Елбасы балалар технопарктерін ашқызуда

1186
0
Бөлісу:

Барлық қажетті ақпараттарға онлайн режимде қол жеткізу үшін мұғалімдер мен оқушылар компьютерлермен, ноутбуктермен, смартфондармен жабдықталатын болды. Бұл туралы Мәжілісте «Білім саласындағы цифрландыру» тақырыбын арқау еткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жария етті. 
Шараға төрағалық еткен вице-спикер Г.Исимбаева Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамды цифрландыру процесін ұлттық эконо­миканың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырудың аса маңызды тетігі ретінде айқындағанын алға тарта келіп, білім беру жүйесін цифрландыру әрбір қазақстандық үшін тиімді білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталуы керектігін атап өтті. Ол осы жүйені цифрландыруға кедергі болып отырған бірқатар проблемаларды атады.
– Балаларымыз әртүрлі салада, оның ішінде жасанды интеллект және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Мемлекет басшысы айтқандай, «елді цифрлан­дыру – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы». Бүкіл процесс жүйелілікті, реттілікті және кешенді тәсілді талап етеді. Тағы бір мәселе – балалардың денсаулық жағдайына жаңа технологиялардың әсеріне қатысты. Балалардың техникамен жұмыс істеуі үшін рұқсат етілген, қатаң тексерілген санитарлық-гигиена­лық нормалар болуға тиіс. Қандай да болсын технологияны енгізу алдында оның білім сапасына тиімділігі, бала денсаулығына әсері өлшенуі қажет, – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.
Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің айтуынша, министрлік білім мен ғылымды цифрландыру бойынша 3 бағытта жұмыс жасауда. Бұлар – «орта білім жүйесінде ақпараттандыруды дамыту», «білім беруді және ғылымды басқару процесін автоматтандыру», «IТ-мамандарды даярлау».
– Қазір 3 мыңнан астам мектеп пен Оқушылар сарайында робототехника бойынша элективті курс енгізілді. Енді робототехниканы барлық мектептерге дейін жеткізу керек. Бүгінгі міндет – робототехника кабинеттерін комплекттермен жабдықтау болып отыр. Өткен жылы жергілікті органдар мен ЖОО-лар есебінен 800-ге жуық жаңа кабинет сатып алынды. Бұл жұмысты жалғастырамыз, – деді БҒМ басшысы.
5400 педагог, оның ішінде 730 оқытушы робототехника бойынша біліктілік курстарынан өткен. 2018 жылы тағы 2,5 мың мұғалім оқытылмақ. Соның ішінде робототехника да болады. Тағы 100 мыңнан астам пән мұғалімдері ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдану бойынша курстардан өткен.
Сонымен бірге, мектептердің инфрақұрылымы дамытылуда. Қазір мектептердің 99 пайызы немесе 6 960 мектеп интернетке қосылған, оның 62 пайызында жылдамдығы 4 Мбит/cекундтан артық интернет қолжетімді. 2,5 мың мектепке немесе 35 пайызына Wi-Fi орнатылған.
Министр Елбасының Жолдауына сәйкес, барлық өңірде Оқушылар сарайы базасында қажетті инфрақұрылымы, компьютерлері, лабораториясы, 3D-принтері бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларын құру жұмыстары басталғанын хабарлады.
– 4 мыңнан астам мектепте Электрондық күнделік енгізілді. Сол сияқты тағы 600 мектепте Bilimall және Mektep компанияларының электронды күнделіктері бар. Олардың бәрін мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар, барлығы 3,5 млн адам қолданады. Ең алыс ауылдарға электронды күнделікті, барлық пәндер бойынша үздік видеосабақтарды қолжетімді ету міндеті тұр. Қазір бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Біз электрондық журналды қағаз есепке теңестірдік. Егер мектеп электрондық жүйеге және кең­жолақты интернетке қосылған болса, мектеп журналын тек электронды нұсқада жүргізуге болады. Оны қағаз түрінде толтыру қажет емес, әрі тыйым салынды. Тиісті бұйрық қабылданды, – деді Е.Сағадиев.
Ол ұстаздарды қағазбастылықтан құтқарып жатқанын айтады. Мұғалімдер жүргізуі қажет тек 5 құжат қана бекітілген.
Өз сөзінде БҒМ басшысы болашақта сұранысқа ие болады деп, ақпараттық технология мамандықтарына мән беріп жатқанын жеткізді. Бұл мамандық бойынша 84 ЖОО-да 33 мың студент және 300 колледжде 24 мың студент оқиды. ІT-мамандықтарға грант саны жыл сайын көбейтілуде екен. Биыл Елбасының тапсырмасы бойынша қосымша бөлінген 20 мың гранттың
11 мыңы техникалық мамандықтарға берілмек, соның ішінде IT саласы да бар. Қазір студенттерді «Киберқауіпсіздік» бағыты бойынша оқыту басталған. Бұл жаңа бағытқа да берілер гранттар жыл сайын көбейтілмек.
Осы орайда министр аталған мамандықтар бойынша сапалы кадр дайындайтын универ­ситеттердің рейтингін түзіп жатқандарын мәлім етті. «Алғашқы ІТ-рейтингті ректорларға көрсеттік. Ректорлар рейтингті түсініп, қолдап отыр, олардың арасында тіпті жақсы бәсекелестік басталып кеттi. Енді 40 университетті қосып, келесі айда ашық түрде, барлық балаларға жариялаймыз» деп түйді Ерлан Сағадиев.

 

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*