бұйығы болып қалды. Содан кейін күйеулері басқа жақтан «көзайым» іздей бастады. Осының өзі екеуінің ортасына кәдімгідей жік түсіреді. Қанша дегенмен бір үйде жатып-тұрғанда ертеңгілік келіннің ербиіп тұрғанын енесі көрмегені, енесінің сексиіп тұрғанын келіні көрмегені дұрыс.
«Келіні жақсы үйдің әр керегесінің басы берік» дегендей, атасының кебісіне аяқ сұқпаған, ене киімін баспаған, келген жерінің әулетін де, аруағын да сыйлаған текті келіндер зират тұсынан ешқашан атпен өтпепті. Кем дегенде қырық қадам жерден аттан түсіп, жаяулап, өмірден өтіп кеткен аруақтардың рухына үш қайыра сәлем салып, бет сипайды екен» деп жазып жүр.

Қасымхан БЕГМАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын:

– Қазақ халқында ежелден қалыптасқан аналар, әжелер институты бар. Мұның барлығының негізінде тәрбие жатыр. 8 жылдан бері ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналын шығарамын. Осы уақытқа дейін журналдың шығармашылық ұжымы қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын оқырманға жан-жақты таратып, жеткізе білді.
Елу жылда – ел жаңа деп, салт-дәстүрлеріміз, әдет-ғұрпымыз жаңарып жатыр. Заман жаңарды екен деп өткенімізді ұмытпаймыз. Әр аймақтың өзіндік қалыптасқан салт-дәстүрлері бар. Соларды жинақтап, бір жүйеге түсіру керек. Ғасырлар бойы қалыптасқан дала идеясы, дала философиясын ұмытпау қажет.
«Келін» сөзінің мән-мағынасы төмендеп кеткені жасырын емес. Ар мен ұятты айыра алмайтын қоғам пайда болды. Келін ұғымының қадір-қасиетін кетіріп алдық. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «заман ағымы» деп халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлерден алшақ кетуге болмайтынын, себебі, ол ұлттың қанымен келетінін айтқан. Шынында да өткен тарихымыз бен бүгінгі күнімізді, ертеңгі келешегімізді байланыстыратын – рухани құндылықтарымыз. Қазір біз заманға сай икемделіп барамыз, біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз да жаңарып, жаңғырып жатыр. Алдымызда «жаман заман» келе жатыр. Ол үшін Елбасы айтқандай, біз рухани құндылықтарымызды сақтап қалуымыз керек. Қазақтың әрбір азаматы мемлекетшіл болуы керек, егер ру, жүздің деңгейінде қалсақ, қазақтың үлкен мемлекет болып қалуы қиын. Ал келін мәселесіне келгенде әжелер мектебін қайта қалпына келтіруді ойлау қажет.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын:

– Соңғы жылдары қыздарымызды, келіндерімізді шоуға, күлкіге айналдырып алдық. Мазақ еткеннен ұлттық болмысымызды жоғарылатпаймыз. Сонау ХVI – XVII ғасырлардағы келінді қайтару мүмкін емес. Заман өзгерді, адамзат жаңарды. Адамзаттың жаңаруымен құндылықтар өзгеріп кеткені рас. Соған төтеп беріп, ұлттық болмысымызды сақтап қалу – үлкен міндет.
Бүгіндері қыз-келіншек, жалпы әйел бейнесінің құнын түсіретін дүниелер жаулап алған. Қай телеарнаны ашсаңыз да, отбасы құндылығын насихаттау емес, келін мен ене мәселесі көтеріліп жатады. Телехабарларда уақыттың талабын ескере отырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу қажет. Ұлттық тәрбие негізі аналық мейірім мен білімділік, сауаттылықтан бастау алатынын ескерген жөн. Ұлттық тәрбиемен сусындататын қыздар не келіндер институтын қалыптастыру керек. Келінді күлкі мен келемежге айналдырғаннан ұлттық дүниеміздің құнын төмендететініміз – рас.

Досымбек ҚАТЫРАН, этнограф:

– Бұрыннан келе жатқан «дәстүрлі тәрбие» ұғымы бар. Отбасылық қарым-қатынаста ұстанатын ереже, тәртіп, норма – барлығы келінге байланысты. Атам қазақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қойған. Шарананы құрсақтан тәрбиелеп, ата салтын бойына дарытқан. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне баса көңіл бөлген. Себебі, бүгінгі бүлдіршін қызды «ертең ибалы келін, одан соң абзал ана атанады» деп тәрбиелеген. Демек, ертең елдің батыры мен ақынын, көреген көсемін, сөзуар шешенін, топ жарар дүлдүлін де, өмірге әкелетін – ана. Сол себепті, қыз баланы қонақ деп санап, бетінен қақпай, «қызға қырық үйден тыю» дей отырып, еркелетіп, ибалы, инабатты, тәрбиелі, ар-намысын алдыңғы орынға қоятын ару етіп өсірген. Құлағында шолпысы, шашында шашбауы бар жан сұлулығы мен тән сұлулығы тең қазақ қызының басты тәрбиешісі ана болған. «Есті қыз етегін жабады» деп ұзын көйлек кигізіп, қыздың талшыбықтай бұралған сырт-келбетін сұқ көздерден сақтаған. Аналар қыздың киім киісіне, жүріс-тұрысына, қай ортада болсын, өзін-өзі қалай ұстау керектігіне, үлкеннің алдын кесіп өтпеуді, кішіге ізет көрсетуді құлағына құйып отырған. Қызының алдында әкесін асқар таудай ете білді. Отағасының айтқанын екі етпей, оның қадір-қасиетін балаларының алдында арттыра түсті. Мұны көрген қыз да ертеңгі күні ер адамның алдында қия баспасы, ерін, яғни балаларының әкесін қастерлейтіні анық. Қазақ аналары «Қызым үйде, қылығы түзде», «Шешесі қыдырмашыл болса, қызы бастаңғышыл болады» деп өзіне де барынша шектеу қойып, қызының әрбір ісін бағамдап отырған, «шеше тұрып қыз сөйлеуден» безген. Ертеде халқымыз атастыру салты болған. Ұлын ұяға қондырып, шаңыраққа келін түсіру өмірдің ең маңызды ісі саналады. Дәстүрімізге орай, қызды ұзатып әкеледі. Содан кейін, үлкен беташар тойы болады. Беташардан кейін, қыз бала сол әулеттің келіні, сол үйдің адамы болып саналады. Әулет ұрпағын көбейтіп, өсіріп, өркендету – сол келіннің мойнында. Отбасының берекесі де сол әйелден. Дені сау ұрпақты өмірге әкеліп, оны тәрбиелейтін де – әйел.
Келінді, жалпы, қыз баланы келемеж бен күлкіге айналдырған бағдарламалар көбейіп кетті. Тәрбиелік мәні өте төмен дүниелер үстемдік ететін заман туды. Мәселен, «Қалаулым» бағдарламасының өзі жастарға теріс тәрбие беруде. Қазақ қоғамында қыз бала тәрбиесіне айрықша мән берген. Қызға қырық үйден тыйым болған. Сөйтіп, қыздың тәлім-тәрбиесіне ерекше мән беріп, салмақты міндет жүктеген. Қызды тыйып ұстау – тірсектен қағып, еңсесін езу емес, қырық үйден, тіпті қара күңнен де бір абзал өнеге үйреніп, ұлағатты сөз естіп, оңды талғам көрсін дегені. Қыз баланың ақылды да инабатты, өнерлі де өнегелі болып толысуына ата-анамен бірге ағайын-туған, ауыл-аймағы да жауапты екенін айтады. Қызды тектеп ұстауды меңзейді. Тыю деген, міне, осылардан құралады. Келіннің сәлем салуы, қайын жұртының атын атамауы, ізеттілік танытуы – осының бәрі үлкен тәрбие. Яғни, келінге қарап, сол әулет те тәрбие алатын.
Соңғы кездері келінді күлкіге айналдыру, келін мен ене қарым-қатынасын мазақ ету бағы­тын­дағы дүниелер шығарылуда. Келін – қай заманда болмасын ұлттық тәрбиенің негізі екенін ұмытып бара жатқанымыз өкінішті-ақ. Оны күлкіге айналдырғаннан ұлттық дүниетанымымызды төмен­детеміз. Шаңырақтағы негізгі тұлға, отбасының иесі саналатын келінді келемеждегеннен ешнәрсе ұтпаймыз. Сондықтан бүгінгі ұрпақ ежелден қалыптасқан дәстүрлеріміздің мән-мағынасын терең түсін­се деймін.

Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ,
Алматы қалалық Мәслихатының депутаты:

– Қазақ халқында келін – отбасының өрісі мен ырысы саналған. Өз басыма келсем, 30 жылдан астам уақыт бір әулеттің келінімін. Босаға аттап, келін атанғалы, енемнің тәрбиесін көріп келемін. Енемнен адамгершілік қасиеттерді, отбасы құндылығын жоғары ұстауды, сыйластықты үйрендім. Барлық берген тәлімі мен білімі әлі күнге дейін өнеге. Әулетте келін ретінде маған ешкім тік сөйлеп көрмеген, үнемі еркелетіп, білмегенімді үйретіп жүретін. Тек мен ғана емес, барлық қазақ келіндеріне деген қарым-қатынас осындай. Бұл – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі деп түсінемін.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде келін ұғымын күлкіге айналдырып жүргендер бар. Меніңше, ұлттық құндылықтарға сусап отырған бүгінгі қоғамға керісінше отбасы құндылығын дәріптеу ауадай қажет. Жастарға өнегелі отбасыларды ұлықтау – бірінші мақсат болуы керек. Жастарды тәрбиелеу – жолы арзан күлкі, келемеж емес, ұлағатты әңгімелерден басталса нұр үстіне нұр. Шетелге еліктеген дәуірде ұлттық дүниені таныту, ұрпақ бойына сіңіру – үлкен міндет. Дегенмен бұл өте қиын екені жасырын емес. Өскелең ұрпаққа сол шетелдік үлгіде ұлттық құндылықтардың мән-маңызын жеткізетін тетіктерді ойластыру қажет. Мәселен, Жапония елін айтуға болады. Жапония – технологиясы жағынан да, экономикасы жағынан да әлемдегі дамыған елдердің қатарында. Дей тұрғанмен олар үшін адами құндылық, отбасы бірінші орында. Ұлттық дәстүрін, тілін, ділін сақтап келе жатқан елдердің бірі. Ұлтымыздың түп-тамырын сақтасақ қана, дамыған
30 елдің қатарынан көрінетінімізді түсінген жөн. Қазақы болмысымызды сақтау арқылы өзге елдерге үлгі бола білу керек. Кезінде ене мен келін қарым-қатынасы жайында, қыз тәрбиесі хақында жақсы бағдарламалар шығарылатын. Қазақ халқының қай дәстүрін алсақ та, үлгі мен өнеге, терең философиялық мағына жатыр. Мәселе – соны бүгінгі заманға лайықтап қоғамға дәріптеуде. Келінді, жалпы әйел затын мазақ еткеннен гөрі, керісінше қыз тәрбиесі төңірегінде жақсы шаралар неге өткізбеске?!

Сараш ҚОҢЫРБАЕВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті «Жалпы педагогика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

– Бүгінгі таңда келінді басты кейіпкеріне айналдырған бағдарламалар көбейіп кеткені рас. Мәселен, «Келіндер бәйгесі» жобасын айтуға болады. Бұл – жақсы жоба. Жаңадан қосылған екі жасты әлеуметтік жағынан қолдап, олардың бал айын өткізуге демеушілік десе де болғандай…
«Келіндер бәйгесі» болғандықтан, негізгі нысана келіннің мүмкіндіктері болуы керек емес пе?! Мұнда талғам, таным, өнер мәселесі емес, әл-ауқатқа басымдылық беріліп кеткен екен. Себебі, қалыңдықтың тағатын жылтырақтарынан бастап, той көйлегі, той өтетін мейрамхана, оның дастарқан мәзірі, асабалардың шеберлігінің бағалануы, той өткізетін отбасына қуаныш емес, проблема әкелмес пе екен деген ой келді.
Себебі, жаңа түскен келін соның бәріне араласып, ата-ененің қалтасына күш түсіретіндей болса, тойдан кейінгі отбасындағы қарым-қатынас қалай болады? Сайыс деген – бәсеке. Қанша жарысу мәдениетін меңгердім дегеннің өзінде, қызғаныш сезімін өршітетіндігі өз алдына, өз жақындарына менің жеңуіме ықпал ете алмадыңыздар деген айыптау келіннің ішкі пікірі болып қала берері анық. Тойдан кейін де өмір бар ғой, жеңіске деген ұмтылыс жастар өмірінде маңызды нәрсе саналып, кейінгі қарым-қатынастарына сызат түсірмесе дейді жанашыр көңілім.
Екінші қынжылатын тұсым, неге біз ұлттық құндылықтарымызға өзге елдердің жобаларын айна-қатесіз көшіріп аламыз? Ал жоба өзімдікі болса, ұлттық мазмұн беруге кім кедергі?! Тойға қатысқан өзбек қызының өз ұлтының кейбір дәстүріне бағынып тұрғанын көріп, осындай ой келді. Біздің тойларда сақталатын салт-дәстүрлеріміз, ырым-жоралғыларымызды ескерсе, қазақтың жоғалтқаны көп, соларды ескеруді басты ұстаным етсе, рухани жаңғыру деген осы емес пе? Жаңа түскен келіндерінің рюмка ұстап тілек айтып тұрғаны қай ата-ененің де көңілін қуантпасы анық. Заманның талабы деп, жастарды жолдан жаңылдырмайық дегім келеді.
1991 жылы халықтың ұлттық рухы күш алып тұрған тұста мен де «Келіндер сынына» қатысып, жүлдегер болған едім. Сонда қолымдағы алты айлық емізулі тұңғышыммен сиыр фермасына барып сиыр сауып, бесікке бөлеп, бесік жырын айтып, қамыр илеп, нан жайып деген талаптарды орындаған едік.
Егемен елміз ғой, «әйелді бастан» десек, ұлт ұйытқысы болатын болашақ аналарды ұлттығымызды ұлықтайтындай шараларға қатыстырған дұрыс шығар.

Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК 

Бөлісу:

Пікір жазу


*