Сенімділік – музыкант тірегі

999
0
Бөлісу:

Орындаушы музыкант – композитор мен тыңдаушы арасындағы рухани көпір іспеттес. Музыка өнердің сан қырлы салалары секілді дамуды, бейімделуді талап етеді. Жас өнерпаздардың тұлға ретінде қалыптасуына музыка сабағының рухани азығы мол болса, концерттік қойылымдардағы сан алуан кедергілер, тылсым көңіл-күйлер орындаушының түрлі өмірлік жағдайлардан өзін алып шығу, көрсету мысалдарымен жиі жолықтырады. Концерттік қойылым – әр орындаушыға өте жауапты және әсерлі сезімге толы дүние. Көпшіліктің ықыласына бөлену немесе сынға ұшырау қаупі музыкант-орындаушының басты психологиялық дилеммасы. 

Концерттік орындауға музыканттың дайындығын анықтау үшін бірнеше факторларды көрсетуіміз қажет: техникалық және орындаушылық дайындық, сондай-ақ сахна алдындағы психологиялық теңшеу. Музыкант-орындаушысының сахналық мінез-құлық пен эмоционалды тұрақты дағдыларын қалыптастыруда ең қолайлы балалық шақтағы, яғни бастапқы оқу кезеңіндегі сәт. Балалық шағында сәтті өнер көрсет­кен музыкант болашақта психоло­гиялық тұрғыда тұрақты, сахнаға тез икемделеді деген көзқарас бар. Дегенмен, тек осын­дай ғана қағида бар деуден аулақ­пыз. Қаншама белгілі өнерпаз­дар­дың өмірбаяндарында бұған қайшы келетін дәлелдер де кездесіп жатады.
Оқушының музыкалық шығарманы сыныпта не үйде игеруі көпшілік ауди­то­рия алдында «күш сынағынан» өтеді. Тек концерттік қойылым ғана оқушының материалды меңгеру деңгейін, орындау­шы­ның дарындылық дәрежесін және оның психологиялық тұрақтылығын және басқа да факторларды анықтап оның тұлғалық қасиетін шеңберлейді. Әрине, жас музыкант-орындаушының бір немесе бірнеше ашық қойылымын және оның орындаушылық қасиеттерін теңестіру мүмкін емес. Жақсы дайын­дық­пен шыққан, тіпті өте дарынды оқушы да қандайда бір себептермен сахналық фиаско зардабын шегуі мүмкін. Десек те, орындау барысында музыканттың табиғи музыкалық-орындаушылық дарыны, «техникалық потенциал» мүмкіндіктері, мұғалімнен алған дәрісінің нәтижесі, білімі мен дағдылары, психикалық тұрақтылығы да анықталады.
«Концерттің орындалуы» концеп­циясы жалпыға қолжетімді музыкалық шығармалардың орындалуында көрсе­тілетін репетиция жұмысының түпкілікті нәтижесін қамтиды. Оқушылардың концерттік қойылымы барлық оқу-тәрбиелік процеспен тығыз байланысты және орындаушының көркемдік ілгерілеуіне емтихан болып табылады. Концерттік белсенділік дегеніміз – түрлі концерттік қойылымдарға қатысып тұру. Концерттік іс-шара – оның мүшелерінің шығармашылық өсуі мен жалпы бүкіл музыкалық қоғамдастық үшін маңызы зор аспектілердің бірі. Орындаушының шығармашылық белсенділігін арттыру тікелей концерттік белсенділікпен байланысты, сонымен қатар аудиторияға композицияны жеткізудің бірден бір құралы. Жас музыканттардың концерттік қойылымдарға қатысуы шығармашылық белсенділігін аңғартады. Балалардың түрлі концерттік қойылымдарға қатысуы әлбетте, оларды дамытуға оң ықпал етеді.
Көпшілік тыңдарманның алдында өнер көрсету балалардың шығармашылық қабілетінің ашылуына, болашақ артис­тердің қалыптасуына көмектеседі. Дәл осы сәтте бала бойында қуаныш сезімі билеп, ұстаз алдындағы мақтаныш сезім мен өзін тұлға ретінде сезінетіні белгілі.
Музыканттарды оқыту барысында шеберлікті қалыптастыру оқушыларға еркіндік берумен басталады. Бір немесе одан да көп тыңдарманы бар аудиторияны көпшілік алдында өнер көрсету деп бағаласақ, әр мамандық иесіндегі музы­кант-орындаушы академиялық оқу бағдар­ламасында үнемі көпшілік алдында өнер көрсетеді: академиялық концерт, емтихан, бақылау, ашық сабақ, тыңдау, фестиваль, конкурстардан машықтанады. Осынау тәжірибе арқасында өзіндік орын­даушылық қабілет, стиль қалып­та­са­ды.
Көп­теген оқушылардың болашағы үшін сахнада жақсы өнер көрсету дағды­ларын меңгеру музыкалық орындау­шы­лықты жалғастырудың маңызды шарты болып табылады. Бұл арнайы оқу орын­дарын бітіруші түлектердің барлығы концерттік орындаушы, виртуоз болып кетеді деген сөз емес, көптен дара болып туылған тұлға ғана қауымның ықыласына бөленіп жетістікке жетіп жатады. Бірақ музыка өнерінің кез келген саласында: жеке орындаушылық, сүйемелдеу шебер­лігі, ұжымдық жұмыс немесе педаго­ги­калық қызмет болса да оқу жылдарындағы жинақталған сахналық тәжірибе орын­дау­шылыққа дайындаудың теориялық және тәжірибелік білімі әрі үрдісі болып қызмет атқарады. Сондықтан оқу үрдісі барысында өнерпаздардың шығар­ма­шы­лы­ғын дамытуына мүмкіндік жасап, кәсіби білім қалыптастыруға үлес қосу қажет.
Көпшілік алдында табысты өнер көрсетуі жас музыканттардың болашағын, олардың ары қарай шығармашылық белсенділігін анықтайды. Демек, бұл мәсе­ленің маңызы зор. Жас орындау­шы­ның қойылымға дайындығы оны жігерлендіретіні анық. Музыкалық орындаушылықта кәсіби мақсаттармен қатар маңыздылығы зор психологиялық аспект те орын алады. Орындаушының жақсы нәтижесінің сөзсіз, оқушының өзін-өзі бақылауына да байланысты. Өкінішке қарай, оқу үрдісінде, әр түрлі себептермен, жас өнерпаздарға, тәжіри­бесі аз музыканттарға психологиялық бағыттауға өте аз көңіл бөлінеді. Сахна алдындағы қобалжу – орындаушы өнерпаздардың өмірлік маңызды, ең көкейкесті проблемаларының бірі. Бұл мәселемен барлық сахна маман иелерінің бетпе-бет кездесетіні сөзсіз.
Сахнада, концерттік қойылым бол­сын, емтихан болсын өзінің ішкі «менін» көрсете білген өнерпаздың кәсіби ма­шық­­тануымен қатар тұлғалық қалып­та­суы­ның орын алары сөзсіз. Тек емтихан мен концерттің айырмашылығы, емти­ханда бағалану, өз жетістігін мазмұндауға тырысса, концерт алдындағы толқу бір бөлек. Концертте тыңдарман техникалық қателік немесе дұрыс жатталынбаған нота текстін естимін деп емес, рухани байлық, әсерлі сезімге бөленемін деген кешке келеді. Сондықтан тыңдарманның то­лық­тай көңілінен шығу, көпшілік алдын­да үздік өнер көрсету қай өнер­паз­дың болмасын басты мақсаты. Концерт алдында өткен түрлі фобия сезімдерін жеңген өнерпаздың өміріне мол тәжірибе берері сөзсіз. Музыкант-орындаушы машықтану арқылы өзіне деген сенім­ділік, тұлға ретіндегі қабілеті күмән келтірмейді.

В.ШУКЕНОВА,
Л.БЕЙСЕНОВА,
Ж.НАЗАРБАЕВА,
А. Жұбанов атындағы дарынды
балаларға арналған РМММИ-ның
теория бөлімі ұстаздары

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*