Іздеген табады немесе қазақстандық тауарлар мен жергілікті таланттар

1251
0
Бөлісу:

Даму даңғылына түскен мемлекетіміз үшін ең көкейкесті жайттың бірі – эко­но­ми­каның іргелі салаларында мықты ма­ман­дар легін даярлау, отандық тауарларды өтім­ді де сапалы ету, әлеуметтік мәселелерді рет­теу екені аян. Дегенмен осы тірлікке елі­мізде жұмыс істеп жатқан трансұлттық ком­паниялар қосыла кіріссе, Үкімет жүгі әл­деқайда жеңілдей түсетіндігіне кім дау айт­сын?!
Сонымен биыл 25 жылдық мерейтойын ау­қымды түрде атап өткелі отырған «Теңіз­ш­ев­ройл» компаниясының тыныс-тірші­лігі­мен терең танысу үшін алдымен Атырау қа­ласына, одан кейін Теңіз кенішіне ат­тан­дық.
Қазір бұл дала осыдан тура ширек ғасыр бұ­рынғы кен орны емес. Адам айтқысыз өз­герістер жүріп жатыр. Озық мұнай тех­но­логиялары жұмыс істеуде. Не десек те, «Теңізшевройл» нысандарында қыз-қыз қай­наған тірлік. Әркім өз міндетін жақсы бі­леді және оны мүлтіксіз атқаруға ұмтыла­ды. Қысқасы, өзіндік ішкі саясаты, еңбек мә­дениеті, сыйластық тұрғысындағы қа­рым-қатынас қалыптасқан бөлек бір әлем.
Шындап келгенде, Теңіз кенішінде жур­налистерді қызықтырған бірнеше мүд­делі тақырып бар болатын. Біздің ізде­гені­міз осы жылдарда ТШО жергілікті талантты ма­мандардың легін тапты ма? 25 жылда өңір­дің экономикалық келбеті өзгерді ме? «Жергілікті контент», «қазақстандық үлес» сая­саты шын мәнінде жүзеге асып жатыр ма? дейтін ешқашан күн тәртібінен түс­пей­тін сұрақтар бізді осы сапарға алып шық­қа­ны сөзсіз.
«Теңізшевройл» 25 жылдық қызметінде ел экономикасының ілгерілеуіне қандай сеп­тігін тигізді десек, онда компания осы ара­лықта толыққанды, мақсатты және қа­зақ­стандық қамтуды дамыту бойынша жан-жақты қамтылған саясат ұстанып отыр­ғанын алға тартады. Қазақстандық үлес­ті арттыруға бағытталған бұл страте­гия­ның мәнісі мынада – Теңіздегі жаңа жо­баларға салынған үлкен көлемдегі қара­жат­ты Қазақстан экономикасында қал­дыру­ды көздейді.

Арнаулы топ не атқарыпты?
Мәселен, ТШО-ның қазақстандық қам­туды дамыту стратегиясы орындалуы үшін өзіндік Арнаулы топ құрылған. Ар­наулы топтың қызметкері Әсел Нұр­жігі­това­ның айтуынша, оның міндеті – ТШО-ның тендерлік талаптарына сай келетін жергілікті компанияларды, яғни отандық қам­тамасыз етушілерді табу. Арнаулы топ­тың жұмыс істеу әдісі де әртүрлі. Бұлар Теңіз жобасына қатысуға талап білдірген жер­гілікті компанияларға барып, нысан­дар­ды көріп, әлеуеті бар қазақстандық мер­дігерлердің мүмкіндігін бағалай алады. Оған қоса, ТШО-ның басқа да бөлімдері­мен қоян-қолтық жұмыс істеп, қазақстан­дық қамтуды арттырудың қосымша көзде­рін қарастырады.
Арнаулы топ соңғы жылдардың өзінде ТШО сарапшыларымен бірігіп жергілікті тауар өндірушілерден тауарлар сатып алу мен оны өндіріске пайдалану жүйесін ен­гізген. Мәселен, бұл «Казцент­рэлект­ро­п­ро­вод», «Казэнергокабель» мен «Алагеум» ком­паниялары шығарып отырған транс­фор­маторлар, төменкернеулі сымдар, оп­ти­коталшықты сымдар, сым арналары, құ­рал-жабдықтарға арналған тіреуіштер, сүз­гілер, кеңсе құрал-жабдықтары сияқты түр­лі-түрлі қажетті мүліктер.
Сол сияқты қазақстандық қамтуды да­мыту бағдарламасы орындалу үшін шет­ел­дік мердігерлермен де міндеттемелер тетігі жа­салған. Мұндай қарқынды жұмыстар әлеуметтік жобалар, құрал-жабдықтар мен қызмет түрлерін көрсететін шетелдік ком­па­ниялардың әрекетін жергіліктендіру­ге де қатысты жүріп жатқанын айту қажет. Бұл істі былай дәйектеуге болады. Мысалы, Қа­зақстанның үлесін көбейту үшін атқа­ры­лып жатқан біріккен жұмыстар нәтиже­сін­де, елімізге шетелдік тауар өндіруші ком­­панияларды әкеле отырып, олар жер­гі­лік­ті өнімдерді сатып алудың көлемін арт­­тырып отыр. Бұл бір жағынан қосымша жұ­мыс орындарын ашуға септігін тигізсе, екін­ші жағынан жаңа технологиялардың келуі мен меңгерілуіне жол ашады.
Оған қоса ірі сервистік компаниялар ұдайы мониторингтер жүргізе отырып, ұлт­тық кадрлар санын арттыруға күш салу­да. Бұл да – үлкен саясат. Ақиқатында біз КТЛ, екінші буын зауытындағы (ЗВП) Ор­талық пульт басқару орнына жаңадан жұ­мыс­қа келіп жатқан жас операторлармен ди­дарласып, өндіріске қатысты сауалдары­мызды қойған едік.
Зауытта бірінші күннен бері жұмыс іс­теп отырған операторлар да, кейін келген­де­рі де бірауыздан ТШО-да қызмет баспал­да­ғы, яғни мансап жолы тікелей өзіне бай­ланысты екенін түсінеді. Өскің келе ме, үй­ренгің келе ме, абыройға бөленгің келе ме, ол әркімнің өз жауапкершілігі мен әре­ке­тіне тәуелді. ТШО-ға мықты маман­дар қай кезде де керек. 25 жылда буын ал­ма­­сып жатқан жайы бар. Бұрын жай қа­­ра­пайым жұмысшы болып келгендер тә­­жі­­рибе жинақтай келе жаңа қызметтерге ауы­сады. Ал олардың орнын жастар баспа­ған­да, кім басады? Бірақ ТШО-да қара­пайым лауазымды орындарға қарағанда, жұ­мыс­шы қызметтеріне деген сұраныс өте жо­ғары. 1-орынға Атырау облысының өзі­нен болсын, іргедегі аймақтардан болсын 100 адам үміткер.
Ал енді жоғарыдағы арнаулы топқа қайта оралатын болсақ, олар қазақстандық қам­ту­дың орталықтандырылған, нақты және ке­лі­сілген есебін жасап отырады. Және шет­елдік мердігерлерді біріктіре отырып, олар­дың жоғарыдағы міндеттерді орын­дауы мен кеңестер берілуін қадаға­лайды. Сол сияқты топтың құзырында қазақ­стан­дық қамту бойынша ТШО ішін­дегі ғана емес, министрліктермен және Қазақстан Үкі­метінің тиісті мекемелерімен байла­ныс­та да бар.
Ай сайын бұл топ тауарлармен қамтама­сыз етуде қазақстандық қамтуға жұмсалған қаражаттың есебін шығарып және жоба бойын­ша жалпы көрсеткішті анықтап оты­рады. Қысқасы, арнаулы топтың жұмысы жан-жақты, қызу және түрлі жоспарларға толы. Нәтижесі де нақты. Мысалы, азық-тү­лік­пен қамтамасыз етуді мойнына алған «ҚазМұнайГазСервис-Компасс» ЖШС тұрғызған жылыжай. Шамамен, жылыжай­дың күші 2 гектар жерден 670 000 келі кө­кө­ніс алуға жетеді. Әрі 26 адам жылыжайдан екі қолына бір жұмыс тауып, Нидер­лан­дыдағы агрономдар мен технолог­тардың тә­лімінен өткен. Толықтай заманауи құрал­дар­мен жабдықталған жылыжайда тамшы­ла­тып суғару жүйесі жұмыс істейді. Арнау­лы топ жылыжайдың балғын өнімдерін ТШО мен оның мердігерлері ғана емес, жер­гілікті халық та сатып алады деп ойлай­ды.

ККЖ-ның қазақстандық қамтуға қос­қан үлесі қанша?
Теңізде қазір әлемдегі ең алып зауыттың бірі салынып жатқанынан Атырау жұрты ға­на емес, осы саланың адамдарының бәрі құ­лағдар. Теңізде орасан зор құрылыс кес­теге сай жүруде. Үшінші буын зауыты – 2016 жылы ТШО серіктестерінің «Келешек кеңею жобасы – Ұңғы ернеуіндегі қы­сым­ды басқару жобасын» (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қар­жыландыру туралы ақырғы шешіммен ма­құлдағаны аян. Осы мәмілеге сәйкес, 2022 жылға қарай кен орнындағы алып жо­ба аяқталуы тиіс.
Дәл осы күндері ККЖ-ҰЕҚБЖ нысан­дарын­да 30 мыңнан астам отандасымыз ең­бек етуде. Бұл – жобаның жалпы штат­тық көлемінің 92 пайызы. Бұл мәліметті Ал­матыдағы баспасөз мәслихатында «Теңіз­шевройл» ЖШС бас директоры Тед Этчисон да қуаттай келе: «Біз өз тарапы­мыз­дан жергілікті кадрлардың компанияға келуіне, бізбен әріптес бола отырып, өз стан­дарттарын көтеруге қолдан келгеннің бә­рін жасап отырмыз. Біз жергілікті қам­тама­сыз етушілердің тамаша мүмкіндіктері мен оның тамаша келешегін көріп отыр­мыз» деген болатын.
Келешек кеңею жобасы директорының қазақстандық тарабы жағынан орынбаса­ры Айдар Досбаев ТШО-да компаниялардың кең базасы бар екендігін айтады. Яғни, сайт­қа ТШО-ның талаптары мен өлшем­де­ріне сай келетін кез келген компания жа­зыла алады. Базада қазақстандық ком­па­ниялардың саны артып келе жатқан кө­рі­неді. Тек қана Теңіз жобасы бойынша ті­зім­де 2 мыңнан астам қазақстандық ком­па­ния бар. Қазірдің өзінде оның ішінен 1400-дей компания алдын ала квали­фи­кация­лық іріктеуден өткен. 2022 жылға қа­рай ККЖ жобасы аяқталғанша тізім тағы 400-дей компаниямен толығады деп кү­тілу­де. Егер нақты әрекет етіп отырған ком­паниялар туралы сөз қозғайтын болсақ, тек ККЖ бойынша қазақстандық компа­ния­лармен 500-ден астам келісімшарт жа­сал­ған. 2010-2017 жылдар аралығында тек ККЖ бойынша қазақстандық қамтуға шоғырландырылған 3 млрд 527 млн қара­жат жұмсалған.
Бір мезетте ТШО қазақстандық қамту бойынша белсенді әрекетін Бірінші буын және Екінші кеңею зауыттарында күр­­де­лі жөндеу жұмыстары арқылы жүргі­зіп отыр.
Өз кезегінде ТШО консорциумдар мен шет­елдік және қазақстандық біріккен кә­сіпорындардың білімі мен машығын кө­теруге де мән беріп отыр. Мысал ретінде, тех­н­икалық жобалау, бұрғылдау, модульдер дайындау мен өндірістік үдерістерді авто­мат­тандыру жөніндегі Біріккен кәсіпо­рын­дарды келтіруге болады. Жергілікті ком­панияларға мердігерлік алуға кедергі кел­тіретін әлсіз тұстары бар екенін де жа­сырмау керек. Нарық тұрақсыздығы кезін­де құрылған компанияларға аяғынан тұрып кету оңай емес. Мәселен, Қашаған жобасы бойынша құрылған, өскен, кейін басқа жобаларға тартылмаған компанияларға тарауға тура келді. Осы аралықта олардың көбі кадрларынан да, машығынан да айы­ры­лып қалды. Ендігі жерде қазақстандық ком­панияларға бұрынғы кәсіпқойлығын қал­пына келтіру үшін көп жұмыс істеуге тура келуде.
Келешек кеңею жобасы бойынша оның егжей-тегжейлі жоспары жасалғанға дейін, Қазақстан Үкіметімен қол қойылған Ме­морандумға сәйкес, қазақстандық қамту 32 пайыз болады деп белгіленген еді. Қазірдің өзінде бұл меже 30 пайызға орындалып қойды. Демек, Меморандум та­лап­тары орындалуға жақын. ККЖ бойын­ша қазақстандық қамтуға жұмсалған қа­ражатты ақшамен есептегенде 10 мил­лиард АҚШ долларына жетеді.
Алып жобаға отандық компанияларды тартып, олардың әлеуетіне әділ баға берілуі үшін компания өткен жылы үш бірдей ірі фо­рум ұйымдастырды. ТШО бас дирек­торы Тед Этчисон өзінің есептік баяндама­сын­да 2017 жылы ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы ая­сында Құрылыс компанияларының фору­мынан бөлек, біліктілікті бағалау мен кәсі­би техникалық оқыту форумы өткізіліп, Құл­сарыда ТШО-ның негізгі өндірісі мен ККЖ-ҰЕҚБЖ бас мердігерлерінің қа­тысуымен бос жұмыс орындары жәрмең­ке­сі ұйымдастырылғанын атады.

Айнаш ЕСАЛИ,
АЛМАТЫ – АТЫРАУ – ТЕҢІЗ – АЛМАТЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*