Астана халықаралық сыйлығы беріледі

974
0
Бөлісу:

   Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне әзірлік жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Жаһандық діни форум биыл 10-11 қазанда Астанада өтеді. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы кіріспе сөзінде алдағы съездің өтетін уақыты оның 15 жылдығымен тұспа-тұс келетініне назар аудартты.
– Осы уақыт ішінде форум әлем қоғамдастығы тарапынан кеңінен мойындалды, Қазақстанның сыртқы саясатының танымал брендіне айналды. Съездің діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық үн қатысуды ілгерілетуге қосқан үлесі БҰҰ Бас ассамблеясының қарарларында атап өтілді, – деді Сенат төрағасы.
Қ.Тоқаев форумға әзірлік жөніндегі шаралар жоспарына сәйкес, тиісті мекемелерге тапсырма берді. Съезд Хатшылығының басшысы дінаралық үн қатысуға қосқан үлесі үшін «Астана халықаралық сыйлығын беруге» және съездің «Құрметті ме­далімен» марапаттауға, сондай-ақ «Бейбітшілік және келісім мұражайының» ашылуына байланысты мәселелерді мұқият пысықтауға шақырды. Сенат аппаратының басшысы, мемлекеттік комиссияның хатшысы Серік Сыдықов басқаратын съездің Ұйымдастыру комитеті әзірлік жұмыстарын үйлестіретін болады.
Отырыста Сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев VI съезге әзірлік жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Сондай-ақ осы күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат бюросының отырысы болды. Онда Мәжілістен келіп түскен заң жобалары палатаның тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді. Сондай-ақ бюрода палатаның 29 наурызда өтетін кезекті жалпы отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар да енгізілді.
Ол жиындарында сенаторлар Қазақстан мен Беларусь арасындағы «Табыс пен мүлікке қосар­ланған салық салуды болдырмау туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», қолданыстағы заңнамаға жер қатынастарын реттеу туралы, халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобаларын қарайтын болды.
Бюро соңында Сенат төрағасы Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бес әлеу­меттік бастамасын түсіндіру мақсатында сенаторлар 30 наурыз бен 4 сәуір аралығында аймақтарға аттанатынын мәлім етті.

Ерік ЕРДЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*